Бәрі менің жүрегіме жақын
Киелі Ертіс–Баян өңірінің табиғаты қаншалықты сұлу болса, осы елде өсіп-өнген ақындары да соншалықты сырлы. Баянтау баурайындағы қарапайым малшылар әулетінен шыққан ақын, журналист, сатирик Сүлеймен Баязитов – әдебиет пен баспасөзге өзіндік өрнек салған қалам иесі.
Оның журналистік жолы Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінен басталып, кейін облыстық «Сарыарқа самалы» басылымында жалғасты. Бір кезеңде ұстаздыққа да бет бұрды. «Жасыбай батыр», «Хан ием», «Құдіреті күшті бір Алла» секілді он шақты кітаптың авторы.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесіп ұйымдастырған республикалық «Балауса жыр» мүшәйрасында III орын иеленді. Ақын ағамыз мерейлі 70 жас белесіне көтеріліп, ұрпағының қызығын көріп отырған шағында жерлес қаламгермен жүздесіп, әңгімелескен едік.
Балалық шақ: еңбекпен ерте есейген өмір
Сұрақ: Балалық шағыңызға бір сәт сапар шексек?
Сүлеймен Баязитов: Мен 1944 жылы Баянауыл ауданына қарасты Ж.Шанин атындағы елді мекенде, колхоздың малшысы Баязит ақсақалдың отбасында дүниеге келіппін. Ол кезде қойшылардың жағдайы белгілі ғой — үй деген аты ғана болмаса, тұрмыс өте жұпыны еді.
Балалық шағым өмірдің соқпағына ерте түскен кез болды: кішкентайымнан қара жұмысқа жегіліп өстім. Өзім туған жердегі жетіжылдық мектепті бітіріп, кейін біраз уақыт қой бағып, сиыр қарап, малшыларға көмекші болдым. Бұл — сол кезеңдегі көп баланың басынан өтетін үлкен сын. Сол арқылы төзімді болуды, өмірдің ыстығы мен суығын қатар көтеруді үйрендік.
Алғашқы өлеңдер: шабытты оятқан бір уыс күміс
Сұрақ: Ол кезде өлең жазатын ба едіңіз?
Сүлеймен Баязитов: Алғашқы өлеңдерім 16 жасымда жазылды. Ол заманда қаламақы деген ұғым бізге жат еді. Бір ауылда тұратын Мұхамеджан ақсақал өлең жазып жүргенімді естіп, үйіне шақырды. Өлеңдерімді оқып көріп, қолымды қысып, батасын берді. Сосын бір уыс күміс теңге ұстатты. Шығармашылықтан тапқан алғашқы табысым — сол.
Бұл оқиға мені қатты жігерлендірді. Дегенмен кейін көп қағажу да көрдім: редакцияға апарған жазбаларымды «жеті сыныппен не бетіңмен өлең жазасың?» деген сыңаймен кері қайтарған кездер болды. Бірақ ол мені тоқтатпады — керісінше, өзімді дәлелдеуге қайрады.
Ақын сол кезеңдегі редакцияның бірсарынды жауабына да қарап қалмай, қарсы уәжін өлеңмен жолдағанын еске алды:
Өлеңім кетіп жатыр «иі қанбай», Өлеңді илейтіндей етіп нандай. Сіздердей көп көрінеді амалым не? Арманым әлі жүрмін кездесе алмай. Кездесіп сіздерменен бір-бірге, Сөз берер күн бар ма екен қызыл тілге? Сыншыдан мен жеңілсем жекпе-жекте, Өнердің бітпегені босқа терге.
Алайда бұл жолы жауап та келмей қалған. Соған қарамастан, ізденіс тоқтамаған.
Алғашқы жарияланым: «Айтылмаған сыр» және үлкен серпіліс
Сұрақ: Алғаш жарық көрген шығармаңыз есіңізде ме?
