Өзі сондай сүйкімді

Биік таудың баурайындағы ауыл

Кең-байтақ Қазақ даласында биік таудың баурайына қоныс тепкен шағын ғана ауыл бар. Қыста ол аппақ көрпеге оранып, нағыз Қар патшалығына айналады. Ал жазда жұпар гүлдің иісі жанды сергітіп, самал жел көк майсаны тербеткенде, бәрі жап-жасыл ертегі әлеміндей көрінеді.

Әсіресе, өткінші жауыннан кейінгі көрініс ерекше: аспан күмбезіне керілген кемпірқосақ қызыл-жасыл түске боялып, көздің жауын алады. Сол кемпірқосаққа шығып, анау ақша бұлттарға мініп, көк аспанның төрінде қалықтап саяхаттасаң ғой!

Тамаша ауылдың кішкентай тұрғыны

Осы көркем ауылда Ерке есімді кішкентай қыз өмір сүреді. Ол жалғыз емес: атасы, әжесі, анасы, әкесі және сүп-сүйкімді інісі — бәрі бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрады.

Ерке қыздың бейнесі

Ерке қыз өте сүйкімді: қоңыр көздері күлімдеп, өзі үнемі жарқын көңіл күймен жүреді. Анасы шашын бұрым етіп өріп береді. Ол көбіне етек-жеңі қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген әдемі көйлек киеді.

Аппағым — ақылды мысық

Еркенің жанынан бір елі қалмай ілесіп жүретін аппақ, ақылды мысығы да бар. Ерке қыз оны еркелетіп «Аппағым» деп атайды. Екеуі үнемі бірге ойнайды.

Мысықтың әні

Мен мысықпын, мысықпын,

Ерке қыздан қалмаймын.

Өзім сондай пысықпын,

Көрдің бе, мен қандаймын!

Ал, балақай, егер дайын болсаң, мен саған Ерке қыз бен оның мысығының басынан өткен ғажайып оқиғаларды айтып берейін.