Апта 5


Балаларды жалпы дамыту жаттығуларына үйрету.

Жалпы дамыту жаттығуларын оқыту бастауыш мектептің барлық сыныптары бағдарламасында қарастырылған. Оқушылардың дұрыс, терең дем алуы, әдемі тұлғасын қалыптастыруда жалпы дамыту жаттығулары маңызды орын алады. Сонымен қатар сабаққа дейінгі гимнастика, сергіту минуттары жиынтығын құрастыруда өте қажет жаттығулар.

1.                           Жалпы дамыту жаттығуларының ерекшеліктері. Жалпы дамыту жаттығуларының ерекшеліктері- бұлшық еттерінің жекелеген топтарына, иіннің, кеуденің, құрсақ шандырының, аяқтың және басқа жерлердің бұлшық еттеріне әсер етуі. Бұл жаттығулар топтарының басқа жаттығулардан ерекшелігі емдік профилактикалық жаттығулар ретінде қолданылады. Мысалы: кеуде қуысы қызметі бұзылғанда, дене бітімі дұрыс қалыптаспағанда, омыртқа қызметін дұрыс қалыпқа келтіру де қолданылады, т.с.с.

2.                           Жалпы дамыту жаттығуларын топтастыру. Дене тәрбиесінің тәжірибесінде өте көп мөлшерде дене тәрбиесі жаттығулары қолданылады. Дене тәрбиесі жаттығуларының қасиетін танып, оларды тиімді пайдалану үшін дене тәрбиелеу тәжірибесінде жаттығуларды топтау қажет.

1.      Дене тәрбиесі жүйесін тарихи қалыптасып қалған белгі бойынша топтау. Ол бойынша барлық жаттығулар төрт топқа бөлінеді: а) гимнастикалық жаттығулар; ә) ойын жаттығулары; б) туристік жаттығулар (бұл жаттығулар туризмнің әр түрінде кездеседі); в) спорттық жаттығулар – спорттың әр түрінде пайдаланылатын стандартты жаттығулар.

2.      Белгілі дене қуатын дамыту бағытындағы жаттығулар: а) күш-жылдамдығы жаттығулары жаттығушылардың күштерін дамытады; ә) төзімділік пайда болуына әсер ететін жаттығулар; б) үйлесімді қозғалысты талап ететін жаттығулар; в) икемділікке арналған жаттығулар; г) комплексті қимылды талап ететін жаттығулар.

3.      Жаттығуларды білім беру мақсатына қарай топтау: а) негізгі жаттығулар. Сабақтың негізгі бөлімінде өткізілетін, спорт түрлерінің негізгі жаттығулары; ә) дайындық жаттығулары. Негізгі жаттығуларды үйренуге керек дене қуаты қасиеттерін дамытуға көмектесетін жаттығулар; б) жақындататын жаттығулар – негізгі жаттығуларды үйрететін, оңайлататын қимыл-әрекеттер (мысалы, ұзындыққа жүгіріп келіп секіруге жақындататын жаттығулар – бір, үш адымдап келіп ұзындыққа секіру).

4.      Дененің бұлшық еттерін дамытатын жаттығулар. Қолдың бұлшық еттеріне, кеуде бұлшық еттеріне, аяқ, іштің бұлшық еттеріне арналған жаттығулар.

5.      Қозғалысқа арналған жаттығулар тобы: а) циклді жаттығулар (жүру, жүгіру, ескек есу т.б.); ә) циклді жаттығулар (снарядтағы гимнастика, жеке сайыс т.б.) аралас жаттығулар (циклді, ациклді жаттығулары бар спорт ойындары).

6.      Жаттығуларды күш қарқынына қарай топтау: а) өте жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20 секунд аралығында орындалады); ә) жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20 секундтан 5 минөтке дейін); б) қатты қарқынмен орындалатын жаттығулар (5 минөттен 30 минөтке дейін); в) қалыпты қарқынмен орындалатын жаттығулар (30 мин. көбірек). 

3.                           Жалпы дамыту жаттығуларын балалардың жас және дене ерекшеліктеріне сәйкес іріктеп алу.

1-сынып. Кеуде, қол мен аяқ үшін жаттығуларды әр түрлі бастапқы қалыптан орындау.

Негізгі тұрыс: өкше бірге, аяқтың ұшы алшақ, қолдарды денені байлай түсірген қалып. Бір орында тұрып затсыз және затпен орындалатын жаттығулар. Тұлғаны қалыптастыруға, дұрыс еркін дем алуды қамтитын жаттығулар. Басты оңға және солға бұру және шырқ айналдыру. Қолдарды екі жанға созылған бастапқы қалыптан бүгіп және жазып қолдарды шырқ айналдыру. Денені оңға және солға, алға және артқа еңкейту, бұру және айналдыру.

Аяқтарды алға, артқа және жанға сілтеу. Кеудені аяқтарға қарай еңкейту. Шалқалап жатқан бастапқы қалыптан кеудені көтеру. Гимнастикалық орындыққа қолдармен тіреліп жатқан қалыптан қолдарды бүгіп, жазу. Аяқтарды бірге, алшақ ұстап тұрған бастапқы қалыптан отыру. Тобық буындарының қозғалғыштығы дамытуға арналған жаттығулар.

2-сынып.  Негізгі тұрыс (қолдар кеуде тұсында бүгілген, қолдар жанға созылған), тізерлеп отыру, бір тізерлеп отыру, төрт тағамдап тұру, жартылай отыру, толық отыру, аяқты бірге ұстау, аяқты алшақ ұстау секілді әр түрлі бастапқы қалыптардан жаттығуларды орындау. Басты оңға, солға бұру, басты шырқ айналдыру. Тұлғаны дамытуға, дұрыс дем алуды қамтитын жаттығулар. Бүгілген және жазылған қолдарды айналдыру. Қолдардың қозғалысымен үйлестіре кеудені жанға бұру. Қолдар мен аяқтардың қозғалысымен үйлестіре алға және жанға еңкейту.

3-сынып. Негізгі тұрыс бастапқы қалыптан және қозғалыс кезінде затпен жасалатын жаттығуларды орындау. Тұлғаға, еркін тыныс алуды белсенді етуге, қозғалыс үйлесімділігіне бағытталған жаттығулар (түрліше бастапқы қалыптардан). Қолдарды екі жанға созған бастапқы қалыптан, жазылып ұсталынған және бүгілген қолдарды шыр айналдыру. Қолдармен бір бағытта және қарсы бағытта қозғалыстар жасау. Гимнастикалық орындыққа таянып, тіреніп жатқан қалыптан кеудені көтеру. Бір орында екі және бір аяқпен секіру және ырғып секіру. Иілгіштік пен босаңсуға жаттығулар.

4-сынып. Негізгі тұрыс бастапқы қалыпынан және қозғалыста заттармен жаттығулар орындау. Қозғалыс үйлесімділігіне, тыныс алуды белсенді етуге, тұлғаға бағытталған жаттығулар. Мойын, кеуде, аяқпен қолдардың еттерін нығайту жаттығулары. Күш пен иілгіштікті дамыту үшін жұппен орындалатын жаттығулар. Ырғақты гимнастика кешенін (8-10 жаттығу) орындау. Шапшаңдық – күштілік қасиеттерін қалыптастыру үшін арқа мен іш еттерін нығайтуға арналған жаттығулар. Бір орында екі және бір аяқтап секіру. Гимнастикалық қабырғадағы жаттығулар. Босаңсуға арналған жаттығулар.