Күлән Тәнтіні осы Сағынбекке таныстырмақ

(Диптих) 1. Сағындың ба?

Мамырдың мамыражай бір күні еді. Мал төлдеп бітіп, шаруа адамының қолы қалт босаған шақ. Сөйтсе де, ауылдың ұсақ-түйек тірлігі таусыла ма: істеймін десең екі қолға бір жұмыс табылады.

Гүлсім де үйде жалғыз отырудан жалығып, қора жаққа беттеді. Бадаға кеткен сиырлардың астын тазарту керек. Бұл өлкеде нағыз көктем мамырдың ортасына қарай ғана келетін. Сонда ғана Жер-ана бусанып, бауырын тіле еккен көкке нәр беріп, еркін тыныстап жататын.

Ұлының күпәйкесін киіп шыққан еді, көп ұзамай ыстықтай бастады. Басындағы орамалы көзіне қайта-қайта түсе беріп мазасын алды. Бірақ Гүлсім күпәйкені шешуге асықпады: көктемгі желге ерегісуге болмайды, ертең бүйірден ұстап қалса, әңгіме содан басталады.

Орамалының сулығы самалмен тербеліп, қытығын келтірген соң, Гүлсім оны оң жақ езуімен тістеп алды. Епсекті қолы күректі әрі-бері тез аударыстырып, үйреншікті ырғақпен қимылдайды. Бір мұңды әуен тіл ұшына келе берген. Сәлден соң өзінің сол әуенді жайлап ыңылдап жүргенін аңғарды.

Үйдің іші — үнсіздік, жүректе — сағыныш

Қыздарының бәрі тұрмысқа шыққан. Қазір әрқайсысы — бір-бір үй. Бірден-екіден жиен сүйгізіп отыр. Бірақ бәрі алыста. Анда-санда ғана артынып-тартынып келіп, апталап жатып кетеді. Сондай күндері Гүлсімнен сергек, Гүлсімнен самдағай адам жоқ: Темірбегі тірі күніндегідей жайнап, жасарып кетеді.

Амал не, қыздары кеткесін қайта құлазып қалады. Кеудесінен ел көшкендей боп-бос. Ал жалғыз ұлының санасына ештеңе кіріп-шықпайтын сияқты: ертелі-кеш бағатыны — қора маңы, кешкілік — мектептегі волейбол.

Анда-санда дастарқан басында әкесі туралы сөз бастаса, ұлы ілесіп те жарытпайды. Үнсіз тыңдайды да, басын салбыратып отырып-отырып, тұрып кетеді. Бірақ Гүлсім бұған ренжімейді. Соңғы кездері ұлының да жиі ойланатынын байқап жүр. Сырттай оқуға түскелі кітапқа үйір болып алды.

Сессия басталуына әлі жарты ай бар болса да, «киінемін, әпкелерімнің үйінде жатып дайындаламын» деп сылтау айтып, Алматыға алып-ұшып жөнелген. Анасының жалғыз қалатынына еті әбден өліп кеткендей.

Қора тазалап болған соң, Гүлсім үй іргесіндегі күншуаққа отырып алып, кір жууға кірісті. Үп еткен жел де жоқ, жайнаған жаз күні дерсің. Ешкім келетінін айтпаса да, ол алақанымен күнді көлегейлеп, көше жаққа ауық-ауық қарап қояды. Отағасы о дүниелік болғалы бері осындай әдет тапқан.

Әзірде бұл үйге Темірбек бардағыдай қонақ та жиі келмейді.

Көрші үйден жеткен ән

Гүлсімнің ойын көрші үйден жеткен ән бөліп жіберді. Қабырғасының жартысы әйнектелген Ақылбай көршінің үйінің ауызғы есігі ашық қалыпты, іштен әдемі әуен төгіліп тұр. Бұл үйде мектеп бітіретін Бану есімді қыз бар. Әлгінде ғана сабақтан қайтқанын көрген. Магнитофонды қосып, саз ойнатып жатқан сол болса керек.

