Еркебұлан тұнжырай

Бірінші тарау

«Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш – Баян сұлудай ғашықтық, өздерін өлімге қиярлық махаббат болуы мүмкін емес». — Сіз солай ойлайсыз ба? (Театр фойесінде естіген сөз)

Қараңғы түндегі жол

Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаштың арасымен бір жас жігіт келе жатты. Бұл — Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінбейтіндей тастай қараңғы еді. Әдетте бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенектей қадалғандай: жігіт екі бетін қолымен көлегейлеп, кенет тоқтап қалды. Әлдекімнің атын атағандай болды. Сәл тұрды да, қайта жүріп кетті.

Осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңе көрмеді. Бірақ ештеңеге соғылмайды да. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалардай болып тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды; алайда бұтаққа бір сүйем жетпей кілт бұрылды. Міне, енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады: бір-ақ аттаса болды, төменге құлдилап кетер еді. Дәл осы сәтте біреу кеудесінен итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жүріп кетті.

Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай еді: сол иығында — ажал, өлімге сүйресе, оң иығында — өмір, оны басқа жаққа алып қашқандай.

Еркебұлан осылай өлім мен өмір арпалысының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да тоқтамады. Алдағы арманы, асар белесі — тек жүру секілді: аялдау жоқ. Сонда осы қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей?

Ол үрей — қасірет еді. Жай қасірет емес: жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартып, ақылын мүлде адастыруға шақ қалған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті. Оның қаншалық ауыр екенін тек өзі ғана білетін.

Еркебұлан тек таң елең-алаң біліне бастағанда ғана қалаға қарай беттеді...

Әкенің алаң түні

Ал осы кезде Алматының орталық ауданындағы қалың ағашты бір көшеде тағы бір адам ерсілі-қарсылы жүрді. Көше шамының көмескі жарығы оның әжім торлаған мейірбан жүзінің жүдеу екенін, үлкен қой көздеріне қайғы тұманы ұялағанын аңғартатын. Бір кездегі сұңғақ бойы бүкірейіп, аяғын сылбыр басады; ішкі мазасыздық сыртқа суығын шығарып, әлсін-әлсін уһілетеді. Оның да көңілі налалы, жаны жаралы екені даусыз.

Ағараңдап қылау түскен дудар шашын әлсін-әлсін бес саусағымен тарамдап қойып, ол үйінің жанындағы тротуарда тұнжырай адымдайды. Кенет тоқтап, көшенің екі жағына әлденеден үміттене телміріп қарайды. Сосын қабырға сағатының тілі секілді қайтадан әрі-бері жүре береді. Бұл — Еркебұланның әкесі, ақын Асығат еді.

Әйгілі ақын бүгін Тың өлкесінен келген. Түс кезінде баласы Еркебұлан оны әуежайдан күтіп алған. Үйге әкелген соң, ұлы: «Қазір келемін», — деп шығып кеткен. Содан әлі жоқ.

Үйде сырқат жары жылай отырып, баласының күтпеген кеселге ұшырағанын айтқаннан бері Асығаттың мазағы кетіп еді. «Әне келеді, міне келеді» деп күн батқанша күткен. Бірақ баласы оралмағасын, дәл мына түсіп келе жатқан қара көлеңкемен бірге үйіне қара жылан кіретіндей сезіліп, шыдай алмай сыртқа шықты. Содан бері далада жүр.

Әр сағат сайын үйіне кіріп, сырқат әйелінен: «Телефон соққан жоқ па?» — деп сұрайды. «Жоқ» деген жүдеу үнді естиді де, қайтадан көшеге шығады. Түн ортасы әлдеқашан ауған, күндіз ағылатын машиналар легі де саябырсыған. Алыстан шамы жылт еткен бірен-саран көлікке үмітпен қарайды, бірақ ол дәл қасынан аққан жұлдыздай зымырап өте шығады.

