Шетел тілі

Жаһандану дәуіріндегі білімнің орны

Жаһандану заманында білім мен ғылым әрдайым бірінші орында. Мемлекетіміздің дамып, кемелденуі сапалы біліммен тікелей байланысты: дәл сол білім ғана болашаққа бастайтын берік кілт.

Арман мен мақсат тоғысқан тұста таңдау мен талғамның мәні артады. Менің саналы таңдауым — Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Негізгі тұжырым

Бүгінгі сапалы білім — ертеңгі жарқын болашақтың іргетасы.

ҚазҰУ: мәртебе, мүмкіндік, орта

Басты арманым — осы университеттің қабырғасында білім алып, студенттік жылдарымның мәнді де қызықты күндерін өткізу еді. Қуанышқа орай, арманым орындалып, өз мақсатымның бір белесіне жеттім.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — ерекше мәртебесі бар, Қазақстанның жетекші классикалық университеті. Ол кәсіби білім мен ғылымды инновациялық дамытуда ұлттық көшбасшы ретінде танылған, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығын алғаш иеленген оқу орны.

Факультет саны

15

Даярлайтын бағыттар

180

Факультет және шығармашылық дәстүр

Менің факультетім — Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті. Бұл ортадан талай танымал, дарынды түлектер түлеп ұшқан.

Танымал түлектер

  • Мұхтар Әуезов
  • Зейнолла Қабдолов
  • Әбіш Кекілбаев
  • Дулат Исабеков
  • Нұрлан Оразалин
  • Тұрсынбек Кәкішев
  • Рымғали Нұрғали
  • Мәулен Балақаев
  • Сұлтанғали Садырбаев
  • Гүлнар Дусматова
  • Балғынбек Имашев
  • Мұхамеджан Тазабеков
  • Жанна Қуанышева және т.б.

Факультетіміз университет ішінде «екінші өнер ордасы» деген атаққа ие. Мұның себебі — түрлі шараларды ұтымды ұйымдастырып, білім мен өнер сайыстарында студенттердің әрдайым алдыңғы қатардан көрінуі.

Кафедра: ғылым, тәжірибе және халықаралық байланыс

Біздің кафедрамыз — Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы. Университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысы мен әріптестігін дамытуда кафедраның үлесі зор.

Теория мен тәжірибені ұштастыру мақсатында кафедрада бірнеше ғылыми үйірме ұйымдастырылған. Бұл үйірмелер студенттердің зерттеу мәдениетін қалыптастырып, кәсіби бағыт-бағдарын нақтылауға көмектеседі.

Мамандығым: «Шетел тілі: екі шет тілі»

Қазіргі таңда меңгеріп жатқан мамандығым — «Шетел тілі: екі шет тілі». Бұл — бакалавр деңгейінде академиялық білім беретін, жоғары білікті мамандар даярлайтын бағыттардың бірі.

Мақсат пен мән

Көптілді ортаға үлес

Екі шет тілін меңгеру арқылы еліміздегі үш тілді еркін меңгерген азаматтардың қатарын арттыру.

Халықаралық қарым-қатынас

Өзге елдермен байланыс тілдерін дамытуға, кәсіби коммуникацияны күшейтуге ықпал ету.

Оқыту бағдарламасы негізінен педагогикалық бағытқа басымдық береді. Сондықтан бұл мамандықты тәмамдаған түлектердің көбі ұстаздық қызметті таңдайды.

Педагогикалық тәжірибе: алғашқы кәсіби қадам

Биыл наурыз және сәуір айларында мен Атырау облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында педагогикалық тәжірибеден өттім. Тәжірибе барысында 6–7-сынып оқушыларына ағылшын тілінен сабақ бердім.

Педагогикалық тәжірибеде ұстаздарымнан алған білімімді саралап, сабақтың нәтижелі болуы үшін тиянақты еңбек етуге тырыстым. Ашық сабақтарымда заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға мән бердім.

Сонымен қатар оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында дөңгелек үстел және бірнеше тренинг өткіздім.

Ескерер ой

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер оң нәтиже беруі үшін мұғалімдер аянбай тер төгуі керек.

Қорытынды: жауапкершілік пен үміт

Ел болашағы — жастардың қолында. Бірлікпен атқарылған іс берекелі: жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан мен де Қазақстанның болашағына, қазақ білімінің өркендеуіне өз үлесімді қосу жолында қолымнан келгенше еңбек етемін.

Автор

Мырзахметова Жанар Мұратқызы

ҚазҰУ, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті, 3-курс

Практика жетекшісі

Әлиакбарова Айгерім Тілесбекқызы