Генуяның вокзал алдындағы алақандай алаңға қаптаған қалың жұрттың дені жұмысшылар болғанмен, бірақ араларында шүйдесі шығып, шытырая киінген адамдар да көп
Генуяның вокзалы алдындағы алақандай ғана алаңды қаптаған қалың жұрттың дені жұмысшылар еді. Бірақ олардың арасында шүйдесі шығып, шытырая киінген адамдар да аз емес. Жиналғандарды бастап тұрған муниципалитет мүшелерінің үстінде қала туы — шым жібекпен көмкерілген туырлықтай — желбіреп, оған қанаттаса жұмысшы ұйымдарының алуан түсті тулары да толқын ұрады.
Судыраған жібек тулардың алтын оқалы шоқтары, шашақтары мен баулары жалт-жұлт етіп, сап-сүмбілері жарқырайды. Көңілдері көлдей тасыған көпшіліктің ыңылдай салған әні күркіреген күйдей гуілдеп тұр.
Алаң үстіндегі үнсіз куә
Қаптаған жұрттың үстінен қарап, биік пьедесталда Колумбоның бейнесі тұр. Өз сеніміне бола талай қиындық шегіп, ақырында сол сенімінің арқасында жеңіп шыққан ойшылдың жүзінен бір ишара сезілгендей: «Тек өзіне өзі сенген адам ғана жеңіп шығады» — деп, мәрмәр ернімен тіл қататындай.
Пьедесталды шыр айнала, күн көзіне шағылысып, алтыннан аумай жалт-жұлт еткен жез кернейлерін саудырата жайып музыканттар отыр. Ал вокзалдың мәрмәрдан айшықтай сомдалған абажадай зәулім үйі жұртты аймалағысы келгендей, қанатын жая қалған.
Порт жақтан кемелердің алқына алған демі, су астында істеп жатқан тетіктердің бүдірлеген дыбысы, шынжырлардың сылдыры, ысқырық пен айқай естілгенімен, шыжыған күн сәулесіне малынған алаң үсті әрі қапырық, әрі жым-жырт сияқты. Үй-үйдің балкондары мен терезелерінен қолдарына гүл ұстаған әйелдер мен гүлдей құлпырған балалар көрінеді.
Станцияға локомотив зулап жетіп келіп, ақыра бергенде, нөпір селк ете түсті. Қанатын қаққан қара құстай бірнеше мыжырайған қалпақ жұрттың басынан аса көкке атылып кетті. Музыканттар кернейлерін көтеріп, егде тартқан, салмақты адамдар алға шығып, қолдарын оңды-солды сермеп сөйлей жөнелді. Қара нөпір аптықпай жапырыла жарылып, көшеге қарай кең жол ашты.
Кімдерді қарсы алуға жиналды?
— Бұл жұрт кімді қарсы алғалы тұр?
— Пармадан келе жатқан балаларды! Пармада ереуіл жүріп жатқан. Қожайындар айтқанынан қайтпай, хәлдері мүшкілге айналған жұмысшылар аштықтан ауруға шалдыға бастаған балаларын жинап, Генуядағы жолдастарына жіберген еді.
Вокзал жақтан жалаңаш-жалпы киімдерімен алба-жұлба көрінген, шоқпыт-шомыты әлденедей ғажайып аңдарды еске салатын шиеттей балалардың сымбатты тізбегі көрінді. Шаршап-шалдығып, үсті-басын шаң басқан қаршадай бөбектер қол ұстасып, бесеуден қаз-қатар тізілген.
Жүздері байсалды болғанымен, көздері жанған шоқтай жайнайды. Қарсы алдынан музыка Гарибальди гимнін құйқылжыта жөнелгенде, суалып-жүдеген, аш-арық жүздерде шат күлкінің көлеңкесі елп ете қалды.
Ұрандар, гүл, керней
Қара нөпір болашақ адамдарын айғайлап қошеметтегенде тулар иіліп, жез кернейлер сәби құлағын тұндырып, күндей күркіреді. Балалар мұндай қарсы алудан бір сәт абдырап, тіпті кейін ығысып қалды. Бірақ кенет бойларын жазып, бір денеге жымдасқандай, жүздеген үнмен бір ауыздан:
— Viva Italia!
— Жас Парма жасасын! — деп, жұрт та күнше күркіреді.
— Evviva Garibaldi! — деп, балалар да шаңқ етті.
Қонақ үйлердің терезелерінен, үй шатырларынан аппақ шағаладай орамалдар желбіреп, шашылған гүл жердегі жұрттың үстіне жаңбырша жауды. Айнала безеніп, құлпырып, тіпті сұрғылт мәрмәрдің өзі де жарқын теңбілдермен жайнай түсті.
