Ойдым - ойдым орман

Сапардың бастауындағы бір аманат

«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегендей, жарықтық Жәкемнің, Жамбыл ақынның арқасында былтыр біраз жердің дәмін таттық. Сәті түсіп, мен Санкт-Петербург бағытына баратын топқа қосылдым.

Жамбыл ақынның жүз елу жылдығын Санкт-Петербург аса бір құрметпен атап өтті. «Ленинградтық өрендерім» деген үн Балтық жағалауын тағы бір жаңғырықтырып жібергендей болды.

Біз тек Санкт-Петербургпен шектелмей, оның маңайын да араладық: бір жағы — Выборг, бір жағы — Волхов.

Жолдың суреті

Оқтай түзу асфальт жол. Қос қапталда — ойдым-ойдым орман. Солтүстіктің нар қарағайы мен ақ қайыны сыңсып тұр. Ешқашан ештеңе болмағандай мүлгиді.

Бірақ дәл осы үнсіздікке сыймайтын бір тарих бар: орманның бір жерінде — адамның, елдің, тағдырдың ізі жатыр.

Волхов дегенде: екі есім, екі жара

Волхов дегенде есіме екі адам сарт етіп түсе кетті. Біреуі — өзіміздің Жуалының Мыңбұлағындағы Шолақ Сияқұл, екіншісі — исі қазақтың бәрі білетін Сырбай ақын.

Сияқұлдың бос жеңі

Осы орманның бір жерінде менің ағам Сияқұлдың оң қолы қалған. Снаряд топшысынан жұлып кеткен. Ол елге оралып, өмір бойы оң қолының бос жеңін сипалап жүретін. Жоқ қолының орны ұдайы сыздап тұрғандай, құр жеңді қайта-қайта уқалай беретін.

Окоптың адресі

Осы орманның бір жерінде Сырбай жатқан окоп бар. «Қай жерде екен?» деп, орманның тұла бойын көзіңмен тінткілейсің.

Тар окоп болды сонда үйім менің,

Жұпыны күйіне оның сүйінгенмін.

Жанымның ұясындай жауға бермей,

Өтінде тұратын ол құйын-желдің.

— Сырбай Мәуленов

Сол сұрапылда тіке келген ажалдан окоп та құтқара алмады. Алайда бағымыз бар екен: Сырбай ақын елге қайта оралып, халқына жомарт жырдан інжу-маржанды аямай шашты.

«Қырық жамау» — бір адамның ғана емес, бір халықтың халі

Жасымнан аштық, соғыс көрген күнім,

Жайылған олар жайлы елге жырым.

Ұят-ау, қырық жамаулы көрпешедей,

Жаралы денемменен жерге енуім.

— Сырбай Мәуленов

Бұл шумақты біле-білгенге Сырағаңның жеке басының халі ғана емес сияқты. Бұл — бүкіл қазақ халқының халі. Бүкіл қазақты тұп-тұтас бір дене деп елестетіп қарасаңыз, тұла бойы қырық жамау жарақат екені рас.

Сырбай — «қазақ» деген сөздің синонимі секілді. Қырық құрақ денемен қара жердің қойнына кіруге ұялуының өзінде қаншама иман, қаншама ұлы қасиет жатыр. Бұл өлең Сырағаңның өмірінің соңғы жылдарында жазылған.

Волхов орманы және шындықтың дауысы

Ал мен Волховқа келе жатырмын. Асфальт жол түп-түзу. Қос қапталда — ойдым-ойдым орман. Жол-жөнекей Сырбай ақын алыстан құлағыма сыбырлағандай болады:

Болдың ба сен Волховта,

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның өр талын

Өз жанымдай қорғадым,

— Сырбай Мәуленов

Ескерілмей қалған ерлік

Бұл — аппақ, адал шындық. Қиял қоспасы жоқ. Сол соғысқа шамамен алты жүз мыңдай қазақ қатысыпты. Алты жүз мың қазақ Ресей жерін өз жанындай қорғапты. Сол үшін мәңгі-бақи ризашылық керек.

Бірақ Кеңес дәуірінде түсірілген мақтаншақ фильмдерден мойныңды қанша созсаң да бір қазақты көре алмайсың. Ал кейінгі ұрпақтың кейбір ақынсымағы «Біз Жамбылдың өрендері емеспіз» деп тәуфиқсыз мінез танытады.

Енді Сырбай сыбырламай, бар әлемге жар салғандай болады:

Болдың ба сен Волховта,

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның әр талын

Өз жанымдай қорғадым!

