Қысастықпен екі қойғанын қайтерсің

Гүлайна апайдың ерте оралуы

Гүлайна апай отарға ерте оралды. Күні кеше ғана «қызымды сағындым» деп Алматыға аттанған еді. Тұңғышы — Зіреш — қалада пединститутта оқитын. Ол қысқы, жазғы демалысын көбіне совхоз орталығындағы нағашыларының үйінде өткізіп жүретін. Айлар бойы өз қызын көрмеген ана сағынбағанда қайтсін? Перзент десе, ана жүрегі алып-ұшатыны бар емес пе.

Киіз үйдің ішінде қымыз ішіп отырған Нұртай ақсақал аттан түсіп жатқан бәйбішесін көріп, бірден ойға қалды. «Тәуба! Қызыма барам деп менімен күні-түні керісіп, мазамды алушы еді, мынауы несі? Ерте оралғанына қарағанда бір гәп бар-ау. Әйтеуір, жамандық болмағай…»

Ол тысқа шықты. Болдырып келген аттың ер-тұрманын ағытып, «тыныштық па?» дегендей бәйбішесінің жүзіне телміре қарады.

Нұртайдың күдігі

Гүлайна апай аса көңілді еді. Ол ауыл жаңалықтарын тізіп, бірден сөйлеп кетті. Нұртай ақсақалдың күдігі күшейе түсті: бәйбішесінің әдеттегі «қызым, қызым» деген әңгімесінің орнына ұсақ-түйек хабарларды төпелетіп тұрғаны бекер емес сияқты.

Ауыл әңгімесі: мал, мектеп, мінез

— Талқанбайдың ала сиыры екі бұзау туыпты. Екеуі де инеліктей ғана, қарындары қабысып тұр. Әлгі қу тоқал енесінің сүтін қақтап сауып алады екен. Уызға жарымаған бұзаудан қайтып мал шығады? Обал-ай, обал-ай!..

Нұрекең ер-тұрманға жамбастай кетті де, қарсы алдында шөкиіп отырған бәйбішесіне әңгімені ұнатпаған кейіппен: — Қызыңа бардың ба? Соны айтшы, — деді.

— Ойымды бөлмей қоя тұршы, түге!.. Әлгі біздің тентек бала есеп сабағынан екі алып қалыпты. Интернаттың тамағы да мардымсыз сияқты. Балам жүдеңкіреп қалған тәрізді. Үйде жүргенде төрешімнің құлағы кішірек сияқты еді, қазір тіпті сыпырадай болып қаққиып кетіпті. «Құлыным-ау, бойыңнан да құлағың ұзарып барады ғой» десем, «ұзармағанда қайтсін, Жетпісбай ағай күнде соза берген соң» дейді мұңайып… Міне, интернат тәрбиешісінің сыңайы…

Нұртайдың байламы:

— Құлақта тұрған не бар дейсің? Созса — соза берсін. Құлағы үлкен екен деп қыз тимей жүрер дейсің бе? Оқасы жоқ, адам болып шықса болғаны.

— Құлақ мәселесін қоя тұршы. Ескі молдалар да шәкірттерін сөйтуші еді ғой. Ал енді, қаршадай баланы араққа жұмсағаны ұят-ақ! Қысастықпен екі қойғанын қайтерсің?! Есеп сабағының мұғалімі арақты көп ішетін көрінеді. Менің інім Шілтікбай да ішімдікке үйреніп алыпты. Бес жасар Төлеш: «Папа, қашан арақ ішесің?» — деп қайта-қайта сұрайды. Папасы: «Онда шаруаң қанша, қайтпек едің?» — десе, Төлеш тұрып: «Шөлмегі керек еді, шар алайын деп ем», — дейді. Міне, бала екеш бала да қу болып алған…

Айнаш туралы сөз және мектептің масқарасы

— Ал, Айнаштың оқуы қалай екен? — деп сұрады Нұртай.

— Айнашым аман болса, биыл жетінші класты бітіреді ғой. Бірақ бір нәрседен шошыңқырап қалдым. Жуырда мектепте мынадай оқиға болыпты: Айнаштың кластас жолдасы, Мая деген жап-жас қыз тапа-талтүсте біреумен қол ұстасып кетіпті.

— Ол кімнің қызы? — деп Нұрекең елең ете қалды.

— Сен білесің ғой: Заготскоттағы Әлім деген бақташының қызы.

«Кадр көбейе берсін…» деген жауап

— Оқушысынан айырылып, мұғалімдер не бітіріп жүр? — деді Нұртай.

Гүлайна апай да қызбаланып кетті: — Мен де соны айтам: не бітіріп жүр? Мектеп директоры — Шәтиева деген біреу екен. Балалар оны «тордағы тиын» деп атайды дейді. Өз оқушысынан сыр алдырып, беделден жұрдай болған сорлы-ай! Бұл қырсықтан құтылғысы келген Шәтиева қыздың қолына құжаттарын ұстатып, «қайда барсаң — онда бар» деп мектептен аулаққа ұзатып жіберіпті. Сөйтіп, байғұс қыз тұрмысқа шығуға мәжбүр болыпты.

— Оқу керек еді-ау… Есіл жастық дәурен-ай!..

— Сосын аудандық прокурор директрды шақырып алып: «Бұл қалай?» — деп сұрағанда, ол: «Кадр көбейе берсін» — деп жауап қайырыпты. Бүйткен кадрі бар болсын — масқара ғой! Естіген елден ұят… Тексеріп, түзетпекші екен.

