Бірінші рота

Кешкі түгендеуден кейін рота командирі: «Ертең, яғни жексенбі күні театрға барамыз», — деп рота старшинасына театрға баратын әр жауынгерден билетке қанша ақша жиналатынын нақтылап тапсырды. Қойылымның атауы — «Куба, любовь моя!» екенін, ал оны сахналайтын ұжым — Одаққа, тіпті әлемге белгілі Ленинградтың Опера және балет театры екенін де еске салуды ұмытпады.

Таңғы астан кейін театрға баруға дайындық басталып кетті. Әр жауынгер каптеркадан парадтық киімін алып, үтіктеп, түймесін түгендеп, ақ жағасын ауыстырып, әбігер. Ал мен қалтамдағы азын-аулақ тиын-тебеннің билетке жетпейтінін аңғарып, кереуетімнің жанындағы тумбочкаға сүйеніп, кітап оқып отырдым.

Командирдің бұйрығы және күтпеген «артықшылық»

Кенет рота командирі аты-жөнімді атап шақырды. Апалақтап орнымнан тұра бергенімде, ол: «Қатардағы жауынгер, Баязитов! Жұрттың бәрі театрға жиналып жатқанда, сіз неге жайбарақат отырсыз?» — деп зілді үн қатты.

Қысыла-қымтырыла тұрып, билет алуға ақшам жетпейтінін айттым. Командир бірден старшинаға: «Менің есебімнен билеттердің бірін Баязитовқа беріңіз», — деп бұйырды.

«Айында, жылында бір келетін өнер ордасының концертіне командирі қатардағы жауынгеріне билет әперсе, оның артықшылығы бола қоймас» дегендей сөзбен, ол жанымдағы қаруластарымды күлкіге қарық қылды. Ал мен — осы жағдайдың еріксіз куәсі, әрі қарыздар адамдай күй кештім.

Сап, тәртіп және бағыттың өзгеруі

Қақпа сыртында полк командирі бастаған офицерлер бізді сапқа тұрғызып, жол бойы және қалада әскери тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін қадап айтты. Сонымен бірге, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген совет жауынгерлерін білімге, өнерге бейім, отансүйгіш етіп тәрбиелеу «партияның әкелік қамқорлығы» екенін де тілге тиек етті.

Бірінші рота алда, қалғандары арақашықтықты сақтап ілесіп келеміз. Қала көрініп қалатын тұста қарсы жолыққан бір офицер сапты тоқтатып, жиналған рота командирлеріне әлдене түсіндірді. Көп ұзамай бізге кері бұрылу бұйырылды да, сүрлеу жолға түстік.

Қаңыраған сүрлеу мен үнсіз алаңқай

Бұл жолмен көптен бері ешкім жүрмегені бірден байқалды: шіріп құлаған ағаштар алынбаған, шөп басып кеткен. Үш-төрт шақырымдай жүрген соң, бұл өңірде сирек кездесетін ашық алаңқайға тап болдық. Әр жерде жартылай күйген ағаштардың сақталып қалған тамырлары — мұнда бір кездері өрт болғанын айғақтайтындай.

Сол сәтте рота командирінің көктем шыға сап түзеген жауынгерлерге айтқан ескертуі есіме түсті: орман ішінде келе жатып темекінің шоғын сөндірмей тастау — өртке ұрындыруы мүмкін, ал өрт шықса «бұл арадан тірі шығу екіталай» дегені.

Көл жағасындағы сұрақтар

Алаңқайдан әрі жүргенде көз алдымызға айнадай жарқыраған көл көрінді. Біреулердің: «Ана көлді қараңдар… Мынадай ыстықта бір сүңгіп шықса…» — дегені естілді. Тіпті кейбірі: «Жолдас командир, концертті қайтеміз? Бізді көл жағасына…» деп даурыға бастады.

