Иван Иваныч, кәнеки

Әумесерліктің әлегі

Қанден мен көпек төбеттен туған, түлкі тұмсық, тексіз сары дүрегей тротуар бойымен әрі-бері бүлкектеп, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Анда-санда тоқтап, табанынан ызғар өткендей аяғын алма-кезек көтереді де, «Япыр-ау, мен қалай адасып кеттім?» дегендей қыңсылап қояды.

Ол таңның атқанын да, күннің батқанын да, тіпті бұрын аяқ баспаған бейтаныс көшеге қалай тап болғанын да шамалап біледі. Таңертең балташы Лука Александрыч құлақшынын милықтата киіп, қызыл шүберекке оралған әлдебір затты қолтығына қысты. Дүрегей тақтай сүргілейтін жаңғырық астындағы ағаш үгіндісінде жатқан еді. Сол сәтте: «Каштанка, кеттік!» деген таныс дауысты естіп, жылы орнынан атып шықты да, рақаттана керіліп, иесінің соңынан салпақтап ере жөнелді.

Каштанканың өкініші

Жол бойы өзін шектен тыс тентек ұстағанына енді ғана өкініп келе жатқандай. Біресе конканы қуалайды, біресе бейтаныс аулаларды тіміскілеп, абалап өзге иттерге жармасады. Ал Лука Александрыч жиі-жиі тоқтап, қайта-қайта зекіп ұрысатын.

Лука Александрычқа жалға жұмыс тапсыратын адамдар алыс тұратын. Солардың әрқайсысын бір шолып шыққанша балташы талай трактирге кіріп, сусын қандырып алатын. Қызара бөртіп, сызданып: «Сеспей қат!.. Сеспей қатқыр албасты…» деп құлағынан тартқанын да Каштанка ұмытпады.

Шаруа жайын түгендегеннен кейін Лука Александрыч жолай қарындасына соқты, ол үйден де ішерін ішіп, жерін жеп шықты; содан соң танысына кірді, танысынан шығып трактирге, трактирден соң құда-құдағи, жегжат аралап кетті. Ақыры Каштанка бейтаныс көшеге жеткенде қас қарайып, балташы меңдуана жегендей өлі мас еді.

Екі қолын дамылсыз ербеңдетіп, әлденені күбірлей береді: «Құдай ана құрсағында ақымақ етіп жаратқан соң қайтерсің! Еһ, күнәһармыз ғой… көше-көшенің шамдалын санап келе жатқан түріміз мынау…»

Кейде құдды қайырымды жан секілді Каштанканы қасына шақырып, кәдімгідей-ақ шүйіркелеседі: «Сен елірме… сен бар болғаны хайуансың. Ал хайуан мен адамның арасында ісмер балташы мен көк инені көлденең түрте білмейтін етікшідей айырма бар…»

Екеуі осылай келе жатқанда аяқ астынан гүмпілдеген музыка құлақ тұндырып жіберді. Каштанка жалт бұрылып еді, көшені тепкілеген бір полк солдат баса-көктеп келеді екен. Мұндай жат үнді бұрын естімеген ит кірерге тесік таппай, ақыры сасқанынан қыңсылап жіберді.

Ең таңданарлығы — балташы байбаламдап сасқан жоқ: ыржалаңдап күлді де, бес саусағын самайына тіреп, қалшиып қатып қалды. Иесі тыймаған соң Каштанка даусын одан сайын боздатып, екі-үш мәрте ұлып алды да, жын қаққандай келесі беттегі тротуарға безе жөнелді.

Есін жиғанда музыка өшіп, полк көзден ғайып болған. Каштанка көшені қайта кесіп өтіп, баяғы орнына келсе — балташы зым-зия жоқ. Әрі жүгірді, бері жүгірді, арам тер болып көшені сан қиып өтті: Лука Александрычты жер жұтып қойғандай.

Ізін табармын деген үмітпен соқпақты иіскеп еді, әлдебір су жаңа калош киген сұмырай шиырлап таптап кетіпті. Сасыған резеңке иісінен танауы тарс бітеліп, мысы құрыды.

