Дәріс №10-11 Отбасындағы музыкалық тәрбие

Отбасы, жанұя, үйелмен, семья деген атаулар бір мағынаны береді.

 Мәселен, "Отбасы – семья, үй деген сөздің синонимі” яғни бір оттың (ошақтың) басында өмір сүріп жатқан қандастар.

"жанұя - өмірдегі туысқандық қарым – қатынастық ортақ белгісі”.

"Үйелмен – ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан адам баласының әлеуметтік ортасы”

"Семья-некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ, адам тұрмысын ұйымдастырудың бастапқы формасы”.

Осы төрт анықтамадан түйіндейтініміз – адамның өз өмірінің негізгі процестерін бастан кешіретін кіші әлеуметтік топ отбасы болып табылады. Отбасындағы әрбір адам өмірінің онымен тығыз байланыстылығы сонша, ол әрбір отбасы мүшесінің дамуына шешуші әсер етеді.

Отбасы - қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан түрлі формалары біртұтас болып  ұштасатын комплексті әлеуметтік құбылыс. Сондықтан да отбасыға объективтік тұрғыдан ғылыми зерттеу жүргізу оңай емес.

Адам мен қоғам үшін отбасының маңызы, атқаратын қызметі алуан түрлі болғандықтан оны зерттеуші қоғамдық ғылымдар да көп. Бұл ғылымдардың әрқайсысы өз анықтамасын беруге тырысады.

Әлеуметтану ғылымы оны былай анықтайды: отбасы дегеніміз – тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ, оның жалпы белгілері – бөтен адаммен жыныстық байланыс орнату, туысқандық қатынастар жүйесі, адамның жеке-дара адамгершілік сапаларын қалыптастырып дамыту, белгілі бір экономикалық қызметті іске асыру.

Отбасы еркек пен әйелдің табиғи физиологиялық және басқа қажеттерін (рухани, этикалық, эстетикалық, т.б. қажеттерін) өтеп, ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіре дамытушы әлеуметтік топ болып табылады.

Отбасының жоғарыда келтірілген анықтамасы бойынша, ол - отбасындағы қатынастар, отбасының құрылымы мен формасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ. Отбасы ұсақ (кіші) топ ретінде мынадай негізгі функцияларды іске асырады:

-репродуктивтік (бала табу арқылы қоғамды қалпына келтіру);

-экономикалық (өндіру және тұтыну);

-қорғаныс функциясы (отбасы мүшелерінің денсаулығына, материалдық игіліктермен қамтамасыз етуге, қауіп-қатерден қорғауға қамқорлық жасау);

-балаларды оқыту-тәрбиелеу;

-эмоциялық (ерлі – зайыптылардың бірін-бірі сүюі);

-әлеуметтендіру функциясы (балаларды қоғамдық тәртіпке, мінез-құлыққа т.б. баулу).

Отбасының өзінің тарихи өзгерісіне байланысты бұл функциялардың арақатынасы да өзгеріп отырады.

Отбасының формасы мен атқаратын міндеттерінің (функциясының) өзгеруі, сайып келгенде, өндіргіш күштердің дамуына, яғни адамның шығу тегін айқындайтын элементтердің дамуына байланысты болады. Бұл жөнінде Ф.Энгельс өзінің «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» деген еңбегінің кіріспесінде былай деп жазды: «Қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш сайып келгенде өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру болып табылады. Алайда, өндіріс те екі түрлі болады.

Бірінші жағынан – тіршілік қажеттерін: азық-түлік, киім-кешек, баспана және бұларды өндіру үшін қажетті құралдар өндіру;

Екінші жағынан – адамның өзін өндіру, ұрпақты өсіру.

Белгілі тарихи дәуірде және белгілі бір елде өмір сүретін адамдардың қоғамдық қатынастары өндірістің осы екі түрімен: бір жағынан, еңбектің, екінші жағынан, семьяның даму дәрежесімен анықталады…»

Қазір қоғамдағы отбасы кіші әлеуметтік топ қана емес, ол сондай-ақ құқықтық институт та болып табылады. Кіші әлеуметтік топ ретінде отбасы бірқатар міндеттерді іске асыратынын жоғарыда айттық. Құқықтық институт ретінде отбасы – туысқандық және некелік қатынастар арқылы өзара байланысты адамдар тобы. Оларға тиісті құқықтық нормаларға сәйкес белгілі бір құқықтар мен міндеттер берілген.

