Вирустардың морфологиялық сипаттамасы

Вирустардың морфологиялық сипаттамасы

Вирустар — тұқым қуалаушылық қасиеті бар, өзгеруге және көбеюге бейім өте ұсақ тірі микроорганизмдер. Олардың бактериялардан негізгі айырмашылығы — жасушалық құрылысының болмауы: вирустарда тек бір нуклеин қышқылы ғана болады, яғни ДНҚ немесе РНҚ.

Вирустар жасуша ішінде генетикалық деңгейдегі паразиттер болып саналады. Оларда ақуыз синтездейтін рибосомалар жоқ, сондықтан өздігінен зат алмасу жүрмейді.

Вирус құрылысының негізгі компоненттері

  • Капсомер — белокты жеке құрылымдық бірлік.

  • Капсид — капсомерлерден құралған қабық.

  • Нуклеокапсид — нуклеин қышқылы мен капсид белогының кешені.

  • Вирион — вирустың толық, тұтас бөлшегі.

Вирустардың құрамы өте қарапайым: олар нуклеин қышқылынан және оны қоршайтын қабаттардан тұрады. Қорғаныш қабаттары ретінде капсид және кейбір вирустарда қосымша суперкапсид кездеседі. Сонымен қатар вирус қабығының сыртында рецепторлар болады (оларды бекітуші белоктар немесе «тікенектер» деп те атайды).

Ферменттердің рөлі

Вирустарда ферменттер аз мөлшерде болады. Олардың бір бөлігі вирус нуклеин қышқылдарының репликациясына және вирус белоктарының транскрипциясына қажет. Ал басқа ферменттер жасуша ішіндегі метаболизмдік үдерістерді өзгертіп немесе тежей отырып, зат алмасуды вирустық бөлшектерді құрастыруға «бағыттайды».