Бастауыш хандығының ханымы
Бір белестен өттіңдер!
Бұл мәтін 4-сынып оқушыларының бастауышпен қоштасуына арналған мерекелік сценарий ретінде ұсынылады. Оқиға ертегі желісімен өрбіп, балалардың төрт жылдық еңбегі, ұстаз бен ата-анаға алғысы, орта буынға қадам басар сәттің жауапкершілігі әсерлі түрде жеткізіледі.
Тақырыбы
Бір белестен өттіңдер!
Мақсаты
- Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің берік негіз болатынын ұғындыру.
- Алғашқы ұстазбен және бастауыш сыныппен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін атап, сәт сапар тілеу.
- Мектепті, ұстаздарды құрметтеуге, білімге құштарлықты арттыруға баулу; өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Барысы
Фанфары
Мұғалім: Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Өйткені осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларымыз бастауышта білім алып, қанаттарын қатайтып, енді бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Бүгінгі ертеңгілігіміз тек бастауышпен ғана емес, балалықтың бал дәуренімен де қоштасар сәт ретінде есте қалсын деп, мерекені ертегі желісінде өткізуді жөн көрдік. Ендеше, ертегімізді бастайық.
Ертегі бастау
Мұғалім: (Арнайы дайындалған бейне көрсетіледі.)
Ерте, ерте, ерте ме екен, әлде қазір ме екен — №5 орта мектеп патшалығы атты кішкентай ел болыпты. Бұл патшалықтың өзгелерден бір ерекшелігі: айналасы әсем гүлдерге толы, көк-жасыл ағаштары жайқалып, ерекше сән беріп тұрады екен. Келген жан жасыл орманның сұлулығына көз тойдыра алмайды екен.
Бір ғасырдан астам уақыт бойы бұл патшалықта түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ақылды, білімді, өнерлі болып өседі екен. Жамандық атаулы бұл елге жоламапты, себебі тұрғындары бір-бірін сыйлап, ынтымақты сақтайды екен.
Патшалықты ұзақ жылдар бойы хандар басқарса, биыл хан тағына сұлу да көрікті жас Әлия есімді ханым отырыпты. Патшалық екі хандыққа бөлініпті: бірі — Бастауыш хандығы, екіншісі — Орта буын хандығы. Екі хандық өзара тату байланыста екен.
Ең кішісі — Бастауыш хандығында тәп-тәтті бүлдіршіндер өмір сүріпті. Олар кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Бастауышты аулада жайқалып өсетін раушан гүліне аттас Раушан есімді ханшайым басқарады екен. Ал Орта буын хандығын Нейля есімді ханым басқарыпты.
Уақыт өте келе 10 жасқа толған балбұлақтықтар көрші Орта буын хандығына өтеді екен. Осындай күн 2013 жылы Бастауыш хандығының табалдырығын аттаған, бүгінде 10-ға толған 4-сынып тұрғындарының басына да келіпті. Сөйтіп олар Орта буынға жол тартыпты.
Ескерту: (Слайдтан бастауыш мектептен шығып келе жатқан оқушылардың көрінісі көрсетіледі.)
Түлектерді қарсы алу
Мұғалім: Сонымен, 2013 жылғы Бастауыш хандығының түлектері де жақындап қалды екен — қарсы алайық! (Ортаға 4 «Б» және 4 «В» сынып оқушылары шығады.)
«Бесіктегі баланың күлгенін көрген бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген бір мұрат» дегендей, осы сәтті көру — үлкен бақыт. Сіздердің алдарыңызда тұрған бұл бүлдіршіндер төрт жыл бұрын алты жасар бала болса, бүгін ес біліп, етек жиған шәкірттер бастауышпен қоштасқалы отыр.
Ендеше бастауыш сынып түлектерін құттықтау үшін №5 орта мектеп патшалығының ханымы, мектеп директоры Әлия Пауединқызын ортаға шақырамыз. (Ә. П. Әбдіғапарова сөз сөйлейді.)
Мұғалім: Рахмет сізге, Әлия Пауединқызы.
Екі хандықтың ханымдары
Мұғалім: Балалар, бүгінгі мерекемізге екі хандықтың ханымдары да келіп қалыпты ғой! (Ортаға екі жүргізуші шығады: олар Бастауыш пен Орта буын хандығының ханшайымдары ретінде мерекені жүргізеді.)
