Ассалаумагалейкум Аяз ата
Жаңа жыл мерекелік кешінің сценарийі
Зал мерекеге сай безендірілген. Музыка фонында ортаға екі жүргізуші шығады.
Кештің ашылуы
1-жүргізуші
Армысыздар, ардақты ағайын, ұлағатты ұстаздар!
2-жүргізуші
Бармысыздар, замандас бауырлар, шабыты шалқар шәкірттер!
1-жүргізуші
Бүгін сізге жырдан алқа тағайын,
Шат күлкіге толы болсын маңайың.
Көргендер де, көрмеген де арманда,
Жаңа жылың құтты болсын, ағайын!
2-жүргізуші
Зеңгір көкте жұлдыз болып жанайын,
Ай жүзіндей айшықтанып арайың.
Жанға шуақ, бойға қуат әкелген,
Жаңа жылың құтты болсын, ағайын!
1-жүргізуші
Бәрекелді, бәрекелді, құрметті халайық! Бүгінгі Жаңа жыл кешін көтеріңкі көңіл күймен, әсем ән мен сәнді бимен өткізуге барлығымыз атсалысамыз деп үміттенеміз.
2-жүргізуші
Ендеше, көңіліміздің керегесін кеңейтіп, баршамызға береке сыйлар мерекелі кешіміздің шымылдығын ашуға рұқсат етіңіздер!
Ортаға шығыс биі және “Айналайын” тобы шақырылады.
Құттықтау сөздер
Алғашқы құттықтау
“Жақсы сөз — жарым ырыс!” деген дана халқымыздың сөзі бар. Жүрекке жылылық ұялатар алғашқы Жаңа жылдық құттықтау сөзді академик Русаков атындағы №2 шипажай мектеп-интернатының директоры Замзагүл Нарымбекқызына береміз.
Келесі құттықтау
Келесі құттықтау сөз бүгінгі кешіміздің құрметті қонағы — қалалық білім бөлімінің бас маманы Раиса Болатқызына беріледі.
Ән шашуы
1-жүргізуші
Армысың, аманбысың, Жаңа жылым!
О, менің Жаңа жырым!
Сиыр жылы келгенде сый қып тартып,
Ақтарайық әнменен көңіл сырын.
“Жаңа жыл” әнін Шоланов Р. орындайды.
Аяз ата мен Ақшақардың келуі
2-жүргізуші
Құрметті халайық! Бүгінгі Жаңа жыл кешіне алтындатқан шанасымен, сәйгүлігін желдіріп, Аяз ата мен сүйкімді Ақшақар келе жатыр деген хабар алып тұрмыз.
1-жүргізуші
Қуаныңдар, ағайын, тамсаныңдар!
Сүйінішпен маңайға жар салыңдар!
Аяз ата келеді Ақшақармен —
Қол соғып, қошеметпен қарсы алыңдар!
Осы кезде музыкамен көптен күткен Аяз ата мен Ақшақар келеді.
Аяз ата
Ассалаумағалейкум, жыр кешкен ел,
Нарына нарық заман мінгескен ел.
Дәуірдің дүрмегіне үндескен ел,
Тәңірдің тылсымымен бірлескен ел.
Диалог
1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, Ата!
Аяз ата: Уағалейкумассалам, балам!
2-жүргізуші: Армысыз, Ата! Армысың, Ақшақар!
Аяз ата: Бар бол, балам! Біз қай жерге келдік, қарағым?
1-жүргізуші: Балығы толқып тулаған, бақасы қойдай шулаған мыстың алыбы — қарт Балқашқа келдіңіз.
Аяз ата: Бәрекелді, балам! Балқаш ән мен жырдың мекені деп естуші едім. Өнерге жақын өрендерің мұнда да бар шығар?
2-жүргізуші: Әрине, ата! Шығыстың шырайын кіргізер мың бұралған бишілеріміз дайын. Рұқсат берсеңіз болды.
Аяз ата: Рұқсат, шырақтарым, рұқсат.
Шығыс биі орындалады.
Өнер керуені: өңірлер шеруі
Жаңа жылдық мерекемізге еліміздің түкпір-түкпірінен өнерлі өрендер келіп отыр. Кезекпен ортаға шақырамыз.
Оңтүстік өңір
8а сыныбының КВН командасы.
Солтүстік өңір
8ә сыныбының КВН командасы.
“Шарара” биі
10а сыныбының қыздары.
Батыс өңір
9а сыныбының өнерпаздары.
