Сұрапыл соғыс
Мұзафар Әлімбаев — Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан өткерген қаламгерлер шоғырының көрнекті өкілі. Ол Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында (Маралды атырабында) дүниеге келген.
Әнші-күйшілер мен ақын-жыраулардың думаны үзілмеген ортада өсіп, саз бен сөздің нәрін бала кезінен бойына сіңірді. Мұзағаң бес жасында әріпті танып, кітап оқуға кіріссе, алтыншы сыныпта бір қыста ауыл кітапханасындағы 150-ден аса кітапты оқып шыққан. Бауырсақ ертегісінен бастап батырлар жырына дейін, тіпті А. С. Пушкиннің төрт томдығын да тауысыпты.
Негізгі бөлімдер
Жетімдік
Мұзафар Әлімбаев әкесінен сегіз жасында, анасынан он үш жасында айырылып, жетімдіктің зілін ерте сезінді. Ол 1932–33 жылдардағы алапат аштықты сырттай бақылап емес, өз басынан өткерді.
1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін кезінде халықтың зиялы ұл-қыздарының зорлық-зомбылықпен жазықсыз жазаға тартылғанын көріп, үрейлі кезеңнің ауыр салмағын жүрегімен түйсінді. Осы шақта тырнақалды өлеңдерінің бірі дүниеге келеді.
Өкінемін ерте өмірдің өткеніне,
Көре алмай қызығымды кеткеніңе.
Өзгелер өз баласын еркелетсе,
Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?!
Сұрапыл соғыс
Соғыс басталғанда Мұзафар Әлімбаев он сегізге енді толар-толмаста еді, педучилищені жаңа бітірген. Ол соғыс комиссариатына бірнеше мәрте арыз бергенімен, бастапқыда қабылданбайды: үкімет ұлттық құрамалар әзірлеп жатқандықтан, шақыру кейінге қалдырылған.
Майдан жолы (қысқаша)
- 1941 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылды; Павлодар → Семей → Талғар бағытында дайындықтан өтті.
- 120 мм миномет дивизионында қызмет етті; үш жарым айдай қатардағы жауынгер болды.
- Кейін саяси жұмыстар жөніндегі жетекшінің орынбасары (замполитрук) міндетін атқарды.
- Калинин майданында Ржев түбіндегі ұрыстарға 1942 жылдың қарашасынан қатысып, 1943 жылдың шілдесіне дейін шайқасты.
- Саяси қызметкерлер институты таратылған соң командирлікке даярланып, танк батареясының командирі болды.
- Соғыс аяқталғаннан кейін Шығыс Германияда әскери қызметін жалғастырып, елге 1948 жылы оралды.
Майданда туған көптеген ақындардың бірі ретінде Мұзафар Әлімбаевтың алғашқы әскери өлеңдерінің бірі 1944 жылғы 17 сәуірде Балтық майданының «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланды. Ол өлең Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинге арналды.
Ақын «Ту тіккен» дастанында Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту қадаған Рахымжан Қошқарбаевтың жан дүниесін, қаһарман ерлігін шабытпен жырлайды. Ал «Жүрек лүпілі» кітабында Отан соғысының отты күндері мен қазақ жерінің тынысы кеңінен суреттеледі.
Соғыстан кейін жазылған «Қарағанды жырлары», «Менің Қазақстаным», «Естай — Қорлан» секілді туындылары сол кезеңдегі қазақ поэзиясының шынайы табыстары қатарында аталады. Майданнан ол уақыттың қадірін, өмірдің бағасын, Отанды қастерлеудің мәнін ұғынып оралды.
Ақындық бақыты
Мұзафар Әлімбаевтың ақындық бақыты туралы сөз қозғағанда, оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегін ерекше атау керек. Тарихы қырық жылға жуық «Балдырған» журналын ұйымдастыруға атсалысып, оны 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін үлкен ырыс болды.
Журнал арқылы әлемдік балалар әдебиетіндегі дәстүрлер мен ізденістер қазақ оқырманына жол тапты. Балаларға бүкіл шығармашылық қуатын арнайтын шынайы балалар қаламгерінің мектебі қалыптасты.
Қаламгерлік қыры
М. Әлімбаев тек балалар ақыны ғана емес: ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы және ұйымдастырушы. Әдебиетте бейім мен табиғи талантсыз табыс жоқ екенін ол өз жолымен дәлелдеді.
