Топ - топ

Қақпа алдындағы тоқтау

Топ-топ. Қаз-қаз басқан екі аяқ тас жолмен ілгері жүріп келе жатып, қалт тоқтады. Әдетте шалқасынан айқара ашық тұратын үлкен жарма қақпа бүгін ілгегінен байланып, тарс жабық екен. Ол кідіріп, дағдарып қалды: топ — екінші аяғын көтерді, топ. Сосын қапылыста қайта топылдап жүріп кетті.

Бәтеңкенің жерге тиген дыбысы құмығып шығады. Топ. Жөпелдемеде бір кедергіні қағып, сүрініп кетті де, алдына тізерлей құлады. Әдемі топы ақырын сырғып, басынан сыпырылып түсті. Ол жерден сүйретіле тұрып, еңселі дуалға түсінбей көз салды: қарсы алдында тегіс бояулы, әсем сырланған биік тақтайлар. Белдік темірмен бекітілген — зілдей, тастай берік дарбаза.

Сырттағы дауыс, ішкі дүбір

Тыстан анда-санда жайдары топырлап өтіп бара жатқан топ-топ балалардың майда, жарқын дауыстары естіледі. Олар көне топографияны, қадім заманды сөз қылады: өткен дәуірде жаһанда тынымсыз күн күркіреп, найзағай жарқылдайды, дауылдап, борап жауған бұршақ толастамайды; тұс-тұстан әлемдік тасқын құйылып, кең жазықты топан су басқан деседі.

Әлгі күлкілі, шат үндер бірте-бірте алыстап, жоғала берді. Ол іркіліп, айналасына зер аударып, абайлап төңірегін шолды.

Кадр тілі

Қымбат тастармен кестеленген топы көзге Close-Up мөлшерінде іріленіп көрінді. Red One жүзімен сырғып өтіп, киіміне аялдады да, ескі бәтеңкеге ауысты; сосын шұғыл тайқып, шегініп кетті.

Кадрда дала келбеті ашылды, мөлдіреп жалпы кескін шықты. Әлсіз үн, көмескі сыбдыр, күңгірт дыбыс — тегіс жаңғырып, анық жазылғандай.

Қарағай иісі және қала тынысы

Ол теріс айналды. Үйдің қалқасында қасқыр құйрық қарағайлар манаурап, қалғып тұр. Жібектей самал төңіректі майда шарпып өтеді; иіс майы танауды жарып, мұрынға келеді. Жел ауып, ықтасын өзгерсе, қолқаны атқан әдемі хош иіс аспанға ұшады — байлаулы малдай босап, шешілгендей.

Көгалды сайдан қанат қаққан топ-топ үйрек сияқты қышқылтым шайыр бұрқырап көтеріліп, жан-жағына молынан төгіледі. Інжу-маржан тамшы үзілген моншақтай шашылып, ынтыға жұтқан кеудені толтырады.

Қапырық шаһарда тыныс іздеп топырлаған жұрт сол ауаны сіміріп, иістің дәмін алғандай рахаттанады. Көшеде ерсілі-қарсылы сапырылысқан халықтың омырауы кеңіп, сарайы ашылғандай — ұмытылмаған жазғытұрым сазы көңілінде қайта шырқайды.

Маусымның ауысуы

Кеше көктемгі аспанда жүзген күміс айда — пейіштің төрінде шалқығандай — қаздай қалқып еді. Миуалы бау-бақшадан жұпар аңқып, келе жатқан жаздың лебі көмейді қапқан. Ол кезде адамдар шынымен бақытты еді.

Қазір шіліңгір ыстық, шілденің орта шені, Сүмбіленің іргесі. Ел тоқырап, қоңыр күзді тосады; мизам, ақырап, содан кейін аласапыран қауыс, қара суық боқырауды біртүрлі самарқау, үнсіз, немқұрайды күтеді.

Иттер шыққан есік

Есік ашылып, босағадан ит көрінді. Әуелі күшік жүгіріп шықты. Соңынан жетектегі, танадай, салқы төс, тарғыл дүрегей аттады. Тұмсығына шақтап тұмылдырық, мойнына әсемдеп қарғы бау тағып қойыпты.

