А. Байтұрсыновтың қазақ балалар әдебиетіне қосқан үлесі.

Кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды. Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.

Ахметтің “Өмірбаянында” көрсетуінше: мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы Торғай уезі. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.

Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралыдағы  екі сыныптық училищінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында “Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.

Алаш қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі (1920-1926 жылдар), Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады, сөйтіп жаңа заман үшін күреске кіреді.

Арман ақталмайды. Кеңес өкіметі патшаның отаршылық саясатын жалғастырады. Алаш зиялылары қуғынға түседі. Осылайша большевизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалып, лагерь тепкісіне түсіп, ұзақ азап көріп, 1936 жылы қайтып келгенмен, 1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылды. Ұлы жүректің ауыр тағдыры осындай, ал толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи материалдарға сүйену қажет. Қазіргі қолда бар дүниелердің ішінде оның өзі орысша жазған “Жизнеописание” (1929, 8 наурыз), “Биография” (1929, 21 тамыз) деген материалдар айрықша бағалы. Бұлар Алматы университеті архивінде сақталған.

Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары проф. А.Смайлович, Е.Поливанов бағалы пікірлер айтқан болатын.

Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткерінің өмірі, шығармашылығы, әлеуметтік қызметіне байланысты маңызды еңбектер, негізінен, оның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды. “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы еңбектерінде” (Орынбор, 1922) орыс тілінде екі мақала басылды. М.Дулатовтың “Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк)” мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ақиқатқа жүгінгенде, бұдан кейінгі уақыттарда А.Байтұрсынов өмірбаяны туралы жазған авторлардың бәрі де осы еңбектің материалдарын пайдаланғанын көреміз. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А.Байтұрсыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған.

Мәскеуде 1929 жылы “Коммунистік академия” баспасынан шыққан “Әдебиет энциклопедиясының” 1-томында А.Байтұрсынов: “Аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі... Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деп бағаланып, негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі айтылады.

Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде жас Мұхтар Әуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25-26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: “Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, “Қырық мысал”, “Маса” еңбегі, “Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. (“Ақжол”, 1923, 4 ақпан), – деп жазады ол.

Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол “Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) “Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: “А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. “Қырық мысал”, “Маса” кітаптарын, “Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: “Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін”.

Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті “Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: “Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, — деп жазылған.

Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қан қырғын – репрессиялар басталған кезде, көп нәрсе мүлде бұрмаланды, “байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды.

Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі – қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: “Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шәкірттерінің біріне: “Мынау Ақаң жазған “Әдебиет танытқыш”, әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой” деген екен. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық – табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. Жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме,  білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шәкіртіне ұстазы айтқан сөз: “Ескерттім ғой, - болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”.

Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А.Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен және алғысөзімен Мәскеуден 1974 жылы шыққан “Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол “араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды” деп тарихи тұрғыдан әділ көрсетілді. Кейбір қазақтың “қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз әшкерелейміз” деген пікір айтты. Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, әдеби мұрасы жайлы тілшілер — Ә.Қайдаров, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Кеңесбаев, әдебиетшілер – Қ.Мұқамедқанов, Р.Нұрғалиев, тарихшылар – К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, С.Өзбеков, жас ғалымдар – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, Б.Байғалиев т.б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді “Ақ жол” (құрастырған Р.Нұрғали), “Тіл тағылымы” (құрастырған Р.Сыздықова) кітаптары басылды.


Ұқсас жұмыстар

Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны
Қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының дамуы
Қазақ ауыз әдебиеті - қазақ халқының көркем әрі шебер сөз туындысы
Николай Бурбаки жөніндегі күмәнсіз және күмәнсіз емес мәліметтер
Театр турасында Қазақ тілі
Ахмет Байтұрсынов әдебиет әлемінде
Қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының маңыздылығы мен оның зерттелу жолы
Т.Жомартбаевтың публицистикалық шығармалары. Уәйіс Шондыбайұлы шығармашылығының зерттелуі. Қайым Мұхамедханұлының Абайтануға қосқан үлесі
М.Қалтаевтың шығармашылық мұрасы жайлы
Мақыш Қалтайұлы туралы