Әуен біртүрлі... адамды елітіп барады. Гүлсім бұл әнді қайдан естігенін есіне түсіре алмай, біраз тұрды. Қолындағы сабыны кебе бастағанда ғана:

— Ойбуй, ән тыңдап немді алған? Шымылдығы желпілдеп тұрған жасқа ұқсап... — деп өзін жазғырып, шаруасына қайта кірісті.

Бәрібір әуенге елтуін қоя алмады. Мұның тілегін естіп қойғандай, ауыз үйден бұрымы жалт етіп көрінген Бану магнитофонның дауысын зорайтты. Енді ән анық естілді:

Тағдырға бағындың ба?

Жібек мұң жамылдың ба?

Мені аңсап, аяулым-ау,

Сен мені сағындың ба?

Са-а-ғындың ба? Са-а-ғындың ба?

Гүлсімнің тұла бойы түгел ұйып кетті. Көзі ашып, жас іркіледі. Ол қалт тұра қалып, қолынан тамшылаған суды да сілкімей тыңдай қалды. Мейрамбектің қоңыр дауысы жүрегін тілгілеп, жанын қозғайды. Әннің сөзін толық білмесе де, ернін жыбырлатып, іштей қосылған болады.

Жеңімен көзінің шарасына тұнып қалған жасты сүртіп тұрып та, құлағын ән жеткен жақтан алмайды. Әуен сорғалап барып кілт үзілгенде, Гүлсімнің іші де солқ етті. Өзіне-өзі келе алмай, отырған күйі жуып жатқан кірін әрі-бері аударыстырды. Қолы икемге келмей қалды.

«Бануға барып, осы әнді қайта қоюын өтінсем бе екен?» деп ойлады. Орамалын түзеп қойып, келесі әнді күтті. Алдындағы шаруасын да ұмытқан. Жалғыз адамда қайбір жуылмай жатқан кір болсын — кіршідегісі көрпенің сейсебі ғана.

Гүлсім әлгі әсерден айыға алмады. Ойнақтаған басқа әуен басталса, әсері быт-шыт болатындай көрінді. Үйіне асығып, табалдырықтан аттай бере тосылды: тағы да сол ән.

«Бану басынан қайта қойды ма екен?» деп көрші үйге бір қарап қойып, Гүлсім кірін сыға бастады. Қолы дірілдеп, икемге келер емес. Кірді сілкіп алып, кермеге жайып тұрып, көз жасына ерік берді.

Ішке сыймаған өкініш

«Тағдырға бағындым ғой мен, Темірбек... Бағынбасқа шарам қайсы? Дүниенің тар соқпағын даңғыл жолға енді айналдырдық деген тұста жалғыз тастап кете бергенің не?»

«Сен кеткелі мына дүниеге ұрлықы ниетпен қарап қалғандаймын. Езу тартып күлсем де, біреу бағып-аңдып тұрғандай қуыстанам. Жұмысымда да бұрынғыдай белсене қимылдау жоқ. Ел ішінде сөз өршиді деп қорқам: “Темірбектің әйелі күйеуі өлгелі белсеніп кетіпті...” деген өсекке жем болғым келмейді. Сенің атыңа күйе жаққым келмейді.»

Кірқыстырғышты қыса ұстап, көзінен жас сорғалап тұрғанын бір-ақ аңғарды. Апыл-ғұпыл жан-жағына қарап, ешкім көрмегеніне көзі жеткен соң, тез басып үйге кіріп кетті. Көңіліне алаң кіргені анық.

Көп ұзамай сыртқа қайта шықты. «Сағындың ба?» әлі төгіліп тұр екен. Гүлсім Банудың бұл әнді бір таспаға түгел жазып қойғанын ұқты.

Ақылбайдың үйі мен өз үйінің арасында шағын бақша бар. Гүлсім бақша өсіруде кәнігі маманға айналып келеді: жыл сайын түрлі жеміс-көкөніс ұрығын әкеліп, өсіріп көреді. Күн сайын арам шөбін жұлып, суарып жүрсе де, дәл қазір таспа айналып біткенше сонда түртінектеп отырғаны жөн сияқты. Сырт көзге — жай ғана арам шөп жұлып отырған әйел.

