Оқушыларға сұрақ
Ұстаз, шәкірт, мектеп — бір-бірінен ажыратуға болмайтын ұғымдар. Мектептің тыныс-тіршілігі мен рухани өмірі мұғалімнің болмысымен тікелей байланысты. Мұғалім өз қызметін шәкірттерімен бірлесе, жауапкершілікпен әрі жүйелі атқарғанда ғана мектеп шын мәнінде өз миссиясын орындайды. Өйткені мұғалім — мектептің негізін қалаушы тұлға. Мұғалімнің жетістігі — сапалы білім алып, саналы тәрбие көрген шәкіртінің тұлғасында көрінеді.
Ғұламалар: «Рухани тоқырау — ой тоқырауының салдары», — дейді. Ой, сана, сезім, түйсік секілді ішкі дүниелік қабаттарды қалыптастыруда тіл мамандарының орны бөлек.
Сөз өнері және тұлғаны қалыптастыру
Тіл мен әдебиет пәндері — сезім, эмоция, әсер, шабыт, қиял, еліктеу сияқты психологиялық реңдерді оятатын ерекше пәндер. Сөз өнері жеке адамның шексіз мүмкіндігін ашатын құдіретімен бағалы.
Көркем шығарманы меңгерту тек оның стилін, поэтикалық тілін таныстырумен шектелмейді. Шығарма сәулесі балаға нақты, жанды шығармашылық әрекет үстінде ғана толық түседі: оқиға құрау, кейіпкер жасау, ойды көркем тілмен жеткізу, пікір айту, дәлелдеу арқылы.
Сөз өнері адамға ешкімге де, еш нәрсеге де тәуелді болмау үшін керек: қандай ортада жүрсе де, өз ойы бар, өмірге өзіндік көзқарасы қалыптасқан оқушы тәрбиелеу — еңбектің өлшемі.
Мұғалім ықпалы: қаталдық емес, мейірім мен шеберлік
Мұғалім оқушыны қатал мінезімен емес, мейірім шуағымен, білімімен, әдіс-тәсілдерінің түрленуімен, өзіндік шеберлігімен баурайды. Баланың көңілі — ақ, көкірегі — таза, ойлау қабілеті — жылдам. Осы кезеңде ең өзекті мәселе — оқушыны сөз өнеріне баулу, көркем әдебиетке қызықтыру және шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік беру.
Шығармашылықты қай кезеңнен бастап дамыту керек?
Психологтардың зерттеуі бойынша, баланың әр жас кезеңінде шығармашылыққа жетелейтін өзіндік қабілет пен бейімділік болады. Сондықтан баланы балабақша жасынан бастап мектеп бітіргенге дейін үзбей, жүйелі, сатылы түрде шығармашылыққа баулу қажет: қиял-фантазиясын, ақыл-ойын, икемділігін, тілін біртіндеп дамытып отыру маңызды.
Ең икемді кезең: орта буын
- Ақыл-ой күшін көбіне өзін қызықтырған іске бағыттайды.
- Фантазиялық идеяларын тез арада іс жүзінде жүзеге асыруға құштар.
- Жан дүниесі нәзік, лирикалық қабылдауы басым.
- Әңгіме, өлең, ертегі жазуға ерекше ынталы әрі бейімді.
Сабақтағы тіл дамыту: дағдыдан — шығармашылыққа
Сабақ кезінде тіл дамыту, тіл ұстарту, көркем ойлау, дұрыс сөйлеу мәнерін қалыптастыру жұмыстары оқушының пәнге қызығушылығын арттырып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне және өз қабілетін тануына мүмкіндік береді.
Практикалық ұсыныс
Оқушыға жеке дәптер арнатып, шығармашылық жұмыстарын үзбей жаздырып отыру тиімді. Орта буынға қысқа, шағын әңгімелер мен ойын элементтері ерекше ұнайды. «Ойнамай бала өсер ме?» — деген сөздің мәні де осында.
Оқушының сөздік қорын дамытуда проблемалық және ситуациялық сұрақтар арқылы ойландыру, ойын нақты әрі еркін айтуға үйрету үнемі назарда болуы керек.
Ойын арқылы қызығушылықты күшейту
Сабақ барысында «Ой жалғастыр», «Жалғасын тауып жаз», «Әріптерді толықтыр», «Тасушы», «Ой оралымдары», «Аяқталмаған сөйлем» сияқты ойындарды қолдану оқушының ынтасын байқатады. Ойын элементтері пәнге қызығушылықты арттырып, ой-қиялдың ұшқырлығын күшейтеді.
1) «Диалог-ертегі» ойыны
Мұғалім мен оқушы бірлесе отырып жаңа ертегі құрастырады. Мұғалім бастайды: «Өте ерте заманда бір байдың ерке баласы болыпты…»
- 1-оқушы: «Бір күні байдың ерке ұлы көгалда ойнап жүріп адасып кетіпті…»
- 2-оқушы: «Қарны ашып, әбден шаршайды…»
- 3-оқушы: «Адасып келе жатса, алдынан бір ешкі шығыпты…»
Ертегі осылайша жалғаса береді, соңында мұғалім қорытындылайды. Мұндай жұмыс оқушының тілін ұштап, сюжеттік ойлауын дамытады.
2) Ситуациялық жұмбақ-әңгіме
Мұғалім шағын, тартымды, жинақы әңгіме айтып, себеп-салдарды табуға жетелейді немесе әңгімені оқушыға аяқтатады. Мысал:
Оқушылар түрлі жауап айтады: «Жел терезені ашып жіберген болар», «Құлап қалған шығар» және т.б. Мұғалім жауаптарға шектеу қоймай, баланың ойын толық айтуына мүмкіндік береді.
Мұғалімнің шешімі: қатты дауыл тұрып, терезе тарс ашылады; терезе алдында тұрған аквариум құлап, сынып, ішіндегі екі балық өліп қалады.
Оқушы мұндай күтпеген шешімді естігенде таңырқап, серпіліп қалады; тыңдау мәдениеті, болжам жасау және дәлелдеу дағдылары қалыптасады.
Сенім ұялату: оқушының ішкі еркіндігін ояту
Мұғалім — оқушы үшін қарапайым ғана жан емес. Егер мұғалім көркем шығарманы оқиға мен сюжет құру, образ жасау тұрғысынан шебер жеткізіп, әсерлі айта білсе, ол оқушының жан дүниесіне терең ықпал етеді. Оқушы елтиді, өзіне деген сенімі күшейеді.
Қолдау сөзінің күші
Баланың еркін билеп, сенім ұялату үшін: «Сенің қолыңнан бәрі келеді, сен өте қабілеттісің. Тек жазуды қолға алсаң болғаны» — деп дем беру, кішкентай жетістігін дер кезінде мадақтау, көтермелеу, құрбы-құрдастарының жағымды көзқарасын ояту маңызды.
Кей жағдайда оқу үлгерімі төмендеу оқушыға да еңбегі үшін жоғарырақ баға қою — оған «мен істей аламын» деген ішкі тірек қалыптастырудың бір жолы.
Мұғалім оқушының ата-анасынан да, құрбысынан да жақын ең сенімді досына айналуы мүмкін. Өйткені оқушы өз жазғанын кез келген адамға көрсете бермейді. Сенім бар жерде ғана шығармашылық еркіндік туады.
Сәрсенбекова Гауһар
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №194 орта мектеп мұғалімі