Тыйым сөздер
Тәрбие мен білімнің ортақ міндеті
Қазіргі заман талабына сай жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі мен парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу — бүгінгі таңда отбасының, балабақшаның және қоғамның ортақ міндеті.
Бұл ұстаным Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жастар тәрбиесіне қатысты ойларымен де үндес: болашақ буынның бойында жалпыадамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азамат қалыптастыру — бәріміздің парызымыз.
Мақсаты
- Балаларды халық ауыз әдебиеті және танымдық көркем әдебиет шығармаларымен жүйелі таныстыру.
- Көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, оқуға ынталандыру.
- Кейіпкерлерді салыстыру арқылы қоршаған әлем, адами сезімдер мен қарым-қатынас туралы пікір білдіруге, ойын ашық жеткізуге үйрету.
Жоспары
І. Кіріспе
Халық ауыз әдебиеті — өмірдің айнасы, тәрбиенің таптырмас құралы.
ІІ. Негізгі бөлім
Халық ауыз әдебиеті — халықтың рухани асыл қазынасы.
ІІІ. Қорытынды
Ауыз әдебиеті — ұрпақ тәрбиесінің мазмұны мен бағытын тереңдететін мұра.
Халық ауыз әдебиеті — сарқылмас қазына
Қазақ халқының ерте заманда жасаған мұраларының бірі — халық ауыз әдебиеті. Жазу-сызуы кең тарамаған кезеңнің өзінде халқымыз өз тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық өмірін, шаруашылығы мен кәсібін, қуанышы мен күйінішін ауызша сөз өнері арқылы жеткізді.
Қазақ ауыз әдебиеті көркемдік-идеялық нәрімен, эстетикалық қуатымен, түрі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеуметтік әрі тәрбиелік терең мазмұнымен ерекшеленеді.
Халық ауыз әдебиеті — ғасырлардан келе жатқан мұра, таусылмас асыл қазына. Ол арқылы халқымыздың өткенін танимыз, бүгінгі болмысымыздың қадірін бағамдаймыз.
Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар мен ертегілер балаларды Отанын сүюге, ерлікке, елін қорғауға үндейді. Сондықтан балабақша тәрбиеленушілерін ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстыру, олардың рухани әлемін байыту — тәрбиешінің маңызды міндеті.
Ертегі және оның тәрбиелік қуаты
Қиял әлемінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, ойға түрткі салатын жұмбақтар, тіл ширатып, зейін ашатын жаңылтпаштар — балабақша тәжірибесінде кең қолданылатын құндылықтар.
Қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман-үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті саласының ең көлемді әрі ықпалдысы — ертегілер. Ертегі өте ерте заманда, жазу-сызуы жоқ кезде пайда болып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетті. Өзге фольклор түрлері сияқты ертегі де еңбекке, тұрмыс-тіршілік жағдайына байланысты туған.
Ертегінің жанрлық түрлері
- Жануарлар туралы ертегілер
- Қиял-ғажайып және батырлық ертегілер
- Хикаялық және сатиралық ертегілер
Ауыз әдебиеті үлгілері жас бөбектердің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, адамгершілікке, еңбекке, тапқырлыққа, туған өлкеге сүйіспеншілікке баулуда шешуші рөл атқарады.
Мектепке дейінгі тәрбиедегі негізгі бағыттар
Тәрбиелік бағдарлар
- Имандылық пен адамгершілік
- Патриоттық тәрбие
- Эстетикалық тәрбие
- Табиғатқа сүйіспеншілік
- Өнерге баулу
Ауыз әдебиетінің түрлері
- Ертегілер
- Жұмбақтар
- Жаңылтпаштар
- Мақал-мәтелдер
- Тыйым сөздер
Жанрларға қысқаша түсінік
Жұмбақ
Жұмбақ — адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында белгілі бір зат не құбылысты тұспалдап сипаттайтын шағын жанр. Бұл жанр әлем халықтарының көпшілігінде бар. Аристотельдің “Жұмбақ — жақсы жымдасқан метафора” деген анықтамасы оның бейнелі табиғатын дәл көрсетеді.
