Сен бірақ

 ӨРШІДІ ӨЛЕҢІМДЕ ӨМІР СЫРЫ
Ерке ғып өсірген жоқ тағдыр мені,
Туғанда, бесігімде қар гуледі.
Ананың мейірімі де жоқ есімде,
Тұнып тек жүрегімде қалды лебі.

Суық жел сәби шақты тербеп өтіп,
Есейдім жас бұғанам ерте бекіп.
Ұл тілеп алласына жалынса да,
Көрген жоқ әкем мені еркелетіп.

Аз болды туысым да жан ашыған,
Мейірді көрдім, сірә, нағашымнан.
Тартылды жүйкелерім тарамыстай
Жас ойнақ кездерімде аласұрған.

Не айтта, не бір тойда ат мінбедім,
Алдымнан есті баяу бақыт желім.
Жаңбырда жалаң аяқ дедектедім,
Жастықтың іздеп жарқын, шат күндерін.

Салтымен әкеміздің, ізі қиын,
Ашыды әліпбимен уыз миым.
Тоқыдым ойға жырды, жас зердеме
Шұбырын сөрелердің тізіп жидым.

ҚОС КЕПТЕР
Қос кептер күнде қонады,
Ауламды менің кең көріп.
Ауламның солар қонағы,
Сыйлаймын ылғи жем беріп.

Екеуі қандай әдемі,
Жем тереді жарасып,
Қандай және әдебі,
Көрген жоқ бір таласып,

Қандай тату екеуі,
Достық деген осы да!
Күн-түні бір мекені,
Көкке ұшады қосыла.
Айтқаны әлде өлең бе,
Үндеседі сұңқылдап.
Құс тілін білсем егер де,
Мәз болар ем, сыр тыңдап.

КӨЗІ КҮЛГЕН ІНІМ БАР
Жүзі күлмей, көзі күлген інім бар,
Ол өзінше, шын сырынды ұғынар.
Жыпылықтап кірпіктері,
өз ойы
Жанарының ар жағына тығылар.

Ол көзіңше сөзіңді хош көреді ,
Шұлғып басын ырқыңа да ереді.
Ал ішінен түлкі түсті сол інім,
Әр сөзімен сынық сырды тереді.

Ізім тайса, күлімдейді қабағы,
Жұрнақтарға сырық жалғау тағады.
Ол сырыңды өз ойынша өрбітіп,
Біреулерге күліп тағы жағады.

Көзі күліп, көлгір жылы сезіммен
Кездеседі кейін тағы өзіммен.
Бірақ кейде қадала бір қарасам,
Сескенеді менің зершіл көзімнен.

БІР ҚАРЫНДАСҚА
(Е. Р-ға)
Жасырғандай құпия сыр ұясын,
Үнсіз ғана жаутаңдап жымиясың.
Бүккен сырдай ұрланып күндер өтер,
Бұл шағыңда несіне бұйығасың?

Өміржүйрік жеткізбес, қусаң бір шақ,
Тәтті сырлар қайрылмас, жайсаң құшақ.
Күл, масайра, ән шырқа еркін, қалқам,
Көңіл шіркін жасиды, қойсаң тұсап.

ЕСІМДЕ
(Жол-ға)
Қалды есімде сол шағың
Тұрдың-ау сен күлімдеп.
Жалындады құшағың,
От жүрегің дүбірлеп.

Сен биязы қалпыңмен
Маған сұлу көріндің.
Жан сырымды айтып ем
Наз жырындай өмірдің

Мені тастап, жоғалдың
Самал соққан бір кешпен.
Жат құшаққа оралдың,
Шығардың ба мені естен?

Өкінішпен өтті шақ,
Мен де бөтен жар таптым.
Жырлап талай, сені аңсап,
Арманымды тарқаттым.

ӨКІНЕМ
Енді неге өз-өзімнен ұялдым,
Желігіне беріліппін қиялдың
Албырт кезде өкпелеткен досымды
Қайтып енді араздыққа қиярмын?

