Күз ханшайымы

Күзгі ертеңгілік сценарийі: «Жомарт Күз»

Сынып мерекеге сай безендірілген. Жұмсақ сазды әуен ойнап тұрады. Бүлдіршіндер тәрбиешімен бірге кіріп, орындықтарға жайғасады. Балалардың қолдарында сары жапырақтар.

Ортасы

Ән, тақпақ, жұмбақ, көрініс, би.

Тақырып

Молшылық, еңбек, табиғаттың әсемдігі.

Негізгі кейіпкер

Күз ханшайымы және балалар.

Кіріспе

Тәрбиеші

Құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгін мектепалды даярлық тобының балалары дайындаған «Жомарт Күз» атты ертеңгілікке қош келдіңіздер!

Армысыздар, халайық,
Бармысыздар, халайық!
Күзгі тойды жұп жазбай,
Келіңдер қарсы алайық!

Тәрбиеші мен балалардың диалогы

— Қараңдаршы, бүгін сыныбымыз қандай әдемі! Қолымызға не ұстап келдік?
— Жапырақтар.
— Жапырақтардың түсі қандай?
— Сары.

(Сырттан желдің шуылы естіледі.)
— Балалар, тыңдаңдаршы, бұл қандай дыбыс?

Күз ханшайымы

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Уа, халайық, дархан далам, армысың,
Табиғатым, жаны жайсаң тал мүсін.
Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқыңның алғысын.

Мен — Күз ханшайымымын. Сендерді көргеніме қуаныштымын!

Тәрбиеші

Қош келдің, Күз ханшайымы! Төрлетіңіз!

Күз ханшайымының тапсырмалары

Күз ханшайымы алтын жапырақтар алып келеді. Әр жапырақта тапсырма бар. Балалар тапсырмаларды орындаса, ханшайымның сыйлығы да дайын.

Жұмбақ (кіріспе)

Ағайынды бәрі,
Шықса — жасыл,
Түссе — сары.
Бұл не?

Жауабы: Жапырақ

1-тапсырма: сұрақтар

  • 1 Күз мезгілі нешеге бөлінеді? (Ерте күз, Алтын күз, Қара күз)
  • 2 Күз айларын ата. (Қыркүйек, Қазан, Қараша)

Күз айлары: тақпақтар

1-бала — Қыркүйек

Бірінші қыркүйек
Білімге бастады.
Мал мен аң жүр билеп,
Құс шарлап аспанды.

2-бала — Қазан

Жаңартқан ғаламды —
Жаңбырлы ғажап ай.
Осынау заманды
Орнатқан Қазан ай.

3-бала — Қараша

Мол байлық тергені —
Шаттығы қаншалық!
Қарашы, өрледі
Қараша ән салып.

Күздің мол өнімі

Өнім биыл тамаша! Көз тоймайды қараса: сәбіз, пияз, қияр, картоп, бұршақ, асқабақ, қызылша, қызанақ, орамжапырақ…

Көкөністер дауы

Балалар (хормен)

Жиналып қалыппыз бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға
Тиеді көп пайдамыз?

4-бала — Бұршақ

Кішкене түймедеймін мен,
Ұнаймын мен бәріне.
Дәмді тағамдарымен
Сый жасаймын бәріңе!

5-бала — Қызылша

Мен де бір сөз айтайын,
Мақтанайын сіздерге:
Менсіз борщ болмайды,
Винегрет те үстелде.

6-бала — Орамжапырақ

Мақтанғаннан не пайда?
Менсіз дәмді щи қайда?
Мені қосса самсаға,
Бәрі жейді тамсана.

7-бала — Қияр

Дәмім тілді үйірген —
Мен тұздалған күйімде!
Жаңа піскен кезімде
Жейді бәрі сүйсіне!

8-бала — Шалқан

Кім білмейді шалқанды?
Талайлар маған таң қалды.
Бәріне сый боламын,
Тауып көр менен дарханды.

9-бала — Сәбіз

Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де!

10-бала — Асқабақ

Өсем бақша-бауында,
Қатты ұқсаймын қауынға.
Жемек болып шикідей,
Күлкі болмай қауымға.

11-бала — Қызанақ

Піскен кезде қызанақ
Көз тартар қызыл түсімен.
Бар ма адам сүйсінбей,
Томат шырынын ішпеген?

12-бала — Пияз

Боламын мен дәмдеуші
Барлық-барлық тағамға.
Көкөністер ішінен
Мен пайдалы адамға.

13-бала — Картоп

Мен ұялшақ картоппын,
Мен емеспін мақтанар.
Мені жақсы көреді
Үлкендер мен балалар.

Бос айтысты қояйық, дауласуды тоқтатайық!

Қорытынды: көкөністердің бәрі де денсаулыққа пайдалы.

Өлең

«Күз келгенде»

Ойындар және жұмбақтар

Ойын: «Кім жылдам?»

Ойын шарты: ұлдар бір себетке көкөністерді, қыздар екінші себетке жемістерді жинайды.

Күз ханшайымы

Жарайсыңдар, балалар! Көкөністер мен жемістерді дұрыс ажыратып жинадыңдар.

