Содан ғой Майлыаяқтың таба алмай жүргені

Тентіреу мен сағыныш

Үлкендігі кішігірім тайшадай қара төбет құдайдың құба жонында салдыртып келе жатты. Қайдан шықты, қайда барады — оны иттің өзі білмесе, білетін жан жоқ. Ара-тұра тоқтай қалып, тұмсығын көкке көтеріп, кең тыныс алып, қайтадан жолын жалғайды.

Күн көкжиекке таяп қалған. Асығу керек, әйтпесе түнде түртінектеп жүріп, пананы қайдан таппақ? Ит санасында найзағайдай жарқ еткен осы оймен қатар, асқазаны да шегін шұрылдатып, аштық жанын қинады.

Иесінен айырылған күндер

Иесі қайтыс болғаннан кейін ол Мергеннен кетіп қалған. Содан бері оған арнайы сорпа-суаң әзірлеп беретін адам болмады. Тентіреп барған ауылдарда үйшікте жатқан иттердің тамағына ортақтасып, өзек жалғап жүрді.

Бірақ мұны жұрт көп көретін. Әйелдер қарғап-сілеп, итаяққа бас қойып, қолдарына түскенді лақтыратын. Ол жарақатқа онша мән бермейтін: азуын ақситып, ырылдап жіберсе болды — олар үйлеріне кіріп кететін. Ал еркектер айыр ала жүгіретін. Сондай сәтте ол табанын жалтыратып, қашып құтылатын.

Бір ауылда жылы-жұмсаққа бас қойған күшікті қағып жіберіп, тамаққа ұмтылғаны сол еді — біреу мылтықпен атып қалды. Көрші үйлерден адамдар жүгіріп шығып, мылтық иесіне дүрсе қоя берді. Не деп шулағанын ит қайдан ұқсын? Мылтық атылған сәтте-ақ ол ауладан ата жөнелді.

Сол түні ауылдан аулақтап, биік төбеге шығып, көз жасы көл болып ұлыды. Бұл — шыбын жанын сақтап қалған жаратқанға алғыс па, әлде жалбарыну ма — кім білсін?

Аштықтың айдауы

Таң ата жолға шықты. Қос бүйірі қабысып, тілі салақтап салдыртып келе жатқанына екінші күн. Жолда бірде-бір ауылға соқпады: біріншіден, өзге иттердің сорпа-суаңына ортақтасып ырылдасқысы келмеді; екіншіден, жыны тисе, төрт аяқтыны түгіл, екі аяқтыны да аяп қалмайтын қатыгез адамдардан именді.

Аштық бұдан әрі жүргізбейтінін ұққан соң шілікке бұрылды. Қоян кездесе ме деген үміт еді. Кездессе де, оңай ұстай алмайтынын өзі сезеді. Кенет көзі інге жып берген үлкен тышқанға түсті. Әп-сәтте ін қазып, ішіндегі тышқандарды жеп, аз-маз әл жинап, қырға көтерілді.

Көл жиегіндегі таныс иіс

Айнадай жарқыраған көлді көргенде, марқұм иесіне еріп осы ауылға келгені есіне түсті. Шөлдеп көлден су ішкені де көз алдына келді. Қара төбет иесі түскен көл маңындағы дәрі сасыған үйді бірден тапты. Бірақ содан кейін иесінің ат басын бұрған үйін таппай көп сандалды.

Ақыры шамы сөніп тұрған үйдің ауласынан іздеген иісті сезгендей болды. Жерді иіскелей жүріп, сыртқы есігі жоқ бір үйдің дәлізіне кірді. Тұтқаны иіскегенде — іздеген исі аңқып тұр.

Қуанғанынан қатты қыңсылап, есікті сояудай тырнақтарымен тырмалай бастады.

Қайта табысу

Есік ашқан Аманды қаға-маға ішке еніп келе жатқан итті көргенде, Алтыбай кереуеттің астына жып берді. Дірілдеп қалған ол Қондыбайдың аяғына басын қойып, құйрығын бұлғаңдатып тұрған қара төбетке қызыға қараған балаларды көргенде, ішін беймәлім қызғаныш кернеді.