Ағысында қызу талас шулардың
Кейбір жанды кейіткен де шығармын.
Кейбіреуді қағытам деп егемпен,
Өзім сірә одан бетер сыналдым.

Ақ шашымды сипап енді өкінем,
Ойлап соны от шығады бетімнен.
Кейде көрсем өкпеліні өзіме,
Жаутаң көзбен кеше гөр деп өтінем.

ЕРТІС ТЕ БАЯН ЖАҚҚА БҰРЫЛЫПТЫ
Төлеутай Ақшолақовқа
Ертістің таң-тамаша тоғайы бар,
Баурында өсті біздей талай ұлдар.
Қарадым қайыңдарға қайда екен деп
Бір өскен жас түлектер, ағайындар.

Желпінткен екеуміздей жас құрағын
Есіңде жасыл нулы атырабың.
Әлі тұр ақ қайыңдар, құба талдар,
Өзенге қатар жайып жапырағын.

Сол шақтың есіп жібін үзілмеген,
Жөнелдім бала күнгі ізімменен.
Көзіме түсті сонау жас қос ағаш
Екеуміз доланасын үзіп жеген.

Естілді құлағыма думан шулар,
Қайран сол балалықтың мәз даусы бар.
Қос тентек Сампырбай мен Торпақ сонда
Қиқулап құмда асыр салған шығар.

ӨРМЕЛЕП ЖОТАЛАРҒА...
Өрмелеп жоталарға өтті күнім,
Сәріден қозғаламын,
жоқ бір тыным.
Алатау, көрмедім-ау, асқақтап бір,
Басына шығып сонау шоқтығыңның.

Пендемін дамылы жоқ бір әбігер,
Тірліктің шегі қайда, кім бар білер?
Тырмысар қар басқанша құмырсқа да,
Қабырға өзі барып кім бар кірер?

ТЕҢІЗГЕ ҚАРАП
Адамдардың ежелгі сұр ашуын
Толқын етіп, теңіз тартып алған ба?
Бұрқанады салып шулы асырын,
Ұқсап селі мәңгі кек пен арманға.

Адамдардың ежелгі мол сабырын
Тұңғиыққа теңіз тартып алған ба?
Томсарады, тыңдап дүние дабырын,
Данышпанша ойлы қарап жалғанға.

Теңіз де - өмір, оған да қас, қарсы бар.
Мейлі, кейде ашумен де шалқысын.
Өзімде де ашу шіркін бар шығар,
Берші, теңіз, сабырыңның жартысын.

ЕКІ АДАМ ТҰРДЫҚ ЖАҒАДА
Екі жан тұрмыз жағада
Сұр теңізге қарап қана көңілсіз.
Теңізде жүзген шағала,
Қарап соған мен де үнсіз,
ол үнсіз.
Ол күрсінді,
не үшін?
Оның да шашы толқындардай ағарған.
Теңіздей өмір өрісін
жүзгендегі
Шайқалды ма көп арман?

Солай тұрдық көп үнсіз,
Бейтаныспыз,
сыр сұрасып қайтеміз,
Күзгі шағың көңілсіз,
Өткендерді қозғап кетер ой-теңіз...

ЖАҢБЫР ЖАУАР
Жаңбыр жауар, жер кірін жуамын деп,
Күн күлімдер, нұр болып туамын деп.
Бұлттар қаптар, көгіңді түнертем деп,
Дауыл соғар, түнекті қуамын деп.
Өзен шалқыр, тау-тасты жарамын деп,
Жел ойнақтар,далада дарамын деп.
Бәрінен де айбатпен адам шығар,
Бәріңнен де күш тартып аламын деп.

ЖЕҢЕШЕМ
(Күлшайға)
Жас кезіңде жақсы едің ғой, жеңешем.
Мұнша қатты бола қалдың неге сен?
Ұлғайғанда игі болар ізгілік,
Бұл жалғанда мәңгі тұрам демесең.

Жаз кезіңде жайдары ең ғой, жеңешем,
Қарлы аяздай қаһарлысың неге сен?
Қайда кетті жаныңдағы жылылық,
Күлмейсің бе, өмірді бір елесең.