Әлемді осы қараңғы түн жұтып қойғандай, әкенің көңілі одан сайын жасиды. Әлдеқалай соққан жел зәулім қарағай мен еменнің басын шулатады. Ал баласын күткен әкенің қобалжыған жүрегі ғана лүп-лүп соғады.

Асығаттың өмір жолы

Октябрь революциясымен құрдас Асығат жеті жасында жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Лениншіл жастар одағына мүше болып, алғашқы бесжылдықтарда зембіл көтеріп, тәшке айдаған құрбыларымен бірге ұлы құрылыстарда еңбек етті. Университет бітіріп, Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланып қайтқан.

Ақындық дарыны жер астынан шыққан көз секілді: қуатты болса, қара тасты қақ жарып, жолындағы бөгетті бұзып, жазыққа шығып сел боп тасиды; дәрменсіз болса, жырадан жылай ағып, көгал қуып, ақыры ойпатқа сіңіп жоғалады. Асығат заманымен үндесе білді, соның арқасында атақ-даңққа жетті.

Бірақ ол ұзақ жылдан бері жазып келе жатқан үлкен дастанын әлі бітіре алмай жүрген. Жасы келіп қалды: алпыстан асып барады. Алпысқа дейін айтайын дегенін айтып үлгермеген ақын — бұл да арманды ақын.

Дастанын тәмамдау үшін биыл жаз шыға өзі туған Тың өлкесіне барып қайтқан. Онда кейіпкерлерімен кездесіп, тау-тау боп үйілген алтын астықты көріп, шабыттанып оралған. Бірақ Алматыға жетісімен көңілі кенет су сепкендей басылды: әуежайда қарсы алған Еркебұлан кеше шығарып салған Еркебұланға ұқсамады.

Әуежайдағы күдік

Баласының қас-қабағы салыңқы, бұрын күлімсіреп тұратын қараторы жүзі бозарып, күн жеген шүберектей өңі қашқан. Үлкен, мейірімді, ойлы жанары тұманданып, қайғы ұялағандай. Әлде бұл қайғы туманы емес, адамның үрейін алатын ашу туманы ма — белгісіз. Сұңғақ бойы да зіл көтергендей сәл бүкірейген.

Әкесі шыдай алмай сұрады: — Қалқам, ауырып жүрген жоқсың ба?
— Ауырып жүрмін, — деді баласы, көзін тайдырып.
— Қай жерің ауырады?
— Жаным...

Еркебұлан — Асығаттың жалғыз ұлы. Былтыр ғана Мәскеудің архитектура институтын үздік бітіріп келген. Әкесінің жалғызынан үміті зор еді. Қазірге дейін оның жобасымен үлкен ғимарат салынбаса да, әке балаға сыншы: Асығат ұлының қабілетін де, еңбекқорлығын да сезетін.

Бірақ сол күні әкесі баласының аузынан арақ иісін аңғарды. Мас емес. Дегенмен тал түсте ішіп келгені көңіліне қаяу түсірді. Үйге барған соң мән-жайды білуге асыққан. Алайда Еркебұлан әкесінің чемоданын кіргізе салысымен: «Қазір келемін», — деп тағы шығып кетті. Содан оралмады.

Ананың зары

Ұлы кеткен соң Асығат жүрегі ауыратын әйелінен сұрады: «Балаң қашаннан мұндай? Неге хабар бермедің?» Әйелі еңіреп қоя берді.

«Оның себебі арақтан... Екі айдан асып барады, күнде мас. Саған хабар беруге дәтім бармады. Сенің де жүрегің нашар ғой...» — деді ол өксігін әрең басып.

