Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы
Жоспар:
1. ХІХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиеті.
2. ХІХ ғасырдағы бала тәрбиесінің тәрбиелік мәні
3. Махамбет жырларының халықтық негізі.
4. Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы
5. Қазақ балалар әдебиеті тарихында Абай Құнанбайұлының орны.
Халықтық шығармалардағы балалар әдебиетінің өсіп жетілуімен қатар, XIX және XX ғасырдың бас кезіндегі жазушылар да балалар әдебиетінің өркендеуіне ат салысып, жетекші роль атқарды. Махамбеттің, Ы.Алтынсариннің, А. Құнанбаевтың, С. Көбеевтің, С. Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың жас өспірімдерге арнаған бірқатар шығармалары балалар әдебиетінен елеулі орын алады. Сонымен қатар осы тұстағы қазақ балалар әдебиеті орыс_балалар әдебиетінің қазақ тіліне аударылуымен де толығып, жетіле түсті. Өз шығармашаларымен қатар Ы. Алтынсарин мен С.Көбеевтің орыс тілінен қазақшаға аударған балалар әдебиетіне тән еңбектері өте көп. С.Көбеевтің Крыловтан аударып, жеке кітап етіп, 1910 жылы бастырған «Үлгілі тәржіме» деген 44 мысал өлеңі мен және басқа көп әңгімелері де қазақ әдебиетінің үлесін толықтыратын және одан ары дамыта түсетін үлкен мұра. Орыс әдебиетінен аударылған мұндай шығармалар қазақ балалар әдебиетінің өсіп, дамуына игі әсерін тигізген.
Балаларға патриоттық рух беретін, халық үшін қызмет етуге үндейтін, өз елін қорғау үшін, керек десе, жанын қиюға дейін баруға болатынын іспен көрсететін және үстем таптың озбырлық ниеттерін айқын әшкерелеп, оған қарсы күрес жүргізуге шақыратын Махамбеттің қысқа жазылған мазмұнды шағын өлеңдерінің балалар үшін маңызы ерекше. Махамбет—балалар әдебиетінің өкілі емес, бірақ Махамбет өлеңдерінің бірсыпырасы балалар мен үлкендерге бірдей ортақ мұра. Балалар психологиясына тән нәрсе — олардың ерлікті дәріптейтін шығарманы көп оқуы. Өйткені олар мұндай шығармаларға өте тез түсінеді, тез қабылдайды. Балалар әрқашан патриоттық күш-қайрат беретін, өздерін жігерлендіре түсетін шығармалардың ішіндегі кейіпкерлерге үнемі еліктеп отырады. Мазмұны қызықты және оқушысын патриоттық идеяға баулитын шығармалар жастың үлкен, кішілігіне қарамай бәріне бірдей қызмет етеді. Біз «баланың зейіні нашар, ақылы өткір емес деп ойлаймыз, жоқ, олай емес, баланың тек тәжірибесі ғана жоқ, ал ақылы өткір, қиялы жүйрік екеніне сеніңіз. Үлкен кісілердің кез келгеніне ұғындыра алмайтын алгебраның қиын есептерін он екі жасар бала оқып үйренеді ғой...»,—дейді Н. Г. Чернышевский. Бұл пікір әбден орынды айтылған зерттеу қорытындысы.
Махамбеттің: «Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Толарсақтан саз кешіп», «Айныман», «Қызғыш құс» деген өлеңдері — баладардың ойына қозғау салатын, патриоттық рух беретін, оң мен солын танытатын тәрбиелік күші басым шығарма. Мұнымен қатар балалардың жаттап айтуына жеңіл, орамы күшті, әсерлі сөздер мен жанды теңеулер бар. Өлеңнің құрылыс өлшемі шағын, қысқалығы жағынан да балалар үшін ұтымды.
Махамбет өлеңдерінің балалар әдебиетіне жақын, ұғымына жеңіл тиетін тағы бір өзгешелігі – онда аллитрация мен ассонанстардың жиі кездесуі деп бағалаймыз. Өйткені қайталанып айтылған сөз көңілге қандай қонымды болса, сөз барысындағы жеке дыбыстардың қайталанып айтылуы да балаларға сондай әсер береді.
Ереуіл атқа ер салмай, Еңку-еңку жер шалмай...