Командирдің «Отставить!» деген қатқыл үні бәрін сапасына түсірді. Біраздан соң ол көл жағасындағы кеме мен әріде көрінген шіркеуді көрсетіп: «Адам қарасы көріне ме? Жоқ. Ендеше, неге жағажай бос? Неге көлеңкелейтін қалқандар жоқ? Құмы қайда?» — деп, мазалайтын сұрақтарды тізді.

Біз аңтарылып қалдық. Екінші ротаның да қарасы көрінгенде командир сөзін қысқартып: «Бұл арада жарылыс болып, ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірін жалмаған. Тірі қалған мыңдаған адамның мәңгілік қасіретіне айналған. Атом жарылысы болған», — деді баяу ғана.

«Челябинск-40» деген не?

Жол бойы көкейімізде «Бұл қалай болды? Атомды кім жарды? Мұнда атом қайдан келді?» деген сауалдар көбейді. Командир біздің көл жаққа қайта-қайта жалтақтай беретінімізді байқап: «Сендер Челябинск-40 дегенді естідіңдер ме?» — деді.

Біз естігенбіз. Карантинде сержанттардың «тәртіпке көнбесеңдер, қызметтеріңді Челябинск-40-та атқарасыңдар» деп қорқытатыны есімізде. Айтыстарынша, ол жаққа барған адам көп ұзамай шашы түсіп, қан ауруына шалдығып, ұрпақсыз қалады-мыс.

Командир: «Жеткілікті. Хабарларың бар екен. Сол Челябинск-40 — осы жер. Апат ғалымдардың немесе қосалқы қызметкерлердің салғырттығынан болған сияқты», — деді.

Оның айтуынша, әуелде жұрт қаза тапқандарды жерлеу, жаралыларды орналастыру әбігерімен жүргенде орман алаулап жана бастаған, сонда ғана апаттың ұшқыны тым әріге түскенін ұққан. Бірақ бәрі кеш болған. Әуелгіде жергілікті партия, кеңес органдары мен әскери басшылық Мәскеуді дүрліктірмей-ақ, өз күшімен орталықты қалпына келтіреміз деп шешкендей. Алайда радиация алған адамдар лек-легімен аурухана мен госпитальге ағылғанда, фонның тым жоғары екені мәжбүрлеп дабыл қақтырған.

Дегенмен «ұлы державаның абыройына нұқсан келмесін» деген қорқыныш басым болып, Мәскеу жарылыс туралы жария етуге тыйым салған. Күні кеше «жабық аймақ» аталған жердің арнайы мәртебесі алынып, қала бір-ақ сәтте «ашыққа» айналғанымен, айналасы әлдеқашан қасіреттің иісін сезіп үлгерген еді.

Қалаға кірген сәт: мүлгіген тыныштық және балкондағы ән

Қалаға енгенде көше жым-жырт еді: ерсілі-қарсылы ағылған адам көрінбейді. Осы тыныштықты әлдекімнің: «Вот дает, голые женщины!» — деген даусы қақ жарды. Бәріміз көрсеткен жаққа жалт қарадық.

Бес қабатты үйлердің балкондарында тыр жалаңаш әйелдер тұр екен. Саптағы жұрт у-шу болды, кейбірі саптан шығып, соларға қарай жүгіруге ұмтылды. Бірақ командирдің: «Отставить!» — деген қаһарлы әмірі бәрін тоқтатты.

Сол сәт балконға бірін-бірі сүйемелдеп, сүйретіліп шыққан бейшаралар ән салды. Арықтықтан сүйектері адырайып, терілері сүйегіне ілініп тұрғандай. Әні — әннен гөрі зар: жан дүниені күйзелтетін күңіреніс. Біраздан соң ол әуен егіле жылаған ащы айғаймен араласып кетті.

Ең қорқыныштысы — олардың сөзінде саясатқа сілтеу де, партияны даттау да жоқ еді. Есесіне әйел мен еркектің анайы құмарлығы, тұрпайы сүйіспеншілігі қисынсыз қырынан суреттеліп, адам мүшелері өз атауымен аталатын. Адамды адам ретінде сыйлайтын құлаққа түрпідей тиетін ауыр сөздер болатын.