Гүлсім жаратылысынан қайратты еді. Жан жарын ақтық сапарға шығарып салған соң, тарс бекінді. Содан бері көз жасын ешкімге көрсеткен емес. Көңіл айтып келгендердің де шын көңілін, жалған қабағын іштей таразылап алатын болған.

Көңіліне жалғыз медеу — Темірбек туралы жылы сөздер. Жиырма жеті жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешсе де, ерінің өзі сезіп-білмеген адамшылық қасиеті көп болғанын енді ғана түсініп жүр. Дегенмен әйелдің аты — әйел: ешкім жоқта өз-өзінен босап, айқайлап тұрып жылап алғысы келеді.

Ұлының тіршіліктің қызығын енді татып келе жатқанын түсінеді, сондықтан оның санасына жүк артқысы келмейді. Уақыт өте ұлы әкесі жайлы көбірек білуге құштар болар. Оның үстіне, бесіктегі бала емес — білдей студент.

Гүлсім онсыз да жүйегі айнадай болып жатқан сәбіз өскіндерінің тұсында шұқынып біраз отырды. Жұлатын арам шөп жоқ: кеше ғана тазартып, суарған. Құлпынай отырғызған тұсқа барды — онда да бейсауат тамыр байлаған сабақтар аз екен. Әннен құлағын алмай, жүйектен шығып кеткен бірлі-екілі сабақты бырт-бырт үзіп қойды.

«Сені өледі деп ойласам неғыл деймін, Темірбек... Әр таңда аяқ-қолың семе бастағанын сезіп оянсам да, жазылып кететініңе сеніп жүрдім.»

«Көңіл сұрай келген кісілерді жақтырмайтын мінезің бірте-бірте маған да жұқты. Бәрі сені табалайтындай, дәрменсіздігіңнен ләззат алатындай көрініп, өз-өзімнен қорғанып, іштей шытынайтын болдым. Бірақ сенің алдыңда әлсіздігімді көрсетуге қақым жоқ еді.»

Әнші бір сәт аялдап, иірімі терең саз шалқығанда, Гүлсім өз-өзімен қайта сөйлесті:

Қоштасуды кеш ұққан сәт

«Мен сені өлімге қимадым, Темірбек. Күндердің күні құлан-таза айығып, тең басып кететіндей көріндің де тұрдың. Ауру шығып бітуі үшін ағзаң әуелі әлсіреп, сосын ғана күш алады деп ойладым. Сол әлсіреу — мәңгі айырылыстың басы екенін түсінбеппін...»

«Бір күні қасыңа шақырып, қалам-қағаз сұрап, айтқаныңды жазып отыруымды өтінгеніңде де, өлім туралы ойлаған жоқпын.»

— Жылдардың түрдім желкенін,

Тентектеу едім, ерке едім.

Түнек боп төніп тұр қарап,

Келмейтін мәңгі ертеңім.

Тірліктің тылсым аралы,

Барады тастап жағаны.

Жалғанның нұрын қия алмай,

Жанарым сөніп барады...

«Сенің қоштасып жатқаныңды сонда да сезбедім. Екі ауыз өлеңді қайта-қайта оқып түсіне алмадым. Түсініп-ақ тұрдым, бірақ сенгім келмеді.»

Ертеңіне ортаншы қызының шошынған даусынан селк етіп оянды. Темірбектің жанары ештеңеге тұрақтай алмай, шарасынан шыға алайып жатыр екен. Тілсіз. Көрші үйден молда да келе қалды. Балалардың бәрін сыртқа шығарып жіберді. Ернін жыбырлатып, кәлима қайырды.

Су алдырып, басын сүйеп отырып ұрттатты. «Қарағым, берік бол. Азаматың мәңгілік мекенге аттанып барады», — деді. Гүлсім «А-а?» депті. Ештеңе түсінбейді. Басы дуылдап барады.

Молда: «Қосағыңның жанын қинама. “Қидым” деп айт. “Қидым” де», — деді. «Қалай қиямын мен?»

«Мен сол кезде сол бір ауыз сөзді — қарғыс атқыр “қидым”-ды айтпасам, сен өлмес пе едің, Темірбек?..»