Жаз кезіңде жүзі нұрлы жеңешем,
Мен келгенде түнересің, неге сен?
Аз ба менің жүрегімде өкпе-наз,
Жұрт алдында жайраңдайды демесең?

Әз әжемнің келінісің, жеңешем,
Сен өзіңді сол енеңе теңесең,
Жиендерің ойнақтаса төріңде,
Қартайсаң да, қатал кемпір демес ем...

АСПАНДА-АЙ, ЖЕРДЕ ҚЫЗ...
Аспанда – ай, жерде қыз...
Жайлауыма нұр жаққан.
Көкте өрген көп жұлдыз
Қалың қойдай қыз баққан.

Бозша бұлттар жүр тауда
Менің ала жылқымдай.
Ғашық жырын шырқауға,
Желші, жорғам, бұлқынбай.

Қарасаң да тамсанып,
Емірене ме жұлдыз, ай.
Еріте ме ән салып,
Менің сұрша қызымдай.

ТЫМ АСЫҒЫС КЕЛЕМІН
Тым асығыс келемін туған жерге,
Бір сағыныш лапылдап тұр кеудемде.
Жүрегімде махаббат жалындаған,
Жүргенімде көңілсіз өлкелерде.

Сағындым сені анамдай, туған жерім,
Көзіме ыстық таулы белеңдерің.
Сағынышты саялы ормандарың,
Күркіреген көк түсті өзендерің.

Сағындым мен сағынамын кең даланың,
Сол далада шырқалған шаттық әнін!
Аңсап келем көруге, құшақтауға
Мен елімнің ақ пейіл ер адамын.

Сағындым мен аяңды төрт жыл көрмей,
Сансыз жылдар айырылып көрмегендей.
Көрсем де талай жер,
талай елді,
Көргемін жоқ ұлы елді бірақ сендей!

ТАРЛАН ШАПҚАН ЖОЛМЕНЕН...
Тарлан шапқан жолменен
Жортар кейде құнан да,
Жар кездесер көлденең,
Аспай жатып қуанба!

Сұңқар ұшқан қиядан
Самғар кейде кептер де.
Шыңдалмасаң ұядан,
Өжеттікті еп көрме!

Жарау тұлпар майданда
Сан жүйріктен айбынды.
От басында айналма,
Алыстан тап бәйгіңді!

ДОМБЫРА
Тиер жылы жүрекке үнің сенің,
Туған күні даусыңды естігемін.
Атам, анам өсіпті сеніменен,
Саған айтып кетіпті ескі кегін.

Мені де маужыратқан-сол бір күйің
Үніндей сонау сырлы дүниенің.
Ұйқы орнына жас жүрек дүрсіл қағып,
Жалындатқан жанымды сол әлдиің.

Ой-қиял сырласқанда сеніменен,
Жорғалап сазбен талай шыққан өлең.
Барармын сені шертіп майданға да,
Өлсем егер, мен сені шертіп өлем.

ӨЗІҢЕ СЕН, ЖАС ОЙШЫЛ
(Лермонтовқа еліктеп)
Өзіңе сен, жас ойшыл,
Тіл өнерің отпен тең.
Жаз күніндей жастық жыр
Жалын атсын жүректен.

Қанат қағып тез ұмтыл,
Шарықтайтын туды кез.
Жарысқа түс, безеп тіл,
Ұмтыл алға, ұмтыл тез.

Жалындаған жүректен
Жарқылдаған от көрем.
Қанатымен өлеңнің
Көтерілем көкке мен!

Жүректе жалын болса егер,
Жайнап шығар аспанға.
Өмір, өзің қуат бер
Жалындаған жас жанға!

ОРАМАЛЫН КЕСТЕЛЕП...
Романс
Таң алдында тәтті ұйықтап
Тынықты жас келіншек,
Отырған ол түн ұзақ ,
Орамалын кестелеп.

Алыста жүр сүйгені
Шекараны күзетіп.
Кеше ғана хат келді
Қайтамын деп жыл өтіп.

