Сен менің итіме тас лақтыратын, боқтайтын кімсің

Шабындық маусымы: балалар күткен күн

Оқу жылы аяқталысымен жұмыс істеуге жараған балалардың көбі шабындықтағы шалғы түсетін күнді асыға күтетін. Бұл — жылдағы әдет. Ақыры сол күн де келді. Балалар «Жазаға» деп атайтын бригадир Жазубай Әбиев аға, жылдағыдай, әр балаға кімнің тіркемешесі болатынын бөліп тұр.

Кезек менің атыма келгенде: «Сен Игілік Шекебаев ағаңның тіркемешесі боласың», — деді.

Игілік ағаның «Беларусі» және алғашқы сабақ

Мен Игілік ағаның «Беларусіне» қарай беттедім. Ол шөп машинасын майлап жатыр екен. Мені көріп: «Е, сен екеуміз тағы да бірге істейтін болдық па? Дұрыс-ақ», — деді де, қай жерін қалай майлау керегін тәптіштеп түсіндірді. Сөйтіп бірден іске кірістік.

Тырнадай тізбектелген тракторлар.

Шалғы ізімен қалып бара жатқан шабылған шөп.

Күн көтерілген сайын аптапқа айналған алқап.

Бітік өскен сан алуан шөптің танауды қытықтаған жұпар исі — көңілге әлдебір қуаныш ұялататын.

Күтпеген кедергі: көлік сынып, көңіл бұзылды

Жұмыс күні де аяқталды. Әдетте бригада машинасы көрінген бетте, тоқтаған тұстан Жазубай ағаның: «Қане, шалғыларыңды кузовқа салыңдар!» — деген даусы естілетін. Бірақ бүгін олай болмады: Жазағаңның машинасы сынып қалғаны белгілі болды.

Сол сәтте-ақ менің ойым Байқожаға қалай жетем дегенге тірелді. Шоманға келген тұста Игілік аға жүргізушіге мені күнде бригадир Байқожаға апарып тастайтынын, үйімнің сонда екенін айтып еді. Жүргізуші қысқа қайырды: «Мен ештеңе білмеймін» — де де, мені түсіріп тастады.

Күн қас қарайып бара жатты.

«Неге сәлем бермейсің?» — бір сәттік қателіктің салмағы

Кеңсенің тұсынан жүгіріп өте бергенімде, зілді дауыс еріксіз тоқтатты: «Тоқта! Тоқта дедім ғой мен саған!»

Артымнан жеткен кісі кекештеніп: «Неге сәлем бермейсің?» — деді.

Мен асығып, байқамай қалғанымды айттым. Бірақ ол тоқтамады: «Өзің қайда істейсің?» — деді.

«Жазубайдың бригадасында» дегенім сол еді, ол одан сайын әкіреңдеп: «Сен енді ол бригадада жұмыс істемейсің. Мен тірі тұрғанда саған жұмыс істетпеймін! Ертеңнен бастап жұмыстан боссың» — деп төпеледі.

Ішкі күйзеліс

Байқожаға қарай баяу ілбіп келемін. Жүрісім де өнбейді. Түн қоюланған сайын ауыр ой қадамымды кейін тартып тұрғандай. Әлгі кісінің ызбарлы үні құлағымның түбінде ызың қағып қалып қойды: «Ертеңнен бастап боссың... мен тірі тұрғанда...»

«Сәлем бермедің» деп соншалық шамданатындай не болды? Кешірім сұрағанымда да, бір сөзін қайталай беруі неліктен?

Ескі жара: ит оқиғасы және мектептегі текетірес

Сол сәтте оқу жылының басындағы бір жағдай есіме түсті. Бір үйдің қасынан өте бергенімде, алдымнан тайшадай қара төбет атып шығып, тап берді. Жан дәрмен жерден тас іліп алып, итке қарай лақтырдым да айғайлай бастадым. Абырой болғанда, тас тиген болуы керек, ит қаңсылап қаша жөнелді.

Ертеңіне иттің иесі — әлгі кісі — мені мектеп директорына шақыртты. Өзі өршеленіп: «Сен менің итіме тас лақтыратын, боқтайтын кімсің?» — деп тепсінді. Директордың «Сабыр сақтаңыз» дегеніне де қарамады: «Сен менің кім екенімді білесің бе?» — деп ақырды.

Директор менен: «Итке неге тас лақтырдың?» — деп сұрады. «Қауып ала жаздады» дедім.

Сынып жетекшім сөзге араласып: «Мұның аузынан боқтық түспейді. Боқтаса, орысша боқтайды» — деді.

Мен жан даусыммен: «Жоқ! Орысша білмейтін итті орысша боқтайтын жынды дейсіз бе?» — дедім. Бұл жолы әлгі кісіні қазақша сөгіндім.