Егеулі найза қолға алмай, Ерлердің ісі бітер ме?
дегенде өлеңнің әрбір жаңа жолының басқы бірінші дыбысы «е» деген дауыстыдан басталып, өлеңге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Сонымен қатар, бір дыбыстың еселеніп, қайталап айтылуы сол сөздерге үстеме күшейткіш ұғым да береді. Өлеңді мәнерлеп, ерекше көрік беріп айтудың бұл сияқты түрлері Махамбет шығармаларынан жиі кездеседі.
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? —
дегендегі, бастапқы үш жолдың бірінші дыбыстары «т» әрпінен басталған. Аллитрация үшін өлең сөздердің әр жолының басқы дыбыстары бір тектес болып келуі ғана шарт емес, сонымен қатар сөйлем ішіндегі әр сөздердің басқы дыбыстары да бір келкі болып айтыла береді. Өлеңнің әрбір сөзі «т» әрпінен басталып, «тебінгі теріс тағынбай» деп сол сөйлемге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Аллитрация мен ассонанс елең сөздерге көркемдік сипат берумен қатар, қайталап айтылуы жағынан балалардың ұғымына тез сіңіп, ерекше әсер қылдырады.
Махамбет өлеңдерінің барлығынан да таптартысының осындай айқын күресі көрініп отырады. Халықты «Жұртшылықты күреске шақыру, қарулы қимылға үндеу, келешектегі игілікке сендіру — бәрі де халық қозғалысының алдан үміт күтіп, жақсылыққа жетем деп көзденіп тұрған кездерін аңғартады» - дейді профессор Қ. Жұмалиев.
Махамбет өлеңдерінің біздің қазіргі жастарымызға рух беретіні және тарихи жағдайлармен таныстыратыны осында.
Махамбет жырларында Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің алдына қойған мақсаттары мен тілектері айқын көрінеді. Махамбет өзінің өлеңдерінде, хан, би, сұлтандардың жауыздығын әшкерелеп, еңбекші бұқараны теңдікке жеткізуді арман еткенін айтады.
Бұл өлеңдегі балалар ойына қозғау салып, оларды қызықтыратын бір өзгешелік – Махамбет өз басына түскен қуғын-сүргінді, азапты кісі ұғымына дәл тиетін екінші бір жәндіктер ортасында болатын оқиғаға салыстыра суреттеу арқылы көрсетуінде дейміз. Оқуға да, түсінуге де, жаттауға да да сондайлық икемді жазылған. Тәрбиелік маңыздымен қатар балалар әдебиеті мұрасына енетін Махамбет шығармаларындағы басты-басты ерекшеліктер осындай. Бұл өлеңдер арқылы үлкендер мен кішілерге бірдей қызмет еткен балалар әдебиетінің алғашқы даму, өркендеу, өсу кезеңдерінің қандай дәрежеде болғанын айқын көруге болады.
Қазақ балалар жазба әдебиетінің алғашқы қалыптасуы, шыға бастауы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұл – тек қазақ халқының бірінші ұлы педагогы, балалар жазба әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің атымен тығыз байланысты.
Қазақ халқы жазба әдебиетінің алғашқы шыға бастауы мен оның қалыптасып дамуы бірден қазақ әдебиетінің өзінен бастала қойған жоқ. Шоқан Уәлиханов та, Ыбырай Алтынсарин де, Абай Құнанбаев та өздерінің орыс мектептерінен оқып, хат тануына байланысты,олар алдымен орыс халқының озық мәдениетімен, XIX ғасырда үздік өскен әдебиетімен танысты. Орыс халқының әдебиеті оларға мол әсер қалдырды. Көзін ашып, көңілін оятты, ішкі дүниесіне қозғау салды. Олар орыс әдебиеті мен мәдениетінен мол әсер ала отырып, қазақ халқының түсінуіне жеңіл, әдет-ғұрпына ең жақын шығармаларын аударды. Орыс әдебиеті шығармаларының қазақ тіліне аударылып, хат, қағазға түсе бастауы қазақ жазба әдебиетінің алғашқы бастамасы, бет ашары болды. Абай да, Ыбырай да, беріректегі Спандияр Көбеев те, аударма арқылы үйрене, жаттыға келе өздерінің қолтума шығармаларын да бере бастады. Қазақ жазба әдебиетінің алғашқы шығуы, қалыптасуы осылай басталды.
