Алдан енді осында келгеніне өкініп отыр
Кісінің қабағы
Алдан енді осында келгеніне өкініп отыр. Өзі әлденеден қорыққандай, қимылсыз қатып қалған. Аяқ киім шешетін жердегі босағаға сүйеулі тұрған дорбада ауылдағы жас келіншегіне және бірінен соң бірі ерте есейгендей болып өскен қос ұлына арнап сатып алған дүниелері бар.
Қарны аш. Бірақ үстел үстіндегі асты жеуге де батпайды. Өйткені тамақ та, дастарқанның иесі де — төрде төбедей болып, ұзынынан сұлап жатқан әлгі еркек. Алданның бар назары соның қабағында: қасықты созайын десе, ыдыстың шетіне шық етіп тиіп кететіндей; шай ұрттайын десе, жұтқыншағы құлқ ете қалатындай.
Үй ішіндегі үнсіз қысым
Төрдегі еркектің мысы басып, Алданның берекесін алған. Бағана автобусы келгенше көшеден бірдеңе жей салмай, осы үйге кіріп кеткеніне қатты қынжылады.
Шай құйып отырған тарамыстай қатқан қара әйел Алданға бір-екі рет қана: «Шай іш» — деп күбір етті.
Төрдегі еркек қасықты толтыра алып аузына асады да, ұрты бұлт-бұлт етіп шайнайды. Бір мезет аузы толы күйі Алданның арқа тұсындағы іргені иегімен нұсқап: «Ім, ім…» — деді.
Газет және бағыныштылық
Алдан артына бұрылып қараса, іргеге тақалып жатқан газет жатыр. «Газет пе?» — деді. Еркек шайнаңдап отырып басын изеді: «Ім… Ім».
Газетті қолын созып-ақ алып бере салуға болатын еді. Бірақ неге екені белгісіз, Алдан орнынан атып тұрды. Жеп-жеңіл газетті қос қолдап көтеріп, алақанына салған күйі, бейне бір мәртебелі мейманға қызмет қылатын даяшыдай ілтипатпен апарып ұсынды.
Еркек мұнысына мән берген жоқ: газетті қолына ала сала шынтақтап жатқан жастығының ар жағына жая салды да, жастықты бауырына қысып, етпетінен аунап түсті. Енді Алдан оның күжірейген жотасына қарап қалды.
Еркек газеттің бетінен бір анекдот па, әлде бір әзіл ме — бірдеңе оқыса керек, жауырыны бүлкілдеп күлді. Алдан осы сәтті пайдаланып, қасығын тамаққа жүгіртіп-жүгіртіп алды. Шайын да жүдемелете-жүдемелете ішті. Осы аздың өзі-ақ қарнын біршама тоқайтқандай.
Кету
Кесесін шетке қойып, бетін сипады. Әйел баяғы үнмен: «Әлі ерте емес пе?» — деп күбір етті.
«Бара беремін ғой», — деді Алдан да орнынан тұрды. Төрде жатқан еркекке «сау болыңыз» дегендей бір ауыз сөз айтуға оқталды да, бата алмады.
Аяқ киім тұрған жерден қаланың шаңы аяусыз қонған туфлиін киіп алды. Сол маңда жатқан шөткені іліп алып, туфлиін ысқылап-ысқылап жіберді. Сосын босағада тұрған дорбасын қолына ұстап, белін жазып, шығарып салуға жанына келген әйелге: «Сау болыңыз», — деді.
Әйелдің үні әрең естілді: «Үй-ішіңе сәлем айт».
Таза ауа, кең көше
Алдан сыртқы есікті ашып, есік алдына шықты. Жотасы күжірейіп, шынжырда жатқан алпамсадай төбет оны көре сала арс-арс етіп ұмтылды. Алдан тыпың-тыпың етіп қақпаның жанындағы кішкене есіктен әрең шығып үлгерді. Есік артынан сарт етіп жабылды.
Ол ені тар жаяу жүргінші жолына түскісі келмегендей, көлік жүретін кең көшеге шығып алды да, кеудесін кере бір терең тыныс алды.
Әбиден Қожахмет • Facebook