Қараңғылық пен қар

Көз байланды. Көшелердің екі қапталындағы шамдар сықсиып жамырап жана бастады, үй-үйдің терезелерінен сығырайған от көрінді. Жапалақтап қар жауып тұр; тас көше ақ көбікке малынып, ат біткен ақ жабу, арбакеш атаулы ақ қалпақ кигендей. Қараңғылық қоюланған сайын дүние де ағараң тартты.

Ерсілі-қарсылы сапырылысқан жұрттың аяғынан ығысамын деп Каштанканың басы айналып, ештеңені аңғарудан қалды. Ол адамдарды екі-ақ топқа бөлетін: қожайындар және тапсырысшылар. Қожайынның ұрып-соғуға қақысы бар, ал тапсырысшылардың анда-санда тақымын тістеп қоюға болады деп ойлайтын.

Әлдебір подъезді паналап, ұзақ сыңсып жылады. Күні бойы салпақтап еріп шаршаған, суық сорған табаны мен құлағының ұшы тызылдайды, үстіне әлі нәр татпаған.

Ұзақты күнге екі-ақ рет ауыз қыбырлатқан: таңертең таныстың үйінде азғантай клейстер, одан кейін трактирден тімтініп жеген шұжық қабығы — аш құрсаққа жұғын болсын ба. Егер Каштанка адам болса: «Бүйтіп кешкен өмір құрысын! Атылып өлгеннің өзі артық!» дер еді.

Жұмбақ бейтаныс

Бірақ ойлануға шамасы келмеді — тек жылап жатты. Жапалақтаған көбік қар бас-көз демей тұмшалап барады. Ес кетіп, жан шыққанда ғана кірпігі айқасып еді, кенет подъездің ілмегі сылдырлап, есік сықырлай ашылды да, бөксесіне сарт етіп жабылды. Каштанка атып тұрды.

Ар жақтан бір адам шықты. Каштанка қыңсылап аяғына оралған соң, ол да елемей кете алмады. Еңкейіп келіп: «Көпегім-ау, сен мұнда қайдан жүрсің? Бір жерің ауырып қалды ма? О, бейшара… Жә, ренжіме, кешір…» деді.

Бейтаныстың кейпі

Қар кептелген қас-кірпігінің астынан сығалап қараса, бейтаныс ап-аласа, топ-толық, сақал-мұртын жылмита қырған бауырсақ бет кісі екен. Үстінде өңірі айқарылған ішік, басында түбек қалпақ.

Ол Каштанканың арқасына жабысқан жылбысқы қарды алақанымен қағып: «Неменеге қыңсылай бересің? Иесіз ит болушы ма еді… адасып қалғансың-ау, тегі?» деді.

Жылы дауысты сезген Каштанка оның қолын жалап-жалап алды да, бұрынғысынан бетер қыңсылады.

Бейтаныс: «Өзің бір тәп-тәуір, сүйкімді неме екенсің… Түлкіден айнымайсың! Амал қанша, енді маған ер. Мүмкін, бір қажетке жарап та қаларсың…» деді де, ернін шүршитіп ысқырып, қолын сермеді. Каштанка қарсылықсыз ере жөнелді.

Жарты сағат шамасында ол абажадай жап-жарық бөлмеге кірді. Бейтаныс үстел басына жайғасып, тамақ жеуге кірісті. Ал Каштанка басын бір жағына қисайтып, сілекейін шұбырта, жәудіреген көзін одан айырмай отыр. Бейтаныс анда-санда оған да бірдеңе тастап қояды.

Тамақ пен тоқтық

Әуелі бір үзім нан, сосын көгерген ірімшіктің қыртысы, ет, бәліш, тауықтың сүйек-саяғы… Ашқарынның ызғарынан апыл-ғұпыл асап, мол сыбағаның дәмін де сезбей қалды. Құрсағына ел қонған сайын ындыны кеуіп, қанағаты қашқандай.

Бейтаныс оның қомағайлығына қарап: «Байқаймын, қожайының сені тойдырып тамақтандырмайды-ау, тегі… құр теріден басқа қырып алар қызылың жоқ…» деді.

Тамақтан кейін Каштанка бөлменің ортасына барып, аяғын созып, керіліп жатып алды. Дәмді астың буымен бойы балқып, құйрығын бұлғаңдатып еркеледі.