Иттің көзінен еденге тырс-тырс тамған жасты көргенде, жаңа ғана Қондыбайға таласа сұрақ қойған балалардың неге үнсіз қалғанын ол бірден ұқты. Қондыбайдың өзі де ерекше толқып тұр еді.

Қондыбай тамағын кенеп: «Менің сендерге айтып жүретін Майлыаяғым осы» — деді баяу ғана.

Майлыаяқтың жүрегін кіші иесін ақыры тауып жеткеніне тән тасқынды қуаныш кернеді. Көзінен аққан тамшылар — сол қуаныштың жасы еді. Қондыбай оны мойнынан құшақтап: «Майлыаяғым-ау, осынша уақыт қайда болдың? Мені ұмытпаған екенсің ғой» — деп еркелетті.

Қара төбеттің көрген қорлығы

Майлыаяқ үлкен иесінің өзін біреуге жетектетіп жібергенін есіне алды. Үнемі қолқаны ататын бір ащы иіс сіңген қоршаулы аулада оны қазыққа байлап қойған. Ара-тұра ғана тамақ беретін. Бұрынғы иесін, сахара төсін сағынған ит түн сайын жақ жаппай ұлитын.

Мұндайда үй иесі не әйелі сыртқа атып шығып, айғайлап, кейде құрық ала жүгіретін. Сол түні де ол қатты ұлыды. Әйел қысқа шыбықпен ұра бергенде, Майлыаяқ оған бүгіле атылды да, әйел шалқасынан түсті. Екеуі абыржып, айғайға басты.

Үй иесі жақындай беріп, иттің ырылынан үрейленді ме, қамшысын жерге тастап, байлаған жіпті шешуге кірісті. Мойнын қылғындырып тұрған жіп босаған сәтте Майлыаяқ бар күшімен жұлқынғанда, түбі шірік қазық опырылып түсті. Шарбақтың бір бөлігі құлап, үй иесі қалтырап жерге сұлай кеткенде, ит артына қарамай тайып тұрды.

Үлкен иесінің соңғы күндері

Түс әлетінде ол иесінің үйіне жетті. Бұрын қой шарбағы құрылатын жер бос жатыр. Ақсақ-тоқсақ қозы-қой да көрінбейді. Ең бастысы — есік алдында түтіні будақтап тұратын сары самаурын да жоқ.

Үй ішінен біреудің қыстыға жөтелгені естілді. Әйнекке жақындағанда, төсек үстінде сүйегі ғана қалған шалға көзі түсті. Бір басып, екі басып жақындап барып, оның өз иесі екенін таныды да, еркінен тыс арс-арс етіп үріп жіберді.

Үйден жүгіріп шыққан қыз: «Майлыаяқ! Майлыаяқ келді!» — деп ауылды басына көтерді. Кемпір шалды сүйемелдеп сыртқа шығарды. Шалдың даусы дірілдеп: «Халім осы, Майлыаяғым…» — деді.

Шал итті сипалай отырып: «Опыр-ай, қалай жүдеп кеткенсің… Ит-ай, қыр соңымнан қалмай қойған соң, сені амалсыз беріп едім» — деді.

Кемпір де күрсініп, бұрын Майлыаяқтың екі рет ажалдан арашалап қалғанын айтып еді… Ит оның сөзін түгел ұқпағанмен, әлсіз саусақтардың жылуы өн бойына тарағандай болды.

Майлыаяқ күнде таң ата терезе алдына көлденең жатып, иесінің әр қимылын үнсіз бақылайтын. Бір күні әлдекімдер шалдың бетін жауып жатқанын көрді. Көп ұзамай үй ішін жылаған дауыс басты.

Иесін ауылдан жырақ зиратқа жерлеген соң, Майлыаяқ бірнеше күн бойы қабір басынан тапжылмай отырды. Ол үйіне қайтады деп күткен секілді.

Интернаттағы өмір және Майлыаяқ

Бір күні бөлмеге сырттан кірген біреудің ренішті даусы естілді: «Мен сендерден бұл тағы қандай бейбастық?» — деп сұрады. «Қондыбайдың жоғалып кеткен иті іздеп келді, мұғалім» — деді біреу. «Шығарыңдар, тез шығарыңдар» — деп қатаң бұйырды.

