Жалпы орта білім беретін мектептерде информатиканы оқыту тұжырымдамалары. Информатиканы үздіксіз оқытудың үшкезендік құрылымы.

5-ДӘРІС.      

Тақырыбы:             Жалпы орта білім беретін мектептерде информатиканы оқыту тұжырымдамалары. Информатиканы үздіксіз оқытудың үшкезендік құрылымы.

Мақсаты:                   Орта білім беретін мектептерде информатика пәнін оқытудың құрылымын қарастыру.

Белгілі ғалым А.А.Кузнецов информатиканы оқытудың төмендегідей әдістемелік жүйесін ұсынды:

1.Оқыту мақсаты;

2.Оқыту мазмұны;

3.Оқыту әдістері;

4.Оқытуда пайдаланылатын техникалық құралдар мен көрнекі құралдар;

5.Оқытудың ұйымдастырушылық формасы.

А.А.Кузнецовтың пікірінше, информатика курсының түпкі мақсаты-оқушыларда компьютерлік сауаттылықты, яғни оқушының информатика пәнінен алған білімін,дағдысы мен біліктілігін оқу үрдісінің барлық салаларындда қолдануымен қатар кәсіби мамандыққа баулу қызметтерінде де ЭЕМ-ды пайдалану мүмкіндіктерін қалыптастыру болып табылады.

Оның пікірінше, информатика курсының нгізгі мазмұны бір-бірімен тығыз байланыстағы теориялық және практикалық бөлімдерден тұруы қажет.

Курстың теориялық бөлімі оқушыларда алгоритмдік мәдениеттіліктің қалыптасуына, яғни есептерді талдау дағдысы, орындау алгоритмі, алгоритм құрылымы, шама түрлері және т.б. ұғымдармен танысуға бағытталған болса, ал курстың практикалық бөлімі дайын программалар пакетімен жұмыс жасауға және нақтылы бір программалау тілдерінде (Бейсик, Паскаль және т.б.) программа жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталғаны жөн.

Бұл аталған тұжырымдамада информатика пәнінің даму болашағы бірнеше кезеңдерге бөлінген:

1-кезең (1985-1990жж.). Оқушыларда компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру. Бұл кезең 9-10 сыныптарда факультативтік сабақтарда және оқу-өндірістік комбинаттарында пәнді оқыту арқылы жүзеге асырылады.

2-кезең (1990-1995жж.). Толық емес орта мектептердің 5-7 сыныптарына пәнді оқытуды көшірумен байланыстырылады. Информатиканы төмеңгі сыныпқа көшірудегі қажетті шарт, ол мектептерді жаппай компьютерлік техникамен және сәйкес программалар пакетімен қамсыздандыруға байланысты болды.

Жоғарғы сыныптарда(10-11) оқыту белгілі бір бағдарланған бағытта (физика-математика, химия-биология және т.б.) жүретін болғандықтан бұл сатыда оқушылардың таңдап алуына тереңдетілген курстарды өткізу қажет болды. Атап айтқанда, «ИЕТН» пәнінен ұйымдастырылған тереңдетілген курстардан оқушы программалаушы (белгілі бір дәрежедегі) кепілдемесімен, «Информатика және экономика элементтері» курсынан экономика жөнінде білім алуы тиіс. Оқытудың осы сатысында тереңдетіліп оқытылатын математика және физика курстары да информатикамен тығыз байланыстырылуы қажет.

3-кезең (1995-2007жж.). Бұл кезең жаңа ақпараттық технологияны пайдаланумен байланысты. Мұнда жай оқыту әдістемесін өзгертумен емес, бүкіл оқу үрдісін түбегейлі қайта құрумен сипатталады. Сонымен бірге, оқытудың әдістемелік жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, оқулық пен қосымша оқу құралдарыың және т.б. өзара үлестік қатынасы мәселесін маңызды етіп алды.

А.А.Кузнецовтың жасаған тұжырымдамасында төмендегідей мәселелер:

1.Пәнді орта буыннан бастап оқыту;

2.Пәнді тереңдетіп оқыту;

3.Пәнді экономика, математика, физика және т.б. басқа пәндермен байланыстырып оқыту;

4.Оқыту үрдісіне жаңа ақпараттық технологияны пайдалану тиімділігін анықтай отырып, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруды түбегейлі қайта құру және т.б. сипатталады.

Бірақ, тұжырымдаманың мазмұнына үңіліп қарайтын болсақ, онда білім беруді ізгілендіру мен демократияландыруда, саралауда информатика курсын оқытудың мазмұнын, құрылымын және әдістерін қайта құру мәселесі қарастырылмаған.

М.П.Лапчик тұжырымдамасында информатика пәнін оқытудың құрылымы мен болашақ осы курстың мұғалімдерін жоғары оқу орындарында даярлаудың үлгілері келтірілген.