Гүлсім жұдырығы ауырғанына қарамастан, кесек топырақты салып-салып қалды. Орамалының сулығымен көзін басып алып, тағы ұзақ отырды. Өксік жан-жүйеден бір-ақ шығып, екі иықты селкілдетіп барып көмейден ақтарылды.

Ұзақ өксіді. Орнынан әзер көтеріліп, үйге беттеді. Қадамы қалт-құлт, теңселе басып келеді. Үйге кіріп, бетін жумақ болып еңкейгенде, қолжуғыштың айнасынан өз бейнесін көрді: екі көзі бұлаудай ісіп кетіпті. Өзін қинай жымиды. Іші босап қалғандай.

Өксігі басылып, көзінің ісігі қайтқан шақта, Гүлсім Ақылбай көршінің үйіне аяңдады. Ән мана тыншығандай еді, енді тағы төгіліп тұр.

Гүлсім кіргенде, өспірім Бану ауыз үйдегі төр көрпеде шалқасынан жатыр екен. Көзін жұмған күйі әнге қосылып, ыңылдап «Са-а-ғындың ба?» деп құбылта созып, басын ырғаққа билетіп қояды.

Аяқ дыбысынан Бану көзін шалт ашқанда, Гүлсім алға ұмсына беріп, оның қолынан ұстап:

— Банужан-ай, рахмет саған! Бір жеңілдеп қалдым-ау, — деді.

Бану түк түсінбеді. Көрші апайының ісіңкі көзін бір шолды да, аң-таң болып қала берді.

2. Түсіну

Күлән бұл туралы ешкімге айтпауға бекінді. Ойша кіммен ақылдасу керегін салмақтап көргені рас. Бірақ құрбыларының ешбіріне бұл мәселеде сенім білдіре алмайтынын білді. Әйел деген — әйел: ертең сәл сөз шықса, қамысқа тиген өрттей қаулап жүре береді.

Одан да алдымен Тәнтінің тамырын басып көрсін, арғы жағы бірдеңе бола жатар.

Күлән Тәнтіні қатты аяйды. Мына заманда алты баламен жесір қалуды Алла ешкімнің басына бермесін. Тәнті жыл жарым аралатып, құрсағы құрғамай бала көтеріп, айналасы он-он бір жылдың ішінде алты баланың анасы атанып шыға келді.

Ері Әудембек те азаматтың азаматы, ердің ері еді. Тәнті екеуі шаңырақ көтергенде үрерге иті, сығарға биті жоқ-тын. Екеуінің ел қатарына ілігіп, жұрт үлгі тұтар отбасы атала бастағаны да соңғы жылдар болатын.

Әудембекке кесел кенет жабысқан. Кейінгі бір жылда екі иығымен есіктің жақтауын сындырып кірердей азаматтың құр сүйегі ғана қалған. Ақыры ауру алып тынды. Алты баласымен аңырап Тәнті қала берді.

Жесірліктің жүгі

Алғашқыда Күлән жиірек барып, Тәнтінің көңілін аулап отыратын. Тәнті тез босайды: Әудембектің аты аталмақ түгілі, ол ұстаған бір заттың ретсіз жатқанын көрсе де, көз жасына ерік береді.

Бірде ортаншы ұл Ахмет Әудембектің шалғысымен қалақай шаппақ болып, абайсызда сабын сындырып алыпты. Шалғының бөлек жатқан басына бір, сабына бір қарап, Тәнті ал кеп егіліп, ұзақ жылады.

Күлән жұбатпақ болғанда, көрші кемпір: «Ішін босатып алсын, ерік бер», — деп тоқтататын. Әудембек қайтыс болғаннан кейін Тәнті бір жыл бойы ауылдан аттап баспады. Жиын-тойға да бармады.

Анда-санда сенбі не жексенбіде балаларын жылы киіндіріп, ауылдан едәуір қашықтағы зиратқа бет алатын. Бір-екі рет Күлән де еріп барды. Тәнті Әудембектің қабіріне жетіп, топырағын уыстап отырып тына қалады. Көзінен жас парлап, ақыры шыдай алмай дауыс салып жібереді. Ескі мақаммен сай-сүйегіңді сырқыратып, ерін жоқтайды.