Орыс әдебиетінен қазақ тіліне алғаш аударылған шығармалар көбіне балалар әдебиеті мұрасына енетін, солардың түсінуіне жеңіл еңбектер екенін де көрсетуге болады. Бұған дәлел ретінде Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы басылған «Киргизская христоматия» деген кітабына енгізілген аударма шығармаларды айтуға болады. Егер біз өзіміздің баспасөз тарихына көз жүгіртсек те, алдымен осыны байқаймыз.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқында халық ағарту жұмысын бірінші рет қолға алған, сол жолда өмірінің ақырына дейін үздіксіз еңбек еткен жалынды патриот болды. Мәдениеттен артта қалған сауатсыз көшпелі халықтың ауыр тұрмысына зер салып, қатты қайғырды. Бұл — өте төзімсіз жағдай деп білді. Қараңғылық тұңғиығында тоқырап қалған өз халқын мұндай ауыр жағдайдан құтқарудың жолын іздестірді. Мәдениеттен артта қалған қараңғы елді мұндай тұңғиықтан алып шығудың бірден бір дұрыс бағыты, сара жолы ұлы орыс халқымен араласып, бірге өмір сүріп, бірге тұрып, олардың озық мәдениетінен үйрену деп тапты. Орыс халқының озық мәдениеті мен ілімі қазақ даласына жағылған шамшырақ болар еді деп арман етті. Бұл арманын іске асыру үшін алдымен қазақ елінде орыс-қазақ мектебін ашу керек, орыс-қазақ мектебі мәдениет ошағының ордасына айналар еді деп, сенді. Қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин бар өмірін халық ағарту жұмысына арнай отырып, төрт жерден уйездік орыс-қазақ училищесін ашты. Бұл училищелер Елек, Қостанай, Торғай, ЬІрғыз жерлерінде болған еді. Жеті-қара, Обаған, Бөрте, Қараторғай, Қарабұтақ деген жерлерден облыстық 5 мектеп және Ақтөбеден бір колөнер училищесін, орыс балаларына арнап 2 мектеп ашты.
Ыбырай Алтынсариннің ұсынысы бойынша 1889 жылы Ырғыз қаласында қыздар училищесі ашылды. Бұл — бүкіл шығыс елдері ішінде әйелдер үшін ең бірінші ашылған оқу орны еді. Ыбырайға дейін қазақ даласында діни медреселерден басқа бірде-бір мұндай оқу орындары болмаған.
Ыбырай Алтынсариннің «діни фанатизмнің күлі көкке ұшады» деп отырғаны, ол кезде ескі медреседе оқыған балалар өздеріне мазмұны жат діни схоластикаға байланысты сөздерді жаттаумен бастары айналып кететін-ді. Мұндай медреселерден оқудың негізгі манаты балаларға тек намаз сүрелерін жаттатып, құдайға құлшылық ете беруге үйретуді ғана көздейтін. Жас өспірімдердің ақыл-есін дамытуға, олардың сауатын ашуға дін оқуы мүлде көңіл бөлмеген. Қайта дін басылары жаңа типті орыс-қазақ мектептерінің ашылуына мүлде қарсы шыққан.
Ыбырай Алтынсариннің түсінігі бойынша, орыс-қазақ мектебінде қазақ балаларын орыс балаларымен қосып бірге оқыту, орыс тілінін, орыс мәдениетін тез үйретудің бірден-бір дұрыс жолы болар еді, орыс халқымен жақындасудың да, достасудың да, оларды аға тұтып бірге өмір сүрудің де айқын жолы осы болар еді деп біледі. «Шәкірттерім аздап орысша сөйлей біле бастаған кезде, мен оларды осындағы орыс балаларымен араластырып жіберемін. Оған менің заң жағынан қақым бар. Қысқасы, бұл шәкірттерім төрт жыл ішінде мектепті бітіргенге дейін әжәптеуір сөйлеп ол-пұлды біліп қалар деген үмітім зор», — деп жазды Ыбырай Алтынсарин.
