14. Тақырыбы: Адам экологиясы. Экологиялық жағдай және адам денсаулығы

1.  Денсаулық үшін зиянды органикалық

2.  Денсаулық үшін зиянды бейорганикалық заттар

Дәрістің мазмұны:   

Көптеген органикалық заттар улы және жоғары дәрежеде тұрақты болып табылады. Олар көбінесе канцероген, мутаген, тератоген немесе басқа аурулардың  пайда  болуын  күшейтеді.

Органикалық қосылыстардың ішінде, әсіресе, галогенді көмірсулар мен полициклді ароматтық көмірсулар (ПАК)  қауіпті.

Галогенді көмірсулар. Бұл топқа бір немесе бірнеше көміртегі атомдары хлор, бром, йод немесе фтормен алмасқан органикалық қосылыстар жатады. Хлорлы көмірсулар кең таралған. Олардың көпшілігі тұрақты, ағзалар оларды жеңіл сіңіреді және жекелеген мүшелер мен ұлпаларда жиналуға қабілетті. Мысалы, поливинилхлорид (ПВХ), полихлорды бифенилдер (ПХБ), ДДТ (пестицид), тетрахлорфенол және тетрахлорэтилен (еріткіштер). Бұл топқа өте улы зат — диоксиндер де  жатады.

ПВХ мен винилхлорид бауырдың қатерлі ісігін, тері, сүйек пен аяқ-қолдың зақымдануынан көрінетін винилхлоридтік ауруды туғызады. Ұзақ уақыт бойы винилхлорид қауіисіз деп есептеліп келді. Оны аэрозоль баллондарында газ-тасымалдаушы және медицинада наркоз ретінде қолданып келген. Тек 70-жылдары  ғана оның  улы қасиеттері анықталды.

Белгілі ДДТ (дихлордифенилдихлорэтан) да хлорлы көмірсуларга жатады. 1939 жылы Моллер бұл заттың инсектицидтік қасиеттерін анықтады. Бұл препараттың 15 млн. тоннасы жер шарының барлық дерлік аймақтарында қолданылған. Антарктиданың өзінен шамамен 25 мың тонна ДДТ табылған. Кейіннен ДДТ   май   ұлпалары   мен   ана   сүтінде   жиналатыны белгілі болды. 70-жылдардан бастап бұл инсектицидті қолдануға тыйым салынды. Бірақ жоғары дәрежеде тұрақтылығына байланысты (ыдырау мерзімі 50 жыл) ол қоректік тізбектерде әлі де интенсивті түрде айналымда  болып  келеді.

Диоксиндер қазіргі белгілі улы заттардың ішіндегі ең күштілерінің бірі. Диоксиннің канцерогенді, мутагенді, тератогенді әсері анықталған. Ол әйелдің бала туу қабілетіне әсер етеді. Диоксиннің көп бөлігі (шамамен 200 кг) қоршаған ортаға американдықтардың Вьетнамда қолданған дефолианттары түрінде шығарылды. Нәтижеде тек вьетнамдықтар ғана зардап  шеккен   жоқ  шамамен  20  мың  американдықтарды да қамтыды.

Фенолмен улану бауырды, бүйректі, қанды зақымдайды. Ағзаның тұқым қуалау қасиетіне де әсері анықталған. Сонымен қатар канцерогенді және тератогенді әсер етеді.

Халықтың денсаулығына метанол немесе метил спирті өте қауіпті. Түсі мен иісі бойынша оны этил спиртінен айыру өте қиын улы зат. 30—100 мл мөлшері адамның өліміне әкеліп соқтырады.

Формальдегид химия өндірісінің маңызды өнімдерінің бірі болып табылады. Фтор альдегид аллергиялық реакциялар туғызуы мүмкін. Сонымен қатар оның канцерогендігі туралы да мәліметтер бар. Адам мен басқа да тірі ағзалар бұл затпен үнемі әсерлесуде болады (пластик, ағашты-талшықтар, консерванттар, автокөліктердің газдары, темекі түтіні т.б.). Дүние жүзінде ондаған миллион тоннасы өндіріледі. Қазір бұл затты тұрмыстық мақсатта қолдануды шектеуге бағытталған  шаралар  жүргізілуде.

