.Оқытудың интерактивті әдістерінің негіздері.


Жоспар:

  1. Оқытудың интерактивті әдістері
  2. Оқытудың интерактивті әдістерінің негіздері.
  3. Оқытудың интерактивті әдістерінің маңызы.
  4. Тренинг жүргізуге қойылатын талаптар

Оқытудың интерактивті әдістері

Елде болып жатқан саяси, әлеуметтiк, экономикалық және т.б.өзгерiстер бiлiм беру жүйесiне де әсер етуде. Бұл өзгерiстер оқыту әдiстемесiнде жаңартулар ғана емес, мектептерде жаңа пәндер, ендiруге қажеттiлiк тудырды.

Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі парадигмасы білім беруде нәтижеге бағдарлану, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағытталу, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық "жаңалық” ашуы шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде әр түрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек.

 Бiздiң ел дамудың демократиялық жолын таңдауына байланысты, бүгiнгi таңда қоғамды шешiм қабылдауға тартудың маңызы арта түстi. Осы бағытта оқушылардың белсендiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн әдiстемелiк тәсiлдер   и  н  т  е  р - а к т и в т i  деп аталып жүр. Бұл әдiстердi қолдану сырттай өте жеңiл көрiнгенімен, өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары да бар.

Интерактив – ағылшынның "өзара әрекет” деген сөзі. Демек, интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым – қатынасқа негізделе отырып, "жеке тұдлғаны дамытуға бағытталатын” қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге, сапалы білім алудың алғышарттары болып табылатын таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.

Интерактивті оқыту әдістері дәстүрлі оқыту әдістерінен оқу үрдісінде оқушылардың өзінің өмірлік тәжірибелерін пайдалану арқылы есте берік сақтауымен, мәліметтерді талдап, жинақтау арқылы жеке және кәсіптік қабілеттерін аша алуымен ерекшеленеді. Дегенмен, интерактивті оқыту қажетті ақпаратты игеруге уақытты көбірек бөлуді, бағалауда жаңа, күрделі өлшемдерді қолдануды қажет етеді және оқушылардың танымдық іс -әрекетін басқаруда тәжірибесі аз мұғалімдерге көптеген қиындықтар туғызады.

Оқытудың интерактивті әдістерінің негіздері

Интерактивті оқыту әдістерін тиімді пайдаланып, алға қойған мақсатқа жету үшін, белсенді оқытудың өзіндік талаптарын есепке алып, алғышарттарын қанағаттандыру керек.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, интерактивті оқытудың тиімділігінің сыртқы көрсеткіштері ретінде оқушылардың бірлескен әрекет ережелерін мойыгндай отырып, өзара әрекеттесуге ұмтылуын, топтық рефлексияның дамып, ұжымдық ынтымақтастықтың қалыптасуын, ал әсерлілігінің ішкі көрсеткіштері ретінде оқушылардың өз міндеттері мен құқықтарын түсіне отырып, өзара әрекеи дағдыларын меңгеріп, топтық жұмысқа дайын болуын, оқу әрекетінің субъектісіне айнала отырып, өзіндік рефлексиясының дамуын айтуға болады.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, интерактивті оқытудың нәтижелілігінің сыртқы көрсеткіштері ретінде оқушылардың топтық жұмыс ережелерін қабылдай отырып, нақты мақсаттар қоюға үйренуін, оқу топтарының жасақталып, қажетті оқу кеңістігінің қалыптасуын, ал табыстылығының ішкі көрсеткіштері ретінде оқушылардың таным белсенділігі артып, жаңаша оқуға дайындықтарының жетіліп, өзара әрекеттесу дағдыларының дамып, ынтымақтастық ұжымның қалыптасуын айтуға болады. Жалпы алғанда, интерактивті оқытудың басты шарттары қауымдастық пен бәсекелестік болып табылады.

Психолог-ғалымдардың айтуынша, бала білімді төрт түрлі жағдайда алады екен: дайын білімді қабылдап алу, зерттеу барысында жаңалық ашу, әр түрлі жағдайда әсерді сезіну және синтез арқылы бұйым құрастыру немесе өнім жасау. Интерактивті оқыту әдістері оқушыларға рольдік ойындар арқылыәр түрлі жағдайда әсерді сезінуге жол ашады, әр түрлі білімдерді синтездеу кезінде шығармашылық  өнім жасауға жағдай жасайды, дегенмен  түрлі ситуациялар мен мәліметтерді талдап, сараптап, зерттеу барысында жаңалық ашуға көбірек мүмкіндік береді.

