Қазақтың ұлттық ойындарына жеке тоқталмасқа болмас
Жұмаш Айдана Ерболатқызы, 8-сынып, №1 балалар шипажайы мектеп
Жетекшісі: Садырбекова К.Б.
Менің туып-өскен жерім — егеменді Қазақ елі
Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Әсіресе халқымның ұлттық ойындары, мерекелері, табиғаты, салт-дәстүрі, бала тәрбиесіне деген көзқарасы және басқа да көптеген құндылықтары маған ерекше ұнайды.
Наурыз — жаңару мен кешірім мерекесі
Еліміздің ұлттық мерекелері мен ойындары мағыналы әрі қызықты. Соның бірі — Наурыз мейрамы. Наурызда көптен күткен күн мен түннің теңелуі ерекше мәнге ие. Бұл уақытта табиғат қана емес, адам да, тіпті күллі әлем де жаңарады деген түсінік бар.
Наурыз — бағзы заманнан келе жатқан мейрам. Бұл күндері ұрыс-керіс пен дау-дамай тоқтатылып, өкпе-наз ұмытылып, кешірім жасалады. Жағдайы төмен жандарға қол ұшын беру дәстүрі де кең тараған: дәулетті адамдар мұқтаждарға көмектеседі, жұрт бір-біріне ақ тілек айтып, үй-үйді аралап қуанышты көңіл күймен мерекелейді.
Наурыздың басты дәстүрлерінің бірі — жеті түрлі дәмнен жасалатын наурыз көже. «Көжеден көбірек ішкен адамның ырысы жыл бойы мол болады» деген наным бар.
Ұлттық ойындар — ептілік пен батылдық мектебі
Тек Наурызда ғана емес, өзге мерекелерде де қазақтың ұлттық ойындары ойнатылады. Ұлттық ойындарға тоқталмай өту мүмкін емес:
- Көкпар
- Қыз қуу
- Жасырынбақ
- Арқан тарту
- Алтыбақан тебу
- Ақсүйек
- Ұшты-ұшты
- Ханталапай
Бұл ойындар баланы ептілікке, күшке, жылдамдыққа баулиды, тез шешім қабылдауға үйретеді. Ұлттық ойындар арқылы жас кезден-ақ тәрбиенің негізі қаланады.
Бала тәрбиесі — ұлттың ертеңі
Қазақта бала тәрбиесіне туғаннан бастап ерекше мән береді. Себебі «бала — болашақтың кепілі» екенін жақсы түсінген. Қыз бала — болашақ ана, ер бала — ел қорғаны. Сондықтан халық ішінде тыйым сөздер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер көп тараған.
Кейбір мақал-мәтелдер:
- Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
- Қызға қырық үйден тыйым.
- Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді.
- Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
- Сақалын сатқан қариядан еңбегін сатқан бала артық.
Мұндай нақылдар баланы жаман әдеттен жирендіріп, жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге бағыттайды. Әр ата-ана баласына халқымыздың бай ауыз әдебиеті мұраларын айтып, үйретуді ұмытпаған. Осындай тәліммен өскен бала ел үшін қызмет ете алатын, жерін қорғайтын, кең жүректі азамат болып жетіледі.
Тәуелсіздік пен тілге құрмет
Тарихымызға көз жүгіртсек, халқымыз небір қиындықты бастан өткерген. Соған қарамастан бүгінгі таңда Тәуелсіз мемлекетпіз. Мұның түп қазығы — елдің асыл мұрасы, бай тарихы, азат тілі, намысты қыздары мен ұлдары.
Қазіргі кезде ана тілімізді шұбарлап, бағаламай сөйлеу «сәнге» айналып бара жатқандай. Бұл — мәдениетсіздік.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Егер екі мемлекеттің бірі бай, бірі кедей болса да, бірақ кедей мемлекеттің жастары ынталы, оқыған, білімді, өнерлі болса, ал бай мемлекет байлығымен ғана мақтана білсе, онда кедей мемлекет болашақта бай мемлекетті шаңында қалдыратыны сөзсіз», — деген. Бұл сөзден көп ой түюге болады.
Сондықтан тәуелсіз елде туған жас ұрпақ білімді, оқыған, көзі ашық болуы керек. Еліміздің керегесі кең, көсегесі көк болуы — жастардың қолында. Болашақта біз, Тәуелсіз елдің ұландары, еліміздің терезесін тең, шаңырағын биік етіп ұстауға міндеттіміз. Сонда әлем Қазақстанды тани түседі. Оны танытатын — біз және Тәуелсіздік.
Иебек Жәнібек, 6-сынып, №13 мектеп-гимназия
Менің Отаным — кең байтақ Қазақстан
Менің Отаным — кең байтақ Қазақстан. Ол Алтайдан Атырауға дейін созылып жатыр. Сұлу да көркем табиғаты бар ерекше өлке. Барлық ұлтты бауырына басқан Отанымның ұлылығынан үйреніп, бойжетіп келемін.
Мен — азат елдің ұланымын, Қазақстан деген байтақ елдің түлегімін, — деп зор мақтанышпен айта аламын.
Иә, Қазақстан — мен үшін де, ата-бабаларым үшін де қасиетті мекен. Осы елде дүниеге келіп, еңбек етіп, білім алып жүрміз. Ана тілімізде сөйлеуді, халқымыздың салт-дәстүрін білуді өз міндетіміз деп санаймыз.
Тәуелсіздік — оңай келген бақ емес
Халықтар достығы жарасқан еліміздің тәуелсіздік алғанына 21 жыл. Бірақ бұл бақыт оңай келген жоқ. Бір кездері моңғолдар, жоңғарлар, қалмақтар қазақтың ұлан-ғайыр жеріне көз тігіп, жан-жақтан қыспаққа алған.
«Елім!» деп еңіреп, жұртының ел болып қалуына үлес қосқан сан боздақтың есімі тарихтан белгілі. Олар — ертеңін ойлап, болашақты болжаған хандарымыз: Абылай, Тәуке, Кенесары. Бірлік туын көтерген ер батырларымыз: Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Райымбек, Баян. «Тура биде туған жоқ» деп әділдігін айқындаған кемеңгер билеріміз: Төле, Қазыбек, Әйтеке. Ұлт-азаттық күрестің басында тұрған ақын-батырларымыз: Сырым, Махамбет, Исатай, Амангелді.
Жер қопарып, тау көшірген батырлардың да, әділдігін ту еткен билердің де, елдің басын қосқан хандардың да мақсаты бір еді: халықтың еркіндігі мен елдің тұтастығы. Олар қандарын текке төккен жоқ.
Тәуелсіздікті аңсаған, еркіндік үшін жанын қиған Қайрат, Ләззат, Ербол сияқты аға-апаларымыз ұлты үшін өлімге бас тікті. Сол күндерден кейін қазақ елі тәуелсіздік туын көтеріп, аяулы Қазақстан егемен ел атанды.
Табиғатым — төрім, елім — үйім
Нұрлы аспан, кең жасыл дала, асқар таулар, сылдыр бұлақтар, сайраған құстар — мұның бәрі туған елімнің табиғи көрінісі. Бұл — менің үйім, менің елім, Отаным — Қазақстан.
Мен қандай өмір жолын таңдасам да, қандай мамандыққа бет бұрсам да, құстай биік ұшып, асуға өрлесем де, еліме деген сүйіспеншілігім өзгермейді. Саған сенемін, ұлы Отаным.
Мен — егеменді елімнің ертеңімін. Абай атамыз айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан». Сондықтан Отанымның болашағы үшін өз үлесімді қосуға тырысамын.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы