Мұқыштың әйелі
Қысқы жұмыс тоқтап, үй ішінің уайымы көбейді
Биыл қыс ерте түсіп, қалада жеке жұмыс берушілердің қолында көпқабатты үйлердің кірпішін қалап, отбасын асырап жүрген Мұқыш жұмыссыз қалды. Ауылдағы бес баласына берілетін жәрдемақы, әйелінің айтуынша, бір қап ұн мен бір баллон газ алуға, жарықтың ақысын төлеуге әрең жетеді екен. Бұған да шүкір.
«Қосымша жәрдемақы бар екен»
Бір күні таңғы ас үстінде әйелі әңгіме бастады:
— Ана Түкеш бар ғой, соның әйелі көпбалалы дегеннен бөлек, тағы да төрт баласына қосымша жәрдемақы алады екен.
— Иә, сонымен?
— Мен де құжаттарды жинап, сол жәрдемақыны жасап көрсем қалай болады? Ең болмаса күн жылынып, сенің жұмысың қайта басталғанша бір сүйеу болар еді, — деді ол күйеуіне сұраулы жүзбен қарап.
Мұқыш сенімсіздеу кейіппен: «Ол үшін мал басын есептейді дейді... бізге шыға қояр ма екен?» — деп күмәнданды.
Әйелі қарсы уәж айтты: «Түкештердің бес сиыры, жиырма шақты қой-ешкісі бар. Сонда да алады. Бізде мал одан аз ғой».
Кеңседегі есеп: «алдымен кірісті жазу керек»
Осы әңгіменің жетегімен Мұқыштың әйелі үйдегі құжаттарын алып, кеңсеге қарай тартты. Әркімге бір жолығып, әр есікті бір қағып жүріп, ақыры бір жас жігіттің алдына келіп, мән-жайды түсіндірді.
Ұялып айтылған өтініш
— Қарағым, мен бұрын алып көрмеп едім. Көрші әйелдерден естуімше, балаларға қосымша жәрдемақы беріледі екен. Күйеуім уақытша жұмыссыз қалды. Күн жылынғанша, мүмкін болса, сол көмекті алсам деп едім...
Әйел біреуден қарыз сұрап тұрғандай қысыла сөйледі. Ұялып, терлеп те кетті.
«Ақша таппайтын еркек жоқ» деген қағида
Жас жігіт компьютерден көз алмай: — Әрине, апай, ондай жәрдемақы бар, — деп асығыс жауап берді.
Әйел қуанып, құжаттарын шығара бастағанда, жігіт кенет тоқтатты: — Әуелі кірісті есептеу керек.
— Күйеуіңіз жұмыссыз дедіңіз, иә?
— Уақытша ғана, — деді әйел «жұмыссыз» деген сөздің өзінен қысылып.
— Онда күйеуіңізге пәленбай мың кіріс жазамыз, — деп жігіт ақ қағазға екі орынды санға үш нөлді тіркеп қойды.
Әйел шошып кетті: — Ойбай-ау, мен жұмыссыз қалды деп отырмын ғой. Қалайша пәленбай мың кіріс жазасыз?
— Апай, ақша таппайтын еркек жоқ. Кем дегенде осындай кіріс жазуымыз керек, — деді де, әңгімені жалғап кетті. — Ал енді балаларыңыз нешеде?
— Үлкені жетінші сыныпта, кішісі даярлықта.
— Онда сізге де пәленбай мың кіріс, — деп бір орынды санға тағы да үш нөлді қоса салды.
— Қарағым-ау, бұл не? Мен мұндай кіріс көрсетсем, сендерге келемін бе? — деді әйелдің дауысы дірілдеп.
— Кешіріңіз, солай жазуым керек. «Көршінің баласын түске дейін қарап беремін, ақша аламын» дейсіз бе, әлде «нәски тоқып сатамын» дейсіз бе — әйтеуір бірдеңе істеу керек, — деді жігіт салқын ғана.
— Ауылда көршінің баласын бір ай қарап беріп, ақша алған қай қазақты көріп едің? — деп әйел ашуға мінді. Істемеген ісін «істедім» деп қалай жазсын?
Мал мен бақша да «табыс көзі» болып шықты
Жігіт қағазға үңілген күйі: «Үйде мал, құс, бақша бар ма?» — деп сұрады.
Әйел кібіртіктей жауап берді: — Бір сиыр, бес қой. Құстан екі тауық, бір қораз. Есік алдында шағын бақшамыз бар.
Ал жас жігіт суырмадан алған бір бума қағазына қарап отырып, әрқайсысына бөлек-бөлек «кіріс» шығара бастады: сиырдың сүтіне, қойдың жүніне, бақша өнімдеріне, тауықтың жұмыртқасына дейін нөлдерді тізіп жазып отыр.
«Сатсаңдар болды» деген есеп
Әйел шыдай алмай сұрады: — Сонда мына кірісті мал мен бақша қалай «кіргізіп» жатыр? Түсінбей тұрмын.
— Түсінбейтін несі бар? Сиыр — сүтті жануар. Күніне екі литрін өздеріңіз ішсеңіздер, сегіз литрін сатыңыздар. Қойдың жүнін ай сайын қырқып сатыңыздар. Өзін де ай сайын базарға шығарып, болмаса сойып, етінен пайда қылыңыздар. Тауық — нағыз жұмыртқа фабрикасы: екі тауық бір айда алпыс жұмыртқа табады, соны сатып шай-пұл шығарасыздар. Бақшадан алған бес қап картопты да базарға апарып сатсаңыздар, әжептәуір ақша, — деп жігіт «сату-сату» деп төпелеп кетті.
Мұқыштың әйелі қатты қысылды. Ұялғанынан бөлмеден қалай атып шыққанын да аңғармай қалды. Үйге жеткенше іштей өзін жазғырып келеді: «Қайдан келдім? Осынша қаражатымыз бар екен. Соған шүкір деу керек еді ғой...»
Үйдегі әңгіме: Мұқыштың кекесінді түйіні
Үйіне келе сала әйел кеңседегі жағдайдың бәрін Мұқышқа жайып салды. «Бекер бардым, неге мені тоқтатпадың?» деп күйеуін де жазғырды.
Шынайылық пен қағаздағы «кірістің» арасы
Мұқыш мырс етіп күлді: — Әй, аңқауым-ай! Сені әбден қатырыпты ғой. Өзің ойлашы: сиырыңнан қанша сүт аласың? Не, жыл он екі ай сүт саулап тоқтамай ма? Бір қойды ай сайын базарға апарып сатып, байыған қай қазақты көрдің? Сонда не, бәрін сатып, екі қолымызды мұрнымызға тығып отырайық па?
— Бұлар енді күн жылынса, үйге кірген шыбын мен қоймадағы тышқанға да кіріс жазады. Үйде Ақтөс деген итіміз бар деп айтпадың ба? Кірісіміз көбейе түсер еді, — деп Мұқыш қолын бір сілтеді.
Үміттің соңғы тірегі
— Ауызды жаратқан Құдай, нәпақасыз қалдырмас. Ертең қалаға барып, жұмыс қарастырып көрейін тағы. Киімдерімді дайындап қойшы, — деді Мұқыш.
Ал әйелі болса, түк түсінбей, көзін жыпылықтатып қала берді.