Топтың сандық құрамы оқыту  немесе өзара әрекеттестiктiң сапасын анықтамайды. "Өзара әрекеттестiк” әдiсiнiң өзектi ерекшелiгi – ол АШУ ҮРДIСIН бiлдiредi, оның мәнi – оқушылардың оқыту дағдыларын  өзара әрекеттестiк арқылы меңгеруi.

Оқытудың  икем-дағдыларды  дамытуға  бағытталуы

Бiз оқытуды және бiлiм берудi, егер сабақ барысында мұғалiм мен оқушы арасында өзара әрекеттестiктiң жоғары деңгейiне қол жеткiзсе,"интерактивтi” деп атаймыз. Интерактивтi сөзi – ағылшын тiлiнен аударғанда, inter – аралық, бiрнеше, action- әрекет дегендi бiлдiредi. Өзара әрекеттестiк әдетте, белгiлi бiр мәселенi шешу, ол шешiмнiң тиiмдiлiгi туралы әңгiмелесу, талқылау түрiнде өтедi.

Ең бастысы, мұнда мәселенi шешу процесi жауапқа қарағанда маңызды екендiгiн түсiну қажет. Бұл интерактивтi әдiстiң  м а қ с а т ы – тек ақпаратты беру ғана емес, оқушыларға жауаптарды өз бетiнше табу дағдысын меңгерту екендiгiмен байланысты.

Интерактивтi оқыту әдiстерiн қолданатын мұ-ғалiмдер, тек ақпарат беретiн және өздерiнiң қатысу-ынсыз берiлген тапсырмаларды оқушылардың есте сақтауы нашар болады, оқушылар қолдарындағы кө-термелеушi қор – құрдастарының идеяларын пайда-лана алмайды деп есептейдi. Зерттеулердiң "бiз қолы мызбен iстегеннiң 80 пайызын, оқығанымыздың 20 пайызын, естiгенiмiздiң 10 пайызын ғана есте сақтаймыз”деген қорытындысын жиi естимiз.

Бiздiң тәжiрибе - соның дәлелi. Атқа шабу дағдысын меңгеру үшiн, оны қалай жасау керектiгiн бiреудiң түсiндiргенi немесе оны кiтаптан оқып алу әлi жеткiлiксiз. Ол үшiн шындығында атқа мiнiп барып, дағдыларды меңгерген абзал. Бұлай болатын себебi, iскерлiктi практика жүзiнде дамыта отырып, бiз бiлгенiмiздi қайта өңдеп, оны әрекетке айналдырамыз.

Оқытуды ұйымдастырудың төрт түрлі бағыты бар екені білгілі: балаға жеке өздігінен ізденуге мүмкіндік беру, балаларға топтасып оқып-үйренуге жағдай жасау, оқушыларды өздерін-өздеріне немесе өзара бағалату және іс-әрекет барысында білім игеруге жол ашу.

"Жағада тұрып жүзуді үйренуге болмайтыны сияқты” дайын білімді қабылдап алу арқылы қажетті икем-дағдыларды дамыту мүмкін емес. Сондықтан оқушылардың арнайы іс-әрекет барысында икем-дағдыларды меңгеруі маңызды роль атқарады. Ол үшін оқыту білімді балалардың өздігінен оқып-үйренуге бағытталуы керек.

Интерактивті негізде оқу мақсаты – білу емес, үйрене бiлу

Оқушылардан, шешу үшiн кейбiр нақты дұрыс жауабы жоқ, даулы мәселелердi неге беретiндiгiн сұрағанда, олар:

-          өзiне деген сенiмге тәрбиелейдi;

-          шешендiк өнерiн жетiлдiредi;

-          танымның мәнiн түсiнуге көмектеседi (яғни, кейде абсолюттi шындық болмайтынын);

-          сыни ойлау дағдыларын дамытады;

-          өз пiкiрiне деген құқығын түйсiнуi артады;  

-          пiкiрлердiң көптiгiн түсiнесiң және т.б. деп жауап берген.