Қуанышты жарының
Айтқан сөзі еске кеп,
Отырды түн ұзақта,
Орамалын кестелеп

МЕНІҢ ҚЫЗМЕТІМ
-Шырағым қызметің не
бастықпысың?
-Жоқ, ақсақал, өлеңшімін.
Жоқ, бастық емеспін мен,
Өлеңшімін.
Сүйемін өлең деген өнер шыңын.
Жыршымын тіл безеген
Жыр етуге
Заманның ағып жатқан өзен сырын.

Өзімше, министрмін сөздерге мен.
Әмірді ойларыма өзім берем.
Сегіз сағат қана емес,
тәулік бойы
Тартысамын сірескен сөздерменен.

Сөз-қыңыр,
Қатты кейде теміріңнен,
Отты ойдың шығар қызып, көрігінен.
Заводтай зор заказды орындаған,
Қуанам,
үндессе жыр өміріммен.

Қазір жыр көтермейді қыңырлықты.
Бұлтыңнан, дауылыңнан өмір мықты.
Өр болса ақын жанның,
көтер көкке
Өлеңге өмір артқан ауыр жүкті.

Сұңқар туралы аңыз
Сәкен Сейфулинге
Осынау арнау жырдың есесіне,
Кешіккен сәлемімді кешесің бе?
Есіркеп тұрмын қарап,
Ескі үйге,-
Алматы Карл Маркс көшесінде.

Бұл бір үй- ақындарға болған орда,
Талай жыр тауап еткен толғанарда.
Енді тұр,
Бұлбұлы жоқ бақтай мүлгіп,
Шырмауық әлде гүлін торлаған ба?

Ол кезде іші күмбез, даласы бақ,
Тұратын зор бәйтерек дара сұңғақ,
Басында алмалықтар, мәуе бақтар,
Жайқалған жас өрендей жарасып-ақ.

Әлі тұр, сол бәйтерек қозғалмай тік,
Қоңыр үй, жел қаққан ба тозған қайтіп?
Отыр ма әлде сонда
Саят жыршы,
Жарына аққу жырын наз қып айтып?

Отыр ма,
Әлде ойға жүзіп ақын?
Бәйгіге баптап қайта қызыл атын?
Ақты ма қиялында экспресс,
Мінсе жұрт ағысына қызығатын?

Днепрде
Тулай ағып тынымсыз,
Дүрілдеген Днепр.
Жағасында сұлу қыз
Жыламсырап неге тұр?

Алып қашып келеді
Қайықты бос толқындар.
Қайырғаны сол еді
Келмеген соң қайтып жар.

Қалды ма екен толқында
Аударылып қайықтан?...
Әлде жары тағы да
Келер ме екен ғайыптан.

Ағып жатыр Днепр
Толқындатып үмітті
Көрінер деп көзге бір
Қарап жарын қыз күтті...

Қызыл нажағай
Қараңғы түнде жарқылдап,
От жұлдыздай көрінген,
Құдіретпен шартылдап,
Германия көгінен.

Күркіреп қызыл нажағай
Түскенде көрдім ғажапты:
Қопарып тасын жағалай,
Қыйратып кетті дозақты!

Түн ішінде дүине
Тітіреніп тұр еді.
Жарқ ете қап күн міне,
Жоғалды әлек түнегі.

Неткен күшті керемет,
Неткен қызыл нажағай!
Соны көріп күлімдеп,
Қуандым жас баладай!

Жел
Сен, кезбе жел, еркесің
Неткен бұндай?
Кездің қазақ өлкесін
Ерке ұлындай.

Шымшып өтіп бұралған
Өзендерін,
Сүйдің гүлін нұр тамған
Бізден бұрын,

Серуендеп кең дала
Шығандарын,
Шалқып басқан сен ғана
Шыңның бәрін.

Мен серіні көрмедім
Сылқым сендей,
Бір әнің жоқ гүлдерің
Сүйсінгендей.

Қызғанам сенен, жел,
Даланы мен.
Озам сенен, жолды бер,
Дауыл үнмен.

