Тірек сөздер
Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы (5-сынып)
Құрметті мұғалім! Бұл тапсырмалар жинағы білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әзірленді. Жинақ мұғалімдердің бірлескен еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Бағалау критерийлері мен дескрипторлары берілген тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыруға, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеуге, сондай-ақ оқу мақсаттарына жету жолында сындарлы кері байланыс беруге арналған үлгі ретінде ұсынылады.
Жинақтың ұсынымдық сипаты сізге білім алушылардың қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге, бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қосымша ресурстар
Нұсқаулықтар, таныстырылымдар, жоспарлар, форум талқылаулары және бейне-нұсқауларды Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның smk.edu.kz ресми сайтынан таба аласыз.
Жемісті жұмыс пен шығармашылық табыс тілейміз!
Кімдерге арналған?
Жинақ негізгі мектеп мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.
Дереккөздер және мақсат
Материалдар (суреттер, мәтіндер, бейне және аудио, т.б.) қолжетімді ресми интернет-ресурстардан алынды. Жинақ коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.
Мазмұны
1-тоқсан
- Мәдениет: тіл және қарым-қатынас (Фонетика) 4
- Киім. Сән. Талғам (Фонетика) 11
- Отбасындағы дәстүрлер мен мерекелер (Лексика) 15
2-тоқсан
- Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі (Лексика) 20
- Бос уақыт және хобби (Морфология) 27
3-тоқсан
- Қиял әлемі (Морфология) 34
- Көлік және жол белгілері (Морфология) 42
- Адамның сырт келбеті мен мінезі (Морфология) 48
4-тоқсан
- Аспан әлемінің құпиялары (Синтаксис) 53
- Саяхат және демалыс (Синтаксис) 60
1-тоқсан: оқу мақсаттары мен тапсырмалар
Оқу мақсаты: 5.1.2.1
Әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени тақырыптарға қатысты диалог, монологтердегі (ән мәтіні, хабарлама, жарнама, хабарландыру) көтерілген мәселені түсіндіру.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Мәтіндегі көтерілген мәселені анықтайды.
- Анықталған мәселеге қатысты өз ойын білдіреді.
Тапсырма
Мәтінді мұқият тыңдап, көтерілген мәселені анықтаңыз. Мәселеге қатысты өз ойыңызды білдіріңіз.
Мәтін: «Тілдарын» мектепішілік байқауы
Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында «Тілдарын» байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау. Байқауға оқу тіліне қарамастан 7–11-сынып оқушылары қатысып, білімдерін ортаға салды.
Кезеңдері
- Өзін-өзі таныстыру (тұсаукесер).
- Үш тіл кезеңі (үш тілде берілген сұрақтарға жауап).
- «Мақал – сөздің мәйегі» (мақал-мәтелдерді мағынасына қарай сәйкестендіру).
- «Қызықты сұрақтар» (логикалық сұрақтарға жауап).
Жеңімпаздарды анықтауда тілдерді меңгеру деңгейі, жазу сауаттылығы, дұрыс дыбыстау, жауаптың орамдылығы мен мазмұндылығы ескерілді. Жеңімпаздар түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңызы туралы атап өткен. Тілді білу — халықты да, тарихты да тану. Тіл неғұрлым көп болса, мүмкіндіктер де соғұрлым кеңейеді.
Дескриптор
- Көтерілген негізгі мәселені анықтайды.
- Негізгі мәселеге қатысты өз ойын айтады.
Оқу мақсаты: 5.1.1.1
Тірек сөздер мен ұсынылған иллюстрациялар арқылы тақырыпты болжау.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Тірек сөздер арқылы тақырыпқа болжам жасайды.
Тапсырма
Берілген тірек сөздер арқылы тақырыпқа болжам жасаңыз. Болжамыңыздың себебін түсіндіріңіз.
Тірек сөздер
Қонаққа бару, ерекше қасиет, сыйластық, құрмет, достық ықылас, сыйлық, дастарқан басында, өнеге, ортақ әңгіме, қонақ шақыру, дастарқан мәзірі, үй иесінің жайдары қабағы, рұқсат сұрау, қоштасу.
Дескриптор
- Тірек сөздер арқылы тақырыпты болжайды.
- Болжамының себебін түсіндіреді.
Оқу мақсаты: 5.2.1.1
Мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты түсіну және анықтау.
Ойлау деңгейі: Білу және түсіну
Бағалау критерийі
- Мәтіндегі негізгі және қосымша ақпараттарды анықтайды.
Тапсырма
Мәтінді оқып, негізгі және қосымша ақпараттарды анықтаңыз.
Мәтін
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
— Балалар, аман ба? — депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті.
Сонда Сырым жолдасына дауыстап:
— Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! — дейді.
Малайсары жалт қарап:
— Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без, — деген, сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? — дейді.
Сырым:
— Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар; ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, — дейді.
Сонда Малайсары:
— Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, — деп Сырымды қасына шақырып алған екен.
Дескриптор
- Мәтіндегі негізгі ақпаратты анықтайды.