Жоғарыда аталғандарды "үйрене бiлу” деген ұғыммен жинақтауға болады. Яғни, үйрене бiлу – қажеттi дағды, өйткенi ол интеллектуалды тәуелсiздiктiң негiзi болып табылады және барлық дамыған және дамушы елдердегi азаматтар үшiн қажет.

Екінші жағынан, құстың қос қанаты сияқты оқушының да екі сүйеніші бар: бірі – оқи алуы болса, екіншісі – оқығысы келуі. Бірінші тірек баланың дербестігін құраса, екіншісі белсенділікті береді.

Өзара әрекеттесуге бағытталған үрдiс барысында бала iстеп жатқан iсiнің мәнiне енедi. Оқушыларға дайын жауаптары бар тапсырмалар бергенде, олардың танымдық белсендiлiк деңгейi жоғары болмайды. Ал, өз ойын тиянақтап, оны қорғау кезiнде танымдық белсендiлiк деңгейi күрт артады.

Өзара әрекеттесу үрдісінің негізгі мәні өзара тәжірибе алмасу болмақ. өйткені, сыныптағы оқушылардың белгілі бір салада ортақ білімдері бар болғанымен, олардың тек өздері ғана білетін білімдері де бар екені айқын.

Танымдық iскерлiктi қажеттi интеллектуалды дағдылар деңгейiне қарай жіктеуге болады. Тиiмдi оқыту бағдарламасы оқушылардың төмендегi iскерлiктерiн практикада қолдануды көздейдi, олар:

-          Фактiлердi есте сақтау (аса көп күштi қажет етпейдi);

-          Құбылыстардың мәні мен маңызын түсiну;

-          Бiлiмдердi дағдылы және жаңа жағдайларда қолдану;

-          Анализ (бiз бiр нәрсенi құрамдас бөлiктерге бөлу);

-          Синтез (идеяларды жаңа нәрсе жасау үшiн топтастыру);

-          Бағалау (бiр нәрсенiң сапасы туралы пiкiр бөлiсу).

Қоғамның дамуы  осы аталған iскерлiктердiң барлығының болуын талап етедi, дегенмен бiлiмдердi қолдану, синтездеу мен бағалау ішіндегі аса маңыздылары болып табылады.

Оқытудың жалпы принциптері.

Интерактивті оқытудың негізгі әдістері

Оқытудың әдеттегі әдістері (мысалы: лекция, оқу, рефераттар жазу) мінез-құлқындағы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырмайды. әлемдік тәжірибе көрсеткендей, оқытудың тиімді әдістерінің бірі тренинг (ағылш. «to train» - оқыту, жаттықтыру). Егер оқыту интерактивті жүргізілсе, яғни ақпарат ала отырып түсініксіз сәттерді талқылауға, сұрақ қоюға мүмкіндік алса берілген ақпаратты тез меңгереді және алған білімдерін бекіте отырып, мінез-құлық дағдылары қалыптасады.

Тренинг жүргізуге қойылатын талаптар:

• оқушылар бір-біріне бетпе-бет отыратындай етіп айналдыра орындықтар қоюға мүмкіндігі бар кең бөлме (бұл жағдайда еркін пікір алмасуға, жаттығулар мен серігу кезеңдерін жүргізуге ыңғайлы болады. Бір-біріне сенімділік артып, қызығушылық танытады, ынталы болады);

• тренингке қатысушылар саны 20-25 адамнан аспауы керек. «бұл сенім атмосферасын туғызатын және барлық қатысушылардың назарын  тұрақты аударуға мүмкіндік беретін қатысушылар саны);

• бүкіл тренинг бойында достық көзқарастағы сенімді атмосфераны жасау және қолдау;

• тренингке қатысушыларды марапаттап отыру және барлығының оған  қатысуын қадағалау;

• оқытушы-жаттықтырушы өз пікірін ұсынбай-ақ қатысушыларды сабақтың мақсатын орындауға жетелеуі тиіс;

• оқытушы-жаттықтырушы әрбір жаттығудың уақыт шеңберін сақтауы керек;

• тренингтің бірінші сабағында «танысу» жаттығуы өткізіледі және «келісім» (топтық жұмыс ережесі) қабылданады;

• теориялық жадығат пен интерактивті жаттығулардың, серігудің арасында сабақтастық болуы керек;

• кез-келген тренинг сабақ басталарда сол сабақтың мақсаты мен міндеттері айтылады, ал соңында қортындыланады;

• кез-келген тренинг қандай мақсат қойылса да, әрдайым танысу мен жұмыс ережесін жасаудан басталады.

