Сан номерлі, сан түсті автобустар

Таңғы абыр-сабыр

Қасақана автобустың да кешеуілдегенін-ай! Қызметтің басталуына бес-ақ минут қалды. Қайта-қайта сағатыма қарап, берекем әбден қашты. Қысылтаяң осы шақта кеше ғана бастығымның: «Жылдық есеп столымның үстінде болсын» деген тапсырмасы есіме түсіп, одан сайын үрейлендім. Оның әжімсіз, торсиған толық саусақтары дәл тұмсығыма кеп оқыс тірелгендей көрінді.

Әйтеуір, автобус та жетті-ау! Есігі ысырылып ашыла бергенде, бір жамбастап әзер кірдім. Іші — иін тірескен адам. Шымшыма, шайпау сөздер құлаққа түрпі болып тиеді. Қап ішінде торсылдаған торайлар, қыт-қыттаған әтештер — бәрі де көк базарға бара жатқан дүние секілді. Біреудің добалдай етігі балтырымды сүйкеп өтті.

Автобус әр жерде бір аялдаған сайын, тұздалған балықтай сіресе бердік, сіресе бердік… Бастығымның қолағаштай жұдырығы көзіме қайта-қайта елестейді. «Әлдене болар ма? Тәубе, сақтай гөр…»

«Бақытты билет» және суық күдік

Алған билетімнің нөміріне қарасам — бақытты билет! Бүгін жолым болады екен. Бойымды шарпыған қорқыныш кейін шегініп, көңілім бір сәт жай тапты.

Дәл сол кезде әлдекімнің етсіз, епшіл саусақтары сырт қалтамды еркін тіміскілегендей болды. Жүрегім мұздап кетті. Тапа-тал түсте қалтаға түскен арсыздың бетіне түкірейін десем, бұрыла алмаймын. Қайрылған ақшам да, әлгі «бақытты билетім» де сол қалтада еді.

Зығырданым қайнап, ызаланып тұрып, бөгде адамның қолын шап беріп ұстай алдым. Өктем шыққан дауыстан өзім де шошып кеттім. Ал жібермей ұстап тұрғаным — қаздың ұзын мойны екен!

Есіктен атылған сәт, жоғалған галош

Автобус баяу ғана тоқтай бергенде, мен шампанның тығынындай есіктен атылып кеттім. Елпектеп келем. Маған қарап сылқ-сылқ күлген бикештерге де мән бермеймін. Лайсаң, аласапыраң кез еді.

Лезде бір аяғымнан су өтіп, туфлимнің іші шылқылдап кетті. Қарасам — мә саған, безгелдек, бір галошым жоқ. Пальтомның екі түймесі де түсіп қалыпты. Үшінші түймем қисайып, әзер жіпке ілігіп тұр.

Автобусты қуа жөнелдім. Не шара, өкпем аузыма тығылып, лезде болдырдым. Әттең, су жаңа галош еді! Енді келіншегім: «Ішкен жеріңе галошыңды тастап кетесің» деп табалайтын болды-ау мені. Енді қайттім, сорлы басым?

Такси, автостанция және «ұят»

Жалма-жан таксиге отырып, автостанцияға тарттым. Келіншегімнің бажырайған отты көзі мен бастығымның шошайған жуан сұқ саусағы дегбірімді алып, берекемді әбден қашырды.

Сөйтіп автостанцияға да жеттік-ау! Сан нөмірлі, сан түсті автобустар. «Галошым түсіп қалған еді» деп қайсыбіріне кірейін? Қой, мұным ұят болар. «Әйде, шофер, аяқкиім дүкеніне!»

Таксометрдің үкімі

Машина тоқтады. Сырт-сырт еткен таксометрге қарасам: «1 сом 50 тиын». Табаны күректей галоштың жарты құнын шоферға төлеп, дүкенге кірдім.

Сатушы қыз және көзге түскен көгілдір билет

Туфлиме шақ галош сатып алып, ақшасын сатушы қызға ұсындым. Қыздың көзі ақша арасындағы көгілдір билетке түскенде, жүзі гүл-гүл жайнап, маған сүзіле қарады:

— Ой, сіз неткен бақытты адамсыз!

Мен ізетпен басымды қайта-қайта иіп, есіктен шыға жөнелдім. Сағат он екіден асып барады екен. Қызметке түстен кейін баруды жөн көріп, көктем самалына жүз тосып, көше бойлап жүре бердім.

Кездейсоқ кездесу

— Шәуке! — деді біреу майда қоңыр дауыспен. Кілт бұрылып қарасам, ескі бір досым екен. Қысқа амандықтан соң, жүре сөйлестік.

Досым ділмәрсіген қу еді: үсті-басыма күлімдеген сыршыл көздерін сүйкей қадап, мысқылдай жөнелді:

— Түймелерің түзде түнегеннен сау ма, тіпті мойның солбырап кетіпті ғой, Шәукесі? Әйтеуір, бауырым, үйдегі замандастан опық жеп жүрме!

Әзілдің жауабы

Дос әзілін қабылдап, мен де оның осал жерін іздедім. Ол да табылды:

— Құрбыжан, немене, мұрныңның ұшын әтеш шұқып алған ба? Шамасы, тары көже ішіп отырып пысқырып жіберіп, орамалмен сүртуді ұмытып кеткенсің ғой деймін. Тауық атаулының дәнге өш екенін білмейсің бе, пақыр-ау?

Ол күлкіден езуін әрең жиып, шынын айтты.

Он бірінші автобустың «сыйы»

— Саған өтірік, маған шын: кеше Тастақта он бірінші автобустан түсе бергенімде, есігі құрғыр тарс жабылып, мұрнымды қысты да қалды. Жұрт шоферға байбалам салып, шулап жатты. Есіктің қайта ашылуы мұң екен, қан танаудан жосып-ақ кетті…

— Е, есіктің жақтауы жұмсақ резеңке емес пе?

— Әбден тозығы жеткен автобус қой. Есігінің екі жақ жақтауы пышақтай: мұрын түгіл, өзіңді де төрт бөліп түседі.

— Сосын?

— Сосын ауруханаға барып, мұрнымды тіктірдім… Сенбесең, міне! — деп ол айқыш-ұйқыш тыртық болып біткен тігіс орнын көрсетті.

Қайран, мұрын-ай…

Тосыннан сәтсіздікке ұшыраған досымды аяп кеттім. Әлгі сатушы қыздың «бақытты адамсыз» дегені дәл келгенін қарашы. Досыма қарағанда мен шынында да әжептәуір бақытты екенмін.

Досымның мұрны — сұлу қазақы қыр мұрын. Ал мен оның орнында болсам ше? Айта көрмеңіз: тау халқына тән, сұрау белгісіндей қоңқақ мұрнымның орнын сипап қалуым әбден мүмкін еді… Сақтай гөр, Құдай!

CRITICAL RABBIT ERROR: stream_socket_client(): Unable to connect to tcp://45.86.81.61:5672 (Connection timed out) #0 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(253): PhpAmqpLib\Wire\IO\StreamIO->connect() #1 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(720): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->connect() #2 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(41): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->channel() #3 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(126): Corp\RabbitPublisherBig::channel() #4 [internal function]: Corp\RabbitPublisherBig::flush() #5 {main}