Құйындаған үніммен
Толғап әнді,
Сүйем сенен бұрын мен
Кең даламды!

Өлең
Қозыдай құз басында көгенделген.
Ағытасың
Тас бұлақты бөгеу көрген.
Жамырап жөнелмей ме
Көгалдарға,
Секіріп төбелерден, белеңдерден,
Сондай-ақ,
Қайран жыр да жүйткімей ме.
Босанса
Ыза болған өлең зерден.

Ұмытсам бір...
Кейістің енді күллісін
Ұмытсам ғой біржола.
Есімде қалса жыр үшін
Өткен ізгі сыр ғана.

Жадымнан мәңгі жоғалса
Досқа өкпем, ренішім.
Ойыма тек оралса
Достық пейіл, келісім.

Өкініш пен сәтсіздік
Өшсе тіпті есімнен,
Есіме келсе шат қызық,
Өмірден алған несібем.

Ұмытсам сондай құрғырды,
Жырды тыныш толғасам.
Қызық қой ғұмыр бір күнгі,
Беймаза тек балмасам!

Бәйтеректен ұялдым
Есігімнің алдында
Бәйтерек бар тым биік.
Тәкаппар бір қалпында
Жайқалады дүрдиіп.

Осы терек сірә да
Құрдас шығар менімен.
Бірақ бейне мұнара,
Дәйім асқақ керілген.

Құрдас жылдар өткен бе,
Ақшаланды бұл басым.
Жапырақ жайып көктемде
Жасарады құрдасым.

Ол тұр асқақ сипатпен
Биігіндей қиялдың.
Ақ шашымды сипап мен,
Бәйтеректен ұялдым...

Бозбалаға
(Әзіл)
Шағың ба бұл суынар,
Неге тұрсың қуарып?
Бақшада көп сұлулар,
Қайт көзіңді суарып.

Ізде бақтан сәулеңді,
Ора, бірін құшаққа.
Күндеймін-ау сендерді,
Қыздар – сұлу бұл шақта.

Отты көзді қалқаның
Оттан ыстық жаны бар.
Өзім талай байқадым,
Көрсең жаның жалындар.

Қадалса ғой көзі бір,
Жігітім-ау,білер ең.
Сезгің келсе, өзің жүр,
Қызғанбасаң, мен ерем...

КЕЗДЕССЕ ЕКЕН КӨШЕДЕ
Романс
Кездессе екен көшеде
Жүргенімде бір жалғыз,
Награды бар кеудеде
Жұрт мақтаған сол бір қыз.

Көз жіберіп төсіне,
Көрсем күміс наградын,
Күлім қағып көзіме,
Айтса маған қыз да атын.

Айтса сырын қыз маған
Төсіндегі наградтың,
Ағытар ем жырды оған
Әніменен рақаттың.

БІР ДОСЫМА
Көз алдымда күлімдеп
Сен алдайсың,
Білемін,
Сырт айналсаң күбірлеп
Жамандайсың,
Күлемін.
Тақшы өзің бір еркіңмен
Арыңа сын,
Сендім-ақ,
Қашан көлгір дертіңнен
Арыласың
Сен бірақ?

ТЕҢІЗ БЕН ҚАРАДАҒ
Бұлт үйіп төсіне,
Ернін жаралап,
Нардай бір көсіле
Түксиген Қарадағ.

Теңізге ол құмар,
Төніпті иегі.
Таласып толқындар
Иегін сүйеді.

Сүйсе де жаралап,
Толқындар ерінін,
Сезбейді Қарадағ
Теңіздің өр үнін..

ДОСЫМ-АУ
Өмір деген кеңістікте осынау
Мен де құспын, ұшқан көкте шырылдап.
Құстың ізі көріне ме, досым-ау,
Әуезін тек тыңдар мүлгіп шырың бақ,
Өмір деген тұңғиықта осынау
Мен де тамшы толқындармен ыршыған.
Толқын жарға соғылмай ма, досым-ау,
Ағынныңда жетер жері бір шыған.
Өмір деген құж-құж тауда осынау
Мен де шынар қараңдаған қатпарда.
Қырау шалар шынар басын, досым-ау,
Қар да түсер басы биік шатқалға.
Өмір деген сақынада осынау
Кейіпкерміз сынға түсіп байқалар.
Пердең мәңгі жабылғанша, досым-ау,
Сәтпен сәтсіз көрінісің қайталар...