Танысу

Танысу кез-келген тренингтің бірінші сабағының қажетті бөлімі болып табылады. Қатысушылар бір-бірін танитын болса да танысу сәті жүргізіледі. Танысу топты жинақтауға, қатысушыларды оқыту процесіне тартуға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Егер қатысушылар оқыту процесінің ары қарай жалғасуына қызығушылық танытса, онда танысу сәтінің мақсаты орындалған деп есептеуге болады.

Танысу ойындары:

«Кесек қар» ойыны. Барлық қатысушылар өз кезегімен есімдерін атап шығады. Әрбір келесі отырған адам өз есімінен бұрын алдыңғы қатысушының есімін қайталайды.

«Екі шындық, бір өтірік» ойыны. Оқушыларға өзі туралы екі ақиқат және бір шындыққа жанаспайтын пайымдаулар айту ұсынылады. Мысалы: Мен Алматыда туып-өстім, «Ару» фильмінде басты рөлде ойнадым, балмұздақты жақсы көремін.

«Тренинг шеңбері» бойынша көршісін таныстыру. Бұл жаттығу жұптасып өткізіледі. Бір минут өзара әңгімелескеннен кейін әрқайсысы көршісінің аты-жөнімен, шұғылданатын сүйікті ісімен таныстырады.

«Келісім» (топтың жұмыс ережесін) қабылдау

Оқушылар сабақтың басынан бастап өзінің оқуына жауапкершілігін сезіну үшін және жадығатты меңгеру тиімділігін арттыру үшін келісім, яғни тренинг сабағындағы мінез-құлық ережесін қабылдау ұсынылады. Келісім мәтіні алдын ала тақтаға немесе қағазға жазылады. Қағазда болса көрінетін орынға ілінеді. Келісімнің әрбір тармағы оқылады және бірлесіп талқылағаннан кейін қабылданады. Оқушылар ұсынған жаңа тармақтар қабылдануы да мүмкін. Дауыс бергеннен кейін барлық қатысушылар келісімнің тармақтарының орындалуына жауапкершілікте болатынын топқа түсіндіру қажет. Келісімнің қабылдануы әрбір қатысушы өз сезімдері мен көзқарастарын білдіруге, сын мен мысқыл нысаны болудан қаймықпауға, әрбір артық әрекеті сабақта талқыланып, топтан тысқары шықпайтынына сенімді болуына ықпал етеді. Келісім тренинг толық аяқталғанша ілулі тұрады.

Келісім үлгісі:

• бәріміз де өз оқуымызға жауаптымыз;

• бір-бірімізді тыңдаймыз, сөз бөлмейміз;

• «көтерілген қол» ережесімен кезекпен сөйлейміз;

• тек істің мәні бойынша айтамыз;

• өз пікірімізбен бөлісеміз;

• мағынасыз сұрақтар қойылмайды;

• басқалардың сезімін бағалаймыз;

• құпиялылықты сақтаймыз;

• уақыт шектеуін сақтаймыз;

Оқыту

Әрбір сабақ өтілетін тақырыпты, оның мақсаты мен міндеттерін белгілеуден басталады. Сабақ басталғанға дейін оқушылардың ақпараттану деңгейін алдын ала білу үшін сауалнама жүргізуге болады. Сауалнамалар тренинг толық аяқталғанға дейін сақталады, соңында оқушылардың білім деңгейі қайта бағаланады. Нәтижесін салыстыра отырып, оқушылардың білімі мен дағдыларында қандай өзгерістер болғанын білуге, тренинг тиімділігіне баға беруге болады. Осы кезеңде ақпарат беру мен практикалық дағдыларды, дұрыс шешім қабылдау шеберліктерін қалыптастыру жаттығуларын ұштастырудың маңызы зор. Мінез-құлықтың өзгеруіне себептерді нақтылау үшін АҚТҚ/ЖҚТБ мәселесіне оқушылардың назарын аударып, бұның әрқайсысының алдында кездесетін көкейтесті мәселе екеніне көзін жеткізу керек.

