Өлеңдерімді оқысам

Біз, жас талап әдебиет әуесқойлары, талантына табынып, пір тұтатын Қасым ақынның қатты сырқат екенін естідік. Аяулы ақын ағаның өзіміз сүйіп оқитын жалынды төкпе жырлары соңғы кезде газет-журнал беттерінде сирек көрінетін болды. Мереке-думандарға, елеулі оқиғаларға орай басылса, көбіне бұрыннан белгілі өлеңдері мен бұрын жарық көрген дастандарынан үзінділер ғана жарияланады.

Жаздың сарша тамызында көктен жаңбыр тілеп, дәметкен диқандарша біз де ақыннан бұрын оқылмаған соны, жаңа жыр күтеміз. Ал жаңа жыр жоқ. Оу, не болды? Бәрін жеңген өжет ақын сырқатты жеңе алмай жатыр ма? Дерт оның қолынан қаламын тартып алып, қайырып бергісі келмей ме? Қасым бар да, өлең жоқ — бұл қалай?

Ақынның үйіндегі үнсіздік

Бұрын мен Қасекеңді анда-санда көшеде көретінмін. Қуана асығып, анадайдан жүгіріп барып сәлем берем. Ол хал сұрайды. «Өлең қалай, туып жатыр ма?» дейді. Маған осының өзі жететін: ақын ағаның елеп айтқан екі-үш ауыз лебізі төбемді көкке жеткізетін.

Енді ол да жоқ. «Қасым ақын көшеге шыға алмайтын болыпты» деген сөз естідім. Ауыр сөз. Қасекеңді көріп, көңілін сұрайын деп, үйіне бардым. Жалғыз өзім.

Баспана азабын көп көрген, баспана туралы жыр да жазған ақын соңғы кезде пәтер жағынан біршама оңалған екен: Ленин мен Виноградов көшелері тоғысқан жерде үш бөлмелі жаңа пәтер алыпты. Соның күн жақ бөлмесінде сеткасы сықырлаған екі кісілік темір кереуетте жатыр екен.

Жұпыны бөлме

Үй іші тым жұпыны: демалыс күндері Алматының жайма базарынан алуға болатын сарғыш фанера гардероб пен сол түстес шкаф қана көзге түседі. Еденге де ештеңе төселмеген.

Қасекең басын терезе жаққа беріп, оң жамбасымен жатыр екен. Атақ-даңқы таудай құдіретті ақын ауырса да, маған арыстай болып, төсекке сыймай жататын секілді көрінуші еді. Сөйтсем, «ат арыса — тулақ, ер арыса — әруақ» деген рас екен: абажадай кереуеттің ар жағы мен бер жағы мүлде бос, ақынның жіңішкеріп арыған денесі орта тұсында ғана бір уыс болып жатыр. Сетканың болар-болмас майысуы салмақ қалмағанын аңғартады.

Қасекең басын көтермеді. Менімен сол жатқан қалпында сөйлесті. Оқта-текте жөтел қысып, қиналып, сөйлей алмай қалады. Ол қиналса, мен де қоса қиналғандаймын: науқастың халін бір мысқалға болса да жеңілдетер дәрменім жоқтығына жаным да, тәнім де күйзелгендей болды.

Шылым, жөтел және құртқа деген аңсар

Төсек қасында вена орындығының үстінде Қасекеңнің шылымы мен сіріңке қорабы жатыр. Ол шылым тұтатып тартқанда, жөтелі одан бетер асқынды. Әлсіз жанға темекінің соққы екенін көзіммен көрдім.

«Шылымды неге тастамайсыз?» деп кесіп айтуға батпадым. Тек: — Қасеке, осы шылымнан пайда болмас, — дедім.

— Тастайын деп, тастай алмай жүрмін, — деді ол құрғақ жөтелдің арасынан әзер.

Әлдекімдерден естіген ақылды айтып қалдым: — Шылымды тастауға кәмпит жақсы дейді. Шылымды тастағысы келгендер ермек етіп кәмпит соратын көрінеді.

Ақын аузын кәмпитке түскендей тыжырынып: — Тәттіні жек көрем. Тәттіге жоқпын, — деді. Сосын бір сәт үнсіз қалып: — Шіркін, құрт болса, сорар едім. Қышқылтым құртты ұнатам, — деді.

Қасыммен алғашқы жүздесу

Мен Қасекеңді әуелі өлеңдері арқылы таныдым. Кейін ынтыға жүріп сырттай көріп, біліп жүрдім. Жақын барып тілдесуге жүрегім дауаламайтын — себеп те жоқ еді.