Сүлеймен Баязитов: Кейін облыстық «Қызыл ту» газеті жабылып, орнына бес облысқа тарайтын «Тың өлкесі» газеті шыға бастады. 1962 жылдың соңы болса керек, ең алғашқы «Айтылмаған сыр» әңгімемді жолдадым. Көп ұзамай жарияланды — бірде-бір түзетусіз шыққанын көргенде қуанышым қойныма сыймады. Артынша қаламақысын да жіберіпті. Содан кейін шығармаларым газет беттерінде жиірек көріне бастады.
Әскердегі абырой: жарияланған газет — сарбазға берілген марапаттай
Сұрақ: Әскерде жүріп шығармашылыққа уақыт табыла ма?
Сүлеймен Баязитов: 1963 жылы әскер қатарына шақырылдым. Қызметте жүрсем де, редакциямен байланыс үзілген жоқ: жазғандарымды «Тың өлкесіне» жіберіп отырдым.
Бірде жақын ағамыз жарияланған материалдарым шыққан бір топ газетті және түскен азын-аулақ табысты поштамен жіберіпті. Сол кезде мен бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып кеткен едім. Газетті «Үкіметтің үні» деп ерекше қадағалайтын заман ғой — менің қолыма табыстауға арнайы адамдар келіп, рота командирінен бастап полк командиріне дейін баяндап, салтанатты түрде тапсырды. Ол оқиға қатарластарымның арасында беделімді көтеріп жіберді, газетке құрметім де артты.
Журналистикаға келу: білім іздеу, бәйге, шақыру
Сұрақ: Журналистік қызметке қалай келдіңіз?
Сүлеймен Баязитов: Әскерден келген соң біраз уақыт тұрақты жұмыс таба алмай жүрдім. Жетіжылдық біліміммен өзімді көп жерге қажетсіз сезіндім. Содан қой бағып жүріп, Павлодардағы малдәрігерлік техникумнан сырттай оқыдым.
Сол тұста жазба ақындар арасында мүшәйра өтіп, бағын сынадым. Сөздің парқын білетін ағаларым газетке шақырды. Қиындығы мол журналистикаға осылай келдім. Бұл жолда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы, белгілі журналист Шакрат Шалбаевтың көмегі көп тиді.
«Сарыарқа самалы»: шеберлікті шыңдаған кезең
Сұрақ: 1997–1999 жылдардағы кезеңді жиі еске аласыз ба?
Сүлеймен Баязитов: Әрине. Бұл — өмірімнің ең күрделі кезеңдерінің бірі. «Сарыарқа самалы» — шығармашылықтың нағыз қайнаған ортасы. Ол жаққа баруыма журналист Жанат Тұрғанбеков пен белгілі ақын Қажымұрат Смағұлов ықпал етті.
Редакцияның қызу тірлігі қаламымды ұштады. Ол кезде өндіріс орындары тоқырап, халықтың тұрмысы күрт қиындаған шақ еді — бұл тақырыптарды жазу да оңай болмады. Дегенмен сол арқылы ел басына түскен тауқыметті тереңірек сезініп, тарихқа ой жүгіртуге мүмкіндік туды. Мен үшін ең басты олжа — осы.
Сатираға келу: бір оқиға — бір жанрдың есігін ашты
Сұрақ: Оқырман сізді сықақшы ретінде де жақсы біледі...
Сүлеймен Баязитов: Иә, сықақ жанрында жазғаным бар. Бағасын оқырман береді. Бір кездері Оспанхан Әубәкіров пен Шона Смаханұлының шығармаларын жата-жастанып оқыдым.
Сықаққа келуіме бір оқиға себеп болды. Құдаммен соғым іздеп көрші ауылға барғанбыз. Біз іздеген ақсақал үй сыртында отыр екен: аты ерттеулі, өзі көйлегін шешіп алып, аударып-төңкеріп бірдеңе қарап отыр. Сөз арасында ол: «Жолмен бір мәшине келіп, алдына жүгіріп шыққан итімді қағып кетті. Кемпірім де кетіп қалған. Қиын жағдай болды», — деп мұңайып қалды.