Асығат «бекер» деді. «Еркебұланнан басқа кіміміз бар?» деп қамықты. Әйелі жылай отырып баяндады: ұлы ес-түсінен танып өлердей ішпейді, үйді табады, төбелес те шығармайды. Бірақ қабағын түйіп алып, өмірден безген үрейлі, өкінішті сөздер айтады. Кейде анасы жыласа, оны аяп өзі де жылайды, «қоямын» деп уәде береді, ертеңіне қайта ішеді. Түн бойы көшені кезіп, таң ата келеді. Жібермейін десе көнбейді; есік кілттелсе, балконнан секіремін деп жұлқынады.

Ана жүрегі бір нәрсені сезді: «Бұл арақтың ғана әлегі емес, басқа бір себебі бар сияқты». Асығат үнсіз теңселіп, ұзақ ойланды. «Сөз жоқ, арақты ішкізіп жүрген де, түні бойы кездіріп жүрген де — сол себеп», — деді ол.

Ескі жараның жаңғырығы

Кенет Асығаттың бойы тітіркенді. Өз басынан өткен бір оқиға есіне түсті. Соғыстан жараланып оралған соң бір орталық мекемеге жауапты қызметке орналасқан еді. Бір күні оны мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне шақырды. Суық жүзді полковник өмірбаянын тізбектей сұрап отырды да, аяқ астынан: «Енді маған неміс фашистеріне қалай сатылғаныңды, қалай олардың агенті болғаныңды айт», — деді.

Асығаттың санасына сөздің ызғары жеткенде, өне бойы шымырлай жөнелді. «Ондай сөзді айтпаңыз!» деді даусы дірілдеп. Бірақ полковник қатаң сөйледі: «Шыныңды айт». Алдындағы папкадан қағаз алып, үстелге қойды. Қағаздың шетінде фото, ішінде — «тыңшы болуға берген қолхат». Сурет те, жазу да, қол да — Асығаттікі.

Асығат мұздай терледі. «Еш неміспен кездескен емеспін», — деді ол. Ригада әскери конвой құрамында неміс азаматтарын Гамбургке апарып, одан өз адамдарын әкелгенін айтты: жағаға шығып, қала аралағанмен, жұрттан бір елі ажырамаған.

Полковник «мүмкін сол жерде берген шығарсың» деді. Қауіптің салмағы Асығаттың иығына батты. «Айтпасаң, бәрібір анықтаймыз», — деді ол. Әйел, ақша, арақ деп күмән тастады.

Содан кейінгі күндер Асығат үшін қорлықпен өтті. Әріптесі де үрке қарады. Бөлім бастығы әділ адам еді: «Сені тыңшы дегенге сенбеймін» деді, бірақ сұрақ қойды: партбилетіңді бер. Суретке қарап отырып: «Партбилетіңді ешқашан жоғалтпадың ба?» деп сұрады. Жоқ. Сонда да ол таңданды: «Қолхаттағы сурет мына партбилеттегі суретпен айнымай тұр...»

Ақыры Ригадағы әскери қоймада қалған заттары мен қағаздарын есіне түсірді: шегінгенде қайтып ала алмаған. Кейін белгілі болды — фашистер сол қоймадағы құжаттардан сурет, жазу тауып, жалған қолхат жасап, әдейі таратқан. Бірақ сол шындық ашылғанша, Асығат «сатқын» атанудың азабын көрді: жүдеп, инедей болып қалды. Отаны мен халқы үшін жанын қиюға дайын адамға «сатқынсың» деу — жанды тірідей сойғанмен бірдей.

Сол ескі жара қайта сыздап, Асығат баласының араққа салынуы да сондай күйіктің салдары ма деп шегеленді. Бірақ Еркебұланды мұндай күйге түсірген қандай күйік?

Жұлдыз туралы сөз

Дәл осы кезде әйелі ойын бөліп жіберді: «Мүмкін, оның мұндай жағдайға жетуі Жұлдыздың кетіп қалуымен байланысты шығар?» Асығат жалт қарады: «Қайдағы Жұлдыз?» Әйелі болған оқиғаны айтып берді. Содан бастап Асығат баласын көруге бұрынғысынан да асықты: себебін білу керек еді.

