ДӘРІС 12 ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚТЫҢ НЕГІЗДЕРІ

Мақсаты: Әкімшілік құқықтың құқық саласында алатын рөлін, қағидаттарын, пәнін және атқарушы билік  туралы  түсінік беру.
Жоспар:
1.Әкімшілік құқықтың ұғымы,рөлі мен маңызы.
2.Әкімшілік құықтың әдісі.
3.Әкімшілік құқықтың пәні және атқарушы билік.
 
1. Әкімшілік құқықтың ұғымы,рөлі мен маңызы. Әкімшілік құқық – Қазақстан Республикасы құқық жүйесінің ең үлкен және күрделі салаларының бірі. Ол қоғамдық қатынастарды реттейтін, мемлекеттің басқару қызметінің процесінде пайдаланатын және мемлекеттік аппараттың тәртіптелген бірізділік жұмысын қамтамасыз ететін аса маңызды тәсілдердің бірі болып табылады.
Мемлекет әкімшілік-құқықтық нормалар арқылы өзінің өкілетті органдарымен қоғамның қажеттерін қанағаттандыру және де өз азаматтарының өміріне қалыпты жағдайларды қамтамасыз ету үшін экономикалық және әлеуметтік-мәдениеттік мәні бар аса маңызды ұйымдық шараларды жүзеге асырып отырады.
Мемлекеттік басқаруды жетілдіру, оның тиімділігі мен мемлекеттік органдардың өздері қабылдаған шешімдері ұшін азаматтардың алдындағы жауапкершіліктерін арттыру жөнінде әкімшілік құқық маңызды құрал ретінде үлкен рөл атқарады.
Әкімшілік құқық азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуларының құқықтық және ұйымдық нысандарын бекітеді, өкілетті органдар мен лауазымды адамдар үшін де, қатардағы азаматтар үшін де тиісті мінез-құлық (жүріс-тұрыс ережелерін тағайындайды.Оның көмегімен Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың міндеті шешіледі және әкімшілік-құқықтық қатынастарға барлық қатысушылардың құқықтық мәдениеті қалыптасады.
2. Әкімшілік құықтың әдісі. Құқық әрқашанда әртүрлі әдістерді пайдалана отырып қоғамдық қатынастарды реттейді. Құқықтың әр саласының өзінің әдісі бар, ол реттелінетін қоғамдық қатынастарға қатысушылардың еркі мен мінез-құлқына құқықтық ықпал етудің белгілі бір тәсілдері мен құралдарының жиынтығы.
Құқықтың кез-келген саласы өкім, тыйым, рұқсат ету сияқты қоғамдық қатынастарға реттеушілік ықпал ету тәсілдерін пайдаланады.
Өкім – бұл қоғамдық қатынастардың қатысушыларына құқықтық норманың талаптарына толығынан сәйкестендіріп іс-әрекет етуге заңдық міндет жүктеу.
Тыйым – бұл қоғамдық қатынастардың қатысушыларына құқықтық нормамен қаралған іс-әрекеттерді жасаудан бас тартуға  заңдық міндет жүктеу.
Рұқсат ету(ерік беру) - бұл қоғамдық қатынастардың қатысушыларына құқықтық нормада көрсетілген қандай да бір Заңдық мәні бар іс-әрекеттерді жасауға немесе өзінің қалауы бойынша оны жасаудан бас тартуға рұқсат беру.
Аталған тәсілдердің жиынтығы құқық саласы әдісінің мазмұнын құрайды, бірақ олардың әрқайсысының үлес салмағы құқықтың әр саласында әр түрлі.
Әкімшілік құқықтың нормаларын жүзеге асыру ұйымдастыру және ынталандыру құралдарымен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ мемлекеттің мәжбүрлеу күшімен қолдап отырылады.Мәжбүрлеу реттелінетін қоғамдық қатынастардың қатысушыларының мінез-құлқына құқықтық ықпал жасаудың ең соңғы тәсілі болып табылады.
3. Әкімшілік құқықтың пәні және атқарушы билік. Құқықтың әрбір саласының пәні қоғамдық қатынастардың белгілі бір аясы болып табылады., оларды реттеу тиісті саланың нормаларымен жүзеге асырылады. Әкімшілік құқық – атқарушы билік аясындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін құықтық нормалардың жиынтығы болып табылатын құқықтың дербес салаларының бірі. 
Мемлекеттік басқару – мемлекеттік билікті жүзеге асыру, мемлекеттік биліктің өкілеттіктерді іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қызметі түрлерінің бірі. Мемлекеттік биліктің мәні мен құрылымы Конституция мен конституциялық заңдарда бекітілген. Мемлекеттік билік заңнамаларға, мемлекеттік аппаратқа, материалдық қорларға, ақша қаржыларына, иландыру мен мәжбүрлеу механизмдеріне сүйенеді.
Атқарушы билік тармағы – ол ұйымдастыру-басқарушылық, атқару-өкім ету сипаты бар функцияны жүзеге асырады. Іс жүзінде оларды мемлекеттің арнаулы органдары – атқарушы билік органдары орындайды.
Атқарушы билікті жүзеге асыру өкілеттіктері  мен мүмкіндіктері Үкіметке, министрліктерге, агенттіктерге, комитеттерге және басқа да республикалық және жергілікті атқарушы билік органдарына, бірқатар лауазымды адамдарға берілген.
Атқарушы билік органдары қызметінің негізгі  функциялары мыналар болып табылады:
• Болжау – қолда бар ақпараттың, оның ішінде ғылым негізінде қандай болса да оқиғалардың немесе процестердің дамуындағы өзгерістерді алдын-ала болжау;
• Жоспарлау - әлдебір басқарылатын қызметтің бағыттарын, мақсаттарын, міндеттері мен күтілетін нәтижелерді, қарқындар мен нақты сандық және сапалық көрсеткіштерді анықтау;
• Құқықтық реттеу – қандай да бір қызметтің және тиісті құрылымдардың жұмыс істеуінің құқықтық тәртібін белгілеу;
• Бақылау – заңдарды, жоспарларды, бағдарламаларды орындаудағы құқық бұзушылықтарды табу және жою шаралары
• Ақпараттық қамтамасыз ету және ақпраттық талдау жұмысы;
• Әдістемелік басшылық жасау;
• Кадрмен, материалдық-техникалық заттармен қамтамасыз ету, қаржыландыру тағы с.с.
 


Ұқсас жұмыстар

«Қазақстан Республикасының экологиялық құқығы» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешені
Болашақ мұғалімдерді мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге даярлау
Қазақстан Республикасының экологиялық құқығының дәрістері
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары
Ауылшаруашылықтық (аграрлық) құқық негіздері (Дәрістер жинағы)
Меншік және меншік құқығы
Азаматтардың меншік құқығы
Жеке тұлғаның, конституциялық құрылыстың, сайлау құқығының конституциялық құқықтық мәртебесі негіздері
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәні бойынша дәрістер
Кәсіпкерлік құқық ұғымы