Есенберлиннің Көшпенділер романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні
Диссертациялық жұмыс туралы мәлімет
ӘОЖ: 811.512.122:39. Қолжазба құқығында.
Амангелді Айнұр Амангелдіқызы
І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні. 10.02.02 – Қазақ тілі.
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Қазақстан Республикасы, Алматы, 2008.
Орындалған орны
Жұмыс С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің практикалық қазақ тілі курсы кафедрасында орындалды.
Жетекші ұйым
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты.
Ғылыми жетекшілер
- Филология ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Ж.А.
- Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жылқыбаева А.Ш.
Ресми оппоненттер
- Филология ғылымдарының докторы, профессор Қасым Б.
- Филология ғылымдарының кандидаты Жаткенова Ж.
Қорғау туралы мәлімет
Диссертация 2008 жылғы 26 мамыр күні сағат 14:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (Алматы қ., Достық даңғылы, 13) Д 14.09.04 диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Автореферат 2008 жылғы 25 сәуір күні таратылды.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы: филология ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі
Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе түсті. Осыған байланысты ұлттық рухани-мәдени мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалауға мүмкіндік туды.
Кез келген этностың ежелгі дүниетанымдық жүйесі мен халықтық рухы алдымен тілде көрініс табады. В. Гумбольдт: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание» деп тұжырымдайды.
Әр халықтың салт-санасы мен елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың дүниетанымынан, тұрмыс-тіршілігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың өткен өмірдегі мәні қандай болса, бүгінгі өмірге тигізер пайдасы да соншалықты зор.
Негізгі ой
Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың маңызды жолы — оның танымдық қызметін терең ашу. Бұл халықтың рухани тамырын, елдік атрибуттарды, ұлттық қалыпты жүйелі зерттеуге жетелейді.
Тіл мен танымды бөле-жармай, тұтас құбылыс ретінде қарастыру академик Ә. Т. Қайдаров ұсынған «тіл мен ұлт біртұтас» және «адамды тіл әлемі арқылы тану» қағидаларына сүйенетін жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуына ықпал етті.
Этнолингвистиканың ғылыми-теориялық негізі Ә. Қайдаров, Е. Жанпейісов, М. Копыленко, Р. Сыздықова, Б. Қалиев, Н. Уәлиев, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова, Р. Шойбеков, А. Жылқыбаева және басқа ғалымдардың еңбектерінде қаланды. Соңғы кезеңде қазақ тіл білімі лингвомәдениеттану мен когнитивтік тіл білімі сияқты салалармен толығып, нәтижелі бағыттарға ұласты.
Төрт түлік мал атауларын, әсіресе жылқыға қатысты атауларды осы бағыттар аясында зерттеу ұлт тарихын танытумен қатар, дүниетанымды, ұлттық болмыс пен мінез-құлықты айқындауға мүмкіндік береді. Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде жылқының орны айрықша болды: ол — көлік те, азық та, қажет кезде соғыс құралы да.
Сондықтан тілімізде жылқыға байланысты сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер өте көп. Мұндай деректерді жүйелі жинап, ғылыми талдау сөздік қорды толықтырумен қатар, тілдік құбылыстарды жаңа қырынан тануға жол ашады.
Бұл тұрғыдан І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы жылқы атауларына этнолингвистикалық талдау жасау екі нәтижеге жеткізеді: біріншіден, қазақ халқының ұлттық танымы, рухы, менталитеті көркем мәтінде жарқырай көрінеді; екіншіден, жазушының тілдік тұлғасын, идиостилін терең тануға мүмкіндік береді. Тақырыптың өзектілігі де осыдан туындайды.
Зерттеу мақсаты мен міндеттері
Жұмыстың мақсаты — І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы жылқы түлігіне байланысты тілдік деректерді жинақтап, жүйелеу және жылқыға қатысты тілдік бірліктерді этнолингвистикалық тұрғыдан талдау.
Негізгі міндеттер
- Шығармадағы жылқы атауларын ұлт мәдениетімен мағыналық байланыстағы тұтас лексика-семантикалық топтарға жіктеп зерттеу.
- Жылқы малына қатысты этнолексиканы (шаруашылық, кәсіптік атаулар және т.б.) саралап, жүйелеу.
- Жылқы атауларының этнолингвистикалық сипатын ономасиологиялық аспектіде (жасы, жынысы, түрі, түсі және т.б.) түсіндіру.
- Жылқы атауларының сөзжасамдық тұрғыдан құрылымдық моделін анықтау.
- Жылқыға байланысты фразеологизмдердің, мақал-мәтелдердің, топонимдердің, метропонимдердің және т.б. этномәдени мазмұнын ашу.
Зерттеу нысаны
І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы жылқы атауларын этномәдени тұрғыдан зерттеу.
Дереккөздер
Негізгі материал ретінде трилогиядағы жылқыға қатысты тілдік деректер алынды. Қосымша деректер түсіндірме, этимологиялық, фразеологиялық сөздіктерден, оқулықтар мен көркем шығармалардан, ғылыми еңбектерден жинақталды.
