Өлең - сөздің патшасы

Ұлы Абай мұрасы: уақыт озған сайын тереңдей түсетін қазына

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы — халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына жаңа қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын дәлел болды.

Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасырдан аса уақыт өтсе, өзінің мәңгі өшпес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына да бір ғасырдан артық уақыт өтті. Содан бері оның артында қалған мұра ел мен жұрттың рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбылнама болып қызмет етіп келеді.

Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың жанына ана сүтімен бірге дариды деу — артық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде сәбидің буынын бекітіп, бұғанасын қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі санаға адамдық пен азаматтықтың ұрығын себеді.

Ж. Ысмағұлов

Өнер-білімге бетбұрыс: ақындық жолдың басталуы

Өнер-білім жолындағы ізденісін Абай көбіне өз бетімен үйрену арқылы дамытты, орысша кітаптарды көп оқыды. 1880-жылдардың орта шенінен бастап ол ақындық жолға біржола бет бұрды. Бұл кезеңдегі өлеңдерінің барлығы дерлік — кемел ой мен толысқан сананың жемісі.

Бұған дейін арагідік жазған өлеңдерін замандасы Көкпайдың атынан таратып жүрген Абай 1886 жылдан бастап өз атына көшірді. Осы жылдардан бастап ол өлеңді үзбей жазуға ұмтылды. Дегенмен ел ішіндегі шиеленіскен тартыстар әдебиетпен біржола айналысуына әрдайым мүмкіндік бере бермеді.

«Дүние де өзі, мал да өзі»: білімнің қадірін ұқтыру

Абайдың ақындық жолға бет бұрған тұстағы алғашқы бағыттарының бірі — мәдениет пен білімнің маңызын насихаттау. 1885 жылы жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі осы тақырыптағы тұңғыш іргелі шығармаларының қатарында. Мұнда ақын ең алдымен жаңа үлгідегі ақынға қажет ғылым жайын сөз етеді, білімді дер кезінде игере алмағанына өкінеді, әрі сол қателігін балаларын оқыту арқылы түзетуге бет алғанын айтады.

Өлеңнен үзінді

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Бұл — өткенге құр өкініш емес. Ақын келешек жастардың өзі секілді опық жеп қалмай, білім мен өнер қуатын шағын бос өткізбей, талаппен еңбектенуіне жөн сілтейді. Бұл туынды Абай ақындығының халықтық-ағартушылық мақсатқа қарай бет алғанын айқындайды; кейінгі шығармаларында бұл идея тереңдей береді.

Ғылым мен сын: «Ғылым таппай мақтанба» және «Интернатта оқып жүр»

1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба» және «Интернатта оқып жүр» өлеңдерін жазды. Алғашқысы — ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтқан өсиеті іспетті. Өлең бойында «ғылым» сөзін қайта-қайта қайталап, адам бойындағы ең үлкен қазына — білім екенін, ал жігерлі жастың мұраты — ғалым болуға ұмтылу керектігін ұғындырады.

«Ғылым таппай мақтанба!»

Орын таппай баптанба!

Құмарланып шаттанба!

Ойнап босқа күлуге.

Ақын ғылым жолын әділдік жолымен сабақтастырады: бұл жолды ұстаған адам ескі сүрлеумен жүре алмайды; надандарға бой бермей, шындыққа беріктік танытуы тиіс.

«Интернатта оқып жүр» өлеңінде осы ойлар сыншылдықпен толықтырылады. Абай патшалық билеу жүйесіне, оқыту тәртібіне мін тағады; халыққа пайдадан гөрі зиян әкелетін әкімдер мен шалағай төрелердің «оқудағы мақсатын» әшкерелейді. Ақын мұндай есепшіл, мансапқор ниетпен ғылым қууды құптамай, оларға Салтыков пен Толстойды әдейі қарсы қояды.

Тілдік жаңалық

Тіл мен теңеу, түр жағынан бұл өлеңнің жаңалығы да бар: Абай интернат, военный қызмет, прошение, адвокат, здравомыслящий, коренной, счет сияқты орыс сөздерін ұйқасқа түсіріп, еркін қолданады. Бұл — орыс мәдениетін насихаттау мақсатына бағындырылған саналы тәсіл.

«Қалың елім, қазағым»: азаматтық үн және әлеуметтік сын

Осы кезеңдегі өлеңдерінде Абай озық мәдениетті насихаттаумен қатар, әлеуметтік және азаматтық санасы өскен үлкен қайраткер ретінде көрінеді. Өлеңдерінен еңбекші халық мүддесін қорғаған азаматтың үні естіледі. Өзі билеуші тап ортасынан шықса да, тарихи дамудың беталысын және қоғамдық шындықты таныған ақын қарапайым шаруаға шындап бет бұрады.

Бұл сарын әсіресе «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде анық байқалады: өз халқының қайғы-мұңын көріп, бүгінгі күйіне қинала сөйлеген ақын бар. Елдің ұйытқысын бұзған, берекесін кетірген әкімсымақтарға деген ызасы да мол.

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?»

Бұл тұста Абай адамгершілік пен мінез-құлық жағынан татымсыз топты бөліп көрсетіп, заманындағы кемшілік-қайшылықтарды өткір әрі әділ сынайды. Оның алғашқы сыншыл өлеңдерінен ХІХ ғасырдағы орыс реализміне тән сыншыл сарынға жақын ізденіс те байқалады.

Татулық пен тұрақтылық: достық пен махаббат өлшемі

Халқының келешегін ойлап егілген Абай ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді көздеді; жас ұрпаққа айтар ақылы мен уағызы да мол болды. Соның бірі — достық мәселесі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ақын өмір тәжірибесі дәлелдеген шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілікке, қиянатсыз және адал достыққа үндейді. Ол жалған татулық пен бояма мінезден сақтандырады.

Абай үлкен достықты отбасылық өмірден, жастар сезімінің тұрақтылығынан, әйелге адамгершілік пен әділет тұрғысынан қараудан іздеді. Өз басынан өткен өмір сабағына сүйене отырып, ол шынайы достық сезімді биік қойды, жас ұрпақты ескі тәрбиенің кертартпа қырынан жирендіріп, жаңа өнеге ұсынды.

Ой түйіні

Махаббатсыз дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар.

...Пайда, мақтан — бәрі тұл,

Доссыз ауыз тұшымас.

Бұл жолдар мазмұны жағынан ақынның өсиеті тәрізді: жас ұрпақты өзі аңсаған достық пен махаббатқа, рухани тұрақтылыққа үндейді.

«Өлең — сөздің патшасы»: поэзияға қойылған жаңа талап

ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетін және оның халықтық негізін терең зерделеу Абайды ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты туралы кең пайымға алып келді. Ол сөз өнерін үлкен қоғамдық күш, әлеуметтік тартыстың құралдарының бірі деп таныды. Осы тұрғыдан «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңі ақынның шығармашылық бағдарламасы іспетті.

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Мұнда жақсы өлең — даналықтың айғағы. Өлеңнің түрі мен мазмұнының бірлігін талап ету, сөзді «бөтен сөзбен» былғамау қағидасы да осы ойдың өзегінде жатыр.

Көркем сөздің асылы — поэзия деп бағалай отырып, Абай қазақ ортасында сөз қадірін кетіріп жүрген ақындарды да аяусыз сынайды: орынсыз мақтау, жасанды ұйқас, пайда үшін айтылған сөз — өлеңді төмендететін құбылыс екенін ашады.

Сын нысанасы

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Санат: Қазақша шығармалар жинағы ©