Сол сәтте ойыма аяқ астынан мынадай шумақ орала кетті:
Құдай алып құнтымды, Сығып отыр ем битімді. Бір мәшине келді де, Қағып кетті итімді.
Үйге жеткенше жаттап келіп, қағазға түсірдім. Содан кейін сықақ өлеңдер жаза бастадым. Жазғандарым «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында жарияланып, сырттай танылды. Кейін «Көне қазақтың қыңыр қисыны» атты жинағымды шығардым, республикалық басылымдарға да жиі жарияландым.
Балалар әдебиеті: ұстаздардың ықпалы, баланың мінезі — шабыт көзі
Сұрақ: Балалар тақырыбына жазуыңызға не түрткі болды?
Сүлеймен Баязитов: Бұл — Алланың берген бір сыйы шығар: кейде әңгіме жазамын деп отырып балалар тақырыбына ауып кетем, сықақ жазамын деп отырып лирикаға түсіп кетем. Маған бәрі де жақын.
Балалар әдебиетіне бет бұруыма Есентай Ерботин ағамыз себепкер болды: «балаларға жазсаңшы» деп жиі айтатын. Павлодарға келген жазушы Бердібек Соқпақбаев та: «Сүлеймен, балалар тақырыбына да жазуды баста!» деп кеңес берді. Содан кейін көп іздендім.
Бір күні аудан орталығындағы Ленин көшесімен келе жатсам, балалар ойнап отыр: бірі күшігін, бірі мысығын мақтап, жарыса сөйлейді. Сол балғын қылық шабыт беріп, «Күшік» деген өлең сол жерде туған. Өкінішке қарай, қазір өлеңнің мәтіні жадымда түгел сақталмапты.
Жас қаламгерге жанашырлық: еленбеген еңбектің еңсесі түседі
Сұрақ: Қазір жас ақын-жазушыларға қолдау азайғандай көрінеді. Қалай ойлайсыз?
Сүлеймен Баязитов: Өте орынды мәселе. Бұл жағынан ұяттымыз. Жасымыз үлкен болса да, жастарға көрсетер мейірбандығымыз жеткіліксіз секілді. Проза мен поэзияға бет түзеген жастарды жиі назарға алмаймыз.
Бір жас қаламгердің жақсы өлеңін немесе әңгімесін оқып отырып, пікір айтуға, қуат беріп, шабыттандыруға келгенде баяулық танытамыз. Үміт күттіретін жастарды анда-санда болса да демеп отырсақ, артық болмас еді.
Тағдыр таразысы: сабыр мен қаламға адалдық
Сұрақ: Өмірдің ауыр сынақтары сізді қаншалықты шарпыды?
Сүлеймен Баязитов: Сұрағың ауыр. Өмірдің ең қатал соққысына ұшырамадым десем де, өзіме тән қиындықтардың болғаны рас. Бір қызығы: 70-ке келіп, үбірлі-шүбірлі болсам да, «мынау менің жеке шаңырағым» деп бір жайлы үйдің табалдырығын аттап көрмеппін.
Мұның бәрін өмір иірімінің бір қиыр-шеті деп қабылдаймын. Қаламды қару еткен адамның жолында кедергі аз болмайды. Мен оны Алланың сынағы деп түсінемін: сабырмен көтеріп, төзім таныту — азаматтықтың, адамдықтың өлшемі.
Не жағдай болса да, жан қалтамнан қағаз, қолымнан қалам түскен емес. Алғашқы балаң жырларым жылы пікір естімей, көңіл жабырқаған күннің өзінде де, қолды бір-ақ сілтеп кете салмадым. Бұл — әдебиетке адалдығым, журналистикаға жанашырлығым. Қалған ғұмырымда да әдебиетті серік етемін. Қазір де аздап жазып жүрген дүниелерім бар — Алла қуат берсе, оқырманға жолығар.
Әңгімелескен: Тілеуберді САХАБА
Кейіпкер: Сүлеймен Баязитов