ДӘРІС 11 ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

Мақсаты: ҚР отбасы құқығының  құқық саласындағы алатын орны, отбасы құқықтық қатынастарды реттеудің құқықтық  тәртібі туралы мағлұмат беру.
Жоспар: 
1. Отбасы құқығы: ұғымы, принциптері.
2. Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары.
3. Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері.
4. Ата-аналар мен балалардың арасындағы құқықтық қатынастар.
 
1.Отбасы құқығы: ұғымы, принциптері. Отбасы құқығы некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесіне қабылдаудың басқа да нысандарына орай пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын  реттейтін құқық саласы болып табылады.
Отбасы құқығының пәнін құрайтын қоғамдық қатынастар мүліктік емес, немесе мүліктік болуы мүмкін. Мүліктік және мүліктік емес қатынастардың басымдығы бір жағынан, азаматтық құқықта, екінші жағынан отбасы құқығында бірдей емес. Азаматтық құқықтың негізгі міндеті мүліктік қатынастарды реттеу болып табылады. Мүліктік емес (өзіндік) қатынастарды реттеу отбасы құқығының негізгі міндеті болып табылады. Отбасы құқығының пәніне кіретін мүліктік қатынастар жеке адамның құқықтары мен мен міндеттеріне байланысты. Қазақстан Республикасы отбасы құқығының қайнар көзі Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы «Неке және отбасы туралы» Заңы болып табылады. «Неке және отбасы туралы» Заң 7 бөлімнен, 29 тараудан және 213 баптан тұрады.
1 бөлім – «Жалпы ережелер»
2 бөлім – «Неке»
3 бөлім – «Отбасы»
4 бөлім – «Қорғаншылық және қамқоршылық»
5 бөлім – «Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары»
6 бөлім – «Азаматтық хал актілері»
7 бөлімде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға неке-отбасы заңдарының нормаларын қолдану мәселелері шешілген.
Неке-отбасы заңдары мынадай принциптерге негізделеді:
1. еркек пен әйелдің некелік одағының еріктілігі;
2. ерлі- зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;
3. отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4. отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;
5. балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп- жетілуі мен әл- ауқатты болуына қамқорлық жасау;
6. отбасының кәмілетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;
7. отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері.
2. Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Отбасы құқығы бойынша неке бұл- «ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалаған еркек пен әйелдің арасындағы тең, құқықты одақ»
Некені заңды түрде рәсімдеу дегеніміз оны азаматтық хал актілеріндегі жазу органдарында тіркеу болып табылады. Белгілі бір тәртіппен тіркелген некенің ғана құқықтық күші болады. Бұл ереже неке-отбасы заңдарының негіздерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік және қоғамдық мүдделер тұрғысынан  алғанда да, ерлі-зайыптылардың және олардың балаларының жеке және мүліктік мүддесін қорғау жөнініе де некені тіркеу қажет.
Некеге тұру үшін заңда белгіленген шарттарды сақтау қажет.  Шарттарды оң (позитивтік), теріс (негативтік) деп бөлу қабылданған. Оңды жағы көбірек болып, теріс жағы болмаған жағдайда некеге тұруға болады.
«Неке және отбасы туралы» Заңның 10-бабында белгіленгендей еркектер мен әйелдердің неке жасы – 18. Және Заңның 10-бабында азаматтық хал актілеріне жазу органдары некеге тұруды мемлекеттік тіркеу орындарында дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын 2 жылдан аспайтын мерзімге төмендету мүмкіндігі көзделген.
Некеге тұруға кедергі жасайтын қолайсыз жағдайлардың, немесе басқа да себептердің болатындығы «Неке және отбасы туралы» Заңның 11-бабында  сәйкес мына тараптағы адамдардың некеге тұруына тыйым салынады:
1. біреуі басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың;
2. тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың, атасының, әжесінің және немерелерінің), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек әкесі немесе анасы ортақ ағалы-інілілер мен апалы-сіңлілердің, аға-қарындастардың;