— Сырбай Мәуленов

Естісін әлем, білсін шындықты. Қазіргі ұрпақ та, келер ұрпақ та білсін. Әйтпесе, өткен жойқын соғыста фашистерді тек орыстар ғана жеңгендей әсер қалдырып тұр қазіргі насихат.

Ресей теледидары мен кейбір әсіре ұлтшыл газеттері қазіргі Қазақстанды, қазіргі қазақтарды Ресейдің жас буынына жамандап қалғысы келетіндей. Ресей орманының әрбір талын өз жанындай қорғаған қазақтарды ауызға ала бермейді.

«Құлын»: соғыстың ортасындағы тіршіліктің дауысы

Соғыс туралы хикаяларды, дастан-жырларды көп оқыдым — миым толқыды. Бірақ олар «Құлын» деген шағын өлеңдей тебіренткен емес. Міне, ақынның ұшпағы: әсіре боямасыз, қарапайым ғана.

Жай көзбен емес, ой көзімен оқысаң, соғыстың тіл жетпес сұмдығын, тіршіліктің қасқыр тарамыс күйін, өмір мен өлім арпалысындағы ғаламат суретті көресің.

Естелік: қара бие

1942 жылы, он жасар бала кезімде колхоздың жылқысын бағып жүргенімде, тұрқы есік пен төрдей, тұқымы мен бітімі бөлек қара биені соғысқа алып кетіп еді. Сол соғыста Қамбар ата баласының қаны да көп төгілді: атты әскер өз алдына, зеңбірек пен арбаны сүйреткен көбіне жылқы баласы болатын.

«Құлын» өлеңін жаттап алған мен мына Волхов орманының алаңқайларынан баяғы қара биені іздегім келеді.

Шаршаған жол батып, Волховтың батпағында,

Жатыр бие толғатып, зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы жерді өртеген қиын күнде

Тіршілік жолдасы бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Адамзат жапа шегіп құса-мұңнан,

Сәби бір үн сағынған.

Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап,

Солдат оны сипайды құрсағынан.

Шашыраған көк жалын бүркіп темір,

Орманның іші үрейлі.

Ал оттың ортасында, шіркін өмір,

Құлын боп кісінейді.

— Сырбай Мәуленов, «Құлын»

Дүниеге іңгәлап келетін сәбидің ләм-үнін сағыну — күллі сағыныш атаулының атасы, ең қасиеттісі шығар. Зеңбіректер зіркілдеп, фугас бомбалары ышқына жарылып, жер мен орманның ішек-қарны ақтарылып, дүние астан-кестең болып жатқанда, Мыңбұлақтан кеткен қара бие құлындап, қан майданның қақ ортасында құлынның дауысын естіртті.

Сол құлын шіңгірлеп кісінегенде, зеңбірек те, бомба да жым болғандай. Тіршілік атты құдірет — осы.

Сырбайдың орны және біздегі олқылық

Мұны жазған — Сырбай ақын. Сырбай Мәуленов сонау Михаил Светлов, Михаил Дудин, Сергей Наровчатов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Дәуіт Күгілтинов, Қайсын Құлиевтермен қатар тұрған, бәлкім, олардан да еңселірек тұрған ақын.

Бірақ біз мұны әлі толық түсініп, бағалап болған жоқпыз. Бажайлап талдап, түсіндіріп беретін әдеби сын да кенде.

Ізбасарлық: өлеңмен емес, қызметпен

Тағдыр екен, мен Сыр-ағаңның ізбасары болдым — ақындық жағынан емес, редакторлық, журналистік жағынан. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Сырбай Мәуленов еді.

1957 жылдың көктемінде қазақ тілінің мәртебесі мен тағдыры туралы газетте үлкен мәселе көтергені үшін Сырбай «ұлтшыл» атанып, орнынан алынды. Қырық жамаудың үлкені сонда түскендей.

1980–1989 жылдары, тоғыз жыл қатарынан, Сыр-ағаң отырған креслода мен отырдым. Сол тұста Сырбай дәстүрі жалғасты деп білем: Сыр-ағаң ісімізді қолдап, ақ батасын беруден айныған емес.

Адамдықтың өлшемі

Оның риясыз мейірбандығы, бұланай тұлғасы, нәсілге бөлмес бауырмалдығы — өз басыма жөн-жоралғы болды.

Сыр-ағаңның ұлы Қасым мырза жақында үйіме келіп, Сыр-ағаң туралы жазылған естелік кітапты беріп кетті. Сонда «Құлын» өлеңі тағы да есіме түсті.

Іздеу: орманнан емес, жүректен

Волховқа бардым. Орманын көрдім. Сырбай ақынның окобын да, құлынын да іздедім. Сөйтсем, оларды әркім өз жүрегінен іздеуі керек екен.