Жаңа қожайын креслода шалқалап жатып сигарасын тартып отырғанда, Каштанка іштей таразылады: балташының үйі жақсы ма, әлде мына бейтаныстың үйі ме? Мұнда мүлік аз, бөлме үңірейіп бос көрінеді; ал балташының үйі дүниеге толы — үстел, жаңғырық, жаңқа, үстірік, тор, араның неше түрі… Оның үстіне, балташының пәтерінде желім мен лак, ағаш үгіндісінің иісі танауды жарып тұратын. Бірақ мұнда бір үлкен артықшылық бар: итке қол көтермейді, айқайламайды, тойдырып тамақ береді.

Сигарасын бітірген соң бейтаныс сыртқа шығып, көп ұзамай кішкентай бөстек ұстап қайтып келді: «Ей, төбет шырақ, бері кел… осы жерге қисай да ұйықта!» деді де, бөстекті диван жанындағы бұрышқа төсеп, шамды өшіріп, тағы шығып кетті.

Каштанка бөстекке барып жатты. Көшеден шәуілдеген үн естілгенде өзі де үн қосқысы келді, бірақ бір сәтте көңілін мұң торлап, үнсіз қалды. Лука Александрычты, оның баласы Федюшканы, жаңғырық астындағы жылы орнын аңсады…

Ескі үйдің елесі

Қыстың ұзақ кештерінде балташы ағаш үстіріктеп немесе газет оқып уақыт өткізетін. Ал Федюшканың ермегі — ойын. Ол Каштанканы жаңғырық астынан сирағынан суырып алып, неше түрлі «фокус» жасайтын: екі аяқтатып жүргізеді, «қоңырау бол» дейді, құйрығынан созғылап қыңсылатады, ақыры насыбай атқызып тынады.

Ең азаптысы — ет асату: Федюшка жіңішке жіпке ет байлап еденге тастайды да, Каштанка жұтып жіберген сәтте жұтқыншағын жырта қайта суырып алады. Осы көріністер көз алдына келгенде, Каштанка шыдай алмай қыңсылап жіберді.

Алайда шаршағаны мен жылы төсеніштің әсерінен көп ұзамай ұйықтап кетті. Түсінде де иттерді көрді: күндіз жолыққан бір көзінің ақ шелi бар, сабалақ жүнді, кәрі пудель… Федюшка қолына келдек ұстап, оны тырағайлатып қуып еді, әлгі пудель кейін төрт аяқтап қайта келіп, Каштанканың қасына жетті. Екеуі бір-бірінің танауынан рақаттана иіскеп, көшені бойлай шаба жөнелді.

Жанға жайлы жаңа таныстар

Каштанка оянғанда бөлме іші жап-жарық еді. Тыстан естілген дабыр-дұбырға қарағанда, таң да атып қалған сияқты. Қасында тірі жан жоқ. Ол керіліп-созылып, есініп, бөлмені салғырт аралап шықты: бұрыш-бұрышты, жиһазды иіскеледі, ауызғы бөлмені де шарлап көрді — қызық таппады.

Ауызғы бөлмеге апаратын есіктен басқа тағы бір есік бар екен. Каштанка біраз ойланып тұрып, тырмалап жүріп оны ашты да, келесі бөлмеге өтті. Жұмсақ көрпені қымтана түсіп, кереует үстінде жатқан адамның жүзінен кешегі бейтанысты таныды. Әуелде ыр-рр етіп жақтырмаған, бірақ кешегі тоқтық есіне түскен соң, құйрығын қылмыңдатып, жағымпаздана иіскей бастады.

Тағы бір есік көзге түсті — тарс бекітулі. Оны да тырмалап зорға ашқанда, танауына жағымсыз күлімсі иіс келді. Қабырғасына қағаз тұтылған кішкентай, лас бөлмеге тұмсығын сұға бергенде, зәре-құты қалмай кері атылды: өң мен түстей қорқыныш — мойнын созып сұр ата қаз ысқырып тұр. Қасында бөстекте бүк түсіп ақ мысық жатыр.