Мұндайда әр жерде үрпиісіп тұрған алты бала не істерін білмей қалады: бірі жанарымен жер шұқып, бірі түймесін айналдырып, әбігерге түседі. Мектеп бітіргелі жүрген Аққал ғана анасының қасына отыра кетіп, Тәнтіні кішкентай көкірегіне қысып жұбататынын көргенде, кімнің кеудесін өксік кернемесін.

Күлән сонда ғана ес жиғандай болып, Тәнтіге таяп:

— Жаным, құрбым-ау, сабыр етші. Балапандарыңды аяшы. Қабір басында жыламайды дейді ғой. Азаматыңа ауыр болады. Тыйылшы, — дейтін.

Тәнті әбден босап, екі иығы ғана селкілдеп қалған кезде домбыққан көздерін жасырып, жерге қарағыштап, пісіріп келген шелпектерін шығарып, шағын дастарқан жаяды. Аққалдан өзге бес бала осы кезде зират ішін аралап, туыс ата-әжелерінің қабірінен топырақ алып жүреді.

Естияр болып қалған Тәуірбек өзгелеріне әмір беріп, үйден әкелген орамалдармен құлпытастардағы шаңды, құс саңғырығын сүрткізеді. Сосын бәрі Тәнтінің қасына жайғасып, ананың күбір-күбір дұғасынан кейін кішкентай қолдарымен бет сипап, дастарқандағы шелпекті таласа-тармаса жеп алады.

Үйге қайтарда, бала емес пе, ересектеу Аққал, Тәуірбек, Рахметтен басқа үшеуі құлдыраңдап жарыса жөнеледі. Тіпті кенже қыз Қамар да бантигі желбіреп ағаларының артынан жүгіреді. Олар әудем жерге барып ентігін басып тұрған кезде, Тәуірбек жылдамдата жетіп:

— Тойдан келе жатқан жоқсыңдар ғой. Үйге дейін шыдасаңдар болмай ма? Үйге қарай жүгіруге болмайтынын да білмейсіңдер ме?! — деп жекитін.

Ондайда Ахмет, Дәуірбек, Қамар үшеуі де қателігін шын мойындап, аналарының қабағын бағып, үйге томсарып жететін.

Тәнтінің тірлігі: ұқыптылық пен төзім

Алты баланы киіндіріп-ішіндіру Тәнтіге оңай болған жоқ. Колхоз тарағанша ол бас есепші болды, тараған соң мектепке ауысты. Есеп-қисапқа тастай екенін бүкіл ауыл біледі: мұғалімдердің жалақысын ауданнан уақытылы әкеліп, у-шусыз, соңғы тиынына дейін түгендеп, әркімнің қолына дәл ұстататын.

Аудандағылар да оның ұқыптылығын біледі. Тәнті келгенде: «Таубұлақтың Күлмесханы келіпті, соны бірінші жіберейік», — деп қағаздарына тез қол қойып, мөр басып шығарып салатын.

Жұрт сыртынан ат қойып, пыш-пыш сөз айтса да, Тәнті сабырлы қалпынан танбады. Тек бұрынғысынан тұйық, бұрынғысынан бұйығы.

Әудембек қайтқанына екі жыл өткенде ғана тойға барды. Ауыл Тәнтіні әнші деп білетін, бірақ енді қолқалап ән айтқыза алмайтын болды. Құрдастар арасындағы түрлі отырыстарға да ол көбіне балаларының бірін ертіп келеді.

Отырыс бітіп, келіншектер күйеулерінің киімін іздеп, біреулері қызып қалғандарды сүйемелдеп жатқанда, Тәнті сол үйдің балаларының ортасында ұйықтап қалған өз баласын оятып әлек болады. Ондайда әлде Рахметі, әлде Ахметі, әлде Дәуірбегі не болып жатқанын түсінбей, тыныштығын анасы бұзғанына ренжіп, пәлтесінің жеңін таппай біраз әуреге салады.

Колхоз тарағалы бұрынғыдай тегін келіп жатқан дүние жоқ, жұрт жанбағыс үшін жанталасты. Сол кезде Тәнті де қатты қиналды. Жүгіріп жүріп, ауылға таяу жерден шабындық алды. Егістік бәрібір қашық. Өзі жұмысын тастай алмайды, ал бұрын Әудембегі барда шалғы ұстап, тракторшыға қолқа салып жүріп жер жыртқызып, егін еккізіп көрмеген. Бар салмақ ересектеу Тәуірбек пен Рахметке түсті.