Қалың былғарыны өріп, түйіп, құрап байлаған; үстінен темір жүргізіп, торлап, үлкен иттің тұла бойын тұмшалап тастаған. Бауға шығыршықталған жылтыр шынжырдың әр буыны жүріп келе жатып сәулеге шағылысып, оқта-текте қанжар жүзіндей жарқылдайды.

Күшік екі құлағы салпиып жетіп келді. Монтаны жәудіреп, бейкүнә қарады; әупілдеп екі-үш мәрте үріп қойды. Сосын жаутаңдап, шоқиып отырды да, шалт қозғалып, лепіл қақты. Өз шуына өзі дүрлігіп, қайта-қайта шәуілдеді.

Қаладағы күз және өлімнің көлеңкесі

Шеткі, оқшау кіреберістен қолына шөлмек ұстаған жас жігіт көрінді. Орта жолда тоқтап, коньякты нәзік рюмкаға сыздықтатып құйды да, тартып жіберді. Қарсы алдына қас қадап, жоқ іздегендей сәл тұрды.

Күз басталса, Алматыда өзіне-өзі қол жұмсайтындар көбейетін. Былтыр Фуад автомобилін көпірден құлатып кетті; қыста үпті бөлмесінде Қамария тұншығып өлді; Әлішер таң алдында қолжазбаларын өртеп, Марфуға жеткенше өз үйінде асылып қалды; үкідей Мұқтар құлазыған Медеу шатқалында досын байлап қойып, қорада өзін-өзі қапылыста атып тастады.

Фуад Саин көшесімен келіп, Шаляпинге жеткенде көпір қоршауын қатты жылдамдықпен соғып, быт-шыт қиратып, көлігімен төменге бір-ақ қарғыпты дейді көргендер. Жазықты ажалдан ит батпақтап, ат сүрінеді.

Аялдама туралы ой

Ол бордюрге тізе бүкті. Бәтеңке топылдап қасына жетті. Ол іштей айтты: «Мен шаршадым. Өмір бір бағытпен бір-ақ мәрте жүретін автобус секілді. Талай адам жол-жөнекей қарауытқан аялдамалардан түсіп қалды. Олар қайда кетті? Әлде сол аялдамаларда әлі тұр ма? Білмеймін. Тек өмірдің енді сол аялдамаларға қайтып соқпайтынын білемін».

«Нақ осы сәт бәрін сағынамын — мен ғана. Басқа біреулер басқаны сағынады. Сондықтан тірі болуым керек: ертең оларды кім сағынады? Тек мен ғана».

Ол іштей тағы күбірледі: «Несіне асығасың? Екеуіміз де ертең аялдамалардың бірінде қаламыз: мүмкін бірге, мүмкін екі бөлек — бір-бірінен қашық, бағыт-бағдарынан айырылған қос аялдамада».

Сюжет туралы талас

«Білесің бе, қарақ, әлемде, Поллидің айтуынша, отыз алты сюжет бар. Хорхе Луис Борхес бір еңбегінде әлгі отыз алтыны ықшамдап, төрт сюжетті ғана алға тартады. Меніңше, аласапыран дүниені бейнелейтін арқау екеу-ақ: біреуі — жарлық шашқан Құдайдың бар екенін кейіптейтін жасампаз хикаят, екіншісі — Құдайдың жоқтығынан азап шегетін бейнетқор кітаптың мазмұны».

«Түр қашанда түрленеді, мазмұн өзгермейді».

Қала — түпнұсқа емес

Үнсіздік орнады. «Біз қалаларды алдағы ғұмырымыз үшін тұрғызамыз, бірақ олар зираттай соңымыздан қалып жатады. Шаһарда таза болмыс, табиғи келбет жоқ: қолдан сомдалған, тіршілік атаулыға қарсы өлі құбылыс. Кент — рухани кеңістікте мәдениетті шеңберлеп айналған жасанды серік».

