Шәутен деген бала бар еді

Шәутен деген бала бар еді. Оның әдемі ақ қозысы болатын. Шәутен ақ қозысын ерекше жақсы көретін: қозысының енесін апасына өзі саудырып, қозысын өзі көгендеп, өзі ағытатын.

Бәрі бір шәркейден басталды

Шәутеннің аяғында шәутиген ғана шәркейі бар еді. Бір күні қозысын ағытып жатқанда, қозы Шәутеннің аяғын басып кетіп, шәркейінің ұлтанын түсіріп, жыртып тастады. Шәутен шәркейіне жылап жіберді.

Апасы: «Қой, балам, жылама! Осы қозының өз жүнінен саған шәркей жасап берем. Сонда қалай?» — деді.

Уақыт өте ақ қозы үлкен марқа болды. Кішкентай күніндегі әдемі ақ бұйра жүндері ұзыннан-ұзын өсіп шықты. Шәутен де ер жетті. Ал жамаулы ескі шәркейі кішірейіп, аяғына симай қалды.

Шәутеннің бір сұрағы және ұзақ жол

Шәутен апасына: «Апа, шәркейім аяғыма симай қалды», — деді.

Апасы: «Ендеше ақмарқаңды қырықтырып әкел, балам», — деді.

Шәутен Сансызбайға барып, марқасын қырықтырды да, жүнін көтеріп әкелді. «Апа, марқаны қырықтырдым, жүнін әкелдім. Енді шәркейім болды ма?» — деді ол тағатсызданып.

Жасалу барысы

  1. Апасы: «Жоқ, балам, алдымен жүнді сабайын», — деді.

    Апасы тұлақ жайып, ауылдың қатын-қалашын жинап, жүнді сабады.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  2. Апасы: «Жоқ, балам, шиге тартамын», — деді.

    Қатындар жүнді шиге шабақтап, аппақ, майдасын бетіне тарта түсті.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  3. Апасы: «Жоқ, балам, су құйып, сүйретеміз», — деді.

    Су сеуіп, шиге орап, екі кісі тартып, өзгелері тепті.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  4. Апасы: «Жоқ, балам, білектейміз», — деді.

    Бір жазып, бір бүктеп, көп-көп білектеді.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  5. Апасы: «Жоқ, балам, енді киізді қарпимыз», — деді.

    Киізді тігіп, қайта-қайта қарпи берді.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  6. Апасы: «Жоқ, балам, кепсін», — деді.

    Киізді таза жерге жайып тастады.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  7. Апасы: «Жоқ, балам, енді пісіреміз», — деді.

    Қайта-қайта білектеп, киізді әбден пісірді.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  8. Апасы: «Жоқ, балам, тағы да кепсін», — деді.

    Киізді тағы да далаға жайып қойды.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  9. Апасы: «Жоқ, балам, енді пішемін», — деді.

    Апасы қайшымен екі шәркей пішіп алды. Шәркейлердің желкесі қыжырайып, басы ақмарқаның кішкентай күніндегі сықылы секілді көрінді. Шәутен жымиып қойды.

    Шәутен: «Енді бітті ме?»

  10. Апасы: «Жоқ, балам, жүн шүйкелеймін», — деді.

    Апасы шуда шүйкеледі.

    Шәутен: «Апа, енді бітті ме?»

  11. Апасы: «Жоқ, балам, жіп иіремін», — деді.

    Апасы жіп иірді.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  12. Апасы: «Жоқ, балам, сыримын», — деді.

    Жіпті инеге сабақтап, көп-көп тігіп, сырып шықты.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

  13. Апасы: «Жоқ, балам, ұлтарамын», — деді.

    Апасы ұлтан салып, ұлтарын бекітті.

    Шәутен: «Апа, енді болды ма?»

Сабырдың сыйы

Апасы: «Иә, балам, болды. Кел, аяғыңа ки», — деді.

Шәутен киіп алды. Аяғына шақ келетін, әдемі, ақ шұбар шәркей екен. Шәутен қатты қуанып, апасын құшақтап, бетінен сүйді.

Сосын марқасына келіп: «Міне, бәлем! Менің шәркейім!» — деді.

Марқасы: «Ім-ім-ім-ім…» — деді.

(1929 жыл. Латын әрпінен түсірілген.)