- Қосымша ақпаратты ажыратады.
Оқу мақсаты: 5.2.3.1
Хат, хабарлама, жарнама, нұсқаулық, хабарландырудың құрылымы мен рәсімделуі арқылы жанрлық ерекшеліктерін ажырату.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Мәтіннің түрін ажыратады.
- Құрылымы мен рәсімделуі арқылы жанрлық ерекшелігін көрсетеді.
Тапсырма
Мәтінді мұқият оқыңыз. Мәтіннің түрін анықтап, құрылымы мен рәсімделуі арқылы жанрлық ерекшелігін ажыратыңыз.
Мәтін түрі: Хабарландыру
2016 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үш тілді жетік білетін 7–11-сынып оқушылары арасында «Тілдарын» мектепішілік байқауы өткізіледі.
Сайыстың мақсаты
Үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген оқушыларды анықтау және қолдау; тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру; қазақстандық патриотизмді нығайту; өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Кезеңдер
- Өзін-өзі таныстыру (тұсаукесер).
- «Үштұғырлы тіл» кезеңі.
- «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңі.
- «Қызықты сұрақтар» кезеңі.
Өтетін орны мен уақыты
- Өтетін орны
- Шымкент қаласы, физика-математика бағыты Назарбаев Зияткерлік мектебінің мәжіліс залы.
- Басталуы
- 15:30
Келемін деушілерге есік ашық!
Дескриптор
- Мәтіннің түрін ажыратады.
- Мәтіннің құрылымын (кіріспе, негізгі, қорытынды) анықтайды.
- Мәтіннің рәсімделуін (мақсаты, орны, уақыты) көрсетеді.
Мәтінмен жұмыс: жоспар құру
Оқу мақсаты: 5.3.1.1
Берілген мәтінге сәйкес кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерді қамтитын қарапайым жоспар құру.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Мәтін құрылымын сақтайды.
- Құрылымына сәйкес жоспар құрады.
Тапсырма
Мәтінді мұқият оқып, құрылымын сақтай отырып, жоспар құрыңыз.
Мәтін: Қонаққа бару мәдениеті
Қонақжайлылық — қазақ халқының болмысын танытатын ерекше қасиеттердің бірі. Бұл қасиет адамдар арасындағы сыйластық пен құрметті арттыра түседі. Адамды тіліне, дініне, ұлтына қарамастан алаламай, ас-дәм беру — қонақжайлылықтың белгісі.
«Шақырған жерден қалма» деген ұстанымды берік ұстанған жұрт қонаққа барғанда бірқатар мәдени әдептерді естен шығармағаны дұрыс. Мысалы, сыйлықпен бірге үй иесіне гүл апару — ізеттіліктің белгісі.
Шақырған жерге тым ерте бармай, кешікпей дәл уақытында келу маңызды. Ерте бару да, кешігу де үй иесіне және басқа қонақтарға қолайсыздық тудыруы мүмкін әрі сыйламағандық ретінде қабылданады.
Дастарқан басында дұрыс отыру, әңгіменің ортақ әрі жарасымды болуына көңіл бөлу де тәрбиені танытады. Мұндай басқосуларда үлкендер жастарға өнеге айтады.
Кейде қонақтан ертерек кетуге тура келеді. Ондайда рұқсат сұрап, өзгелердің көңілін бөлмей, елеусіз шыққан жөн. Қоштасарда үй иелеріне алғыс айтуды ұмытпаңыз.
Жоспар үлгісі
Кіріспе бөлім
Қорытынды бөлім
Негізгі бөлім
Дескриптор
- Мәтін құрылымын сақтайды.
- Мәтін бойынша жоспар құрады.
Жазылым: орфографиялық норма
Оқу мақсаты: 5.4.1.1
Қазақ тілінің дыбыстар жүйесін, үндестік заңын және емлелік ерекшеліктерін ескере отырып, орфографиялық нормаға сай жазу.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Берілген сөздер негізінде мәтін құрастырады.
- Үндестік заңын, дыбыстар жүйесін және емлені ескереді.
- Орфографиялық норманы сақтайды.
Тапсырма
Сандықшадағы сөздерді пайдаланып, 60–70 сөзден тұратын мәтін құрастырыңыз. Дыбыстар жүйесіне, емлеге және үндестік заңына назар аударыңыз.
Сандықшадағы сөздер
Сәлемдесу, сыйластық, қонақжайлылық, отбасы құндылықтары, отбасындағы тәрбие, үлкенді сыйлау, туыстық қарым-қатынас, қонақ күту, адамгершілік қасиет.
Дескриптор
- Берілген сөздерді қатыстырып, мәтін құрастырады.
- Ережелерді ескереді.
- Орфографиялық норманы сақтайды.
Тілдік стиль және жанр: сөйлесім, оқылым, жазылым
Ауызекі сөйлеу стилін тану (5.2.2.1)
Мәтінді мұқият оқып, ауызекі сөйлеу стиліне тән сөйлемдер мен сөз тіркестерін теріп жазыңыз.