Ол кісі мұны да өз пайдасына бұрып: «Итіме тас лақтырғаны — маған қол көтергені. Ал әкесінен боқтағаны — мені боқтағаны. Мұндай бұзықты мектептен шығару керек» — деді.

Мен: «Сіз не, иттің...» — деп үлгергенімде, директор: «Бар, жоғал!» — деп бөлмеден қуып шықты.

Сол жолы ол мені мектептен шығарта алмаған еді. Ал енді міне, дәл сол кісі тағы жолымды кескендей болды.

Үй ішіндегі үнсіздік және ананың ескертуі

Үйге жеткенде, менің қабағымнан бәрі аңғарылды. «Көңілсізсің ғой, не болды, балам?» — деген сөзге, «Ауырған жоқпын. Кеңседегі анау... жұмыстан боссың деді» деп қысқа қайырдым да: «Ертең мені таң сәріден оятпаңыз» — деп жата кеттім.

Басым жастыққа тие бергенде, шешем баяу үн қатты: «Жә, жұмысты қойшы. Сенің тапқан тиын-тебеніңе қарап отырған жоқпын. Тек ана ағаңмен неге ренжістің? Екіншіден, үлкен кісіні “тасбақа” деу — әдепсіздік қой, балам» — деді.

Мен үндемедім. Бірақ ішімде бір ой маза бермеді: «Мен шынымен аяқ астынан жұмыстан шығып қалдым ба? Бұл қалай болды өзі?»

Игілік ағаның техникаға икемім жоқ екенін ешқашан бетіме баспайтыны есіме түсті. Кейде кілт жүрмей қалса, мен мықшыңдап тұрғанымда: «Қане, кілтіңді бері әкелші» — деп, өзі білек сыбанып кірісіп кететін. «Енді оның “әй, ұл” дегенін естуім екіталай-ау» деп қынжылып жатып, көзім ілініп кетіпті.

Жазубай ағаның ара түсуі

Сырттан әлдекімдердің сөйлесіп кіріп келе жатқан дауыстарынан ояндым. «Ол кісі кеңседе істегенмен, Сүлейменді жұмыстан шығарып тастауға қақысы жоқ қой, апа!» — бұл Жазағаңның даусы еді.

Сол сәтте шешемнің көңілді үні естілді: «Тұр, Жазубай ағаң келді».

Көп ұзамай бригада машинасымен шабындыққа қарай қайта тарттық. Рульде отырған Жазағаң кейде айнадан бізге қарап жымиып қоятын.

Қысқа ақыл, үлкен қорған

Жұмысқа кірісер тұста ол арқамнан қағып: «Ол ағаң біреуге қатты ашуланған болар. Ит ашуын тырнадан алады дегендей, саған ұрысқан шығар. Ұмыта сал» — деді.

Қайсарлық: «жұмыстан шығару» деген сөз болмайды

Бірақ мен ұмытқанмен, әлгі кісі ұмыта алмады. Екі-үш күннен кейін Жазағаң мені Байқожаға апарып салмақ болып, рульге отыра бергенде, әлгі кісі ентіге жетіп келді: «Жазеке, әлгі Сүлеймен деген бұзық сенде істеп жүр ме? Мен оны...»

Жазағаң сөзін бөлді: «Естідім».

Әлгі кісі тіпті беделін алға тартып: «Естісең, соны жұмыстан қуып жібер. Мен мұны сенен актив мүшесі, цехтың партия ұйымының хатшысы ретінде талап етемін...» — деді.

Жазағаң сабырмен: «Сөзіңізді қайта-қайта бөлгенім үшін ғапу етіңіз. Активті де, партия ұйымын да жайына қалдырыңыз. Сүлеймен сіз айтқандай бұзықтық жасаса, оны ұжым тәртіпке шақырады. Бірақ жұмыстан шығару туралы сөз болуы мүмкін емес» — деп кесіп айтты.

Сосын маған қарап: «Әй, Сүлеймен, сен әлі кузовта отырсың ба? Бері кел!» — деп шақырды.

Мен жерге секіріп түскенімде, әлгі кісі сәлемімді де алмай: «Көрерміз әлі» — деп сұстана қалды.

Жылдар өткен соң түсінген ақиқат

Шоман ауылының жеткіншектерін механизаторлық кәсіпке ғана емес, ең бастысы — адалдыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулыған бірден-бір тәлімгер — осы Жазубай аға еді.

Қажет сәтте қамқорлық жасап, ара түсуге тайсалмайтын, қолынан келгеннің бәрін жүзеге асыратын адал жан екенін мен жылдар өткен соң барып толық ұқтым.

Қамқорлық

Әділетсіз сөзге қалдырмай, қорған бола білді.

Әділдік

«Жұмыстан шығару» сияқты шешімді бір адамның ызасына бермеді.

Тәрбие

Еңбек үстінде адамдықтың қадірін танытты.