Алғашқы қақтығыс

Мысық Каштанканы көре сала атып тұрып, арқа жүнін күдірейтіп, құйрығын қайқайтып айбат шекті. Каштанка қорыққанын білдіргісі келмей, мысыққа тап берді. Мысық ысқырынып тұрып, оны қасқа маңдайдан салып жіберді. Сол сәтте ата қаз арт жағынан бастырмалатып келіп, тұмсығымен аш бүйірден періп өтті.

Каштанка енді қазға ұмтылғанда, бөлмеге езуіне сигара қыстырған бейтаныс кіріп келді: «Бұл не сұмдық? Тоқтатыңдар!»

Ол мысықтың күжірейген жон арқасынан шертіп: «Федор Тимофеич, ұят қайда? Төбелесті қайдан шығарып жүрсің? Жат!» деді. Сосын қазға: «Иван Иваныч, орныңа бар!» деп бұйырды.

Мысық бөстегіне барып жатып, көзін жұмды. Ал қаз асығып-аптығып, аузы-басы сыпсыңдап әлдебір «өсек» айтып жатқандай, ұзақ былдырға басты — бірақ Каштанка оның сөзін түсінбеді.

Қожайын есінеп алып: «Жә, жә… тату-тәтті тұрғанға не жетсін» деді де, Каштанканың арқасынан сипады. «Ал сен, сары сабалақ, бекерге қорқасың. Бұлар момақан, орынсыз жәбірлемейді. Айтпақшы, атыңды қалай қоямыз? Ат қоймасақ болмайды…»

Ол ойланып отырып: «Сенің атың Апай болсын. Ұқтың ба? Апай!» деп қайта-қайта шегелеп айтты да, шығып кетті.

Каштанка жан-жағына қарады. Мысық тапжылар емес — маужырағанмен, өтірік ұйықтағансиды. Қоңыр қаз бір орында шырқ айналып, мойнын созып, тағы да ұзын-сонар сөйлеп кетті. Көкезу болса да, ақылды қазға ұқсайды; өз сөзінің нарқына өзі риза секілді.

Каштанка бұрыш-бұрышты тінтіп жүріп, шағын астаушаға салынған асбұршақ пен қара нанның қатқан қыртысын тапты. Бұршақ дәмсіздеу көрінді, нан жеуге келетіндей. Ата қаз ренжіген жоқ, керісінше мырзалық танытқандай былдырлап келіп, қонақпен бірге дәм татқан болды.

Қу бастан қуырдақ

Біраздан соң бейтаныс қайта оралып, П әрпіне ұқсас, әткеншектің өресіндей түсініксіз бір зат әкелді. Ағаштан долбарлап жасалған әлгі П-ның маңдайшасына қоңырау мен тапанша ілінген, қоңыраудың тіліне, тапаншаның шүріппесіне жіп байланған.

Қожайын оны бөлменің қақ ортасына қойып, жіпті бір шешіп, бір байлап әжептәуір әуре болды. «Иван Иваныч, кәнеки!» деді бір кезде.

«Сабақ» басталды

Қожайын: «Әуелі жұртқа басыңды иіп тағзым ет!» деді. Қаз мойнын созып, бас шұлғып, тепсініп қойды. «Енді өле қал!» дегенде — аяғы аспаннан келіп, серейіп ұшып түсті.

Бірнеше ұсақ фокустан кейін қожайын кенет: «Ойбай, өрт! Өртендік, ойбай!» деп бақырып жіберді. Сол-ақ екен, Иван Иваныч жүгіріп барып жіптің бірін тісімен тартып қалды — қоңырау сылдыр-сылдыр қақты. Қожайын разы болып, қаздың сорайған мойнын сипады.

Артынша: «Енді сен гауһар алтынмен сауда жасайтын зергерсің делік. Ертең келсең, дүкеніңді ұрылар тонап жатыр. Не істейсің?» деді. Қаз екінші жіпті тістеп тартты да, тапанша гүрс етті.

Каштанка қоңырауға мәз болған. Ал тапанша атылғанда есіріп, абалап, айнала шауып, ес-ақылынан айырылды. «Апай, жат былай! Өшір үніңді!» деп қожайын жекірді.