Шығыс өңір
9ә сыныбының өнерпаздары.
Корей биі
“Айналайын” бишілер тобы корей халқының тыныс-тіршілігін бейнелейді.
Орталық өңір — Арқа
10а сыныбы.
Астана — ел ордасы
Еліміз еңсесін көтергелі талай жыл өтті. Жыл өткен сайын жаңарған жерлерді көреміз. Соның бір дәлелі — өткен Тышқан жылы 10 жасқа толған жас Астанамыздың гүлдей жайнап өсуі.
Ортаға мектеп түлектері — 11-сыныптың КВН командасы шақырылады. Соңынан “Замана” тобы бір ән орындайды.
Арнайы қонақ
Бүгінгі мерекемізге арнайы ат басын тіреп, құрметті қонақ болып келіп отырған бұрынғы түлегіміз — бүгінгі мақтанышымыз, керемет күйші, мықты музыкант, табиғи талант иесі Қымбат Мұхаметқалиеваны ортаға шақыруға рұқсат етіңіздер.
Би сайы: шеберлер шеруі
Аяз ата, Ақшақар! Әзіл мен әсемдік сыйлаған өнерпаздар арасында табаны жерге тимей, шыр айнала билейтін шеберлер де бар екен. Әр сыныптан бір-бір биші шығып, бидің құдіретін танытсын!
- “Лезгинка” биі
- “Жорға” биі
Ескі жылмен қоштасу, Жаңа жылды қарсы алу
1-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Өткен жылға ешкімнің өкпесі жоқ шығар. “Ескі жыл — есіркесін, жаңа жыл — жарылқасын!” демей ме?! Ортамызға тарихта қалған Тышқан жылын шақырайық.
Аяз ата
Бәрекелді, қарақтарым! Келсін, Тышқан келсін...
Тышқан жылы шығады.
Тышқан жылы
Ассалаумағалейкум, ағайын! Армысыздар, Аяз ата мен Ақшақар!
Аяз ата: Иә, Тышқан, қайда тарттың?
Тарих қайнауына. Осы жерде бұзау бауырыма жолығып кетейін деп келдім.
Осы кезде мөңіреп Сиыр жылы келеді.
Жаңа жыл (Сиыр жылы)
Ассалаумағалейкум, ағайын! Ассалаумағалейкум, Аяз ата! Ассалаумағалейкум, Тышқан аға! Армысың, Ақшақар!
Аяз ата: Бар бол, балам.
Тышқан жылы: Уағалейкумассалам, сен бала бұзаумысың?
Жаңа жыл: Дәл өзімін.
Тышқан жылы: Айналайын, келші, танауыңнан бір иіскейін. Ал, бұзаужан! Кімдер даттап, кімдер мақтайды — өзі білсін. Жақсылы-жаманды жыл болдым. Қолымнан келген біраз шаруаны атқардым деп білем. Мына тұрған халық — куә, содан сұрарсың. Әлі де атқарылар іс көп. Соның бәрін саған аманат етіп қалдырам, қарағым.
Жаңа жыл: Аманатқа адал болуға, халыққа жайлы, ел тілегіне сай болуға ант етемін.
Тышқан жылы: Ал, мен жылжиын, ағайын! Келген жылдарың құт-береке сыйласын!
1-жүргізуші: Қош, өткен жыл! Қош келдің, Жаңа жыл!
2-жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар! Асығып тұрған секілдісіздер. Әлі де барар жер, басар тауларыңыз көп. Сондықтан сіздерді көп бөгемейік.
1-жүргізуші: Иә, ата, мына халқыңызға бата берер кез келді ғой деймін.
Аяз атаның батасы
Аяз ата
Болар, болар… Уа! Мен батамды берейін:
Үстем болсын мерейің,
Әрқашанда бұл елге
Қуанышқа келейін.
Жақсылық елден кетпесін,
Жамандық келіп жетпесін.
Қыдыр болсын жолдасың,
Әруақтар қолдасын!
Қара ниет дұшпаның
Бұл жалғанда оңбасын.
Аман болсын мал-басың,
Адал болсын жолдасың.
Бейбітшілік заман болсын,
Ел іргесі аман болсын.
Осы айтқаным қабыл болып,
Батам менің тәмам болсын! Әумин!
Жаңа жылдарың құтты болсын!
Барлығы бірге
Жаңа жыл құтты болсын!
“Жаңа жыл” әні орындалады. Кеш соңы бимен ұласады.