Бұл тұжырымдама бойынша мектепте «ИЕТН» пәнін оқытудың құрылымы төмендегі көрсетілген кезеңдерден тұрады:

1-кезең. 1-4 сынып оқушыларына информатика курсының алғашқы мағлұматтарын үйрету. Мұнда компьютерлік техникамен жұмыс жасаудың алғашқы мағлұматтары, ЭЕМ-ның көмегімен нысандарды басқару мен бейнелеуді ойын түрінде үйрету, математика, тіл, бейнелеу және т.б. пәндермен байланыстыра отырып, қарастырылады.

2-кезең. Негізгі мектептің 5-9 сыныптарында информатика пәнін оқыту. Бұл кезеңнің 5-6 сыныптарында компьютерлік техниканы оқу құралы ретінде қарастыра отырып, атқарушылармен – Роботпен жұмыс жасай білуге дағдыландыру.7-9 сыныптарда программалау элементтері курсы жүргізілді. Мұнда информатика курсының қоғамдағы әлеуметтік аспектілері: ақпараттарды мемлекеттің қызметтеріне сәйкестендіріп, түрлендіру, компьютерге құқық бұзушылар тізімін енгізу және т.б. Осы кезенде информатика курсын оқытудың негізгі міндеті – бұл компьютерлік техниканы барлық пәндердің оқытылуына пайдалана отырып, оқушылардың білімін жүйелеу.

3-кезең. Орта мектептерде 10-11 сыныптарында «ИЕТН» пәнін оқыту. Бұл кезеңде оқушыларға жоғарғы дәрежедегі программалау тілдері үйретіледі. Қоғамның қажеттілігіне байланысты қуатты программалық құралдары пайдаланылған: экономикада, бизнесте және коммерцияда, мемлекеттік қамсыздандыру жүйелерінде, әлеуметтік салаларда және т.б.

И.П.Лапчик информатика пәнін оқытудың құрылымын ұсына отырып, пәнді оқушыларға жан-жақты меңгерту негізінде мұғалімдерден төмендегідей мәселелерді оқыту барысында жүзеге асыруды талап етті:

а) қазіргі талапқа сай информатика курсынан терең білімі бар жоғарғы дәрежелі маман болу;

ә) жаңа педагогикалық технологияны информатиканы оқытуға пайдалану. Бұл көрсетілген талаптар уақыттың өзгеруінен туындап отыр.

И.П.Лапчик жасаған тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ол «ИЕТН» пәнін оқытудың тиімділігін арттыру үшін өз мамандығын терең білетін мұғалімдерді дайындау. Бұл өте орынды көтерілген мәселе. Ұсынылып отырған тұжырымдаманың басқа жоғарыда айтылған тұжырымдамалардан ерекшелігі де осында болып отыр.

Сонымен орта мектепте информатикадан үздіксіз білімберу мақсатында оны оқыту төменгі сатыларға түсірілді. 11-жылдық мектепте информатиканы оқытудың жаңа мақсатын жүзеге асыру үш кезеңде қамтиды:

* Бірінші кезең (І-VI) – препедевтикалық. Бұл кезеңде оқушылардың компьютермен алғаш танысады, ойын бағдарламаларын және қарапайым компьютерлік жаттықтырушыларды математика, физикада және т.б. сабақтарында қолдануда ақпараттық мәдениеттің алғашқы элементтері қалыптасады.

* Екінші кезең (VII-IX)- негізгі курс, информатикадан оқушылардың міндетті, жалпы білім берудің міндетті дайындықтарын қамтамасыз етеді. Ол оқушылардың есептерді шешудегі ақпараттық технологияның әдіс-тәсілдерін меңгеруге, кәсіптік, оқу әдістеріне компьютерді тәртіпті және саналы қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

* Үшінші кезең (X-XI)- оқушыларды информатика саласында қызығушылығына байланысты және кәсіптік дайындық бағыттары көлем бойынша кәсіптік сараланған оқыту ретінде білімнің жалғасуы.

Бақылау сұрақтары

1.      А.А.Кузнецовтың тұжырымдамасы бойынша  информатика пәнінің даму болашағы неше кезеңге бөлінген?

2.      И.П.Лапчик жасаған тұжырымдаманың негізгі мақсаты

Негізгі әдебиеттер:              [1,2, 3, 4, 5, 6, 12, 14, 16] 

Қосымша әдебиеттер:       [22, 30, 32] 


Ұқсас жұмыстар

Қазақстанның білім беру жүйесін 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшірудің негіздемесі
Жаратылыстану-математика бағытындағы информатикадан жүргізілетін қолданбалы курстар
ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ ПӘНІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ Бастауышты оқытудың әдістемесі мен педагогикасы мамандығы үшін
Жалпы білім беретін орта мектепте информатика пәнін кәсіптік оқыту
Бастауыш сыныпта информатика пәнінің оқыту ерекшелігі
ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ САПАСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Информатика ғылымы және орта мектепте оқу пәні ретінде
ИНФОРМАТИКА ПӘНІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Информатиканы дербес оқыту әдістемесі