Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы

Тәуелсіздікке тәу ету

Ағыл да тегіл арындап арман ағысы,
бүтіндеп бойын бүрленді бүкіл бақ іші.
Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын
табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы.
Қағанаттардан Қазақстанға жеткендей,
қамшы салдырмас қазанаттардың шабысы.

Айбаты асқақ арыстандайын алыстым,
Абылай болып жаныштым мысын Шарыштың.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек –
алты алаш үшін құрбаны болған Намыстың.
Қайрат пен Ербол, Сәбира, Ләззат көз жұмған
Желтоқсандағы ызғарлы желмен қағыстым.

Дүние жүзі мойындап тұрған Барыспын,
қайтпас та қайсар қазақ атыммен таныспын.
Ғылымда шыққан биігін әлем құптаған,
Марғұлан Әлкей, Имантай ұлы Қаныштың.
Төріне барып келсе де сонау ғарыштың,
текті ғой жұртым тәубесін білген табыстың.

Самалы ескен Мұғалжар, Ембі, Тұранның,
Сарыарқа төсін шарлаған қайсар Қыранмын.
Еркіндік құрған жеріме төнген қатерге
естірткен үні жаңғырып шыққан ұлармын.
Сан ғасыр бойы иыққа тіреу іздеген
сан алуан ұлттың саясы болған шынармын.

Тіні мен тілін, діні мен ділін сақтаған
түпкілік тегім – Көк Түрік, Ғұн мен Сақ бабам.
Тарихын тасқа қашаған ұлы Күлтегін
мұрасын мәңгі санаға құйып жаттаған.
Әкені – Таудай, ананы Күндей көретін
халықпыз дана баланы балдай баптаған.

Қасиет тұнған, құт қонған мекен – аймағым,
қастерлеп дәйім ұйытқан бірлік қаймағын.
Терезесі тең төрт құбыламды сайладым,
Астанам – айбын, айдыным менен айбарым!
Ерлігім, есіл өрлігім бойды қуаттап,
тік ұстап келем Тәуелсіздіктің байрағын!

Ұмытылмайды өткізген зарлы, шерлі күн,
ұрпаққа мирас етерде осы теңдігін.
Ұлықтай берем арыстарымды азаткер,
Ұлы Даламның аманаттаған кеңдігін.
Мерейің тасып, мәртебең өссін, өрелім,
мызғыма, жұртым, Мәңгілік болсын елдігің!

Ерлан Ахмет.



Ұқсас жұмыстар

Тұздың адам өмірінде алатын орны
ҚАРАҚҰЙРЫҚ
Түріктердің түсінігіндегі бөрі образы
Тұздың денсаулыққа зияны
Тұздың құпиясы
Қазіргі қазақ әдебиттану ғылымында соңғы кездері мифтер мен аңыздардың көркемдік қызметіне жан-жақты талдау
М.О.Әуезов шығармаларындағы адам мен табиғат тақырыбы
Тұлпар мен ту
Бұғы, еліктің тәуліктік белсенділігі.миграция. түлеу. реттелген миграция
Қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесі
Бір тышқан тамақ аулап, ініне қайтып келсе, онда бір жылан жатыр екен
Дыбыс жүйелі емле - сөздерді ауыздан шыққан күйінше жазатын емле
Жазып жатыр түге
Әдебиет пәнінің мұғалімі Матанов Мақаштың ептеп жазатын да өнері бар - ды
Ерте заманда бір жолбарыс бір тоғайдың қалың бедерінде ұйықтап жатыр еді
Жұмақ ана табанының астында, сол жұмақ есігін ашам десең ешқашан анаңды ренжітпе
Бүгінгі күнде жеңіл жүрісті қыздар күн санап артып бара жатыр
Тек жатырмын күтіп
Білім саласындағы жемқорлық, құқық саласындағы жемқорлық тағысын - тағы
Қыс келді далада қар жауып жатыр