Бұл әдістемелік  ұсыныстардағы жаттығуларды оқытушы өз қалауынша пайдалана алады. Оқытушы алдындағы дәрісхананың дайындық деңгейіне сәйкес жаттығуларды алмастыруына болады.

Сабақты қортындылау

Тренингтің кез-келген сабағының соңында қортынды жасалады. Әдетте, бұл процедура оқушылар өздерінің әсерлерімен, сезімдерімен бөлісуіне, талап-тілектерін ортаға салуына есептелінген. Сауалнама, «сыр ашу» парақтарын толтыру түрінде де өткізуге болады.

Жаттықтырушы-оқытушы семинарға қатысушылардан қандай жаңалықты білгендерін, оларға пайдалы, қызықты болған жағдаяттарды сұрай алады. Өтілген жадығатты бекіту үшін олардың қандай жаттығу жасағанын есіне түсіруін өтінуіне болады.

Интерактивті оқыту әдістері

Оқытудың интерактивті әдістері еш уақытта дәрістік жадығатты алмастыра алмайды, бірақ оның толық меңгерілуіне көмектеседі, өзіндік пікір, арақатынас, мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады.

«Ойға шабуыл». Бұл әдісте оқушының қойылған сұраққа қайтарған кез-келген жауабы есепке алынады. Айтылған пікірге бірден баға бермей, оны қағазға немесе тақтаға жазып түсірудің маңызы бар. Олардан берген жауаптарының негізделуі, түсіндірмесі сұралмайтынын оқушылар білуі тиіс. «Ойға шабуыл» «4-5 минуттан аспауы керек, аяқталғаннан кейін жауаптардың барлық нұсқаларын талқылап, бастылары таңдап алынады да, қосалқылары қалдырылады, яғни жауаптың тиімді нұсқасын топ талқысы таңдайды. Бұл әдіс мынадай қажеттіліктерде тиімді болады:

• күрделі және даулы мәселелерді талқылағанда;

• өзіне сенімсіз оқушыларды талқылау ісіне ынталандыруға;

• қысқа мерзімде көп ұсыныс-пікір жинақтау қажет болғанда;

• дәрісхананың ақпараттануын немесе дайындығын анықтауға;

Шағын топтардағы жұмыс. Оқушылар 4-5 адамнан шағын топтарға бөлінеді. Оларды бөлуге әртүрлі әдіс қолданылады. Мысалы, мұғалім оқушыларға бір, екі, үш, төрт деп санауды ұсынады. Санақ саны қанша топ құру қажетіне сәйксс алынады. Біріншілер бір топқа, екіншілер екінші топқа т.с.с. топтасады. Шағын топтардағы жұмыс барлық қатысушыларды белсенді іс-әрекетке, ашық пікір алмасуға, пікір сайысқа тартуға мүмкіндік береді. Тапсырма орындалғаннан кейін әр топ орталарынан жұмыс қортындысын хабарлайтын жетекші таңдайды.

Бақылау парағы немесе тест.

Бұл әдіс оқушылардың тақырыпқа сәйкес мағлұматтарды білу деңгейін немесе олардың тақырыпқа көзқарасын анықтауға көмектеседі. Қатысушылар жауаптарының нұсқасын тиісті бағаналарға («дұрыс», «дұрыс емес», «келісемін», «келіспеймін», «білмеймін») белгілейді.

Мысалы:

дұрыс

дұрыс емес

білмеймін

АҚТҚ маса шаққанда жұғады

+

Сонан кейін жауаптарын бір-бірімен салыстырып талқылайды. Қортындысы мұғалімнің қатысуымен талқылаудан соң шығарылады.