Отбасының өзіндік тарихи даму формалары бар. Мәселен, адамдардың өндіріс тәсіліне сәйкес отбасы да әлеуметтік топ ретінде тарихи дамып отырады.

Отбасының тарихи дамуының ғылыми-материалистік теориясына сүйене отырып, американдық ғалым Льюис Морганның  этнологиялық зерттеулерін пайдаланды: ол ұзақ уақыт бойы солтүстік американдық үндістердің Сенека тайпасында тұрып, жүргізген байқауларын, атап айтқанда, олардың туысқандық және отбасылық қатынастарына жасаған зерттеулерінің нәтижелерін пайдаланды.

Морганның зерттеулеріне негізделген жорамал бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапқы кезеңінде адамдар арасындағы жыныстық қатынастарға ешқандай шек қойылмаған – үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналары қатынаса берген. Бұл жабайы не жартылай жабайы кез болатын. Морганның және басқа зерттеушілердің дәлелдеуіне қарағанда, отбасылық қатынас промискуитет (жалпы аралас) деп аталатын бұл кезеңнен кейін бір қандастар отбасы, снидиасмикалық отбасы және моногамиялық отбасы кезеңдерінен өткен.

Бір қандастар отбасы топтық некеге негізделеді, мұнда жыныстық қатынастар тек бір ұрпаққа жататындар арасында ғана рұқсат етіледі. Бір ұрпаққа жататындардың бәрі, яғни аға-інілер мен апа-қарындастар туысқандығына қарамастан бір отбасын құрған. Мұндай семья эндогамиялық (жақын туыстар арасындағы жыныстық қосылу дегенді білдіреді) топ болады, өйткені оған бір руға немесе тайпаға жататындар кіреді. Қазіргі кезде мұндай отбасылар жоқ, бірақ кейбір халықтарда ағайынды екі адамның балаларының үйлену фактілері кездеседі (өзбектер, арабтар т.б.).

Бұдан кейін біртіндеп эндогамиялық принцип экзогамиялық принциппен, яғни руаралық некелесу формасымен ауысады. Бір рудың бір топ қыздары (апалы-сіңлілер) басқа рудың бір топ туысқан жігіттеріне шығатын болған. Бұл бір әйел мен бір еркектен тұратын отбасына көшудің алғашқы қадамы болды.

Бір еркек пен бір әйелден тұратын моногамиялық отбасыға өтудің тарихи типі синдиасмикалық отбасы болды – ол жабайылықтан варварлыққа өту кезеңінде пайда болды, ал полигамиялық (көп әйел алу формасында) тек еркектердің ғана еркіне тиді. Отбасының бұл формасында баланың шын биологиялық әкесі белгілі болатын болды да, мұның өзі рулық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің, қосымша өнімнің шығуына, сөйтіп моногамиялық отбасының тууына жағдай жасады.

Моногамиялық отбасы патриархалды қатынастарға негізделгендіктен отбасы басшысы еркек болды, отбасының ажырасуы да еркектің ғана еркімен болатын болды.

Қазіргі заманғы отбасының негізгі типтері өзгеше.  Қазіргі заманда бір типті отбасы жоқ. Отбасылық қатынастардың формалары түрліше болуының себебі, белгілі бір қоғамның даму дәрежесімен және ондағы қоғамдық қатынастардың сипатымен анықталады. Қазіргі кезде  отбасының типтері мыналар: тотемдік қауым (ру), патриархалды туыс топ, патриархалды отбасы және жеке отбасы.

Тотемдік ру біздің заманымызда әлі де болса кездесетін ең көне отбасы формаларына жатады. Мұндай отбасылар Австралиядағы кейбір тайпаларда кездеседі. Ру мүшелерінің жеке - дара есімі болмайды екен, бәрінің ортақ есімі болады. Мұндай отбасындағы неке жеке болмайды, жалпы (ортақ) болады екен, баланың әкесін анықтау мүмкін емес, бала шешесінің есімімен аталады. Мұндай отбасы кейбір көшпелі тайпаларда кездесді.

Патриархалдық туыстар тобы (туыстық отбасы) өткен замандарда үндіеуропалық халықтардың бәрінде болған, ал кейбір халықтарда қазір де бар. Бұларда бірнеше ұрпақ бірге тұрады, есімдері де жалпы болады. Бұл ұрпаққа жататын отбасы мүшелерінің бәрі туысқан аға-іні және апа-сіңілі болып табылады. Отбасының басшысы біреу – ол отбасының атасы болады.