Халық ағарту жұмысы саласындағы идеясын іске асыру үшін Ыбырай Алтынсариннің өзіне тосқауыл келтірген діншіл фанатиктермен де аяусыз күрес жүргізуіне тура келді. «Надан жатқан, бірақ әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға, шамасы келгенше, қызмет ету біздің әр-қайсымыздың да борышымыз»,— деп көзі ашық ел азаматтарына үндеу салған.
XIX ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, ұлы орыс халқының алдыңғы қатарындағы прогрессивтік өмірді аңсаған ақын-жазушылар баланы жан-жақты барлық нәрседен хабары бар — жақсы азамат етіп тәрбиелеуде балалар әдебиетінің алатын орны зор екеніне мән бере бастады.
Ұлы орыс халқының XIX ғасырдағы классикалық мол әдебиеттерімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой-санасына қозғау салып, дамытуда өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрып, балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Алдымен орыс халқының балалар әдебиеті тақырыбына жазылған еңбектерімен таныстырды. Жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл — қазақ халқы үшін, әсіресе оның жас ұрпақ балалары үшін, аса игілікті іс, жаңа бастама.
Ыбырай Алтынсарин И. Крыловтың «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі», Л. Толстойдың «Полкан деген ит», «Силинші», И.Дмитриевтен «Екі шыбын», орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан, «Тәкаппаршылық», «Дүние қалай етсең, табылады», «Талаптың пайдасы», «Үш ұры», «Алтын шаттауық», «Аурудан аяған күштірек», «Әке мен бала», «Білгеннің пайдасы», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас» «Мейірімді бала» сияқты көптеген шығармаларды аударады.
Ы.Алтынсарин шығармаларының көбі балаларға арналғандықтан алдымен оның тілі жеңіл болуын қарастырды. Қарапайым, халықтық тілмен жазды. Осы кездерде, одан бұрын да қазақ әдебиетіне араласып, шұбарлай бастаған араб, парсы, татар, шағатай тілдері ЬІ. Алтынсарин шығармаларына енген емес. Діни сөздер мүлде кездеспейді. Қазақ әдеби тілінің бір тұтастығы мен тазалығы үшін күрескен. Мұның аса қүнды жақтары осы еді, баланың ұғымына қиын тиетін бірде бір түсініксіз ауыр сөздер жоқ. Екіншіден, сөйлем орамдары мейлінше қысқа, көбіне жай сөйлемдер болып отырады. Үшіншіден, жазылған әңгімелерінің көлемі шағын. Төртіншіден, оқиға желісі шұбалаңсыз, баланы жалықтырмайтын әрі қысқа, әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға тиетін ойларды дәл айтады, бос сөзділік, артық суреттемелер жоқ.
«Балалар кітаптарының беттерін енді дерексіз моральдық өсиеттер, қиялдан шыққан сандырақтар, елжіреген бос сөздер толтырмауға тиіс. Оларға дүние мен адам туралы дұрыс мәліметтер беріліп шындық өмірдің әңгімелері айтылуға тиіс, қоғамды қазір толықтырып отырған және қазіргі балалар өмірге аяқ басысымен кездесетін мәселелер түсіндірілуі керек» — дейді. Н.А.Добролюбов, Ы.Алтынсарин шығармаларының барлығы да Н.А.Добролюбов айтқандай, осы талаптарға сай берілген. Онда асыра бағаланған, бұра суреттеген бірде-бір шығарма кездеспейді. Өйткені бала дәлдікті, әділдікті сүйетінін ұлы педагогтар мен жазушылар жақсы түсінген. Бұл жайттерді олар көп зерттеген.
Қазақ халқының ағартушыларының бірі ХІХ ғасырдың ақыны, ойшыл қоғам қайраткері,— Абай Құнанбаев.
Абай өзі — педагог болмаса да, Ы. Алтынсарин сияқты, баланы оқытуға, тәрбиелеуге көп көңіл бөлген, оған зор мән бере білген ақын. Баланы оқытудың да белгілі мақсаттары, алдарына қоятын тілектері барын айтқан. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,— дейді Абай. Халық үшін туған ұл — халық үшін қызмет етсін дегенді басты міндет етіп қояды.
Абай халықтың болашақ жаңа қауымына, жас өспірімдерге арнап бір талай өлеңдер жазды, ақыл сөздер айтты. Жас өспірімдерді өнер-білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін еріккеннің ермегі еткісі келмей, жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала ескертіп өтеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, —
дейді.