Рөлдік ойын. Шағын топтарда (3-4 оқушы) жүргізіледі. Қатысушылар кескіндегі (тақтадағы, парақтағы) тапсырмаларды алған соң рөлдерді бөліседі, жағдаятты рөлде ойнап, бүкіл топқа көрсетеді. Мұғалім рөлдерді балалардың мінез-құлқына сәйкес өзі бөліп бере алады. Бұл әдістің артықшылығы, қатысушылар нақты ұсынылған жағдайда өзін көрсете алады, шын мәнінде жағдаятты ұғынады, қайсыбір әрекет болғанда да оның салдары қандай болатынын сезініп, дұрыс шешім қабылдауға жаттығады. Ойын аяқталған соң осындай жағдайларда тиімді әрекет жасау жолдарын бірлесіп талқылайды. Рөлді орындағандарды талқылаудан бұрын рахмет айтып босатқан дұрыс.

Құндылықты, пікірді, көзқарасты анықтауға жаттығулар. Жұмыстың бұл түрі талқыланған мәселе бойынша қатысушылардың түсінігін, көзқарасын, өмірдегі ұстанымын анықтауға мүмкіндік береді.

1-нұсқа. Парақтағы ( «келісемін», «келіспеймін», «білмеймін») бағаналарда өзінің көзқарасын белгілейді. Мысалы: « АҚТҚ жұқтырған адамды оқшаулау керек»

келісемін

келісуге болады

білмеймін

келіспеймін

келісуге болмайды

+

Одан әрі шешімдерін жұптарда, топтарда талқылап, өз көзқарасын қорғайды. Топта пікірталас ұйымдастыруға болады. Соңынан мұғалім оқушыдан осы мәселеге деген пікірінің өзгерген, өзгермегенін сұрайды.

2-нұсқа. Егер бөлме мүмкіндігінше үлкен болса, онда бүкіл бөлме бойымен ойша сызық жүргізіп, оның бір басына «келісемін», екінші басына «келіспеймін»,  ортасына «күмәнім бар» деп жазылған парақтар ілінеді. Оқушылар тұжырымды тыңдағаннан кейін, өз пікіріне сәйкес орынға барып тұрады. әрбір құрылған топ сыбайлас пікірлерін ортаға салып, өз ұстанымдарын түсіндіреді. Бұл әдіс тек пікір алмасуға ғана емес, сондай-ақ өзіне сенімі берік болуына көмектеседі. Қатысушыларға әрқайсысының өз пікірін айтуға құқылы екенін түсіндіру қажет.

Жобалар жасау.  Бұл әдіс оқушыларды ойша мектептен тысқары шығарып, талқыланып отырған мәселе бойынша өз әрекеттерінің жобасын жасауына мүмкінік береді. Ең бастысы, топ немесе жеке қатысушы өзінің жобасын қорғауға, оның артықшылығын басқалар алдында дәлелдеуге,  достарының пікірін білу мүмкіндігіне ие болады.

Мысалы: «Өз қалаңда ЖҚТБ-ның алдын алу шараларының жобасын жасаңдар». Оқушылар қосымша мәліметтер алуға арнайы мекемелерге, кітапханаға т.с.с. барып, сұрау салуына болады. Тақырыпқа сәйкес газет-журналдардағы мақалаларды, суреттерді жинауға ұсыныс беруге болады, жиналған жадығатты топ болып талқылай келіп, жоба жасайды.

      Бейнефильмдер. Бейнефильмдерді тақырыпты меңгертуге қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Фильмді көрсетер алдында оқушылардың назарын негізгі 4-5 мәселеге аударуын ескерту қажет. Ол фильмнің мазмұнын талқылауға негіз болады. Алдын ала таңдап қойған көріністерге келгенде фильмді тоқтатып, пікірталас жүргізіледі.

     Серігу. Тренинг-сабақ барысындағы психологиялық және физикалық жүктемелесін азайту мақсатында серігу жаттығулары жасалады. Серігу кезеңі де өзара қатынас дағдыларының дамуына септігін тигізеді. Назар аудару қажеттігі бар жаттығу жұмыстары алдында қозғалысы көп серігу ойындарын жүргізудің қажеті жоқ.

Серігу үлгілері:

«Салат» ойыны: Оқушылар шеңбер құрып тұрады да, жемістердің атын кезекпен атап шығады: алма, алмұрт, шабдалы, өрік. Алдымен алмалардың, сонан кейін алмұрттардың, тағы басқаларының орын ауыстыруларын сұрап, қозғалысқа келтіреді.

