Ақша - төлем құралы

Сынып: 8 Сынып сағаты Тақырып: Бизнес және мен: ақша – уақыт тынысы

Бұл материал ақшаның тарихын, ұлттық валютамыз – теңгенің маңызын және ақшаның қаржы жүйесі мен бизнестегі қызметін түсіндіруге бағытталған. Негізгі ой: ақша – уақыт тынысы.

Мақсаты

Білімділік

XVIII–XXI ғасырлар аралығында қолданылған ақша түрлерімен таныстыру, ақша айналымының тарихы туралы мәлімет беру.

Тәрбиелік

Оқушылардың іскерлік, кәсіпкерлік және ақша туралы түсінігін кеңейту; сөйлеу мәдениетін дамыту; Қазақстанға деген мақтаныш сезімін ояту.

Жоспар

I. Кіріспе

Бизнес ұғымы және қазіргі кәсіпкерліктің қоғамдағы орны.

II. Негізгі бөлім

  1. 1 Ақша тарихта (1-слайд)
  2. 2 Теңге Қазақстанда (2-слайд)
  3. 3 Теңге әдебиетте (3-слайд)
  4. 4 Ақша қаржы жүйесінде (4-слайд)
  5. 5 Ақша бизнесте (5-слайд)

III. Қорытынды

Негізгі ұғымдарды жинақтау және ақшаға қатысты өмірлік қағидаларды бекіту.

Кіріспе: мұғалімнің сөзі

Бизнес — белгілі бір іске қатысушылар арасындағы іскерлік қатынастардың жиынтығы, кәсіпкерлік, яғни нарықтық қатынастың бір көрінісі. Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлік белгілі бір қиындықтарды бастан өткерсе де, өз негізін әлдеқашан қалыптастырған: ол заңмен қорғалады және үнемі дамып келеді.

Бизнеске деген қызығушылық өсіп отыр. Қоғамның жаңа экономикалық іргетасы қалыптасуда: өз ісін ашуға ниетті азаматтар көбейді. Мұның басты себептерінің бірі — қоғам мен халық шаруашылығының демократиялануы.

Адамдар кәсіпкерліктің өндіріс пен нарық дамуына, жалпы қоғамға ықпал ететінін түсіне бастады. Мемлекет кәсіпкерлердің еңбегімен өркендейді, ал кәсіпкерлер мемлекет қолдауымен нығаяды.

Бүгінгі сынып сағатының өзегін қысқа ғана түйіндесек: ақша – уақыт тынысы.

Негізгі бөлім

Ақша тарихта (1-слайд)

Үйреншікті заттардың тарихын білу әрқашан қызық. Ал ақшаның және ақша жүйесінің тарихы тек жеке деректерден тұрмайды — ол елдің, халықтың және экономиканың даму жолын да қамтиды. Ақша тарихы — өмірдің ең айқын әрі сабақ беретін көрсеткіштерінің бірі.

Зарина

Кез келген ақша бір елдің өткенін, бүгінін және болашағын таныта алады. Бүгінде ақша тарихын зерттейтін арнайы ғылым бар — нумизматика. Ол тиындар, құйма ақша кесектері және өзге де ескерткіштер (мөрлер, құжаттар) арқылы тиын соғу тарихын зерделейді.

Нумизматика ғылым ретінде XVIII ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Оның негізін салушылардың бірі — Вена нумизматигі И. Х. Эккель.

Мөлдір

Ақша — жалпыға бірдей балама ретінде барлық тауардың құнын көрсететін ерекше тауар. Ол өндіруші, сатушы және тұтынушы арасындағы экономикалық байланысты қамтамасыз етеді.

Теңге Қазақстанда (2-слайд)

Теңгенің енгізілуімен Қазақстан тәуелсіз мемлекеттің барлық негізгі нышандарына — елтаңба, ту, әнұран және ұлттық валютаға — толық ие болған егемен ел ретінде орнықты.

Ерасыл

Тәуелсіздік алған елдің ең айқын белгілерінің бірі — ұлттық валюта. Ол Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын заңды төлем құралы болып саналады.

Ұлттық валюта 1993 жылғы 12 қарашадағы Президент жарлығымен бекітіліп, 1993 жылғы 15 қараша күні таңғы 8:00-ден бастап айналымға енгізілді. Қазақ теңгесі алғашқы кезеңде Англияда басылды.