Концерттің кешігуі және сыбыс

Лек-лек болып мәдениет сарайының алаңына жеткен рота командирлері есікті аштыра алмай әбігерге түсті. Полк командирі келген соң ғана есік ашылды. Бірінші рота ішке жақындадық. Дәл осы мезетте милиция формасындағы бірнеше сержант қыздардың әлгі жатақхана жаққа қарай құстай ұшып бара жатқанын көзім шалды.

Бізді тізім бойынша бір-бірлеп кіргізді. Соңғы кірген рота жігіттерінің көбінің өңі қашып, абыржулы болды. Солардың бірі сыбырлап: «Жаңағы ән — милиционерлердің қолынан мүгедек болғандардың үні ғой деймін. Милиционерлер оларды балконнан ішке желкелеп кіргізді», — деді.

Концерт уақытында басталмады. Кейін білдік: әртістерді қала шетінде ұстап, жатақханадағы у-шу басылғанын күткен екен.

«Ерекше бөлім»: үнсіздік бағасы

Ертеңінде таңертең сапта тұрғанда кезекшінің: «Рядовой Баязитов, командиру роты!» деген пәрмені естілді. Кабинетке кіргенімде: «Сіз бүгін өндіріс алаңына бармайсыз. Сағат онда ерекше бөлімге барасыз», — деді. Артынша: «Сіз сәл-пәл қызбалаусыз. Байқаңыз… Күйіп кетпеңіз», — деп ескертті.

Сағат онға бір минут қалғанда ерекше бөлімнің есігін аштым. Іште отырған подполковник қатқыл үнмен орындықты нұсқап: «Отыр!» деді. Ол ұзақ үн қатпай, менің әр қимылымды бақылап отырды. Үнсіздік жанымды езген соң: «Мен сізді тыңдап тұрмын», — деп қойып қалдым.

Бұл сөз оны ұшырып әкетті: «Сен… не дедің? Бұл мені тыңдап отыр дейді ғой! Сен өзіңді кіммін деп ойлайсың?» — деп айғайға басты. Мен әрең: «Мен қатардағы жауынгермін», — дедім.

Ол біраздан соң: «Кеше тірі өліктердің концертін көрдің бе?» — деді. «Түсінбедім…» дегенімде: «Ленинградтық әртістер емес. Тыр жалаңаш ән салып, би билеген провокатор бикештер туралы айтып тұрмын», — деп нақтылады.

«Көрдім. Бірақ оларды провокатор дей алмаймын», — дедім. Ол таңырқап: академия бітіргендерге дейін «арандатушы, совет өміріне жала жабушы» деп жазалауды талап етіп отырғанын айтты.

Мен өз уәжімді қысқа қайырдым: олар әндерінде «совет» те, «партия» да демеді; еңсесін езген қасіреттен сынбай, соңғы рет тағдырларына күле қарағандай, ащы әжуа арқылы өз шындығын ғана әйгілегендей болды.

Подполковник бір мезет тына қалып, кейін жымиып: «Сен ақынсың ғой… Ақындар адамдардың қаны түгіл, көз жасының төгілгенін қаламайды. Солай емес пе?» — деді. Оның жымиысында қошеметтен гөрі кермек кекесін басым еді.

Сосын ең суық сөзін айтты: «Саған мұнда көргендеріңді ұмытуға тура келеді. Жарияламақ түгіл, қағазға түсірсең де, біреуге айтсаң да — түп-тұқияныңмен құрисың. Мына қағазға қол қой». Ішім удай ашыды. Сол сәтте бұл шектеудің қанша жылға созылатынын да ұға алмадым.

Құпияның ашыла бастауы

Жылдар өте келе, қасіретті шындықтың пердесі түріле бастады. 1989 жылдың 25 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат, қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов Қазақстан телеарнасында Семей сынақ полигонының осыған дейін тұмшаланған шындығын жария етті. Іле-шала Невада–Семей қозғалысы құрылып, әлем мойындаған құбылысқа айналды.