3. асырап алушылар мен асырап алынғандардың;
4. біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың.
3. Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері.  «Неке және отбасы туралы» Заңның 29-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарына мыналар жатады:
- тегін таңдау құқығы;
- қызмет түрін, мамандықты, тұрғылықты жерді таңдау құқықтары;
- отбасы өмірінің мәселелерін бірлесіп шешу құқығы.
Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды және тең міндеттерді атқарады. Ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарының теңдігі отбасы өмірінің барлық жалпы мәселелерін (ана, әке болу, балаларға тәрбие мен білім беру мәселелері және отбасы өмірінің басқа да мәселелері) олардың бірлесіп және өзара келісе отырып шешуінен көрінеді. Ерлі-зайыптылардың ешқайсысы да жеке құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде артықшылықты пайдалануға тиіс емес.
Қызмет пен мамандықты ерікті таңдау құқығы ерлі-зайыптылардың оқу орындарына түсу, мамандық таңдай, сол таңдап алған мамандық бойынша жұмыс орынның табу жөніндегі мәселелерді жеке өздерінің шешулеріне болатындығын көрсетеді. Әдетте қызмет пен мамандық таңдау ерлі-зайыптылардың екі жақты келісімдері бойынша отбасы мүддесін ойластыра отырып жүзеге асыратын ісі.
Ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастары  оларға тиесілі болған мүлікті меншіктену және  бір-бірлеріне өзара материалдық қолдау көрсету міндеттерінен туындайды.Құқықтық қатынастардың бірініші түрі Заңның «Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 7-тарауындағы нормалармен, ал 2-шісі Заңның  «Ерлі-зайыптылардың және бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері» деп аталатын 18-тарауындағы нормалармен реттеледі.«Неке және отбасы туралы» Заңның 32-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптылар мұндай меншікке тең құқықпен билік етеді және пайдалана алады.
Ата-аналар мен балалардың арасындағы құқықтық қатынастардың пайда болуының негізі балалардың белгіленген заң тәртібімен куәландырылған белгілі бір әке мен шешеден туатындағы болып табылады. «Неке және отбасы туралы» Заңда балалардың туу тегін куәландырудың бірнеше әдістері (түрлері) қарастырылған.
Алғашқы дәстүрлі және неғұрлым кең тараған тәсіл бір- бірімен некеде тұратын ата- аналардан туған балалардың тегін анықтау болып табылады.
«Неке және отбасы туралы» Заңның 46 – бабына сәйкес бір – бірімен некеде тұратын адамдардан туған баланың туу тегі ата – анасының неке туралы жазбасымен куәландырылады. Бұл некеден туған бала азаматтық хал актілерін жазу органында әкесі мен шешесінің біреуі неке туралы куәлігін көрсетіп, өтініш беруі бойынша солардың атына жазылады.
Бала туғанда ата- анасы некеде болмаса, немесе анасы баласының әкесі жұбайы (бұрынғы жұбайы) емес деп мәлімдесе, баланың әкесі жағынан тегін белгілеу мәселесінің шешілуі күрделірек болады.
Заң баланың анасымен некеге тұрмаған адамның әкелілігін белгілеудің бірнеше әдістерін қарастырады.
Ол баланың әкесі мен шешесінің бірлескен арызын, ал кейбір жағдайларда (шешесінің қайтыс болуы, оның әрекет қабілетсіздігін мойындау және т.б.) әкесінің арызын АХАЖ органдарына беру жолымен белгіленуі мүмкін.
Заң баланың ата-аналарын туу туралы жазбалар кітабына жазу тәртібін белгілі ережелерге бағындырады.
 


Ұқсас жұмыстар

Болашақ мұғалімдерді мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге даярлау
Отбасы құқығы ұғымы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәні бойынша дәрістер
Меншік және меншік құқығы
Азаматтардың меншік құқығы
ҚР мен шет елердің азаматтық іс жүргізу құқығы
Қазақстан Республикасында сот және сот әділдігі
Құқық мәдениеті ұғымы және құрылымы
ҚР азаматтық және отбасы құқығының негіздері. Медициналық қызметтің түрлері. Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау