ДӘРІС 13 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

Мақсаты: ҚР қылмыстық құқығы туралы, оның зерттеу аясы,қылмыстық жаза тағайындау  туралы жалпы түсінік беру.
 
Жоспар:
1. Қылмыстық құқық ұғымы және міндеттері
2. Қылмыс белгілері және түрлері
3. Қылмыстың заңды құрамы
4.Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін жағдайлар
 
1. Қылмыстық құқық ұғымы және міндеттері. Қылмыстық заңда жазалау қатерімен  тыйым салынған айыпты қоғамдық қәуіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады. Қылмыстық заңды ұқсастықы  бойынша қолдануға жол берілмейді.
Қылмыстық құқықтың міндеттері: адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды  мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрлысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу болып табалады.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Қылмыстық Кодексте қылмыстық  жауаптылық негіздері белгіленеді, жеке  адам, қоғам немесе мемлекет үшін қауіпті қандай әрекеттер қылмыс болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшін жазалар мен өзге де қылмыстық құқыктық ықпал ету шаралары белгіленеді.
 
2. Қылмыс белгілері және түрлері.  Қоғамға қауіпті болғандықтан ол белгілі бір қоғамдық қатынастарға зардап келтіреді немесе келтіру қаупін туғызады. Сондықтан заңда қорғалатын объектілер тізбегі келтіріледі: жеке адам, қоғам, мемлекет, меншік... Қылмыстың тағы бір белгісі- айыптылығы, яғни қоғамға қауіпті әрекет кінәнің белгілі бір нысанында (қасақана немесе абайсызда) жасалуға тиісті. Жазықсыз (кінәсіз) зиян келтіру жауаптылыққа жатпайды (ҚК 23-бап).
Сонымен, бұдан қылмыстың төмендегідей белгілері шығады:
1. Қоғамға қауіптілігі;
2. Заңға қайшылығы;
3. Айыптылығы;
4. Жазаланатындығы.
 
