Анам тілі, Домбыра өлеңдері

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мұғалім

Жанғатаева Ботагөз Уатайқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Мекеме

Ақкөл орта мектебі, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

Сабақ тақырыбы

І. Жансүгіров: «Анам тілі», «Домбыра» өлеңдері

Мақсат пен міндет

Сабақтың мақсаты

І. Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасау, өлеңдердің мазмұнын меңгерту.

Міндеттері

  1. Өлеңнің ой-түйінін жан-жақты ашып, шығарманың идеясына көз жеткізу.
  2. Әдебиет теориясынан түсінік беру.
  3. Оқушыларды шығармашылыққа баулу; халық өнері мен ана тілі туралы ойларын ашық айтуына, өзіндік көзқарас қалыптастыруына ықпал ету.

Сабақтың түрі

Дамыта оқыту

Әдіс-тәсілдер

сұрақ-жауап топтастыру шығармашылық жұмыс талдау пікір айту мәнерлеп оқу бағалау парағы

Көрнекіліктер

Интербелсенді тақта, ақын-жазушылардың портреттері, оқулық, бағалау парақтары, қатты қағаз, маркер, стикерлер.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Сәлемдесу (шағын тренинг).
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Бағалау парақтарын тарату.

II. Қайталау — «оқу анасы»

Үш топқа қағаз бен маркер таратылады. «Топтастыру» әдісімен әр топ өз тақырыбын дайындап, басшысын тағайындап, қорғайды.

1-топ

С. Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы

2-топ

Б. Майлиннің өмірі мен шығармашылығы

3-топ

І. Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы

Қайталауға арналған сұрақтар

1-топқа

  1. Ақын жастарға қандай тілек айтады?
  2. Ақын келешектен не күтеді?

2-топқа (Б. Майлин, «Түйебай» әңгімесі бойынша)

  1. Әңгіме қалай басталады?
  2. Ауыл балаларының айтуынша молда қандай адам?
  3. Портрет дегеніміз не? Молданың портретін сипаттап айт.
  4. Түйебай сабаққа қалай оқыды? Неліктен молданың қаһарына ілікті?
  5. Түйебай кешігіп қалған кездегі молданың қатыгездігін жазушы қалай суреттейді? (үзінді тауып оқу)
  6. Түйебай қандай шешімге келді?
  7. Одан әрі Түйебайдың тағдыры қалай өрбиді?
  8. Молдадан зәбір көру тек Түйебайдың басында болды ма?
  9. Жазушы осы әңгіме арқылы не айтқысы келді?
  10. Бұрынғы оқу мен қазіргі оқуды салыстыр.

3-топқа: «Үш бәйтерек» туралы

І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин — бір дәуірдің өкілдері. Қазақ халқы оларды «Үш бәйтерек» деп атайды. Бұл үш тұлға да қазақ әдебиетіне ақын, қаламгер, драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың шығармаларынан дарқан дала, еңбек адамының болмысы, өмірге құштарлық, болашаққа үміт пен сенім кеңінен көрінеді. «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық болмысымен де, қайраткерлік-қаламгерлік еңбегімен де биік белеске көтерді.

Қызығушылықты ояту: І. Жансүгіров тұлғасы

Өмірі мен қалыптасуы

Ілияс Жансүгіров Жетісу өңірінде дүниеге келген. Әкесі Жансүгір — ескіше хат танитын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырлар мен шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі ашық, домбырашы әрі ұста адам болған. Анасы ерте қайтқан Ілиясты әкесі жетімсіретпей, еркелетіп, өнегелі тәрбие берген.

Жас Ілияс елдің тұрмыс-тіршілігін, табиғат көріністерін жүрегіне түйіп, ерте жастан өлең жаза бастайды. Абай поэзиясы жас ақынның талғамын шыңдап, қаламының қарымын арттырады. Кейін кең тынысты, терең мағыналы шығармаларымен халыққа кеңінен танылады.

Шығармашылық ортасы және тағдыры

Орыс жазушысы М. Горькиймен шығармашылық байланысы, М. Әуезовпен достығы, сондай-ақ С. Сейфуллинмен пікірлес болуы оның қаламгерлік жолында айрықша із қалдырды.