Қазақ балалар әдебиетін дамытуға арналған еңбектерінің қатарында «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ — олақ», «Шынықсаң — шымыр боларсың» сияқты кітаптары бар. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұзафар Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинап, зерттеп, басқа халықтардың нақыл сөздерін қазақ тіліне аударумен де жүйелі түрде айналысты. «666 мақал мен мәтел», «Мақал — сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз — ортақ қазына» тәрізді еңбектері осы бағыттағы ізденістерін айқындайды. Оның өлеңдері 38 тілге аударылған.
Шығармалары
Таңдамалы және жинақтары
- Шығармалар жинағы: екі томдық
- Таңдамалы: екі томдық
- Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар
- Көңіл күні (таңдамалы)
Балаларға арналған кітаптар мен топтамалар
- Ақсерек те көксерек (тақпақтар, дастандар, ән-өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар)
- Аспандағы әпке (өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар)
- Аулақ бол жаман әдеттен (балабақша және бастауыш сыныпқа арналған)
- Балдәурен, шіркін, балалық (өлеңдер, әндер, ойындар, аңыздар, ертегілер, дастандар)
- Биікке, биікке (балаларға арналған өлеңдер)
- Екі тақтай — бір көпір (өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер)
- Қоянның құлағы неге ұзын? (өлеңдер, аңыздар, мысалдар, жұмбақтар, жаңылтпаштар)
- Өскеніңді ел көрсін (өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар)
Поэзия, эссе, зерттеу
- Жауқазын (дастандар мен өлеңдер)
- Жолдар — жырлар (өлеңдер)
- Жүрек лүпілі (өлеңдер мен поэма)
- Құрбыма (өлеңдер. Лирика)
- Менің Қазақстаным (поэма)
- Өшпес от (дастан мен өлеңдер)
- Сен дегенде (өлеңдер, балладалар, мысалдар)
- Сүймеген жүрек семеді (өлеңдер, балладалар, нақылдар)
- Ту тіккен (поэма мен өлеңдер)
- Қарағанды жырлары (өлеңдер)
- Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның (естеліктер, эсселер)
- Көңіл күнделігінен (эссе, зерттеулер)
- Көргендерім көңілде (деректі эссе-очерктер)
- Қалам қайраты (эсселер, сын мақалалар)
- Толқыннан толқын туады (зерттеулер, эссе, естеліктер)
- Өнерпаз (эссе, естеліктер, ой-толғамдар)
Мақал-мәтел, нақыл, тәлім
- Ер айнасы — еңбегі (еңбек туралы мақалалар мен нақылдар)
- Өрнекті сөз — ортақ қазына
- Халық — ғажап тәлімгер (қазақтың мақал-мәтелдері, қара өлеңдері)
- Отанның орны — жүректе (Қазақстан туралы толғамдар, эсселер)
- Тәрбие туралы әңгімелер
- Хас батыр Қасым Қайсенов
Әскери атағы
Мұзафар Әлімбаевтың әскери атағы — капитан.
Қазақстанның болашағы туралы болжамы
«Біздің Қазақстан болашақта қуатты, егеменді, шынайы демократиялық, мәдениеті жоғары, әлемдегі алдыңғы орындардың бірін алатын мемлекетке айналады».
Хоббиі
- Сөзжұмбақ пен сканворд құрастыру және шешу.
- Әлем халықтарының мақал-мәтелдерін жинау, оларды қазақ тіліне аудару.
Отбасы
Жұбайы
Сүлейменова Шапау — тарихшы, орта мектепте мұғалім болған.
Балалары
- Арнұр — энергетик
- Жаннұр — мүсінші
- Баламер — сәулеткер
Немерелері
- Ая — журналист
- Әсел — дизайнер
- Бахтияр — студент
- Әсет — студент
- Жәнібек — студент
- Балнұр — оқушы
Мұзафар Әлімбаев 2007 жылы қайтыс болды.
Фильмдер
1994 — «Алаш туралы сөз»
- Режиссер
- Қ. Умаров
- Жанр
- Деректі фильм
- Өндіріс
- Қазақтелефильм
2009 — «Алашорда»
- Режиссер
- Қ. Умаров
- Жанр
- Деректі фильм
- Өндіріс
- Қазақфильм (Шәкен Айманов атындағы)
Пайдаланған әдебиет
- Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010. ISBN 9965-26-096-6.
- Қазақстан Республикасында «Кімнің Кім екені». 2011. 2 томдық анықтамалық. Алматы, 2011. ISBN 978-601-278-473-2.