Оқушыларға өзінің жұмыс қабілетін бес баллдық жүйемен бағалау ұсынылады. Мысалы, мен бүгін 3 баллдық деңгейде тұрмын, себебі ұйқым қанбаған.

Назар аударуға және байқампаздыққа жаттықтыратын ойын. Стол үстіне кез-келген бірнеше зат қойылады. Оқушылардың біреуі өз қалауымен заттарды мұқият қарап шығады да, сыртқа шығып кетеді. Мұғалім заттың бірін алып тастайды. Сырттағы оқушыны шақырып, жоқ заттың атын атауды сұрайды.

«Мен сияқты жаса». Оқушылар шеңбер жасап орналасады. Ортасына жүргізуші шығып бір жаттығу жасайды, оны басқалары қайталайды. Келесі оқушы ортаға шығып жүргізуші ретінде басқа бір жаттығу көрсетеді. Осылайша 3-4 минут жалғасады.

«Сын есімді қос». Оқушылар шеңбер жасап орналасады. Ортасындағы жүргізуші допты кез келген біреуіне лақтырады да, өз есімінің бірінші әрпінен басталатын сын есімді қосып айтады. (Мысалы: Асқар-алтындай, Берік-болаттай, Ескендір-есті, т.б.) допты қағып алғаны өз кезегімен есімін сын есім қосып атайды да, келесіге тастайды. Ойын 3-4 минут жалғасады.

Интерактивті оқыту әдістемесінің артықшылығы:

• жағдаяттың тиімді меңгерілуіне мүмкіндік береді;

• қызығушылық туғызады:

• белсенді қатысқандар марапатталады;

• сезімге ықылас аударылады;

• жан-жақты, әсіресе мінез-құлыққа әсер етеді;

• кері байланыс (дәрісхананың жауап қайтару әрекеті) жүзеге асырылады;

• арақатынас және өзіндік пікір қалыптастырады;

Тренингте оқыту міндеттері:

• ақпарат беру;

• жасөспірімдер мінез-құлқының қауіптен қорғану бағытына өзгеруіне ықпал ету;

• мінез-құлқында жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру;

«Тең –теңімен» ұстанымы бойынша оқыту

Қазіргі кезде АҚТҚ/ЖҚТБ індетінің алдын алу мәселесін оқытуға өз қатар-құрбыларын қатыстыру кеңінен қолданылып келеді. Мұндай әдісті «тең-теңімен» деп атайды. Бұл әдіс қатысушылардың өзара және мұғаліммен араларында сенімді көзқарасқа ықпал етеді;  күрделі, ауқымды тақырыптарды ашық талдауға мүмкіндік жасайды. Мұғалім топтың ішінен сөзі өтімді, беделді бірнеше оқушыны іріктейді. Мұндай балалар ұйымдастыруға қабілетті, тіл табысқыш болады, өз пікірін басқаларға тыңдата отырып, көзқарастарын өзгертуге ықпал жасайды.

Өзін-өзі тексеру сұрактары:

1.      Интерактив, оқытудың интерактивті әдістері туралы ұғым.

2.      Интерактивті оқыту дегеніміз

3.      Оқытудың интерактивті әдістері

4.      Оқытудың интерактивті әдістердің мақсаты

5.      Оқытудың интерактивті әдістерінің маңызы.

6.      Оқытудың интерактивті әдістерінің негіздері

Тапсырма:  интерактивті оқыту әдістері бойынша сұрақ-жауап жазу.


Ұқсас жұмыстар

Оқытудың интерактивті әдістерінің негіздері
ҚАЗАҚ ТІЛІН АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖҮЙЕСІМЕН ОҚЫТУ
Белсенді оқытулар: жаңа тәсілдер. Оқыту үдерісінде интерактивті әдістерінің принциптері
Жоғары мектепте бейорганикалық химияны интерактивті оқыту әдістерін қолданып оқытудың ғылыми- әдістемелік негіздері
Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту үдерісі
Интерактивті оқыту әдістемесі
Көркем еңбекті оқытудың педагогикалық негіздері
Оқушыларды оқыту процесінде
Педагогикалық технологияның құрылымы
Бастауыш сынып сабақтарында интерактивті әдістерін пайдаланудың тиімділігі