Жолдас тергеуші
Сценарийдің мақсаты мен тәрбиелік мәні
Бұл материалдың негізгі мақсаты — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында орталықтың әміршіл-әкімшіл, солақай саясатына алғаш рет ашық қарсы шыққан, демократия жолында құрбан болған ұл-қыздарымыздың ерлігін түсіндіру. Сонымен бірге жастардың алаңға не үшін, қандай мақсатпен шыққанын терең ұғындыру.
Тәрбиелік бағыты
Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру; ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге баулу; патриоттық сезімді нығайту.
Дамытушылық бағыты
Әрбір оқушының еркін сөйлеуіне, өз ойын ашық жеткізуіне, пікірін дәлелдеп айтуына мүмкіндік беру.
Көрнекіліктер
- Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова суреттері
- «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан» плакаты
- Желтоқсан тақырыбындағы қабырға газеттері, буклеттер
- Қанатты сөздер топтамасы
Алғы сөз
Армысыздар, құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар! Бүгін біз халқымыздың сан ғасырлық тарихында найзаның ұшымен, елдің ерен істерімен қатар, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен де алтын әріптермен жазылып қалған «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан» атты тәрбие сағатының мазмұнын ұсынамыз.
Желтоқсан — қасірет те, үміт те
Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді, ағайын, көгінде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі Әнұраны!
Желтоқсанда Алматыда, ақ қарда,
Алма бақтар ақ қырауға батқанда,
Күңірене күн күркіреп тау жақтан,
Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.
Бұл күн — қазақ халқы үшін әрі ұлы, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — халық жадындағы бұрын-соңды болмаған ауыр да әділетсіз көтерілістердің бірі. Дегенмен сол көтеріліске қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке бастар жолдың шын мәніндегі алғашқы қадамын жасады.
Жас арудың жанарында — Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында — Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында — Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да — Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да — Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да — Желтоқсан.
Намысымның шырағы да — Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да — Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да — Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да — Желтоқсан.
1986: шешім және қарсылықтың басталуы
Тарихи сәт
1986 жылдың 16 желтоқсанында таңғы сағат 10:00-де небәрі 18 минут ішінде Қазақстанды 26 жыл басқарған Д. А. Қонаев қызметінен алынып, орнына жұрт пікірін ескермей-ақ Г. Колбин ұсынылды.
Жастардың ұстанымы
Алматыдағы оқу орындары жастары бұл шешімді әділетсіз деп қабылдап, елді өз жерінің азаматы басқаруы керек деген талапты алға тартты. Олар демократиялық құқығын бейбіт түрде білдіргісі келді.
Көріністен үзінді (жатақхана алдындағы әңгіме)
— Қыздар, мен газет әкелдім.
— Не жаңалық шығыпты?
— КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Д. Қонаевты алып, орнына В. Колбинді тағайындапты.
— Колбин деген кім? Қайдан келіпті?
— Ульяновтан келіпті.
— Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқарсын!
— Біз демократияны талап етеміз!
— Қане, жүріңдер, алаңға барайық!
Колбин деген кім екен, қайдан келген?
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,
Бізге оны ешкім аяп бермейді.
Тәуелсіздік — Қайрат, Ләззат, Ерболдың
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.
Қақтығыс, құрбандық және үнсіздік
Алаңға шығып, өз ойын айтуға ұмтылған қарусыз жастарға солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз-жігіттер аяусыз соққыға жығылып, қамауға алынды. Ербол, Ләззат, Сабира сынды талай боздақтың ғұмыры қыршыннан қиылды.
1 минут үнсіздік
Орындары ағалардың бізбен толсын, сәбилер ағалардың жолын қусын. Аруақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алу — тарих алдындағы парыз.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!
Жерді, дінді, тілді, баба дәстүрін
Қорғау үшін көтерді олар бастарын.
Шеру ұйымдастыруға қатысы бар деген жалған айыппен қаншама зиялы азамат жазаланды, жұмыстан қуылды. Алайда сол озбырлық үшін нақты жауапкершілік арқалағандар аз болды.
Қайрат рухы: жыр, тергеу, ар
«Менің тағдырым» (үзінді)
Өмір бойы жолым болып көрмеді,
Жылап келем бұл дүниеге келгелі.
Қайғы шаңы басты менің денемді,
Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.
Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.
Тергеуден алынған көрініс (үзінді)
Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?
Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын.
Тергеуші: Мойныңа ала сал, жазаң жеңілдейді...
Қайрат: Өлтірмеген адамды «өлтірдім» деп қалай мойындаймын? Адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең, атыңдар.
Халқым, саған ризамын!
Бұл жерде — батыр жоқ қол бастар,
Бұл жерде — жүректе мұз жатыр,
Бұл жерде — өрімдей қыз жатыр.
Бұл жерден мәңгілік аттанған —
Халқымның есінде сақталған!
Тәуелсіздік жылнамасы
Тәуелсіздік — ел мұраты. Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздіктің түп тамырымен тікелей сабақтас екеніне ешкім күмән келтірмейді. Төмендегі жылдар — сол арманның мемлекетке айналған кезеңдерін айқындайтын белестер.
1991–1996
- 1991: Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш рет Н. Ә. Назарбаевты Президент етіп сайлады.
- 1992: Елтаңба, Ту, Әнұран туралы заң қабылданды.
- 1993: Конституция қабылданды; 15 қарашада төл теңге айналымға енді.
- 1994: Қазақтың екінші ғарышкері Т. Мұсабаев көк байрақты ғарышта желбіретті.
- 1995: Абайдың 150 жылдығы аталып өтті.
- 1996: Жамбыл жылы; Тәуелсіздік монументі орнатылды.
1997–2008
- 1997: «Қазақстан — 2030» стратегиясы қабылданды.
- 1998: Ақмола атауы Астана болып өзгертілді; Бәйтерек салынды.
- 1999: Қорқыттың 1500 жылдығы Қызылордада аталып өтті.
- 2000: Мәдениетті қолдау жылы.
- 2001: 18 мамырда Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астанаға әкелінді.
- 2002: Денсаулық жылы.
- 2003–2005: Ауыл жылдары.
- 2006: «Сыр елі — өнер ордасы» жылы.
- 2007: Теңгенің жаңа үлгілері айналымға шықты.
- 2008: Астананың 10 жылдығы аталып өтті.
Қорытынды ой
1986 жылдың қайғылы Желтоқсаны — бір күндік немесе бір сәттік наразылық емес, ұлттық намыс пен еркіндікке ұмтылыстың тарихи көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір — сол боздақтардың жанымен, қайсарлығымен келген қымбат құндылық.
Ел іргесі тыныш, жұртымыз аман, халқымыздың бірлігі берік болсын.
Дереккөз
http://www.scenarii816-scenarii_16.html