«Қала — зады — қашанда түпнұсқа емес. Үйлер — алғашқы қыстаулардың, тас үңгірлердің көмескі бейнесі, шала көшірмесі. Шайырлардың жырға қосқаны — бекер; жалған мадақ, арзан атақ. Тастақ көше — ессіз құмарлық пен тойымсыз ынсаптың, қанағатсыз ашкөздіктің мекені».

Ептеп жел соқты. Майда қоңыр самал омырауын сипады. Ол сөзін жалғастырды, дауысы жарықшақтанып шықты.

Жырау үні

«Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті...
...Сүйінішұлы Қазтуған!»

«Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз...
...Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!»

«Дүниенің басы сайран, түбі ойран...
...Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан».

Ол бір сәтке тоқтап, есімдерді тізді: «Ау, қайдасың, Рабиу-Сұлтан-Бегім, Жауһар-Ханым, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім, Тоқтар-Бегім, Аққозы-Бике, Жаған-Бике, Хоча-Патшайым, Жағым-Ханым… Көзіме бір көрінші: Анар, Жанар, Гүлмира, Сәуле, Бота, Айнұр, Әсем. Шіркін, Маржан, Шынар, Елмира — бір көрінер күн бар ма…»

Құс, кадр, күзетші көз

Ол ілгері басты. Көзіне сүйір тұмсық, ықшам торғай ілікті: жұпыны құс шарбақшада қонып отыр. Шалт қимылдайды. Ұшып төмен түсті де, нанның қиқымын, күнбағардың дәнін терді. Қунақ әрекеті жүзіне күлкі үйірді.

Бірақ бір сәтте қарашығы тарыдай, суық жанары тіктеле қадалғанда, бойы мұздап сала берді. Ішкі қозғалысты Red One объективі қаһарманның шағын бейнесін Medium Long Shot мөлшерінде түсіргендей.

Торғайдың қасынан аршын төс кептер пайда болды. Ақ қауырсынды, төбесінде сәлде тәрізді кекілі бар, үлкен жемсаулы, құйрығы ұзын — ертегідегі әсем көгершіндей. Камера кейін шегініп, кептер Full-Length Shot көлемінде пішінделді.

Келіншек және жылау

Тар ауланы жіті бақылаған әйнек кейде көлденеңдеп, шырқау биіктегі алтын күнге шағылысады. Үйден мойнына торқа салған қараторы, әдемі келіншек шықты. Торыққан ажарында тобылғы түстес қамырық, солғын шырай, жақсы үміттен күдерін үзген қапа бар.

Ол аяқкиімін сүйрете қозғалды. Үш-төрт қадамнан соң жеңіл көтеріп, топылдатып шұғыл жүрді. Көп ұзамай әлгі мұң басқан сұлудың алдында тұрды.

Әйел тізе бүгіп, жүресінен отырды. Екі қолынан ұстап, аққұба жүзіне үңіліп, мұқият қарады; қорқыныш пен үрей қонған әлпетін біршама ұзақ барлады. «Қорықпа», — деді ол қамыға сөйлеп. «Талайсыз, бақсыз менің де көңіл күйім жоқ».

Әлденеден жасқанғандай кейін шегініп бара жатып, оның езуіне күлкі үйірілді. Әйел өзіне қарай тартып, қайта құшақтап, мейірлене қысты. Бірақ келесі сәтте тостағандай әдемі, жасқа толы көзді көрді: жүдеп, суы қайтқан темірдей жасып, күйреп сынған түр.

Ол дауыстап жылағысы келді. Тосырқап, тағы шегінді. Қайғы тіршілікті түн меңдеп, дүниені қарабарқын түске бояйды; сөйтіп пенде шерге үйреніп, машықтанып кетеді. Бейнет дағдыға айналып, әдетке сіңеді.

Бөтен келіншек кенет егіліп, солқылдап жылады. Апақ-сапақ зауал шақта емес, бейсауат мезгілде, қаперсіз уақытта бордай езіліп түсті. Қабырғасы сөгіліп, өзегін өрт шалды; жігері құм болып, намысын шоқтай қарыды. Ентігіп, алқынып барып тоқтады.