Бірақ Еркебұлан таң ата келіп, тіл қатпай жатып қалды. Ертеңіне де солай. Әкесі шала мас кезінде сыр тартпақ болды, бірақ баласы ашылмады. «Жаным ауырады» — деген бір-ақ сөз. Уақыт өткен сайын оның адам шошырлық қылықтары үдей түсті.

Дәрігер үкімі

Ақырында әкесі баласын дәрігерлерге көрсетуге мәжбүр болды. Еркебұланмен ұзақ сөйлескен екі дәрігер оның: «Мен секілді құнсыз адамның дүниеде жүруінің қажеті жоқ. Сендерді де, өзімді де әуре етпеймін. Көп кешікпей өлемін», — деген сөздерін өз құлақтарымен естіді.

Дәрігерлердің қорытындысы:

«Балаңыз шатыса бастаған, депрессияның ауыр түріне ұшыраған. Тезірек ауруханаға жатқызып емдеу керек, әйтпесе өзіне-өзі қол салуы мүмкін».

Әке күмәнданды: «Мүмкін, мұның бәрі арақтың салдары шығар? Бұрын ішпеген жігіт бірден салынып кетіп, өзін ұстай алмай жүрген жоқ па? Алдымен арақтан емдеп көрсеңдер қайтер еді?»

Бірақ маман профессор әйел үзілді-кесілді қарсы болды: «Балаңыздың арақ ішуі — сол депрессияның салдары. Ол жанын жеп бара жатқан ойлардан, мазасын алып қорқытатын сезімдерден қашып ішеді. Арақ жеңілдік бермейді, керісінше ауруды асқындырады. Дұрысы — негізгі кеселін емдеу. Уақыт өткізсеңіз, өкінішке ұрынасыз».

Ақыры дәрігерлер Еркебұланды шұғыл түрде ауруханаға жатқызу керек деген шешімге келді. Әке-шеше жалғыз ұлдарын қимағанмен, басқа амал қалмады.

Қаралы қоштасу

Кеше түс ауа Асығат жалғыз ұлын ауруханаға апарып салды — жердің үстімен барып, астымен қайтқандай күй кешті. Анасы баласын әкеткенде құлап, басын қайта көтере алмады. Онсыз да жүрегі ауыр адам енді кемсеңдеп жылап, қайғыдан біржолата жатып қалды.

Ал әкесі түні бойы өз бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрді. Жалғыз баласы қазір ауруханада жатқаны есіне түсе қалса болды, өкіріп жылайды. Сосын баяу көтеріліп, ілби басқан жаралы құстай: «Құлыным-ай, құлыным, қор болдың ғой...» — деп күйіне дауыстап тағы жүріп кетеді.

Бұл түнде Асығат қанша ойланса да, баласын мына сұм кеселден құтқарудың жолын таба алмады. Тек Еркебұланның сәби күніндегі тәтті қылықтары, жанын жылытқан суреттері есіне орала берді.

Міне, бір сурет: қолына бір шумақ гүл ұстаған, қозыдай монтиған Еркебұланды Асығат алғаш рет мектепке апарып барады. Құшақтап, бетінен сүйіп: «Жолың болсын, құлыным, жақсы оқы», — дейді. Ал бала көзі жаутаңдап: «Жақсы оқимын, көке», — деп жауап береді.

Тағы бір сурет: мектепті алтын медальмен бітірген күн. Үстінде қара костюм, ақ көйлек — уыздай жас өспірім әкесіне еркелей қарап, алтын медалін көрсетіп тұр. Көзінде күн сәулесіндей қуаныш.

Тағы бір сурет: былтырғы кездесу. Әуежайға келген әкесіне ұшақтан түсе сала жүгіріп келе жатқан Еркебұлан. Кім мұны дипломды инженер дер? Бала! Бала!

Шіркін, дүние-ай... Асығаттың басынан қандай қызық күндер өтті десеңші.