Абайдың жас өспірімдерге үлгі-өнеге көрсетуі олардың көңіл күйін оятуға күш жұмсаудан басталады. Одан соң өнер-білімге, ашығырақ айтқанда, орыс халқының үздік мәдениетіне шақыруды мақсат етеді.
Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ,—
деуі осыдан келіп шығады. Абай бұл сөзді «Жас ұрпаққа, халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына әдейі арнап тұрып айтады»,— деген еді М.Әуезов».
Абай өлеңдерінің әрбір жолынан балаларға үлгі-өнеге аларлық насихат белгілері көп табылады. Ол тек құрғақ насихат емес, өмір шындығына, өмірдің қызығы мен шындығы, дүниенің кілті орыс халқында, болашаққа көзіңді ашатын да солар, сондықтан олардан үйрену керек деп ашықтан ашық айтты.
Осы идеяны іске асыру үшін мұны да өз шығармасының негізгі арқауы етті.
Абай жылдың төрт мезгілін, табиғаттың әсем көріністерін адам өмірімен тығыз байланыстыра суреттеу арқылы оны жастарға тіршілік тірегі деп түсіндірді. Адам өзіне қажетті барлық заттарды, жаратылысты зерттеу, игеру арқылы табатынын, адам өмірі соған байланысты екенін суреттейді.
Орыс халқының атақты сыншысы В. Г. Белинский: «Сіз оларды тамаша дүниенің шексіз әр алуан құбылыстарымен таныстыра отырып, олардың білімдерін байыта аласыз, олардың өмір шындығына көзқарасын кеңейте аласыз... Ал ол үшін балаларға арнап бүкіл дүниеге, бүкіл табиғатқа жан беріп, меңіреу тасты да, қырдың қылтанағын да, сарқыраған бұлақты да, майда қоңыр желді де, гүл үстінде ұшып жүрген көбелекті де, сүйіспеншілік тілмен, өмір тілімен сөйлету керек», — деген. В. Г. Белинский айтқандай, Абай өлеңдерінің балаларға лайықты әсем түрлері алдымен осы табиғат байлығын танытудан, оны адам өмірімен, тіршілік тірегімен байланыстыра суреттеуден басталалы. Өйткені «Қай жерде өмір болса, сол жерде поэзия бар»,— деп А. С. Пушкин айтқандай, Абай да көркемдікті қабылдаудың, сүйсінудің қайнар бұлағы өмірдің өзі деп түсінген. Оның бәрі де еңбек процесі арқылы туатынын да жақсы білген.
Адамды қуантатын да, бақытқа жеткізетін де еңбек процесі екенін практикадан да, өмірдің өзінен де көрген. Сондықтан да Абай жылдың төрт мезгілін еңбек процесіне, қимыл, әрекетке байланыстыра суреттеген. Ол тек пейзаждық көркем көрініс емес, адам өмірі тіршілігі мен тығыз байланысты түрде сүйкімді, нәрлі көрінеді. Сондықтан балалар адам тіршілігімен тығыз байланыстыра суреттеген Абайдың «Қыс», «Жаз», «Күз», «Жазғытұрым» деген өлеңдерін аса қадірлеп, сүйіп оқиды.
Табиғаттың әсем көрінісін суреттеуде қолданған Абайдың шешен тілі, сөздік құрамы, әсем теңеулері балаларды таң – тамаша етеді. Соған сүйсінеді, сүйсінерлік істен үлгі алады. «Абайдың өмірді аңсаған, өмірді баяндаған поэзиясы, сиқырлап бойды алатын адамгершіл лирикасы, өмір сүйгіш жүректің арманын білдірген оның табиғат, жыл мезгілі, сұлу қыз, құс салу, ат, достық пен махаббат туралы тамаша өлеңдері — эстетикалық ләззаттың сарқылмас бұлағы»,— деп М. Қаратаев айтқандай, жас өспірімдер де Абайдың өмірлі өлеңдерінен эстетикалық ләззат, рухани азық алады.
Абайдың осы сияқты педагогикалық және тәрбиелік мәні зор өлеңдері мен ақыл сөздерінде оқушының түсінуіне жеңіл болу үшін екі нәрсені салыстыра айту методы бар. Түсінуге жеңіл болу үшін, өлең жазғанда да көрнекілік мәні бар екі затты қатар қойып, салыстыра жырлауды ірі жазушылар өздеріне зор міндет етіп қойғаны байқалады.