Ешкім қозғала қоймады. Майлыаяқ есікке беттеді, Қондыбай соңынан ерді. Рахаң: «Кәне, балалар, демалыңдар» — деді. Өзгелер шешіне бастағанда, Алтыбай Рахаңның төңірегінде қалшиып тұрып қалды.

«Сен неғып тұрсың селтиіп?» — дегенде, Алтыбай: «Мұғалім, ана ит сізді қауып алады ма деп…» — деді. Балалар ду күлді. Рахаң қолайсызданып: «Неткен жағымпазсың! Жат, орныңа» — деп жекіді.

Қайтадан жат жұрт

Қондыбай сол түні көз ілмеді. Қайта-қайта далаға шығып, Майлыаяқты құшақтап, еркелетумен болды. «Үйге апарсам ғой… Әсіресе күшігінде тауып әкелген Нүрпән қандай қуанар еді», — деп ойлады. Бірақ олардың үйі бұрынғы қонысынан көшіп кеткен, сондықтан Майлыаяқ та таппай жүрген.

Қондыбай қанша ойласа да, итті ауылына қалай жеткізудің жолын таба алмады. Ақыры қалжырап ұйықтап кеткен.

Таң ата үлкен ауылдың Майлыаяққа бейтаныс тірлігі басталды. Біреулер мал айдап жүр, біреулер балаларын жетектеп мектепке қарай асығады. Қондыбай да итті мойнынан құшақтап, аздап еркелеткен соң соларға ілесті.

Көшеде бір әйел баласын жетектеп өтеді де, состиып қалған итті көріп, әңгірлеп тас лақтыра бастады. Майлыаяқ та азуын ақситып ырылдады. Сол сәт жұрттың назары ауып, әркім әртүрлі сес көрсетті; тасты да, таяқты да қолына алды. Ит қашып құтылып, көл жағасына жақын құлаған үйдің ішіне зып берді де, осы арадан Қондыбай кіріп кеткен еңселі үйдің есігін аңдуға көшті.

Ақыры Қондыбай шығып: «Мені күтіп жүрсің бе? Қазір» — деді де, көп ұзамай ескі тегешке буы бұрқыраған тамақ құйып әкеліп, алдына қойды. Майлыаяқ танау жаратын ыстық сорпаны құныға жалады.

Майлыаяқ кіші иесінің онымен ауылдағыдай бірге жүріп, тауға шығып, асыр салып ойнауға мұршасы жоқ екенін аңғарды. Кейде сытылып шықса да, Қондыбайдың бөлмесінде кездескен үлкен кісі іле-шала іздеп келіп, итті алдына салып қайта айдап әкететін.

Ауыл адамдары да оны көрсе, жын көргендей әкіреңдеп, иттерін айтақтайтын. Майлыаяқтың тісі батқан иттер қыңсылап қашқанда, олардың иелері жұдырық түйіп, тас пен таяқ іздейтін. Тіпті кейбірі трактормен, машинамен тұра қуатын. Мұндайда ол ашық алаңға шықпай, үй-үйдің, қора-қопсының тасасымен сытылып кететін.

Соңғы сапар

Ақырында бұл жердің өзіне қоныс болмайтынын сезген Майлыаяқ қырға беттеді. Ертеңінде Қондыбай итін таба алмай дал болды. «Кешке қарай келіп қалар» деп үміттенді. Бірақ қанша күтсе де, Майлыаяқ қара көрсетпеді.

Бір күні кешқұрым интернат тәрбиешісі Рахаң асыға кіріп: «Қондыбай, сенің итің Қара жырада… Осылай қарай шығатын жолдың жиегінде өліп қалыпты. Кеше табынан бөлініп қалған тайшамды іздеп барғанда көрдім. Сенімен қоштасып кетуге келген екен. Кім білген?..» — деді мұңайып.

Бөлме ішін үнсіз мұң басты.

Бір бала: «Атам жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деуші еді. Рас екен-ау…» — деді.

Қондыбайдың көкірегі қарс айырылып бара жатқандай болды.

Сүлеймен Баязитов