Жұмбақ фольклорда жиі кездескенімен, қазіргі балалар әдебиетінде де тұрақты қолданылатындықтан, оны тек фольклор шеңберімен ғана шектеуге болмайды.
Мақал-мәтел
Мақал-мәтел — нақыл сөздің ықшам, өрнекті түрі. Ол өмір құбылыстарын жинақтап, түйіндеп береді; көбіне бір-екі тармақтан тұрып, алдыңғы жолдарында пайым, соңында қорытынды ой айтылады. Мақалдар өлең үлгісінде де, қарасөзбен де кездеседі.
Тыйым сөздер
Тыйым — тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбиелік құрал. Ол баланы жаман әдеттен, жат қылықтан, әдепсіз іс-әрекеттен сақтандыруға қызмет етеді. “Ұлға отыз үйден тыйым, қызға қырық үйден тыйым” деген мақал осы тәрбиелік жүйенің әлеуметтік жауапкершілігін аңғартады.
Халық ұғымында бүйірін таяну — қайғының, жағын таяну — мұң-шердің, жүресінен отыру — әдепсіздіктің белгісі деп танылып, мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Демек, тыйым — халықтық педагогиканың құрамдас бөлігі.
Жаңылтпаш
Жаңылтпаш — қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Ол ойын-сауықта жұртты күлдірумен қатар, жас ұрпақтың тілін жаттықтырып, сөзді шапшаң әрі анық айтуға үйрету үшін туған. Жаңылтпашта дыбыстар әдейі күрделендіріліп, ұяң мен қатаң дауыссыздардың үйлесімі жиі беріледі; мәтін қарасөз не өлең түрінде болады.
Қазіргі кезеңде жаңылтпаш мазмұны кеңейіп, жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке тәрбиелеудің пәрменді құралына айналды.
Күтілетін нәтиже
- Сын тұрғысынан ойлау дағдылары дамиды.
- Оқуға және тыңдауға қызығушылығы оянады.
- Мағынаны ашуды, ажыратуды үйренеді.
- Сөздік қоры молайып, тілдік қолданысы жақсарады.
Қорытынды
Халық ауыз әдебиетімен таныстыру арнайы ұйымдастырылатын оқу іс-әрекеттерінде ғана емес, оқу іс-әрекетінен тыс ойын барысында, еңбек дағдыларын қалыптастыру жұмыстарында да жүйелі түрде іске асуы керек. Бұл үдеріс баланың сөздік қорын байытып, әр сөздің мағынасын дұрыс түсініп, орынды қолдана білуіне мүмкіндік береді.
Балалардың санасына туған еліне, халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі ұялайды. Әр пән мен әр тақырыпта сюжетті иллюстрациялар, көркем бейнелер, ертегі кейіпкерлері арқылы тәрбиеші шығармашылық белсенділікті арттырып, баланы жан-жақты дамытуға жағдай жасайды.
Ауыз әдебиетімізде халқымыздың танымы, пайымы, тәлім-тәрбиесі жинақталған. Сол асыл қазынаны жоғалтпай, жаһандану дәуірінде де құндылығын арттыра беру — ортақ парыз.
Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, өмір бойы жалғасатын күрделі құбылыс. Оның алғашқы іргетасы отбасында қаланса, жалғасы балабақшамен сабақтасады. Баланың қоғаммен алғаш кеңірек араласуы да балабақшадан басталатыны белгілі.
Тәрбиеші оқу-тәрбие жұмысында шығармашылық танытып, ұлттық рухтағы озық дәстүрлерді ұштастыра отырып, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолданғанда ғана игі нәтижеге жетеді. Педагогикалық үдерісте бала жанының қозғалысы мен педагог жанының үйлесімі табылған сәтте бала бойындағы табиғи дарынын ашады.
Бала — келешек, үміт, өмірдің жалғасы. Сондықтан саналы, өскелең ұрпақ тәрбиелеу — әрбір тәрбиешінің ғана емес, баршаның ортақ ісі. Еліміздің ертеңі — бүгінгі бүлдіршіндердің тәрбиесі мен білімі арқылы айқындалады. Дені сау, жаны таза, тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу — басты мақсат.
Джумагазиева Жадырасын Нуровна