Мынауыңыз бата ғой десті отырғандардың кейбірі

Дастархан басындағы таныстық

Бір тойға бардық, кісі көп жиналды. Дастархан басында өзара танысу басталып кетті. Біз аты-жөнімізді атаумен ғана шектелдік.

Бірақ бұған қанағаттанбағандай, жаңа таныстарымыз өз есімдеріне қоса «мәдениет қайраткері», «орден иегері», «депутат» деген атақтарын да тізіп айтып, біздің кімдермен дастархандас болып отырғанымызды қайта-қайта құлағымызға құйды.

«Қайраткер» қаптаған сәт

Бір таңғаларлығы, солардың арасында «қайраткер» көп еді. Сол сәтте ойыма бірден мынадай өлең шумағы келді:

Оңымда да қайраткер,
Солымда да қайраткер.
Алдымда да қайраткер,
Артымда да қайраткер.
Шылғи қайраткер ішінде,
Еңсемді Алла түсірме.
Арыстандай айбат бер,
Қажымас қайрат бер.
Аллаһуакбар!

Сөз реті келгенде, оны отырғандарға оқып бердім. Сонда кейбірі: «Мынауың бата ғой», — деп қалды.

Атақтың ауысуы, ойдың қалуы

Араға бірер ай салып, «қайраткер» атауы «өз ісінің шебері» деген сөзбен алмастырылды.

Бірақ бір түйткіл көңілді тырнап тұрады: көңілді жиырма бестердегі сол «қайраткерлер» ертең тірі жүріп, жетпіске жетсе, кезінде бұл атақты не үшін алғандарын есіне түсіре алар ма екен? Әлде…

Сүлеймен Баязитов