Данышпан Абай адамшылықтың ар, намысын, адал еңбек жемісін, адамдар достығын, семья сыйластығын, өнер-білім мұраттарын жырлай отырып бала жайында, бала өсіруші ата мен ана жайында да көптеген ұстаздық өсиет қалдырды. Солардың ішінде Абайдың қара сөздерінің «Оныншы сөз» деп аталатын ғақлиясы бала өсіретін ата-анаға арналып айтылған. «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді»,— деп, мағынасы тар, мардымы аз дүмбілез ұғымды сөгеді.— Өзіңнен қалған, өзгеден қызғанатын нендей дүниең, қандай еңбегің бар еді, әуелі соны неге ойламайсың»,— дейді. Өзіңнің еткен амалың, көрген өмірің айтарлықсыз болса, оған бола мұрасқор тілеп не керек. «Артымнан құран оқысын деп тілейсің. Өз тіршілігіңде жақсы қылығың көп болса, саған кімнің жаны ашымайды, кім жақсылық тілемейді? Тіршілігіңде жақсы болмасаң, жақсылық ісің болмаса, жұрт сені не қылады? Өлген әкенің күнә сын, яғни кемшілігін, жаманшылығын, балаң қайтып өтейді.
Қартайғанда тамағымды асырасын деп тілеу де бос сөз. Қашан да болса өз күшіңе, еңбегіңе сен, балаңнан үміт еткің келсе, сол үмітіңді өзің әзірле. Балаңды соған лайық тәрбиеле. Үмітіңнің ақталарына өз тіршілігіңмен көзіңді жеткіз»,— дейді.
Кейбір ата-ана өз баласын өзі алдайды. «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп қулық жасайды, соған мәз болады. Соңыра баласы алдамшы болса, оны кімнен көреді?
Бала тілін қызық көргенсіп, «Боқта, боқта» деп үйретеді де, «Кәпір қиянқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны дандайсытып, тентектікке, әдепсіздікке өзі үйретеді.
Абай жастарды тәрбиелеу, оқыту мәселесіне көңіл бөлумен қатар, жолдастық, достық қарым-қатынастар, адамгершілік жайында да іргелі пікірлер айтты. «Жаман дос — көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың», - дейді Абай.
Достықтағы тұрақсыздық, опасыздық, екі жүзділік адам бойындағы ең бір жаман қасиет, ондай жаман әдеттен табансыздықтан жастардың бойын аулақ ұстауды талап етеді. Жас жанның сара көңілі әрқашан әділдікті жақтайтын боп өссін деген талаптар қояды. «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас, қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», — дейді.
Кіммен достасудың аралық белгісін көрсетеді? Күнде жиын, күнде той боп жатқандай кейбір кісі қайғысыз, қасіретсіз болады. Осындайлардан, аулақ болуды, осындайлардан жастарды сақтандыруды әрқашан ескертіп отырады. Тоқсан ауыз создің тобықтай түйінін тауып айтады. Балаларға керектісі де сол. Өйткені олар айқындықты, дәлдікті, ақиқатты, сәби көңілін оятып, өзін болашаққа қызықтырып, итермелеп отыратын тұжырымды ойды қажет етеді. Қорытып айтқанда, Абай сөздері мен өлеңдерінің балаларға қымбатты да, қажетті жақтары оның осындай тәрбиелік зор бағасы барлығынан көрінеді. Ол — сондықтан да қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы кемеңгердің бірі.
Қазақ халқының ағартушысы – Ыбырай Алтынсарин
Ыбырай Алтынсариннің өмірі
Ы. Алтынсариннің ағартушылығы мен педагогикалық идеялары
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚУ - ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Ы.АЛТЫНСАРИН ДӘУІРІ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АЛТЫН ҒАСЫРЫ
Ыбырай Алтынсарин ағартушы педагог
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ - ТӘРБИЕСІНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Ыбырай Алтынсарин - өткен заманның биік тұлғасы, қазақ педагог ағартушысы
Алтынсарин әңгімелері
Ыбырай шығармаларын тәрбие мақсаттарына пайдалану