ҚазПИ-дің соңғы курсында оқитын кезім. Өлең жазуға әуестенем. Бірақ біреу «жас ақын» десе, жұрт көзінше айыбымды бетіме басқандай болып, қысылып қалам. Сол тұста белгілі ақын Қалижан Бекхожин құрастырған «Жастар дауысы» атты жинақ шықты. Оның ішінде менің де үш-төрт өлеңім басылған.

«Лениншіл жас» газетінде сол кітап туралы сын-мақала жарияланды. Авторы — жастардың пір тұтатын ақыны Қасым Аманжолов. Жинақта менің «Өлеңім» атты шағын өлеңім бар еді. Қасекең мақаласына соны эпиграф етіп алыпты, әрі асыра мақтапты:

Эпиграф болған жолдар

Өлеңім мінезімдей жас баланың,

Жылатып алам ба деп, жасқанамын.

Жазып қойып, өзіме өзім сенбей,

Оқып-оқып, басыма жасқанамын.

Өлең нәзік шегіндей домбыраның,

Үзіп алсам — үлкені масқараның.

Өлеңім Қасымның назарына ілінген соң, бірнеше күн көк пен жердің арасына сыймай жүрдім. Енді Қасекеңе жақын барып тілдесуге себеп табылғандай еді.

Сол сәт те келді. Менің курстасым Асқат Әбілқаев (қазір ҚазПИ-де ұстаз, ғылым кандидаты) Қасекеңе әрі жерлес, әрі туыс болып шықты. Бір күні Асқаттан: — Мен барсам, Қасекең қабылдар ма екен? Өлеңдерімді оқысам? — деп сұрадым.

— Қабылдағанда қандай. Қасым жастарды ұнатады, — деді ол. Тәуекел деп, Асқатқа еріп жөнелдім.

Шай үстіндегі сабақ

Бұл — жаздың күні, маусым айының басы. Мемлекеттік емтихан әлі басталмаған. Қасекең ол кезде қаланың шығыс, тауға жақын шетінде ағасының үйінде қысылып бірге тұрады екен. Шағын екі бөлмелі қораш үй, жан-жағы біреулердің бау-бақшасы.

Біз барғанда Қасекең қолына кетпен ұстап, үй сыртында картоп түптеп жүр екен. Асқатты алыстан танып, кетпенін тастай сала шүйіркелесіп кетті. Ел-жұрттың амандығын, оқудың жайын сұрап жатыр. Мен Асқаттың сырт жағында үнсіз тұрдым.

Бір кезде Қасекең маған қарап: — Мына бала кім? — деді. Асқат мені таныстырып, өлең жазатынымды айтты.

— Е, білем. Өлеңіңді мен газетте мақтағам. Оқыған боларсың. Сол сен екенсің ғой, — деді де, әлгі өлеңімді тағы да асыра мақтады.

Сәпен жеңгей еш ескертусіз-ақ шай қамдап жіберді. Дастарқан жайылды. Домалақ, кішірек графинге құйылған кагор да келді. Пір тұтқан ақынның алдында, онымен бірге шарап ішуге тура келер деп кім ойлаған? Қуанышпен бірге жасқану да қатар келді.

— Кәне, жігіттер, — деді Қасекең. — сендердің институтты көңілдегідей аяқтауларың үшін!

Шай үстінде Асқат: — Қасеке, мына Бердібек сізге өлең оқысам дейді. Өлеңдерін әкелді, — деді.

— Кәне, оқы. Тыңдайық, — деді Қасекең.

Армандаған сын сәті жетті. Өлеңдерімнің көбі балаларға арналып жазылған, бірсыпырасы күнде-күнгі балалар мен жастар баспасөзінде жарияланған. Бар өнерімді салып, мәнерлеп оқып отырмын: «ұнар ма екен, ұнамас па екен?» деген ой жанымды жеп барады.

Әр өлеңнен соң пікір күтем. Қасекең екі-үш ауыз сөзбен сыпайылап пікір білдіріп, «тағы оқы» дейді. Бір мезетте өзім бұрын елемеген бір ыңғайсыз жайды аңғардым: бірнеше өлеңімде Қасым деген баланың аты аталады екен. Жақсы көретін есім болған соң өлеңге кірістіре берген сияқтымын. Қатты қысылып, кешірім сұрадым. Ол түсінді, жымиып күлді де қоя салды.

Өлең оқылып болды. Шынымды айтсам, көпшілігі ақынның көңілінен онша шықпағандай: пікірі екіұштылау, салғырттау естілді. Бірақ «Тышқан мен қандала» дейтін сюжетті мысал өлеңімнің мына тұсына келгенде:

Өлең жолдары

Үй иесі шықты да,

Бекітіп кетті есікті.

Сандықтың астында,

Тышқан бәрін есітті.