Ұрпақтардың шығу тегіне қарай бұл отбасы матриархалды немесе патриархалды отбасы болды. Біріншісі – отбасының ең көне түрі. Мұнда бір әйелдің көп күйеуі болуы жиі кездеседі. Мұндай отбасы тибеттіктерде және Оңтүстік Үндістанда тұратын тода деген халықта кездеседі. Патриархалды отбасының басшысы – еркек. Сондай-ақ баланың тегі бір мезгілде әке жағынан да, шеше жағынан да анықталатын екі жақты отбасы да кездеседі. Бұл жеке отбасының түріне өтетін өтпелі форма болып табылады. Моногамиядағы патриархалды отбасында отбасы басшысы мүліктің бірден-бір иесі болып саналады. Бұл-жеке меншіктің шығуына байланысты болған отбасылық қатынас. Бұл отбасының мүшесі – ері (құқықтың бәрі еркектікі), әйелі, ұлдары (әкесі өлгенше), қыздары (тұрмысқа шығып кеткенше).

Жеке отбасы – бүгін таңда дүниеде ең кең тараған отбасының түрі. Бұл отбасы енді тек әлеуметтік топ қана емес, сондай-ақ заң жүзінде бекітілген топ.

Қорыта келгенде, отбасыға мынадай анықтама беруге болады: қазіргі заманғы отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасының функциясы - бала тауып, тәрбиелеп өсіру, ерлі-зайыптылардың жыныстық, эмоциялық сезімдерін және басқа (әлеуметтік, экономикалық) қажеттерін өтеу.

Отбасы нақты қоғамда өмір сүреді, сондықтан отбасының жалпы сипатымен қатар өзі өмір сүретін қоғамдық қатынастардың мазмұнына сәйкес ерекше белгілері де болатыны түсінікті.

Әр елдің, ұлттың отбасын құру жолдары әртүрлі. Соған байланысты бала тәрбиесі де ерекше. Отбасы тәрбиесі өмір өзгерісіне ұшырап отырады. Мәселен, қазақтың ертедегі, кеңес заманындағы және бүгінгі бала тәрбиесіндегі өзгешіліктер осындай.  

Қазақстан Республикасының 1991 жылы тәуелсіздік алуы, әлемдік деңгейде егеменді ел ретінде айқын танылуы, сондай-ақ президенттік басқару нысанындағы демократиялық мемлекеттік және жаңа азаматтық қоғамның тууы, нарықтық қатынастар жүйесіне көшуі, объективті қажеттіліктерге байланысты болып отырғаны қоғамдық сананың түбегейлі өзгерістер шеңберін кеңейтті.

Отбасында адам өмірге келеді, тәй-тәйлап басады, бірінші қуанышы мен қиындығын кездестіреді, өседі, өнеді, одан үлкен өмірге аттанады. Осы жерде көптеген сұрақтар туындайды. Олар:

Отбасы деген не?

Оның мәні неде?

Қоғамда қандай рөл атқарады?

Әр адамға не береді?

Осы сұрақтарды жан-жақты қарастырып, шешу  кезінде көптеген ойшылдар, ғалымдар атсалысқан. Мысалы: ежелгі грек ойшылы Платон «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген екен. Ал, Аристотель болса, «отбасы - адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған.

Классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген.

Фихте отбасының негізі-махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастар толықтырыла түсті. Мысалы, 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» атты кітабында Л. Морган отбасының тарихын, оның некелі қарым-қатынасын, экономикалық, әлеуметтік дамуын және қызметін қарастырған.  Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы марксистер де жазды.  Соның бірі - Ф. Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда  Ф. Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын, даму жолдарын көрсетті.

Француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық И.Г.Песталоцци, орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко,т.б.өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін қарастырған.


Ұқсас жұмыстар

Ұлттық сананы қалыптастыру
Мектептен тыс ұйымдар
Оқу-тәрбие үрдісінде отансүйгіштік және ұлтжандық тәрбиелеу жолдары
Тәрбиенің ғылыми принципі
Жастардың бос уақытын ұйымдастыру технологияларыпәні
Бала дамуында туындаған мәселелерді ескерту
Балалардың музыкалық әсерлерін қорытындылау
Отбасы жағдайында балалардың валеологиялық мәдениет негіздерін қалыптасуын қамтамасыз ететін педагогикалық жүйелер
Музыкалық тәрбиенің тенденциялары
Баспанада болу ережелері