Нұртай ақсақал шамданып: — Қай-қайдағыны айтып, далбасалап кеттің-ау, кемпірім. Жә, қаладағы қыздан хабар алдың ба? — деді.

Теледидардағы тосын қуаныш

— Е-е, ұмытып барады екем ғой, айтайын… Өзің білесің, аптауызға отырсам басым айналып, лоқсып құсқым келетін еді ғой. Соны уайымдап, Шілтікбайдың үйінде шай ішіп отыр едім, бір кезде теледидар сөйлеп қоя берді.

Шашы шөмеледей төбесіне үйілген, жылы жүзді, инабатты келіншек тақылдап сөйлей жөнелді. Лезде ол көрінбей қалып, экраннан бір сұлу жігіт шықты. Өлең айтты. Сол қоңыр дауысты әнші «Биқара, Биқара…» деп дауысын сан құбылтты: бірде сыңғырлап аққан бұлақтай, бірде сарқырама судай гүрілдеп, үйді басына көтереді. Әйткенмен, әнші-ақ жігіт екен. Көсегесі көгерсін!

Нұртайдың сұрағы және Гүлайна апайдың жауабы

— Сондағы Биқарасы кім екен? Біздің Айқын тұқымында Биқара дейтін би жоқ еді ғой, — деді Нұртай.

— Қайдан білейін, басқа елдің биі болар…

— Сөйтіп, сен Алматыға бардың ба, жоқ па? Қыздың хал-жағдайы қалай? Жайлауға қашан келмек? — деп Нұрекең шыдамсыздана түсті.

Гүлайна апай күлімсіреп: — Сабыр, сабыр, шалым. Әлгі әнші жігіттен соң жаңағы әдемі келіншек қайта шықты да: «Композитор Шәмші Қалдаяқовтың “Анама” әнін тыңдаңыздар. Орындаушы — студент Зіреш Нұртаева!» — деді.

Мен елең ете қалдым. «Аттас біреу шығар» деп ойлап та үлгердім. Бірақ жоқ: Зірешжаным экраннан көрінді. Ой, айналайын-ай, саған өтірік, маған шын — кәдімгі өзіміздің Зіреш! Көзі, қасы, құлағы… бәрі-бәрін танып тұрмын. Езуінің үстіндегі қап-қара меңі — баяғы өзім сүйген мең. Пүштиген мұрныңнан айналайын дедім сол жерде.

Шай ішіп отырған жұрттың бәрі мәз-мейрам болып күліп жатыр. Ал мен болсам, жалған дүниеде жұлдызымды көріп, бір жасап қалдым-ау, әйтеуір. Қалаға бармай, жайлауға ерте оралған себебім де сол, шалым… Қызымды көргің келсе, ауданға бар да теледидар сатып ал!

Автоклуб, ұрлық және қорқыныш

— Әй, сорлы неме, көшіп-қонып жүрген қойшы адамға теледидардың керегі қанша? Жаманқұлдың автоклубы да жетеді емес пе! — деді Нұртай. — Апта сайын екі рет сабылып келеді. Киноны өз үйіңде шалқайып жатып-ақ көресің.

— Ойбай, атама! Жаманқұлдың аты өшсін! Соңғы келген сапарында не істегенін білесің бе? Құдықтан су алайын деп жатсам, «мм-ә-ә, мм-ә-ә» деп маңыраған қой дауысы келеді құлағыма. Біреу пышақпен бауыздап жатқандай, аянышты дауыс тұншығып шығады.

«Бұл қайдан?» деп аңырып біраз тұрдым. Үн шыққан жаққа қарай сақтықпен жылжып бардым да, Жаманқұлдың автоклубына кірдім. Үлкен ағаш сандықтың аузын ашып жіберсем — мә саған: дөңкиген, семіз екі саулық айқасып жатыр! Мұрындары пысылдап, бүйірлері бүлк-бүлк етеді. Сол сәтте бұрқан-талқан болдым.

«Ашуыңызды басыңыз, жеңешетай…»

Жаманқұлды шақырып алып, ал кеп сыбаға! «Кәззәп! Ұры! Мұның не сенің?!» десем, ол мұртынан күліп: «Мына сандықтың ішінде азын-аулақ арпа бар еді, шамасы, соны жегелі келген қойлар ғой… Ашуыңызды басыңыз, жеңешетай!» — деп беталды ыржалақтап, мені тәлкек еткісі келеді.

Екі беті бүлк етпейді-ау, арсыздың! Тамағыңды киноға еліктіріп қойып, қой ұрлауын қарашы сұмпайының!

— Е, кемпірім-ай, өткен істі айтып не керек, — деді Нұртай ақсақал. Ол тілінің астына бір атым көкшіл насыбайды сүңгітіп жіберді.

Қасқа жолға қадалған көз

Қарт шопан орнынан тұрып, оң қолын қалқалап, алысқа көз тастады: — Байқайсың ба, бәйбіше, сонау қасқа жолмен шаңдатып келе жатқан салт атты ма, әлде тарантас па? Зірешжаным болса игі еді!..

Гүлайна апай да ентіге қасқа жолға көз салды. Біртін-біртін бетінің әжімі молая түсіп, түсі бұзыла бастады.

Күтпеген хабар

— Ойбай, шалым, қойларыңа ықтият бола гөр… Жаманқұлдың автоклубы келе жатыр…

Ерлі-зайыптылар қонақ күту қамына кірісті.