Құрымова Мейрамгүл
Құрымова Мейрамгүл
4 сынып, №76 ЖББОМ
Өз елім менің — өзегім менің
Әр оқушы өз халқының, туған жерінің тарихын кеңінен танып-білгенде ғана Отанға деген махаббатын, патриоттық сезімін жүрегіне терең сіңіре алады. Адамзат басынан не өткенін түсіну үшін тарихтың бетіне терең үңілу қажет деп ойлаймын.
Еліміз егемендік алғаннан бері тарихымызды қайта парақтап, шынайы бағалауға ден қойдық. Өйткені тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді білмесек, ата-анасын танымайтын жетім баладай әркімнің жетегінде кетіп қалмасымызға кім кепіл?
Тарихқа адалдық — елге адалдық
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Біз бірде-бір соғыс өртін тұтатпадық, бірде-бір елді жаулап, жерімізге қосып алған емеспіз. Ендеше тарихымыздың көмескі қалған беттерін ашуға, зерттеуге, айтылмай келген шындықты батыл жеткізуге қорықпай, сенімді түрде алға басуымыз қажет.
Тәуелсіздік тағылымы
Тәуелсіздік туы көтерілгеннен бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілгендей болды. Күшпен бұрмаланған ата-баба дәстүрі өз қазығына қайта оралды.
Қазақстан жерін ежелден қоныстанып келе жатқан халық — қазақ. Ғасырлар бойы ел басқарған дана басшыларымыз бен қолбасшы батырларымыз кең-байтақ даламызды сырттан төнген қауіптен қорғап келді.
Отанға сүйіспеншілік — қанға сіңген қасиет
Біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең. Туған жерді қасиет тұту — қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным жанымызға ана сүтімен дариды, ана тілімен бірге орнығады.
Ана — біреу
Әр адамның анасы біреу-ақ.
Отан-ана — біреу
Сондықтан Отан да біз үшін жалғыз, ең қымбат құндылық.
Сол себепті әр елдің азаматы өз Отанын дүниедегі ең қымбаты, ең қасиеттісі, ең аяулысы — анасына балайды. Өз анасын, елін сүймейтін, Отанын мақтан тұтпайтын адам ешқашан үлкен азамат бола алмайды.
Мемлекеттік рәміздер — рухтың тірегі
Мұның бір дәлелі — Әнұран сөзінің терең мағынасында. Мен де өз Отаным — Тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегімін, қазақ елінің ең жас ұланының бірімін. Егемендігіміздің айғағы болған көк Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз дүниеге келді.
- Туымен — тұғырлы,
- Елтаңбасымен — еңселі,
- Әнұранымен — айбатты.
Телеарнадан көрсетілетін «Шет елдегі қазақ балалары» атты бағдарламада шетелдіктер асырап алған қаракөз балалардың тұрмыс-тіршілігі жиі айтылады. Сондай көріністердің бірінде бір баланың үйінің бұрышында бүркіті қалықтаған көк байрақты көргенде, жүрегім шым ете қалды. Бала Туды аса бір құнды қазынасындай қастерлеп, дәріптеген сәтте төбем көкке жеткендей болды.
Сонда мен еліміздің көк байрағы туған елден жырақта жүргендерге демеу, зор рухани тірек болатынын терең түсіндім.
Жеке жауапкершілік
Мен де бөлмемнің төріне еліміздің рәміздерін іліп қойдым. Күн сайын мектепке барарда рәміздерге иіліп тағзым етемін. Бұл маған қуат беріп, жігерімді жанитын сияқты.
Мемлекеттік рәміздеріміз — бізге, жас ұрпаққа жол нұсқайтын жарық жұлдыз болып қала берсін.