1957 жылғы апат туралы дерек

Ақыры, 25763 Челябинск-40 әскери бөлімшесіне қатысты мәліметтерге де қол жетті: 1957 жылдың 29 қыркүйегінде радиоактив қалдық сақталған ыдыстардың бірінде салқындату жүйесі бұзылып, жарылыс болған. Тот баспайтын құрыштан жасалған, 8,2 м тереңдіктегі бетон каньонда тұрған ыдыс талқандалып, каньонды жапқан 25 м бетон плита жұлынып кеткен. Радиоактивті зат 1–2 км биіктікке көтеріліп, сұйық және қатты аэрозолдан тұратын бұлт түзілген.

Ауаға 20 миллионға жуық радиоактивті зат тарағаны айтылады. Челябинск, Свердловск және Тюмень облыстары ластану аймағында қалып, 272 мың адам тұрған 217 елді мекен зардап шеккен. Жел ауылды аймақтарға соққандықтан, 23 ауыл жер бетінен жойылған. Мал қырылып, киім-кешек өртеліп, қираған құрылыстар көмілген. Он мыңдаған адам бір сағаттың ішінде жиған-тергенінен айырылып, босқынға айналған.

Бұл жағдайдан 29 жыл өткенде Чернобыль апат аймағында да ұқсас көрініс қайталанды. Көптеген зерттеушілер Маякта ядролық сипаттағы жарылыс болған деп есептейді. Елу жыл өтсе де апаттың толық техникалық-химиялық есебі жасалмағаны айтылады.

Куәліктерден үзінділер

Гүльнар Исмагулова (Қарабелка селосы): «Мен 9 жаста едім, мектепте оқитынмын. Бірде бізді жинап алып: “Егін жинайсыңдар!” деді. Бірақ егін жинаудың орнына оны көмдірді. Айналада милиционерлер тұрды. Кейін сыныптастарымның көбі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Тірі қалғандары дауасыз сырқатқа шалдықты, әйелдер бедеу болды».

П. Усатый: «Челябинск-40 жабық аймағында әскери қызмет атқардым. Әскерге бірге алынған жерлесім үшінші ауысымда ауырып қалып, қызметтен соң жан тапсырды. Жүк тасыған вагондарда сағаттап поста тұратынбыз, мұрнымыздан қан кеткенге дейін. 2 метрлік қорғасын қабырғаның сыртында тұрдық — ол да қорған бола алмады. Қайтарда әскери құпияны сақтау туралы қол қойдырды. Әскерге шақырылғандардың ішінен үшеуміз ғана қалдық, үшеуміз де мүгедекпіз».

Ризван Хаттаулин және Земфира Абдуллина: радиациямен уланған егіс алқабында жұмыс істеген. Бірі көзінен айырылған, екіншісі қатерлі ісікке шалдыққан.

Тарих сабағы және үміттің датасы

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «…Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды…» — деп атап көрсетті.

1949 жылдың 29 тамызы — Семей сынақ алаңындағы алғашқы жарылыс; 1957 жылғы Маяк комбинатындағы ірі радиациялық апат; Чернобыльдегі ядролық реактор қасіреті — «өзін Совет Одағының азаматы» санаған жүздеген, мыңдаған жазықсыз адамның тағдырын атом атты тозақ отына қақтаған оқиғалар еді. Семеймен бірге Челябинск-40 пен Чернобыль апаттарында да қаншама қазақстандықтың қыршынынан қиылғанын ойлаудың өзі ауыр.

1991 жылдың 29 тамызында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей сынақ алаңын жабу туралы жарлыққа қол қоюы — тарихи мәні зор шешім болды. БҰҰ шешімімен бұл күн Ядролық қаруды сынауға қарсы күрес күні ретінде жарияланды. Бұл — айымызды оңынан тудырған, мәңгілік елмен бірге жасайтын қасиетті күн болып қала бермек.