2-тапсырма: жұмбақ шешу

  • Жазда інге тығылып жатқан қызыл түлкіні
    Құйрығынан суырып әкелді әжем бір күні.
    Жауабы: Сәбіз
  • Жайлы, жұмсақ төсегім, домаланып өсемін.
    Қабат-қабат тоным бар, қалай оны шешемін?
    Жауабы: Орамжапырақ
  • Қалың киім ұнатады, шешіндірсең жылатады.
    Жауабы: Пияз
  • Аспай піскен, қайнамай түскен.
    Жауабы: Жеміс

Қонақтарға арналған ойын: «Ұйқасын тап»

Пісетін кезі дәл күзде,
Мезгілсіз оны үзбе.
Аузыңнан кетпес бал дәмі,
Оның аты — шабдалы.

Кіп-кішкене болса да,
Ағаштың басын иеді.
Жемістерін айырып,
Танисың ба…? Шие.

Жапырақты тасалап,
Өсетін жері — бақша-бақ.
Күрең қызыл шіркін-ай,
Оның аты — таңқурай.

Би

«Ырғақ» биі

Жемістер шеруі

Тәрбиеші күздің берекесін жырлап, жемістерді қарсы алады. Әуен ойналып, ортаға жемістер шығады.

14-бала — Алмұрт

Мен алмұртпын, алмұртпын,
Аузындамын бар жұрттың.

15-бала — Алма

Мен алмамын, алмамын,
Таңдай жұлар бар дәмім.

16-бала — Анар

Бұтақтан үзілген — жарылса, анармын.
Моншақтай тізілген, дәндерін аламын.

17-бала — Жүзім

Мен жүзіммін, жүзіммін,
Моншақ болып тізілдім.

18-бала — Өрік

Өрікпін мен, өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін.
Баптап мені күткен соң,
Талды бойлап өріппін.

19-бала — Шие

Мен шиемін, шиемін,
Күннің көзін сүйемін.
Қышқыл шырын менде бар,
Төмен бас иемін.

Ән

«Күз жомарт»

Ойын: «Қай жеміс?»

Балалар көзін жұмып, туралған жемістен дәм татып, оның қай жеміс екенін табады. (Бір ыдыста әртүрлі туралған жемістер болады.)

Көрініс

«Қайдан келдің, бауырсақ?» (Ө. Тұрманжанов)

3-тапсырма: мақал-мәтелді жалғастыр

Балалар мақал-мәтелдердің жалғасын табады.

  • 1

    Еңбек түбі — береке.

  • 2

    Еңбек етсең ерінбей — тояды қарның тіленбей.

  • 3

    Адам жерге нәр береді, жер адамға — нан береді.

Ән

«Жау, жау, жаңбыр»

Дәнді дақылдар: береке әні

Әуенмен ортаға дақылдар шығады: бидай, арпа, тары, сұлы, күріш.

20-бала — Бидай

Нан анасы бидаймын,
Елге астық сыйлаймын.
Дәнім толып піскенде,
Қауызыма сыймаймын.

21-бала — Арпа

Күміс мұртты арпамын,
Ырыс-құтты арпамын.
Еңбек етіп баптаған
Еліме сый тартамын.

22-бала — Тары

Ақпын, қарамын, сарымын,
Мен өнімді тарымын.
Халқым еңбек сіңірсе,
Қайтарамын қарызын.

23-бала — Сұлы

Мен сұлымын ұланның,
Тұлпарына ұнадым.
Баптаған әр диқанға
Басымды иіп тұрамын.

24-бала — Күріш

Күнді сүйген күрішпін,
Күллі жұртқа ырыспын.
Алсын деп ел мол өнім,
Ала жаздай су іштім.

Би

«Қолшатыр» биі

Қорытынды және алғыс

Күз ханшайымы

Рахмет, балалар! Өнерлі өрендерім! Міне, менің сыйлығым — бір себет «Күз сыйы». Сендерге денсаулық, шаттық және береке әкелсін!

Тәрбиеші

Күз ханшайымы, саған мың алғыс! Сыйлығыңызға рахмет. Тағы келіңіз, біз сізді сағына күтеміз!

Күз ханшайымының қоштасуы

Берекелі бақ-дәулет
Артта түссін тойланып.
Сау болыңдар, балалар,
Келгенше жыл айналып.

(Әуен ойнап, Күз ханшайымы қоштасып кетеді.)

Негізгі ой

Күз — молшылық мезгілі. Дастарханымыз дәнді дақылдарға, көкөністерге, жеміс-жидекке толы болады. Бірақ осы байлыққа жету үшін еңбек керек. Бүгінгі балалардың еңбегі — білім алу, сабақ оқу.

Осымен «Жомарт Күз» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Баршаңызды күз мерекесімен құттықтаймыз! Әр отбасыға бақыт, береке тілейміз.

  • Тәрбие оқу ісінің меңгерушісіне сөз беріледі.
  • Ата-аналардың бүлдіршіндерге құттықтау сөзі.
  • Шашу шашылып, мереке аяқталады.

Санат: Қазақша сценарийлер жинағы. Дереккөз мәтініндегі сілтеме редакцияланды және көрсетілмеді (қате/толық емес URL).