3. Қылмыстың заңды құрамы. Қылмыс құрамы дегеніміз, әрекеттің қылмыс ретінде қоғамға қауіптілігін сипаттайтын объективтік және субъективтік белгілердің жиынтығы. Қылмыс құрамы - заңдық ұғым, ал қылмыс - адам әрекетінің бір түрі.
Қылмыс құрамының төрт эементі бар. Жоғарыда аталғандай белгілер осы төрт элементтің маңайында шоғырланады. 
Олар:
1. Қылмыс объектісі;
2. Қылмыстың объективтік жағы;
3. Қылмыс субъектісі;
4. Қылмыстың субъективтік жағы. 
- Қылмыс объектісі қылмыс құрамының міндетті элементтерінің біреуі. Объектісіз қылмыс болуы мүмкін емес. Кез келген қылмыс белгілі бір қорғалатын объектіге қол сұғады, яғни не нәрсеге қол сұғылса, сол қылмыс объектісі болып табылады. 
Қылмыс объектісі дегеніміз, қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар.
- Қылмыстың объективтік жағы қылмысты істеген адамның мінез – құлқының сыртқы көрінісін білдіреді. Ондай мінез – құлық біріншіден қоғамға қауіпті, екіншіден қылмыстық заңға қайшы болуы керек.
Қоғамға қауіпті іс-әрекет пен одан туындайтын зардаптың арасын байланыстыратын белгіні себепті байланыс деп атайды. Сонымен, қоғамға қауіпті іс-әрекет, қылмыстық зардап, себепті байланыс қылмыстың объективті жағының белгілері болып табылады.
- Қылмыстың субъектісі болып қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған және заңға сәйке сол үшін қылмыстық жауаптылықты көтеруге қабілетті адам танылады. Яғни, қылмыстық заңда көрсетілген жасқа толған, есі дұрыс жеке адам танылады.
- Қылмыстың субъективтік жағы бұл негізінен адамның психикалық іс-әрекетінің қылмыс істеуге тікелей байланысты жағының көрінісі болып табылады.
Қылмыстың субъективтік жағының мазмұнын мынадай заңдылық белгілері: кінә, қылмыстық ниет, мақсат құрайды. Осы белгілердің жиынтығы қылмыс істеген адамның жан-дүниесінде орын алған ішкі өзгерістерді, оның санасы мен еркінің өзара байланысын бейнелеп береді. Қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлі деп танылады.
4. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін жағдайлар.  Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән жайлар деп танылады: 
- мән жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кішігірім ауырлықтагы қылмыс жасау;
- айыпкердің кәмелетке  толмауы;
- жүктілік;
- айыпкердің жас балалары болуы; 
- қылмыс жасағаннан кейін  зардап шегушіге  тікелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтірілген мүліктік залал мен моларьдік зиянның орнын өз еркімен толтыру, қылмыспен келтірілген зиянды жоюға бағытталған өзге де іс - әрекеттер;
- жеке басындық отбасылық немесе өзге ауыр мән - жайлар тоғысуының салдарынан не жаны ашығандық себебімен қылмыс жаcау;
- күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу  салдарынан не материалдық қызметтік немесе өзге де тәуелділігі себепті  қылмыс жасау;
- қажетті қорғанудың  құқықтық  дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттілік қылмыс жасаған адамды  ұстау, негізді тәуекел,  бұйрықты немесе  өкімді орындау жағдайында қылмыс жасау ;
- қылмыс жасау үшін түрткі  болып табылған жәбірленушінің заңға қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын қылығы;
- шын жүректен  өкіну,  айыбын мойындап келу,  қылмысты ашуға,  қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыс жасау нәтижесінде  алынған мүлікті іздеуге белсенді жәрдемдесу. 
Мыналар  қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән – жайлар деп танылады:
 - қылмыстарды әлде неше рет жасау, қылмыстардың қайталануы;
 - қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтіру;
 - адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында жұмыс жасау;
 - қылмыс жасағанда айрықша белсенді рөл атқару;
 - айыпкер үшін психикасы бұзылуының ауыр түрінен зардап шегетіні алдын ала белгілі адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту;
 - ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе араздың себебі бойынша, басқа адамдардың заңды іс-әрекеті үшін кектенушіліктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау;
 - жүктілік жағдайы айыпкер үшін алдын ала белгігі әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсіз адамға не айыпкерге тәуелді адамға қатысты қылмыс жасау;
 - белгілі бір адамның өзінің қызметтік, кәсіби немесе қоғамдық борышын өтеуіне байланысты оған немесе оның туыстарына қатысты қылмыс жасау;
 - аса қатыгездік, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленушіні қинап қылмыс жасау;
 - қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, жарылғыш немесе оларды бейнелеуші құрылғылар, арнайы дайындаған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жаңғыш сұйықтар, улы және радиоактивті заттар, дәрілік және өзге де химиялық-фармокологиялық дәрі-дәрмектер пайдаланып, сондай-ақ күш көрсетіп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қауіпті әдіс қолданып қылмыс жасау;
- төтенше жағдайды, табиғи немесе өзге де қоғамдық нәубет жағдайларын пайдаланып, сондай-ақ жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қылмыс жасау;
- алкагольдік, есірткілік немесе уытқылық еліту жағдайында қылмыс жасау. Сот қылмыстың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлатушы деп танымауға құқылы;
- адамның өзі қабылдаған антын немесе кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасауы;
- қылмыскердің қызметі жағдайына немесе шартқа байланысты өзіне көрсетілген сенімді пайдаланып қылмыс жасауы;
- өкімет өкілінің нысанды киімін немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау.
 


Ұқсас жұмыстар

«Қазақстан Республикасының экологиялық құқығы» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешені
Студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша әдістемелік нұсқаулар
Қазақстан Республикасының экологиялық құқығының дәрістері
ҚР мен шет елердің азаматтық іс жүргізу құқығы
Болашақ мұғалімдерді мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге даярлау
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік түрлері
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәні бойынша дәрістер
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары
«Қылмыстық іс жүргізу құқығы» пәнінен лекциялар
Шет елдердің конституциялық құқығын. Дәрістер жинағы