Диалог
Жәудір: Назым, кешегі газетті оқыдыңыз ба?
Бота: Не боп қапты, Жәудір?
Жәудір: Газеттің төртінші бетін ашыңызшы.
Бота: Иә, аштым.
Жәудір: Қай жарнамаға көзіңіз түсті?
Бота: Мына бір ерекше безендірілген жарнаманы бірден байқадым. Қарашы, көйлектерге жеңілдіктер бар екен!
Жәудір: Қойшы, рас па? Онда неғып отырмыз? Әдемі көйлектерден құр қалып қоймайық!
Бота: Жоқ, бүгін бара алмаймын.
Жәудір: Мен бүгін бармасам, бармағымды тістеп қалармын. Сондықтан барып көріп, көңілімді жайландырайын.
Дескриптор
- Мәтіндегі ауызекі сөйлеу стиліне тән сөз тіркестерін теріп жазады.
- Жұбының жұмысымен салыстырады.
- Қажет болған жағдайда кестесіне толықтырулар енгізеді.
Жазылым: жарнама құрастыру (5.3.2.1)
Сіз ұлттық нақыштағы заманауи сәнді киім үлгілерін тігетін жаңадан ашылған сән үйінің басшысысыз. Қазақстандықтарға сән үйіңіздің ерекше қызметтері туралы 60–80 сөзден тұратын жарнама мәтінін жазыңыз.
Бағалау критерийі
- Жанрлық ерекшелікті ескереді.
- Рәсімделуі мен құрылымын сақтайды.
Дескриптор
- Жарнама жанрының талаптарын еске түсіреді.
- Сән үйінің атауын және қызмет түрлерін көрсетеді.
- Оқырман назарын аударатын лепті сөйлемдерді орынды қолданады.
Төл сөз және тәрбиелік мәтін
Оқу мақсаты: 5.4.5.5
Төл сөз, төлеу сөз және автор сөзінің тыныс белгілерін дұрыс қолдану.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Мәтіндегі төл сөздердің тыныс белгілерін қояды.
- Төл сөздерді төлеу сөзге айналдырып жазады.
Тапсырма
Мәтіндегі төл сөздердің тыныс белгілерін қойып, төл сөзді төлеу сөзге айналдырып жазыңыз.
Мәтін: Итаяқ
Бір жігіттің әбден қартайған қарт әкесі бар екен. Ол тамағын ішкенде қолдары дірілдеп, алдына төгіп-шашып алатын көрінеді. Қайталана берген соң жігіт әкесімен ақылдасып, үлкен кісіні дастарқаннан аластатып, тамақты пештің қуысына апарып беретін болған. Алдына шағын итаяқ астау қойып, тамақты соған құя салатын көрінеді.
Бір күні үй иесінің он жасар баласы қолындағы пышақпен бір ағашты жонып жатады. Жігіт таңданып: «Балам, мына істеп жатқаның не?» — деп сұрайды. Бала: «Бұл — итаяқ», — дейді. Әкесі: «Оны не істейсің?» — дейді. Сонда бала: «Әке, сіз қартайғанда ана қуысқа апарып тығамын да, осы итаяқпен тамақ беремін», — деп жауап береді.
Сол кезде үй иесі өз ісінен қатты ұялып, әкесін пештің қуысынан шығарып, дастарқан басына қайта отырғызыпты.
Дескриптор
- Тыныс белгісі қойылмаған 3 төл сөзді анықтайды.
- Анықталған сөйлемдерде төл сөздің тыныс белгілерін дұрыс қояды.
- Тыныс белгілерінің қойылуын дұрыс нұсқамен тексереді.
- Төл сөздерді төлеу сөзге айналдырады.
2-тоқсан: тыңдалымға негізделген жұмыс
Оқу мақсаты: 5.1.6.1
Коммуникативтік жағдаятқа сай эмоционалды сөздерді, дауыс ырғағы арқылы қыстырма, қаратпа, одағай сөздерді еркін қолданып, диалогке даярлықсыз қатысу және өз пікірін білдіру.
Ойлау деңгейі: Қолдану
Бағалау критерийі
- Қыстырма және қаратпа сөздерді қолдану арқылы диалогке дайындықсыз қатысады.
Тапсырма
Мәтінді тыңдап, 2 ашық сұрақ құрастырыңыз. Сұрақ мазмұнында қыстырма және қаратпа сөздерді қолданыңыз. Жұбыңыздың сұрақтарына өз пікіріңізді білдіре отырып, жауап беріңіз.
Тыңдалым мәтіні (үзінді): Қазақстанның Қызыл кітабы
Қазақстанның Қызыл кітабы — Қазақстан Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер туралы мәлімет берілген арнайы басылым. Ол 1978 жылдан бастап шығарыла бастады. Омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі 1978 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Өсімдіктерге арналған екінші бөлімі 1981 жылы жарияланды.
Қызыл кітаптың үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануарлар түрінің қандай...
Ескерту: мәтін үзінді күйінде берілген.