Тулар толқын ұрып, қалпақ пен гүл аспанға ұшқанда, ересектердің төбесінен шақшадай бастары қылтия қалған балалар қараңдаған алақандарымен гүлді қағып алып, құттықтай айғайлап жатты. Толассыз күркіреген үннен ауа да жаңғырығып кеткендей:
Ұран
— Vivia il Socialisom!
Жауап
— Evviva Italia!
Жұрт балаларды қолдарына тік көтеріп алды. Кейбірі үлкендердің иығына шығып, қатал жүзді, қалың мұртты адамдардың қапсағай кеудесіне жабысып қалған. Дабыр-дұбыр, күлкі мен қиқудан музыка әрең естілгендей.
Бөлісу: бір сәттік шешім емес
Нөпір ішінде сумаң қағып, келген балалардың қалғанын бөлісіп алып жүрген әйелдер бір-біріне дауыстайды:
— Сіз екеуін аласыз ба, Аннита?
— Иә. Сіз де екеуін аласыз ба?
— Тобанаяқ Маргаритаға да біреуін аламын...
Жұрттың бәрі мәре-сәре: жүздері жайнап, көздеріне елжірей жас алады. Тіпті кейбір ереуілші балалардың аузына сол жерде-ақ нан да тиіп үлгерген.
— Біздің заманымызда мұндай оқиға ойымызға да келмеп еді! — дейді тісіне қара сигар қыстырған құс мұрынды қарт.
— О, бұл оп-оңай нәрсе ғой...
— Иә! Бұл оңай да, орынды да нәрсе.
Қарт сигарын аузынан алып, түбіне бір қарап күрсінді де, күлін қағып тастады. Сосын қасында байыппен қарап тұрған, Пармадан келген екі баланы көріп, түсін суытып, қалпағын көзіне түсіре киіп, қолын жая берген еді, балалар бір-біріне тығылып, қабақтарын шытып, кейін шегіне бастады.
Сол-ақ екен, қарт қапелімде жүресінен отыра қалып, аумаған қоразша, бар даусымен айқайлап жіберді. Балалар жалаңаяқтарымен тас көшені тепкілеп, сықылықтай күлді. Қарт орнынан тұрып, қалпағын түзеп киіп, «көңілге алғанымды көншіттім» дегендей құрысқан аяқтарын қиралаңдай басып, өз жайына кете барды.
Адам жүздері: қуаныш пен мұң қатар
Колумбоның бейнесінің түбінде — ұсқыны жалмауыз кемпірге ұқсас, сорайған иегінде селтиген сұрғылт түгі бар ақ шашты құныс кемпір. Ол қызарған көзін көне шәлісінің шетімен сүртіп, еңіреп тұр. Қуанышы көлдей тасыған көптің арасында ол сонша оқшау, сонша шерлі көрінеді.
Ебелеңдей басқан қара шашты генуэз әйелі аяғына ағаш шәркей киген, басына етегі иығына түскен сұр қалпақ жапқан жеті жасар баланы жетектеп барады. Бала қалпағын желкесіне ысыра беріп еді, ол қайта-қайта көзіне түседі. Әйел қалпақты шешіп алып, әуелете сілтеп, әлдене деп әндетіп күліп жібергенде, бала оның бетіне шалқая күлімдеп қарады да, қалпағын қағып алмақ болып қарғып түсті. Екеуі де топ ішінде көзден ғайып болды.
Ақсұр тышқандай алты жасар қызды иығына мінгізіп, жалпақ алақанымен сүйемелдеп алған, былғары алжапқыш таққан ұзын бойлы адам жанында шоқтай қызыл, шикіл-сары баланы жетектеп келе жатқан әйелге:
Үрей емес, үміт
— Егер бұлар бізге үйреніп кетсе, не боларын сезесің бе?.. Онда бізді жеңу, сірә, қиынға соғар-ау, ә?
Ол мәз болып қарқылдап күліп, көтеріп келе жатқан кішкентай жүгін көгілдір әуеге лақтырып жіберіп:
— Evviva Parma-a!
Жұрт балаларды ертіп алып, бет-бетімен тарай бастағанда, алаңда тапталған гүл, конфет ораған қағаз, жұмысшылардың жайдары-жарқын топтары және олардың үстінен аса қарап тұрған — Жаңа Дүниені ашқан адамның ізгі бейнесі ғана қалды.
Сол сәтте абажадай, түтік тәрізді көшелермен жаңа өмірді қарсы алуға асыққан адамдардың қуанышты дауыстары тамылжып, құйқылжып естіліп тұрды.