Ұлтымыздың жан жарасы жанартау боп атылған сол күн қазақ жастарының мәңгі есінде қалмақ
Жан жарасы жанартау боп атылған…
Шәкірттер үшін жазылған. 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына байланысты жазылған.
«Тоңдырды мені, тоңдырды сені, Желтоқсан желі ызғарлы…» деген ән жолдарын сан мәрте естіген сайын, жып-жылы көңіл шуағын бір ызғар қарып өткендей болады. Неге? Бұл тек ақынның дарындылығы мен сазгердің талантынан туған құдірет қана ма? Сірә, олай ғана емес. Қайткен күнде де өзге түгілі өзіңе де беймәлім бір сезім кеуде сарайыңа келіп орнығады.
Желтоқсан. Осы бір ғана қазақ сөзі сол бір дүрбелең оқиғадан бері ауыздан түспейтін, қасиеті ауыр сөзге айналып келеді. Бірде жасқана, сыбырлай айтамыз. Бірде екіленіп, буырқанып жан сарайымызды ашамыз. Бұл күнде оны шарықтап, шаттанып, мақтанып та айта аламыз. Қалай десек те, ұлт тағдырын таразы басына бір-ақ әкелген — Желтоқсан.
Біз көрмесек те, жүрекпен сезінген ұрпақпыз
Біз Желтоқсанды көрген жоқпыз. Көрмек түгілі, бала көңіліміз сонау астана төрінде ұлт тағдырының безбенге салынып жатқанын сезді ме екен? Бірақ біз Желтоқсан жырын жаттап өскен ұрпақпыз. Желтоқсан әнін айта жүріп, сол алаңда қаны төгілген ағаларымыз бен апаларымыздың қасиетті рухын жан-дүниемізге сіңіріп өстік.
Біз шындық пен аярлықтың, ұлтжандылық пен мансапқорлықтың, әділдік пен әділетсіздіктің текетіресі аз болмайтынын сезініп жетілдік. Ұлттық рухани өсу мен азаттықтың дәмін таттық. Осы бостандық үшін тұщы етке ащы таяқ талай рет тигенін, империялық озбырлықтың дырау қамшысы халқымыздың жон арқасында қаншама мәрте ойнағанын да ұмытқан жоқпыз.
Сондықтан тәуелсіздік деп аталатын ұлы да киелі ұғымның қадірін терең түсіне отырып, осы қастерлі мұратқа жету жолында ұлт ғұмырында ерекше із қалдырған оқиғалардың бірі — Желтоқсанды, дәл 10 жыл толған тұсында еске алмау мүмкін емес.
Қысқа оқиға емес, көптен пісіп-жетілген жара
Бәрі қысқа ғана оқиғадан басталғандай көрінді: осыған дейін қазақ елін басқарған белгілі адам санаулы минуттың ішінде орнынан түсіріліп, орнына қазақ еліне мүлде жат, белгісіз жан тағайындалды. Бірақ шын мәнінде бұл — әбден пісіп-жетілген ұлт жарасының бір-ақ күнде жанартау болып атылуына түрткі болған жағдай еді.
Үнемі тапталған ұлт намысы қазақ жастарын алаңға алып шықты. Оларды кешегі Махамбет пен Кенесары рухы жебеді ме, әлде енді ғана оянып келе жатқан демократияның лебі демеді ме — қалай болғанда да, қазақтың жауқазындай көк өрім жастары алаңға барып, ақиқатты айтуға тәуекел етті.
Ақиқатты айту ешқашан жеңіл емес. Шырылдаған шындықтың жүзіне тура қараудан тайсақтаған империя ежелгі әдісіне жүгінді: күш көрсетті. Бейбіт жиын қара күшпен тапталды. Соңғы сәттері таянып қалған азулы империя ешкімді де аямады.
Сол күннің суреті
Дәл сол күні жер бетіндегі бар адамға аямай нұрын төгер алтын Күн-ана да сұмдық көріністердің куәсі болды. Арман көгіне енді ғана үміт артып келе жатқан бойжеткен мен көк өрім бозбаланың өз жерінде, өз елінде таяққа жығылып, ары тапталып жатқанын көрген мейірімді Ана өзі де шыдамай, бетін бұлтпен жапқандай сезіледі.
Сабау, қорқыту, қуғындау, жазықсыз сотталу… Онсыз да «мың өліп, мың тірілген» халық едік. Бірақ, шүкір, ұлттың да көрер жарығы таусылмаған екен.
Тәуелсіздік таңы және Желтоқсанға қайта оралу
Арада бес жыл өткен соң, Қазақ елі өз тәуелсіздігін әлемге паш етті. Тағы да желтоқсан айында. Бұл — кешегі Желтоқсан қарлығаштары аңсаған арман емес пе еді?
Биыл азаттық алғанымызға бес жыл, ал қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасына он жыл толып отыр. Бұл — біз үшін айтулы белес. Ұлтымыздың жан жарасы жанартау болып атылған сол күн қазақ жастарының жадында мәңгі қалады. Жадта ғана қалып қоймай, жүректе ерлік рухын мәңгілік маздатады.
«Лаула, лаула — Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!»
Ақын қиялы осылай деді. Желтоқсан алауының мәңгі сөнбейтініне біз де сенеміз.
Жүрекке түскен Желтоқсан жарасын уақыт-емші біртіндеп жазып келеді. Тек әр жылдың желтоқсанында сол жараның орны сыздап қояды. Сол сыздау бұрқасын күндерді еске түсіреді, еске түсіре отырып жүректерге сенім отын қайта жағады.
Шүкір, тәуелсіздік таңы атты. Ел болып ес жидық. Өткенімізге үңіліп, болашаққа байлам жасадық. Кеше алаң төрінде жастардың аузынан жалындап шыққан өршіл ән бүгін кең байтақ Қазақстан аспанында қалықтап жүр:
«Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім…»
Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығы жақындаған сайын, бұл ән бұрынғыдан да күшейіп, аспанға кең жайылып бара жатқандай.