Көзі тірісінде «ақындықтың құлагері» атанған Ілияс 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Түйінді ой

І. Жансүгіров шығармашылығы — ұлттық рух, тіл қадірі және халық өнерінің көркем айғағы.

«Анам тілі» өлеңі: тілдің қадірі

Талқылауға арналған сұрақ

Өлеңмен таныспас бұрын: «Анам тілі» не туралы болуы мүмкін? Оқушылардың ойы тыңдалады.

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Түсініксіз сөздерді теріп жазып, мағынасын ашу.
  • «Ақын ана тілін қалай бағалайды?» сұрағы төңірегінде ой қозғау.

Сөздік жұмысы (мағынасы)

Бағасы алтын
өте қымбат, аса қадірлі
Бағаланған балаң түрі — есейген
қадірленген ұрпақ — кемелденген ұрпақ
Маңымды танығанмын
өз орнымды, өз болмысымды таныдым
Тәттілік
қадірлілік, сүйкімділік
Апкәусар
жұмақтағы зәмзәм суы іспетті мөлдір, дәмді су (астарлы мағына)

Тіл туралы мақал-мәтелдер мен нақыл

Тілден биік асқан тау жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ.

Ғ. Мүсірепов

Өз тілін сезбеген бала — ана сүтін татпаған жетіммен тең.

Б. Момышұлы

«Домбыра» өлеңі: халық өнерінің үні

Домбыра туралы қысқаша анықтама

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Негізінен екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Қағыс түрлері көп: сермеп ойнау, іліп қағу, шертіп ойнау және т.б.

Құрылысы

Басы, құлақтары, пернелері, мойны, шанағы, бетқақпағы, ілгегі және ішектері. Домбыра көбіне тұтас ағаштан ойып жасалады.

Өлеңді талдау бағыты

Өлеңді мәнерлеп оқытып, мазмұнын әңгімелеу және сұрақ-жауап арқылы тереңдету ұсынылады.

Жоспар

  1. Домбыра үні
  2. Әуез
  3. Қарқын
  4. Күй суреті

Әдеби-теориялық ұғым: градация

Анықтама

Градация (дамыту) — алдыңғы сөзден соңғы сөзге, алдыңғы ойдан соңғы ойға, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысқа қарай әсерін күшейте, асқақтата түсу тәсілі.

Түйдектету

қарқынды үдете жинақтау

Баяулату

ырғақты кеңейте, сабырлата дамыту

«Домбыра» өлеңінде градацияның осы екі түрі де кездеседі: оқушыларға тапқызу, салыстыру, талдату.

Мәтіннен үлгі

Түйдектету бағыты

Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма? Тілден анық үн барда. Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда?

Баяулату сарыны

Келді жақын сең қағысқан, Үн шыққандай жолбарыстан, Тұншыққандай — өлді арыстан, Ат шапқандай — жер қайысқан.

Көркемдік тәсілдер

Теңеулер

тұншыққандай, ат шапқандай, қамыстай, дыбыстай, жарыстай, дауыстай, барыстай

Эпитеттер

қоңыр жел, адақтаған күй, ыңырсыған домбыра

Сергіту сәті

  • Оқушылар «Ана тілі» және домбыра туралы ойтолғау жазады.
  • Қалауы бойынша домбырада күй орындайды.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Қорытынды ой

Ілияс Жансүгіров — қазақ әдебиетінің шаң жұқпас жүйрігі, жыр құлагері. Поэзиямыздың бар саласына үлес қосып, поэма жанрын қол жетпес биікке көтерген, күні бүгінге дейін үлгі болып келе жатқан қайраткер.
Тұрсынбек Кәкішов

Бағалау

«Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі: оқушылар стикерге өзіне ұнаған екі нәрсені және бір ұсынысын жазып, тақтаға іледі. Соңында бағалау парақтары жиналып, оқушылардың жұмысы қорытындыланады.

Үй тапсырмасы

  1. І. Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын оқып келу.
  2. «Анам тілі» өлеңіне балама өлең жазу.
  3. «Домбыра — қазақ халқының ұлттық аспабы» тақырыбында ойтолғау жазу.

Мекенжай

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ақкөл орта мектебі