Көрген түсін жорытып, оның орындалуын тағатсыздана күтетіндер бар

Көрген түсін жорытып, оның орындалуын тағатсыздана күтетіндер бар. Ырымшыл жұрт үшін бұл тосын жағдай емес. Ал енді біреулер түсті елеусіз қалдырып, бүгінгі күнмен өмір сүреді.

Төмендегі мысалдар түстің көбіне санадағы әсерлер мен ағзаның физиологиялық күйінен құралатын құбылыс екенін ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Егер түсіңізде неше түрлі оқиғалардың куәсі болып, өңіңізде өз көзіңізге өзіңіз сенбей жүрсеңіз, оның ықтимал себебін осы мәтіннен табасыз.

Ми ұйықтағанда да толық «өшіп» қалмайды

Адам ұйықтаған кезде ми жасушаларының барлығы бірдей «ұйқыға» кете қоймайды: кейбір бөлімдері қызу жұмысын жалғастырады. Сол белсенді аймақтар арқылы біз бұрын көрген, естіген, иіскеген, дәмін татқан нәрселердің бейнелерін қайтадан «тірілткендей» боламыз.

Ұйқы кезінде ми қызметі біршама тежелетіндіктен, ойлау деңгейі төмендеп, түсте ақылға қонбайтын, қисынсыз образдар пайда болуы мүмкін. Сондықтан түс көбіне шынайы өмірдің дәл көшірмесі емес, өңде жиналған әсерлердің өзгеше құрастырылған көрінісі.

Түсті «құрастыратын» негізгі себептер

Күндізгі тәжірибе

Күндіз басыңыздан өткен оқиғалар, ішкі тілегіңіз бен арманыңыз, адамдармен қарым-қатынасыңыз, күнделікті қызметіңіз — мұның бәрі түс көруге тікелей әсер етеді.

Сыртқы дыбыс пен қозғалыс

Физиологиялық тұрғыда миға кез келген ұсақ қимыл-қозғалыс пен дыбыс ықпал етеді: жапырақ сыбдыры, қоңырау үні, әтештің шақыруы, есіктің ашылуы, тіпті ұялы телефонның вибрациясы да түстің мазмұнын өзгертіп жіберуі мүмкін.

Ағзаның жайсыздығы

Жүрек, асқазан сияқты мүшелердегі жайсыздық та түске «керемет» оқиғаларды кіргізіп жібереді. Ағзадағы ішкі сигналдар миға жетіп, ол оны бейне мен сюжетке айналдырады.

Қорқыныш пен стресс

Шаршау, мазасыздық, эмоциялық қысым күшейген сайын түстегі көріністер де өткірлене түседі: қуу, төбелес, жоғалту сияқты сюжеттер жиіленуі мүмкін.

Жүрек соғысы «оқиғаны» қалай өзгертеді?

Мысалы, ұйқыдағы адамның жүрегіне салмақ түссе, ол кенеттен қатты соға бастайды. Сол сәтте түсіңізде біреумен төбелесіп жүруіңіз, қашуыңыз немесе ақшаңызды жоғалтып сабылуыңыз — жүрек соғысының жиілеуімен байланысты болуы ықтимал.

Осы себепті «түсімде ақшам жоғалды, енді өңімде де жоғалатын шығар» деп үрейленудің қажеті жоқ: түс көбіне ағзаның ішкі күйін символға айналдырып көрсетеді.

Түс — көргенің мен сезгеніңнің шегінде

Өмірде естімеген, көрмеген дүниелердің түске кірмейтіні — дәлелдеуді көп қажет етпейтін қағида. Мысалы, туғаннан көру қабілетінен айырылған адамның түсіне көзге көрінетін бейнелер кірмейді; есесіне иіс, есту, дәм сияқты сезім мүшелері арқылы қабылданған әсерлер көбірек енетіні айтылады.

Биіктен құлағандай болып шошып ояну неліктен болады?

Қатты шаршап, қалғып кеткенде жартастан немесе биіктен құлап бара жатқандай күй кешіп, өздігіңізден шошып оянатын кездер болады. Мұндайда ми ықтимал қауіпке жауап ретінде белгі беріп, адамды оятуы мүмкін. Содан кейін қайтадан тәтті ұйқыға кетесіз.

Егер мұндай жағдай жиі қайталанса, оны жай ғана ырымға жорымай, ұйқы режиміне және денсаулық күйіне мән берген дұрыс.

«Иттің түсіне сүйек кірсе, саудагердің түсіне ақша кіреді».

Түсіңіз шынайы өмірде дәл келіп, қуанышқа кенелуіңіз де, орындалмай арманда кетуі де мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, шынайы ғұмырға салмақ салатын — бүгінгі әрекет пен нақты қадам.

Сол себепті шынайы өмір сүрейік. Түннің тынышын, түстің дұрысын берсін.

Арай Жұматай