Ауыр металдар. Көптеген ауыр металдар ағзалардың тіршілігіне қажет және микроэлементтер тобына жатады.   Оларға   цинк,   мыс,   марганец,   темір және т.б. кіреді. Сонымен қатар олар тірі ағзалар үшін улы. Ауыр металдар ақуыздармен жеңіл байланысып, майда еріп, жинақталады. Ауыр металдардың қоршаған орта мен ағзада жинақталуының негізгі көзі — отынды жағу, пестицидтер, кейбір органикалық қосылыстар, өндірістік  қалдықтар және  т.б.

Белгілі мәліметтер бойынша (Вронский, 1996) антропогенді заттар есебінен қоршаған ортаға қорғасынның 94-97%-ы, кадмийдің — 84-89%-ы, мыстың — 56-87%-ы, никельдің — 66—75%-ы, сынаитың — 60%-ы шығарылады.

Қорғасынның негізгі көзі — автокөлік жанармайы болып табылады. Қорғасынның көп бөлігі металлургия кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығында пестицид ретінде мышьякты) қорғасынды қолдану кезінде  шығарылады.

Қоршаған ортада қорғасынның артуы, әсіресе, өнеркәсіптік революцияның басталуымен тығыз байланысты. XX ғасырдың қала тұрғындарының қаңқасындағы қорғасынның мөлшері 1600 жыл бұрын өмір сүрген адамдармен салыстырғанда 700—1200 есе артық.

Қорғасынмен улану немесе «сатуризмнің» белгілері мынадай: тез шаршау, кешке көру қабілетінің төмендеуі, қан аздық, бүйректің зақымдануы, жүрек ауруы,  уақытынан бұрын  босану, түсік  тастау.

Кадмий. Ауыр металдардың ішіндегі ең улы элемент. Ортаға кадмийдің шығарылу себептері тас көмірдің шаңы, химиялық тыңайтқыштар, пластмассалардың қалдықтары мен жану өнімдері, темекі түтіні. Қорғасынға қарағанда кадмий топырақтан өсімдікке жеңіл өтеді (70%-ға дейін) де, ағзадан баяу шығарылады. Негізінен бүйректі (бүйректе жиналады), жүйке жүйесін, жыныс мүшелерін зақымдайды, тыныс алу жүйесіне зиян. “Ита-ита” ауруын туғызады.

Сынап. Қоршаған ортада кеңінен таралған. Дүние жүзіндегі сынаптың өндірісі жылына 10 мың т. астам. Ол негізінен электротехникада, медицинада және химия  өнеркәсібінде  қолданылады.

Металдық (элементарлық) сынап іс жүзінде ағзаға зиянды емес. Бірақ бу түріндегі сынаптың әсері қауіпті. Ағзаға тамақпен не тері арқылы енген сынап тұздарының қауіптілігі жоғары.

Сынаптың металлорганикалық қосылыстары (әсіресе метил сынап) ағза  үшін  өте  улы және қауіпті.

Асбест. Соңғы кезде дәрігерлердің назарын өзіне аударып отыр. Ұсақ асбест шаңы — асбестоз ауруын туғызады. Өкпе ұлпаларын зақымдап, қатерлі ісіктерге әкеледі.


Ұқсас жұмыстар

Экология пәні бойынша Обсөж сабақтарының әдістемелік нұсқауы
Оқу-әдістемелік кешен “Сулы жүйелер географиясы” пәні бойынша
Табиғат қорғауды оқыту жүйелері
Су, су экологиясы жөнінде білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері
Экологияның қалыптасу тарихы мен кезеңдері жайлы ақпарат
Экологиялық факторлар әсеріне организмдердің жалпы заңдылықтары
Атмосфералық ауаны және қоршаған ортаны қорғау
Бесінші бағытымыз - қолданбалы экология
Қазақстанның жастарының денсаулық мәселелерін Ақтөбе облысының мысалында талдап, баға беру және шешу жолдарын ұсыну
Қоршаған ортаның экологиялық жағдайы