Мағжан Жұмабаев атамыз Қазақ тілі өлеңінде
Ақтөбе қаласы, №51 гимназиясының 3-сынып оқушысы — Габдуллинна Динара.
Туған тіл — тірліктің өзегі
Тілім менің тұрағым, мекен-жайым, тірлігім,
Тіл арқылы танытам туған елдің ірілігін.
Тілім менің паш етер қайта оралған шағында,
Қазағымның елдігін, тұтастығын, бірлігін.
Ілияс Құрмаш
Туған тілім — асыл анамның әсем үнімен бойыма сіңген ана тілім. Әр адам анасын қалай қадірлеп, сыйласа, туған тілін де солай құрметтеп, сүйе білуі керек деп ойлаймын.
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Қадыр Мырза Әли
Қадыр Мырза Әли атамыздың осы өлең жолдары нақыл сөзге айналған. Бұл шумақтан ана тілінің ар-ұятпен теңестірілгенін көреміз: өзге тілдерді білу — мақсат, ал өз ана тіліңді құрметтеу — міндет.
Тіл — тарихтың аманаты
Ерлік, елдік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Мағжан Жұмабаев
Қазақ халқының басынан ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, жаугершілік, отаршылдық секілді қиын кезеңдер өтті. Сонда да халқымыз қайыспай, ұлт болып аман қалды. Бабадан қалған алтын мұра — тілін ұмытпады. Батыр аталарымыз бен қайсар аға-апаларымыз өмірдің ауыр өткелдерінен ұлтымызды адастырмай алып шықты.
Сөйтіп, көптен аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр азаматтың жүрегінде Әнұран асқақтады, ал халық туған тілі — қазақ тілімен қайта табысты.
Тіл барда — ұлт бар
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Әбділда Тәжібаев
Бұл өлең арқылы ақын туған тілдің адам өмірімен, халық тағдырымен біте қайнасқанын айтады: туған тілім арқылы ішімдегі сырымды, ақиқат шынымды жеткіземін, ойымды анық айтамын. Тіл өссе — халық та бірге өседі, тіл әлсіресе — рух та әлсірейді.
Бірақ менің тілім өшпейді. Себебі қазақ елі егемендік алып, тіліміз қайта жаңғырды. Еліміздің бірлігінің, тірлігінің, бостандығының айғағы — туған тілім!