Әдіс-тәсілдер
Теориялық-әдістемелік негіз ретінде антропоцентристік және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясы басшылыққа алынды. Қажетіне қарай сипаттама, тарихи-салыстырмалы, этнолингвистикалық талдау, жүйелеу, топтау және салыстыру тәсілдері қолданылды.
Ғылыми жаңалық пен нәтижелер
- Жылқы атауларының көркем мәтіндегі қолданысы кешенді түрде талданды.
- Трилогиядағы жылқы атауларының қолданысы шығарманың этномәдени және тарихи мазмұнымен сабақтас екені нақты айқындалды.
- Жылқыға қатысты лексика жинақталып, жүйеленіп, этномәдени бірлік ретінде сипатталды.
- Жылқыға қатысты рухани және материалдық лексиканың қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрмен және шаруашылықпен байланысының әлеуметтік-мәдени мәні дәлелденді.
- Шығармадағы жылқы лексикасының кеңдігі «жылқы» ұғымының концептілік жүйесін танытатыны көрсетілді.
Теориялық және практикалық мәні
Алынған тұжырымдар лексикология, семасиология, сөзжасамның жалпы теориясы, этнолингвистика және когнитивтік лингвистиканы дамытуға үлес қоса алады. Нәтижелерді арнайы курстарда, практикалық қазақ тілі сабақтарында, сондай-ақ түрлі сөздіктер (түсіндірмелі, диалектологиялық, этимологиялық, жиілік және т.б.) құрастыруда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар
- Романдағы жылқыға қатысты этномәдени лексиканың молдығы қаламгердің тілдік тұлғасы мен ой-танымының даралығын танытады.
- Жылқы атауларын талдау «ғаламның тілдік бейнесі» ұстанымын тілдік дерекпен дәйектейді.
- Жылқы атаулары байырғы қабат ретінде қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айқындайды.
- Жылқы атаулары сөздік қорда мағыналы жүйе құрайтын, үлес салмағы бар тілдік бірліктер жиынтығы болып табылады.
- Жылқы атаулары ұлттық таным мен мәдениеттің, ұлттық рухтың тілдік бейнесін сипаттайды.
- Аналитикалық тәсіл жылқының түр-түс атауларын жасауда өнімді екені байқалады.
- Жазушының жылқы атауларын қолданудағы шеберлігі оның аялық білімін және тілдік тұлғасын танытады.
Жариялануы мен мақұлдануы
Диссертацияның негізгі тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Комитет бекіткен ғылыми басылымдарда 9 мақала жарияланды. Жалпы ғылыми жұмыс бойынша 18 мақала жарық көрді.
Диссертация С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-теориялық семинарында, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен оны оқыту әдістемесі кафедрасында талқыланды.
Жұмыстың құрылымы
Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
1. Жылқы атауларының тарихи-ономасиологиялық және сөзжасамдық негіздері
1.1 Төрт түлік малға қатысты деректердің зерттелу жайы
Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымында төрт түлік маңызды орын алады. Төрт түлікке қатысты тілдік деректердің қайнар көзі — салт-дәстүр мен әдет-ғұрып. Оларды зерттеу XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басындағы этнографиялық еңбектерден бастау алады.
Көшпелі қоғамда төрт түлік шаруашылық қатынастарымен қатар мәдени үдерісте де жетекші орынға шықты: наным-сенімдерде культтік мәнге ие болып, идеологиялық танымда берік орнықты.
Этнографиялық зерттеулер
Х. Арғынбаев, Ә. Төлеубаев, А. Тоқтабаев және басқа этнограф ғалымдар төрт түлікке қатысты салмақты еңбектер жазды.
Лингвистикалық деректер
Алғашқы тілдік деректер А. М. Щербак, Э. В. Севортян, Г. Н. Потанин, А. И. Левшин, Н. И. Ильминский, В. В. Радлов және басқа еңбектерде кездеседі.
Төрт түлік атаулары бүгінгі күні де әртүрлі зерттеу нысанына айналып отыр. Мәселен, төрт түлікке қатысты атаулар, түр-түс, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер этнолингвистикалық тұрғыдан Ә. Қайдаров пен Р. Сыздықова еңбектерінде жан-жақты сөз болады. Табу мен эвфемизмдер Ә. Ахметов зерттеулерінде қарастырылған.
Арнайы зерттеулер қатарында: Н. Айтбаеваның «Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты», Ж. Байтелиеваның «Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі» еңбектерін атауға болады. Сонымен бірге бірқатар зерттеулерде өзге түліктермен қатар жылқыға қатысты тілдік бірліктер де талданған.
1.2 «Көшпенділер» романындағы жылқы атаулары: жіктелім және лексика-семантикалық топтар
Сөздік қордағы тілдік деректер өзара байланысып, белгілі бір сөз топтарын (тақырыптық және мағыналық) құрайды. Сондықтан сөз мағынасын зерттеуде тілдік бірліктерді лексика-семантикалық топқа бөліп қарастыру — тиімді әрі қажетті әдіс.