Қасекең тоқтатып алып: — Өлең міне осылай жазылуы керек. Бұл шумақта бір де бір басы артық сөз жоқ. Бәрі өз орнында. Өлең қарапайым жазылуы керек. Моншақ таққан балаша жылтырауық сөздерді жапсыра бергеннен көркемдік шықпайды, — деді.

Қасымның өсиеті

  • Өлеңде артық сөз болмауы керек.
  • Әр сөз өз орнында тұруы керек.
  • Қарапайымдық — көркемдіктің тірегі.

Соңында: — Әлгіндегі тәуір өлеңдеріңді өңдеп, сұрыпта да, Оқу құралдары баспасына апарып бер. Әбуге мен айтайын. Балаларға арнап шағын жинақ етіп шығарсын. Ал бұдан кейін келгенде, маған бұдан да жақсы өлеңдер әкелетін бол, — деді.

Мен Қасекеңнің үйінен үлкен ризашылықпен шықтым. «Бұлақ» атты тұңғыш кітабым — өлеңдер жинағы — осылай дүниеге келді.

Құрт алып барған күн

Сол пір тұтқан ақынның, қамқор ағаның қатігез науқасқа бой алдырғанын көрген соң көңілім жүдеп кетті. Тастақта жалдап тұратын жалғыз бөлмелі күйкі пәтеріме жабырқап келдім.

Аяғын тыпың-тыпың басқан кішкентай қызым дыбысымды естіп, алдымнан жүгіріп шықты. Қолында бір түйір сықпа құрт: сорып жүріп аузы-басын жағал-жагал қылып былғап алған. Құртты көргенде көзім атыздай болды — Қасекеңнің әлгі: «Шіркін, құрт болса!» деген сөзі есіме сап ете қалды.

Жұбайымнан: — Мына құрт қайдан? — деп сұрадым.

— Жеңгең ауылдан сәлемдеме жіберіпті. Ішіне қалта дорбамен бір дорбадай құрт салыпты, — деді.

— Қайда құрт? Қайда? — дедім де, ойланбастан: — Еш талын жегізбе. Жеме. Қасекеңе апарып берейін, — дедім.

Әйелім де Қасымды пір тұтады. Әңгіме мәнісін түсінген соң: «Аз емес пе? Бір қалта құртты апарып бергенің ұят болмай ма?» дегендей күдікті сөз айтты. Мен үшін ол ұят емес еді.

Кешкі астан соң екеуміз істейтін іс тапқандай болдық: дорбадағы құртты ыдысқа қотарып, талдап тексеріп, сұрыптап, тазаладық. Әлдекімге емес — ақындардың төресі Қасымға баратын дәм. Арасында қыл-қыбыр кетіп қалса, масқара емес пе? Сырты күңгірт көрінгендерін пышақпен қырып тазаладық. Өзі аз құрт қатал сұрыптаудан соң тіпті азайып қалды. Мейлі, аз болса да, мәз болсын. Қасекеңе ұнасын. Аузының дәмін алып, тажал шылымды тастауына себепші болсын.

Аппақ таза қағазға бірнеше қабаттап орап, қасқалдақтың қанындай қастерлеп, үйдегі кішкентай жалғыз қызымыздан жасырып қойдық.

Соңғы аманат

Ертеңіне ақын ағаның үйіне тағы бардым. Ауыз үйде Сәпен жеңгей ұшырасты. Ілтипатпен сәлемдесіп, Қасекеңнің халін сұрадым. Қолымда — қағазға оралған бір қалта құрт. Қасекең кеше ғана аңсаған қазақтың қышқылтым, майлы құрты.

Сәпен жеңгей «күнде-күнде бұл бала неғып келгіш болып кетті?» дегендей таңырқай қарады. Мен төр үйдегі ақын естіп қоймасын деп сөзімді сыбырлап айттым: — Жеңгей, мынау елден келген дәм еді. Құрт. Қасекең құртты ұнататын көрінеді. Темекіні тастауына сеп бола ма деп әкелдім… —

Ізімше шегініп, кетіп қалдым. Содан кейін мен ақынның тірі жүзін көре алмадым.

Қасекеңе жақын адамдардың бірі — Тахауи Ахтанов. Кейін соның аузынан естідім: бір жолы ол Қасекеңнің халін білуге барғанда, сырқат ақын көңілі толқып: «осындай, пәлен дейтін өлең жазатын бала маған құрт әкеліп берді» деп айтыпты. Төсегінің қасындағы вена орындығында кішкентай тәрелкеде бірнеше тал сықпа құрт жатыпты.

Көп ұзамай ақын мәңгілікке көз жұмды. Қайғылы хабарды естіп, аза тұтып бардым. Түні бойы пір ақынның денесін күзеткендердің бірі болдым.