Төрт түлік малдың бір - біріне адалдығы, мейірбандығы, достығы, тектілігі адам баласын таң қалдырмай қоймайды
Төрт түлік малдың бір-біріне адалдығы, мейірбандығы, достығы мен тектілігі адам баласын таңғалдырмай қоймайды. Алпауыт бұқа да, атан өгіз де, сүзеген сиыр да — енесі қанша қораш, әлсіз болса да, оған беттемей жасқанады. Тіпті қанша аш, ызалы болса да, алдындағы жем-шөбін енесіне тастап, өзі шегініп тұрады.
Түйін: Ата-ананы сыйлау — қандай сәтте де мойындағы парыз.
Боталы інген боздап, көзінен жас ағып тұрған бөтен ботаны көрсе, бауырына басып, емізе береді.
Ой: Оларда мейір-шапағат туыстықпен өлшенбейді. Адам баласының бәрін сүю — адамға жарасатын асыл қасиет.
Қойдың бастаушыға адалдығы
Қой түлігі тек бастаушысына ғана ереді. Қой бастаған серке отқа түссе де, қоралы қой тайынбай соңынан ереді.
Ескерту: Бастаушысын өзі құрбан еткен кей елдер бүгін соғыс өртінің ішінде.
Өгіздің шыдамдылығы
Өгіз ауыр жүкті еңістен өрге қарай да оңай алып жүреді.
Түйін: Шынайы талант та дәл солай — қиындықта білінеді.
Әдет пен тәрбиенің күші
Ешкі түлігі
Ешкі түлігін бес күн ерінбей таңертең өргізіп, кешке қораға әкеліп қамасаңыз, кейінгі күндері иесінсіз-ақ осы әдетті қайталай береді.
Ал мың күн тәрбиелесең де түзелмейтін пенделер де аз емес.
Күйек кезі
Күйек кезінде саулықтардың көбі қошқарлардың ішіндегі біреуіне ғана ғашық болып, өзге қошқарлардың қызғанышын қоздырып алады.
Бұған кейде амал жоқ.
Егіз төл
Егіз төлдер енесінен бұрын бір-бірін іздеп тауып алады.
Ал ғұмыр-бақи бауырын іздемейтіндерді қайтейік?
Жылқының достыққа берік мінезі
Жылқы түлігі көбіне екі-екіден достасып алады. Ең қызығы — достарын әсте ұмытпайды. Сан жылдан кейін кездессе де, оқыранып, қасынысып, маңайласа кетеді.
Ой: Батыр бабаларымыздың «жылқыдан өзге досы жоқ» дегеніне осындайда сенгің келеді.