Иван Иванычтың «қызметі» мұнымен бітпеді: қожайын оны қамшымен шырқ үйіріп қуалады, кедергіден қарғытты, шеңберден секіртті, құйрығымен еденге отырғызып, алақанын шапалақтатты. Каштанка таңданып, қарап отыруға шыдамай, кейде қазбен қатарласа жүгіріп, бауырын жазып алды.

Ақ тер, көк тер болған қожайын маңдайын сүртіп: «Марья!» деп дауыстады. «Хавронья Ивановнаны шақырып жіберші!»

Лезде бір қорсыл естілді. Есік ашылып, сампылдаған кемпір бөлмеге кірді де, тым реңсіз, көмірдей қап-қара саталақ шошқаны жетектеп әкелді. Шошқа Каштанканы ит деп менсінген де жоқ, талпақ танауын жоғары көтеріп алып қорсылдай берді.

Ол алдымен мысыққа барып танауымен түртіп «сәлемдесті», сосын қазға барып аман-саулық сұрасқандай болды. Қозғалысы мен құйрығын ширата сөйлегеніне қарағанда, жайдары неме секілді. Каштанка бұл доңызбен айқасудың қажеті жоқ деп шешті.

«Египет пирамидасы»

Қожайын қоңырау мен тапанша байланған ағашты алып тастап, мысыққа: «Федор Тимофеич, жақынырақ келіңіз!» деді. Мысық керіліп-созылып, зорға тұрып, жалыққан жүріспен шошқаға барды.

Қожайын: «Ал қазір египет пирамидасынан бастаймыз» деді де, ұзақ түсіндірген болып: «Бір… екі… үш!» деді. «Үш» дегенде Иван Иваныч далпылдап шошқаның жон арқасына ұшып шықты да, тайғанақ сауырда әрең теңселіп тұрды. Мысық паңданып, шошқаның үстіне әупірімдеп секіріп, қаздың шоқтығына қонжиып, екі аяғымен тік тұрды. Қожайынның «пирамидасы» — осы.

Бірақ өнер ұзаққа бармады: мысықтың аяғы тайып кетіп, еденге ұшып түсті, қаз да былш ете қалды. Қып-қызыл дау тағы да қожайынның ақыл айтуымен басылды.

«Пирамида» әуресі бір сағатқа созылды. Қожайын шаршамайтын безер екен: Иван Иванычты мысыққа «салт мінгізіп» сандалтты да, қоймай жүріп мысыққа темекі тартуды «үйреткен» болды. Каштанка аңғармаған бұдан өзге де ұсақ-түйек көп еді.

Ақырында көк терін сүртіп, қожайын шығып кетті. Сабақ осынымен біткен сияқты: мысық жиіркене пысқырып, бөстегіне барып қисайды; қаз әдетінше астауды жағалап жүр; ал Хавронья Ивановнаны әлгі кемпір ертіп алып кетті.

Каштанка осындай ойға сыймас қызықтардың әсерінен күннің қалай батқанын да аңғармай қалды. Кешке оны бөстегімен қоса Федор Тимофеич пен Иван Иваныч жататын қағаз тұтылған сасық бөлмеге біржола қуып тықты.

Талант! Талант!

Арада ай өтті. Каштанка кешке алдына келетін дәмді асқа да, «Апай» деген жаңа атына да әбден үйренді. Бейтанысқа да, жаңа көршілеріне де бауыр басып алды. Ішінен «шіркін, өмір деген осы екен-ау» дейтін.

Бірақ күндердің айырмасы азая берді. Әдетте Иван Иваныч құлқын сәріден оянып алып, біресе Федор Тимофеичке, біресе Каштанкаға келіп, ерні ерніне жұқпай сыпылдап әлденені айтып жататын. Оның «өкініші» мен «сөзіне» түк түсіну — бұйырмасын. Кейде мойнын аспанға созып, ұзақ монолог оқитын.

Алғашында Каштанка оның көп сөйлейтінін ақылының асып-төгілуінен шығар деп ойлаған. Кейін мән беруді де қойды: жұртқа құдайдың құтты күні ұйқы бермей, жоқтан өзгені өсек қылатын көк мылжың ретінде қабылдады…