Тақырыптық топ пен лексика-семантикалық топтың айырмасы
Тақырыптық топ
Ой-танымдық критерийлерге сүйенеді; сөздер әртүрлі сөз табынан болуы мүмкін; топ мүшелерінің мағыналары бір-біріне тәуелсіз.
Мысалдар: жылқы, жүйрік, ат, бие, сәйгүлік, бесті, құлагер.
Лексика-семантикалық топ
Бір сөз табына жататын, мағынасы жағынан байланысқан сөздерден құралады; мүшелер арасында оппозициялық қатынас болуы мүмкін.
Мысалдар: құлын, жабағы, тай.
Лексика-семантикалық топтарға жіктеу жылқы атауларының мән-мағынасын ашуға, қолданылу аясын және жиілігін анықтауға мүмкіндік береді. Шығармадағы атауларды жіктегенде М. Оразов көрсеткен шарттар негізге алынды.
Сема туралы қысқаша
Сөздердің семантикалық құрылымын анықтауда жалпылаушы және даралаушы семалардың орны ерекше. Мысалы, құлын, тай, жабағы — даралаушы семалар; ал оларды біріктіретін жалпылаушы сема — жылқының жасы. Сол сияқты ілбу, аяңдау, желу, шабу сөздерін біріктіретін жалпылаушы сема — қозғалыс.
Ауыспалы мағына және этномәдени реңк
Қазақ тілінде жануар атаулары ұқсату арқылы адамға қатысты қолданылғанда, ұлттық менталитет пен дүниетаным айқын көрінеді. Мысалы, «құлыным» лексемасы сүйіспеншілік пен аяушылықты білдіретін қосымша мағынаға ие. Жазушы мұндай қолданыстар арқылы мәтіннің эмоциялық-экспрессивтік реңкін күшейтеді.
1.2.1 Жасы, жынысы, түрі мен түсіне қатысты атаулардың көркем мәтіндегі берілуі
Шығармада жылқының жалпы атаулары кең қолданылады: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық. Ат және жылқы сөздерінің жиілігі өте жоғары, өйткені оқиғалар желісі қазақ хандығы құрылған тарихи кезеңге сәйкес келеді. Бұл — жылқы әрі көлік, әрі азық, әрі соғыс құралы болған дәуір. Сондықтан атты, салт атты, атты әскер тәрізді тіркестер де жиі кездеседі.
Жасы мен жынысына қарай атаулар
Романда жылқының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулар толық дерлік көрініс тапқан: тай, құнан, бесті, байтал, дөнежін, сәурік, бие және т.б.
Еркек жылқы атаулары
Үйірге түсетін еркек жылқы — айғыр. Бес жасқа дейін үйірге салынбаған еркек жылқы — сәурік. Бес жастан асқан, ақталған жылқы — азбан.
Жас ерекшелігі
Екі жастан асып, үш жасқа қараған еркек жылқы — құнан, төрт жасқа шыққаны — дөнен. Бұл атаулардың құрамындағы кейбір элементтердің монғол сан есімдерімен байланысы жөнінде пікірлер бар.
Құлын атауларының көптүрлілігі
Қазақ тілінде құлынға қатысты атаулар өте көп және шығармада да жиі ұшырайды. Халықтық тәжірибеге сүйенген атауларды мынадай топтарға бөлуге болады:
- Туған уақытына қарай: марқа құлын, кенже құлын.
- Енесінің сүтіне, күтіміне байланысты: күнқақты құлын, мәйекті құлын, еміншек құлын, тіленшек құлын.
- Мінез-құлқы мен ерекшелігіне қарай: асау құлын, шу асау құлын.
- Жас мөлшеріне қарай: қарақұлақ құлын, жабағы.
- Түгі мен түсіне байланысты: қаракер құлын, шабдар құлын, бурыл құлын және т.б.
Түстер жүйесі және мәдени мән
Жылқының түр-түсін білдіретін атаулар да мол. Этнограф Х. Арғынбаев жылқы түсін дәстүрлі түрде төрт топқа бөледі: қылаң, баран, ала, шұбар. Шығармада бұл түстердің атаулары кеңінен кездеседі.
Қылаң тобына жататын негізгі түс — ақ. Қазақ ұғымында ақ түс қасиетті саналып, пәктік пен әділдіктің, жақсылықтың нышаны ретінде қабылданады. Сол себепті романда хан-сұлтандардың, қолбасшылардың жорық аттарының ақ боз болып келуі — көркемдік деталь ғана емес, этномәдени символика.
Дәстүр және ритуалдық мән
Жаугершілік заманда анттасу кезінде боз бие құрбандыққа шалынып, екі жақ оның қанына саусақ батырып серттескені туралы түсініктер мәтіндегі мәдени қабатты тереңдете түседі.
Шығармада халықтың ежелгі хан сайлау дәстүрі де сөз болады. Ертедегі хан сайлау рәсімдерінде ақ түстің (боздың) айрықша мәнге ие болуы — ұлттық дүниетанымның көрінісі ретінде бағаланады.