Терезеден шыққан сұрақ

Ол бір сәт айналаны тұнық мойыл көздерімен шолып өтті де, қайта тұнжырап, бетіне тік қарады. Танадай жарқырап, ұшқын шашқан жанары оттай. Күлімсірегенде, келіншек те езу тартты.

Қапыда іргеден терезе ашылып, іштен жас бозбала көрінді: «Зериза қайда?» — деді ол. — «Құнттап сақтаған зериза қайда?»

Артынша сөз арасы моншақтай тізілді: «Дүр, гауһар, меруерт, ақық, зүбаржат, жақұт, лұһлу, табас, лал… Батия ше? Қобдишада ма? Иә. Білмеймін… Қош бол, Нигер-Патшайым. Фердауси, қош, мені ұмытпа, қашанда жадында тұт. Сені, Нигер-Сұлтан-Бегім, мәңгілік есімде сақтаймын».

Жас бозбала жылап тұрды. Ағаш терезе қайыра жабылды.

Қосалқы есік және тыйым

Әйел дуалға тақап, жарма қақпаның жанынан тағы бір есік тапты. Қосалқы есікті ашып, табалдырықтан сыртқа аттады. Ар жақта тұрып: «Саған болмайды», — деді.

Ол көңілденген әйелге қарап, тағы жылы жымиып: «Үйден шықпа», — деді Нигер-Патшайым. — «Алысқа ұзап не табасың? Біз білмейтін жақтарда да ештеңе жоқ».

Есіктің топсалары жайлап қозғалып, темір жақтауға шусыз, ақырын соғылды. Бірақ сырттағы әйел алыстай бере дауыстады: «Қалада ғана өмір бар. Көшеге шық, ақжолтай батыр».

Жаздың тасуы

Ол бір-екі аттап, соңына бұрылып қарады. Фокус бірнеше мәрте өзгергендей: Detail, Close-Up, Medium Close-Up, Medium Long Shot, Full-Length Shot, Long Shot — бәрі алма-кезек.

Мезгілдің ыстық табы дуалдан да, қарағайдан да, өрім тастардан да аңғарылады. Іргеден тасыған маусым төңірегін жайлап, қоршаулардан төгіліп, сыртқа ақтарылады. Жаз саумалап есіктен кіріп, терезеден сығалайды; тұлымшағы желбіреп, үй-үйден құнтақты баладай жүгіріп шығады да, даңғылдарды, бульварларды аралап, үкідей желкілдеп кете барады.

Көше-көшедегі гүлзарлардан еседі; шарпыған қызуы трамвай рельстерінен білінеді. Ыссы қаудырақ шөптен де, қаңсыған тақтай қоралардан да, еңселі биік ғимараттардан да соғады. Құм басып, аңқа құрып, шөл қысып, таңдай кеуіп, жалын атып қатая түседі.

Дүр Алматы бір күні дүрлігіп, дүлдүлдей дүркіреп, дүркін-дүркін саудырап нөсерге шомылады. Иі қанып, құнары байыған саумал ауа кемпірқосақтанып, жібектей орамал тартады. Жаңбыры көп жылдары қала өзендері табанына иіріліп, тас байланады. Серуенге шыққан жас алматылықтар су қайтқанда тастарды аударып, тоспалардан ойда жоқта бірдеңе тауып алуға дәмеленеді.

Камераға қараған күлкі

Ол өзіне үңірейіп қарап тұрған камера объективін көрді. Күлімсіреді. Шілденің жайма-шуақ күндері, жазғы мол бақыт — күлкіге түгел сыйғандай — шыныдан тоқтамай, үрдіс төңкеріліп өтті де, төрткіл кадрда мөлдіреп, Close-Up мөлшерінде әсем кестеленді.

Кенет бір әйелдің ашық қоңыр дауысы екеуара тыныштықты бұзды: «Кенесары-Наурызбай!»

Тізбектелген кадрлар тасқыны қалт тоқтады. Red One жүзінде күлген сәбидің аяулы бейнесі қалды.

26 қаңтар, 2011 жыл, Алматы