ШЫҚҚАН КҮНГЕ ҚУАНАМ
Шықты шынға жарқырап күн ақ маңдай.
Дүниеге туды бүгін бақ қандай?!
Ерте тұрып күнге қарап қуанам,
Жаңа өмірім күліп келе жатқандай.
Өткен күннің әбігері таралып,
Тірлік ісін келер қайта таң алып.
Жаңғырғандай тез жылжыған өмірім,
Шыққан күннен күтем тағы жаңалық.
Мейлі, түнге өкініштер сүңгісін,
Ардақтаймын құдіретті күн күшін.
Жаңа шыққан күнге қарап қуанам,
Келгендей бір жаңа жаршы-
жыл құсым.

Құмармын
Құмарым бар кеудемде,
Сірә, неге құмарсың?
Түссем солай тергеуге,
Айтайын, сен ұғарсың...

Шағымым жоқ шарапқа,
Шалқыған да шығармын.
Бірақ сондай сағатта
Достан жылы сыр алдым.

Жоқ ғашықтық іңкәрім,
Парызын да ақтадым.
Сарқытын сол ынтаның
Жырыма тек сақтадым.

Қызыққа зар емеспін,
Тапсам достың ұғарын.
Келер адал кеңескім,
Тарқар сонда құмарым.

Тұңғиық шіркін жасарар...
Тұңғиық шіркін жасырар,
Түбінде бар ой терең.
Толқындарда не сыр бар?
Тілін білсем,айтар ем.

Жатыр шалқып көк айдын,
Ой сапырып толғанып.
Телегейге қараймын,
Тебіренсе, таң қалып.

Әлемнің күллі ойлары
Толқындаған тәрізді.
Тіршіліктің майданы
Теңселткен бе теңізді?

Қарап үнсіз мен тұрмын,
Тасып жатыр ой терең.
Тілін білсем толқынның,
Шалқып бірге кетер ем.

Теңіз музыкасы
Толғанады,
Долданады,
Теңіз шеру- күй тартып.
Ырғалады,
Ыңыранады,
Кейде күнге құмартып.
Кейде сыңсып,
Толқын ыршып,
Шалқымасын шертеді.
Бұраңдайды,
Сылаңдайды
Назды бимен еркелі.
Шамырқанып,
Шалқып барып
Аккордымен алғашқы,
Шықса дауыл,
Қағып дабыл,
Сабалайды жартасты.
Тыңдап әнін,
Ұнатамын
Теңіз даусын өкімді.
Өмірге тең,
Үні төтен
Симфония секілді.



Ұқсас жұмыстар

Тимур және оның командасы
Кіші мектеп жасындағы балаларды психодиагностикалау ерекшеліктері
Сөз таптарының жақтылығы немесе жақтық көрсеткіші
Өлеңдер жинағы
Жақ категориясы немесе жіктік жалғауы
Жіктеу есімдіктерінің зерттелуі
Уақыттан бас тарту
Педагогикалық жағдаят
Жіктеу есімдіктері және жақ ұғымы
ЕСІМДІК. ЕСІМДІКТЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Шаруашылық жүргізудің әр түрлі меншік формаларындағы кәсіпорынның қаржысын ұйымдастыру ерекшеліктері«СЕНІМ» АҚ
Қазақстан — әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі
Этноцентризм және әйелдер
Биоценоз туралы түсінік
Ағылшын тілі сабақтарының танымдық белсенділікті арттыру мүмкіндіктері
Жеке адамның дамуындағы өзіндік белсенділіктің маңызы
Аманжолов Сәрсен Аманжолұлы
Ілияс Есенберлин
Лицензиясыз қызметтен түскен табыстан айыру жөнінде
Фотолюмениценция