Ақылбек

Ұлттық теңгенің жиектері қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі тұлғаларының бейнелері берілген. Екінші бетінде ою-өрнек, табиғат көріністері және елтаңба бейнеленеді.

Теңгенің шамамен 16-ға жуық қорғаныс белгісі бар. Ұлттық валюта дизайнын әзірлеген авторлық топтың жетекшісі — Тимур Сүлейменов.

Теңге әдебиетте (3-слайд)

2008 жылы теңгенің 15 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптардың аздығын атап өткен. Сол себепті балаларға ақша туралы алғашқы әліппелік түсінік беретін кітапша шығаруды ұсынған.

Ақша қаржы жүйесінде (4-слайд)

Қазақстан Республикасында ақша шығару, оның айналымын ұйымдастыру және айналымнан шығару жұмыстарын Қазақстан Ұлттық банкі жүзеге асырады.

Беркін

Қазақстан Ұлттық Банкі банкноттар мен тиындардың қажетті мөлшерін айқындайды, олардың шығарылуын қамтамасыз етеді, қолма-қол ақшаны сақтау және инкассациялау тәртібін белгілейді.

Сондай-ақ банкнот фабрикасы және арнайы Қазақстан теңге сарайы жұмыс істейді. Онда қағаз ақшамен қатар жоғары сападағы күміс монеталар да шығарылады. Мұндай монеталар (таза салмағы 24 г, 34 г және т.б.) қазақ өмірі мен тарихына қатысты деректерді танытады.

Ақша бизнесте (5-слайд)

Ақшаның мәні оның атқаратын қызметтері арқылы айқындалады. Негізгі қызметтері төмендегідей:

  1. 1) Құн өлшемі

    Ақша құнды көрсетуге мүмкіндік береді: мөлшері мен саны жағынан салыстыруға келетін тауарлар құнын өлшейтін ортақ өлшем қызметін атқарады.

  2. 2) Айналыс құралы

    Бұл қызметінде ақша айналыста делдал рөлін атқарады: тауар мен қызметтің алмасуын жеңілдетеді.

  3. 3) Қазына жинау және қорлану құралы

    Ақша жалпыға ортақ байлықтың бейнесі болғандықтан, оны кез келген уақытта кез келген тауарға айналдыруға болады.

  4. 4) Төлем құралы

    Тауарлар тек нақты ақшаға ғана емес, несиеге де сатылады. Мұндайда сатып алушы ақша орнына қарыздық міндеттеме береді.

  5. 5) Дүниежүзілік нарықтағы қызметі

    Ақша халықтардың төлем құралы ретінде төлем балансының сальдосын өтеуге, сондай-ақ халықаралық есеп айырысу мен шетелден тауар сатып алуда бір елден екінші елге қаражат аударуға қызмет етеді.

Қорытынды

1) Бизнес сөздік

Экономика
Қоғамдағы өндіріс тәсілдерінің, қатынастардың және ресурстарды бөлу жүйесінің жиынтығы.
Валюта
Белгілі бір мемлекетте қабылданған ақша өлшемі, ақша бірлігі.
Банкнот
Мемлекеттік (орталық) банк шығаратын, айналыста ақша қызметін атқаратын қағаз ақша.
Номинал
Купюраның немесе бағалы қағаздың бетінде көрсетілген құны.
Инфляция
Ақшаның құнсыздануы, сатып алу қабілетінің төмендеуі.

2) Ақшаға бәрін сатып алуға болмайды

Өмірде ақша қаншалықты ықпалды болғанымен, оның билігі жүрмейтін тұстар бар: адамгершілік, сенім, ар-намыс, мейірім сияқты құндылықтарды ақшаға айырбастау мүмкін емес.

Қоғамда табысын арттыруды мақсат ететін жастар көп. Болашақта іскер, кәсіпкер боламын десеңдер, ақшаның күші мен жауапкершілігін еске салатын қағидаларды жадыңда ұстаңдар:

  • Мал баққанға бітеді, ақша адалдан тапқанға бітеді.

  • Ақша туралы арам ой — зиян.

  • «Алаған қолым — береген».

  • Үстемелеп берсең, үстемелеп аласың.

  • Қайырымдылық жаса: шығынның қайтарымы мол.

  • Фәнидегі басты парызың — қайырым мен садақа.

  • Оны ұмытсаң, өзің де ұмытыласың.