Бастауыш хандығының ханымы:
Ханым, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өтпек болған бүлдіршіндерім 2009 жылы тарыдай болып патшалық табалдырығын аттаған еді. Бүгін, міне, ақыл-ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырата алатын шәкірт атанды.
Орта буын хандығының ханымы:
Иә, ханым, уақыт деген — сиқыршы! Көзді ашып-жұмғанша кешегі кішкентай бүлдіршіндер есейіп қалыпты.
Бастауыш хандығының ханымы:
Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені биік асуға бет алған ғұмырдың бастауы — бал күлкілі балалық шақ. Балдырғандар өміріне өшпес із қалдырған бастауыш хандығымен қоштасып, енді сенің қанатыңның астына бет алып отыр.
Орта буын хандығының ханымы:
Сенің хандығыңнан менің хандығыма өтетін балаларға ризамын. Дегенмен, білесің: менің хандығыма өту оңай емес. Мен өнерлі, білімді, шығармашыл балаларды қабылдаймын.
Бастауыш хандығының ханымы:
Ханым, жылдағы дәстүрді бұзғым келмейді. Ендеше олардың өнері мен білімін көрсетер сәт те келді. Қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына, ата-аналарына деген құрметін білдіріп, балдырғандарымыз өз өнерін көрсетуге дайын. Міне, менің патшалығымның ұшқалы отырған мақтаныштары. Сынақты бастайық!
Орта буын хандығының ханымы:
Көріктеріне ақылдары сай — тамаша балдырғандар екен. Бастауышта төрт жыл бойы жетістікке жеткен балалар бар ма?
Бастауыш хандығының ханымы:
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма? Бастауышта айтылмаған сыр бар ма? Бастауышта алған білім мен жырларын бүгін міне ортада көрсетеді!
«Шуағын төккен 4 жыл»
Мұғалім: Бұл күнге жайдан-жай жете салмағанымыз анық. Сондықтан бүгін — рахаттана еске алатын сәттеріміз көп күн. «Шуағын төккен 4 жыл» атты слайдқа назар аударайық. Бір сәт елестетіп көрейік...
Ескерту: (Слайд көрсетіледі.)
Түлектердің тілегі мен алғысы
Ару
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
Армысыздар, әжелер мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңізден бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.
Гүлсамал
Армысыздар, өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер!
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Еркін
Дұрыс айтасыңдар. Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді мен де осы мектептен тәлім алып жүрмін.
Ән
Мұғалім: Ендеше алтын ұя мектебіміздегі ұстаздарымызға арнап «Ұстазым» әнін Сандуғаш орындайды, қабыл алыңыздар.
Орындау: «Ұстазым» (Сандуғаш) / Гүлназ
Мектепке арналған жырлар
Әлім
Мектеп деген — білім кені, жыр кені,
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.
Тұрсынбек
Мектебім — білім берер алтын ұям,
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
Әнуар
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы,
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Ернар
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі, мектебім.
Алида
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Жангелді
Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Олжас
Мектеп — үйім, ұстазым менің — ата-анам,
Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырланып, сан тарапқа тараған.
Өнер бөлімі: «Бояулар сыры»
Бастауыш хандығының ханымы: Мен өз хандығымның балдырғандарына ризамын. Енді олардың өнерін тамашалайық. Біздің арамызда «Бояулар сыры» өнер мектебінің үйірмесіне қатысатын, он саусағынан өнер тамған, болашақта сурет өнерін әлемге паш етемін дейтін талантты балалар да бар.
Орта буын хандығының ханымы: Қане, өнерлерін көрейік! (Сурет көрмесі көрсетіледі. Оқушылар өз суреттерін таныстырып, жұмыстарының мәнін қысқаша түсіндіреді.)
Оқушылардың өнер туралы ойлары
Самат
Сурет өнері — рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, сан алуан көңіл күйдің көрінісі.
Майя
Өнермен айналысуды мақсат еткен адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, ниеті адалдыққа қызмет ету жолында болуы шарт.
Мереке
Өнерді меңгеру — өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін дамыту.
Дереккөз
Қазақша ашық сабақтар жинағы: http://wwwsabak830-sabak_25_mamyr.html