Көктемде егіске, жаз ортасында шабындыққа, күзде ораққа анасы үшеуі жүгіретін болды. Күлән бір-екі рет Тәнтінің шалғы тартып жүргенін көрді: бүкшең-бүкшең, аяғы артқа, кеудесі алға кетіп, қара сорпа терге түседі. Шалғыны түзу тартамын деп, басын жерге қадап алатын кезі жиі.

Ондайда Тәуірбек пен Рахмет өздерінше намыстанып:

— Апа, сіз шай қайнатып отырсаңыз болды емес пе? Жұмыс істегіңіз келіп шыдамай бара жатсаңыз, кепкен боразданы қоғамдап, шөмеле салуға ыңғайлай берсеңізші, — дейтін.

Осының бәрін көре жүріп, Күлән бір ойға бекіді. Өздерімен құрдас, бірер жас қана үлкен Сағынбектің әйелі қайтыс болғалы бес жыл. Екі баласы да студент, қалада. Сағынбектің де күйі кеткен: киімі салпылдап, уақтылы ыстық ас ішпей, жайы келмей жүргені байқалады. Бірақ өзі ақкөңіл.

Колхоздан еңбегіне тиген «Газигін» күні-түні салдырлатып айдап, біреудің шөбін, біреудің отынын түсіріп береді, енді біреудің көшін көшіреді — қолы босамайды. Көктем мен күзде ауылдағы жалғыз комбайнның иесі болған соң, егін егіп, орудан да тынбайды. Ауылдастар егін орғызу үшін кезекке тұрады. Кейін еңбегінің ақысынан бөлек, «амандық» деп алып қоятыны болмаса, Сағынбек жаман адам емес.

Күйеуімен құрдастығын пайдаланып, Сағынбек Күләннің қитығына тигенді жақсы көреді. Ал Күлән болса Тәнтіні осы Сағынбекке таныстырмақ. Бір ауылда тұрған соң, бұрыннан-ақ таниды ғой. Екеуі неге жараспасқа? Қартайып тұрған жоқ: бірі — елуге таяу, бірі — қырықтан жаңа асқан.

Кездейсоқ емес, әдейі ұйысқан сәт

Күлән мен Тәнті аудан орталығының шеткі көшесінде көлік күтіп тұрды. Олардың ауылына енді автобус жүре қоюы екіталай. Тәнті кешкі автобусқа бір-ақ шығайын дегенде, Күлән қоймай осында ертіп әкелген. Таңертең Сағынбектің «Газигімен» орталыққа тартқанын көрген: әне-міне ауылға қайтуы керек, кабинасында бөтен ешкім болмаса игі.

Көше басынан қылт етіп көрініп, зорая берген көліктің Сағынбектікі екенін танығанда, Күлән іштей қуанып кетті. Қасында ешкім жоқ екен.

Сағынбек газды ойбайлата басып жақындады да, Күлән мен Тәнтіні тани кетіп, шиқылдата тоқтады. Оң жақтағы есікті шалқасынан ашып жіберіп:

— Біздің ауылдың сұлулары, қалай, жұмыстарың бітті ме? Кеттік! — деді қуана.

Күлән әдейі табанының балшығын сүрткендей аялдап қалды: Тәнті Сағынбектің қасына отырсын дегені. Қасақана әуреленіп, Тәнтіге көз тастап еді, ол қалшиып тұр екен.

Сағынбек күліп:

— Әй, әй! Менің «Газигім» — «Тойота» емес, міндетті түрде аяқ тазалап кіретін. Кәне, отырыңдар! Қайта ауыздарыңды басып, бастарыңды тұмшалап отырмасаңдар, шаңға көмілесіңдер, — деді.

Оның ойында ештеңе жоқ. Тәнтінің бәрібір қозғалмайтынына көзі жеткен соң ғана, Күлән бірінші болып көлікке аяқ артты.

Ауылға жеткенше Тәнті олардың...